Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

 

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан бәйге түрлері бойынша Елбасы кубогына республикалық турнир өткізу туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Nege.kz сайтының тілшісі жолдаған сауалға жауап берді. 

«Соңғы жылдары көкпардан Қазақстан құрамасы Қырғыз елінің құрамасынан жеңіліп қалып жүр. Бұл Ұлттық спорт федерациясы жұмысындағы кемшіліктен емес пе?», – деген тілшіміздің сауалына Бекболат Тілеухан шамданып қалды. Оның айтуынша, қазақ көкпаршылары қырғыздардан жеңіліп көрмеген.

«Осыны қойғаныңыз жақсы болды. Сұрақты қоймастан бұрын тексеріп алу керек. Қазақстан құрамасы ешқашан қырғыздардан жеңілген емес. 2013 жылы Азия чемпионатындағы финалда қазақ көкпаршылары жеңді. 2017 жылы ЭКСПО-ға байланысты Әлем чемпионаты болды. Ол жерде де біз жеңіске жеттік», – деді Бекболат Тілеухан. 

Десе де, «қырғыздардан мүлдем жеңіліп көрмедік» деген депутат 2016 жылы жеңілгенін мәлімдеген. Бірақ ол қырғыздардың бұл жеңісін мойындамайтынын алға тартты. 

«2016 жылы Көшпенділер ойыны болған. Сол жерде қазақ пен қырғыз көкпаршылары арасындағы ойында Әбдуғали Әбжапаровты Манас Ниязов дейтін қырғыз шауып келе жатып әдейі құлатып, комаға түсірген болатын. Ол ауыр жарақат алды. Негізгі ойыншы құлап қалғаннан кейін команда жалаңаш қалды. Ол негізгі фаворитіміз болды. Ол ойынды мен ойын деп санамаймын. Одан кейін қырғыз командасымен кездескен жағдай болған жоқ», – деп түйіндеді Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті.

Тілшіміз сұрақты қоймастан бұрын тексеріп алған, Бекболат Тілеуханның айтып отырғаны – Чолпан-Ата қаласында өткен ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойыны. Ойынның финалында қазақ көкпаршылары қырғыз құрамасынан 3:15 есебімен ойсырай жеңілген еді. 

Жарыс барысында қазақ спортшысы Әбдуғали Әбжапаров ат астында қалып, ауыр жарақат алды. Кейін ол шұғыл түрде қаладағы ауруханаға жеткізілді.

Осыдан кейін Қазақстан спортшыларының еңсесі түскен. Қанша шабуылға шықса да, жолдары болмады. Ал қарсыластар сауатты қорғанып, жүні жығылып қалған қазақ спортшыларының қателігін ұтымды пайдаланды. Қорытынды есеп – 15:3. Алтын жүлде Қырғыз спортшыларына бұйырды. Қазақ көкпаршылары күміс жүлдені қанағат тұтты. 

2018 жылы Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Қазақстан көкпаршыларының жеңілісі жанкүйерлер арасында шу туғызды. Қазақстанның көкпар құрамасы Дүниежүзілік көшпенділер ойынының жартылай финалында Өзбекстан құрамасынан 4:5 есебімен жеңілген.

Сол кезде қырғызстандық көкпаршы Асқат Асқаров: «Қазақстан мен Қырғызстан арасында ойын болған жоқ. Қазақтар бізбен ойнағысы келмей, әдейі жеңілді», – деп мәлімдеді. 

Қазақстан көкпаршылары Өзбекстаннан жеңілгеннен кейін жанкүйерлер ойыншыларды сынап, Ұлттық спорт федерациясының президенті Бекболат Тілеуханның отставкаға кетуін талап еткен. 

Бекболат Тілеухан егер орнын алмастыратын лайықты адам болса, Ұлттық спорт федерациясынан кетуге дайын екенін, бірақ өзіне тиесілі жұмысты атқарып жатқанын айтып ақталған.

Бекболат Тілеуханның Ұлттық спорт федерациясын әлі күнге дейін басқарып отырғанын ескерсек, не бұл орынға лайықты адам табыла қоймады, не федерация президенті «тиесілі жұмысын» атқарып біткен жоқ.

Рубрика: