АЛТЫНОРДА
Жаңалықтар

[:kz]»Құрмет ордені берілсін»: Жаз бойы Маңғыстауға шөп жинаған Құрмет Талапқазы қандай марапатқа лайық [:]

[:kz]

Әлеуметтік желі қолданушылары Тәуелсіздік күніне орай ала жаздай Маңғыстау өңіріне шөп тасыған ерікті Құрмет Талапқазыға марапат беру туралы өтініштерін жарыса жазуда.

KAZ.NUR.KZ тілшісі бұл туралы Құрметтің өзі не ойлайтынын сұрады.

Facebook желісінде Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекеттік наградалармен марапаттау тақырыбы қызу талқылануда. Қоғам белсенділері президенттің қолынан медаль-орденді алуға лайық азаматтарды тізіп жазды. Оның ішінде Құрмет Талапқазының есімі ерекше аталды.

Журналист Гүлмира Әбіқай соңғы күндері орден-медальға ие болып жатқан тұлғаларды сынады.

«Маңғыстау өлкесін қуаңшылықтан құтқаруға алғашқы болып шөп жиып жөнелткен Құрметке құрмет берілсе лайықты еді, Құрметке «құрмет» берілсе лайықты еді. Пандемияда тәуліктің 24 сағатын көздері буланып, шылқыған терге батқан комбинезон ішінде өткізген қарапайым медбике, санитар, дәрігерлер лайықты еді биыл… әттең…», -деп жазды тележурналист.

Сондай-ақ, ауылшаруашылығы маманы Алмасбек Садырбаевтың да пікірі осыған саяды. «Тәуелсіздік күні қарсаңында марапатталып жатқан барлық азаматты құттықтаймын! Егемендігіміздің 30 жылдығында Отанымыздың өркендеуіне үлес қосқан үздіктердің барлығы елеусіз қалмау керек. Тілектеспін! Әттеген-айы, өз салам бойынша марапатталып жатқан белсенділерді көре алмай отырмын.

Мысалы, Құрметтей азаматтың еңбегін кім жоққа шығара алады?! Оқуын тастап, ала жаздай Маңғыстауға шөп тасыған жоқ па?! Ақтөбелік Балнұр қыздарыңызды білесіздер.

Омырауындағы бөпесін қалдырып, маңғыстаулық ағайынға жәрдем берді, жем-шөп тасымалын ұйымдастырды», — дейді Алмасбек Садырбаев.

Ал белсенді журналист Дина Елгезек Құрметке медаль бұйырмаса да, оған халық болып көмектесуге шақырды.

«Қуаңшылықтан зардап шеккен аймақтарға шөп тасыған Құрмет деген жігітке “құрмет” медалі бұйырмапты… Мүмкін Құрметке өзіміз құрмет көрсетеміз?! Батыстан бір жомарт ағам шыға ма екен?», — деп ұсыныс тастады ол. Құрмет Талапқазы әлеуметтік желідегі өзіне қатысты сөздерге пікірін қосты. «Мен жазда өз еркіммен оңтүстікте, Сарыағашта шөп ора бастадым, шапқыладым. Сол шынайы ниетімді байқап, қарапайым ел-жұртым қолдап, әр тараптан, әр өңірден фурамен вагонмен Маңғыстау еліне 500 вагоннан артық тегін жем-шөп кетті. Халқыма рахмет, сіздердің арқаларыңыз. Маған үкіметтен марапат берілмегені жөнінде әлеуметтік желіде шу болып жатыр екен. Маған марапат, алғыс керек емес, мен тек ел игілігі үшін жасадым, атақ-байлық үшін жасадым. Біз Оралда, Қостанай жақта біраз айыппұл арқаладық. Соны қазір жабу үстіндеміз. Қазақ елі бірлігін көрсетті, әрқашанда осылай жұдырықтай жұмылып, бірге болуларыңызды сұраймын», — деді Құрмет Талапқазы.

Құрмет Талапқазыны күні кеше Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Жыл үздігі 2021» сыйлығымен марапаттады. Еске сала кетейік, Құрмет ордені — 1993 жылы Президент жарлығымен белгіленген мемлекеттік марапат.

Орденмен азаматтар экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті, бiлiмдi дамытуға сіңірген еңбектері үшін, мемлекеттік органдардағы үлгілі қызметі және белсенді қоғамдық қызметі үшін марапатталады.

Автор: Эльмира Асқарқызы

 

 

kaz.nur.kz

 

[:]