Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыз күні Қазақстан халқына жолдауында Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болатынын мәлімдеді. Бұған қоса ол қаланы Дінмұхамед Қонаевтың есімімен атауды ұсынды. Stan.kz тілшісімен тілдескен сарапшылар бұл бастаманың саяси астары жөнінде айтып, мемлекет басшысының неліктен мұндай шешім қабылдағанын түсіндірді. Сондай-ақ Қапшағай қаласының маңыздылығы мен алдағы уақытта болатын өзгерістер жөнінде тоқталды.

«Өзгертсек орысша атауларды өзгертейік»

Саясаттанушы Дос Көшім президенттің Қапшағайдың атауын Қонаев деп ауыстыру туралы шешімін жағымпаздық деп атайды. 

«Кешегі облыстарды ашу, олардың атауын өзгерту жалпы бұлардың барлығының астарында популистік пиғыл жатыр. Шындығында облыстардың азайғаны немесе көбейгені ешкімге ешнәрсе бермейді. Дәл қазіргі цифрлы дәуірде ауданның орталығына барудың қажеті де шамалы. Бұл бірінші мәселе. Екіншіден, алдағы уақытта бұдан бұрын да болғандай аудандардың қосылуын көріп қалуымыз да ықтимал. Мен еш уақытта қалаларға адамның атын бермеу қажет деп ойлаймын. Адамның атымен мектептерді, стадиондарды атауға болады. Бірақ жер-су аттарын емес. Мұның Қонаевқа қатысы жоқ, бұл менің өз ұстанымым», – дейді саясаттанушы.

Cондай-ақ ол Қонаевтың кезінде бүкіл Қазақстанды басқарғанына сүйеніп, оның есімін кез келген орыс тіліндегі қалаға беруге болатынын айтты.

«Ең басында тоқсаныншы жылдары Қонаевтың есімін Лениногорск қаласына берді. Бірақ ол кезде биліктегі адамдар бұл қалаға Қонаевтың қатысы жоқ екенін айтып, Риддер деген немістің геологының атын берді. Ол уақытта мұны мен де қолдадым. Сондықтан менің принципім бойынша Қонаевтың атын беретін болсақ, Павлодарға да, Петропавлға да беруге болады. Себебі Қонаев тек Жетісуды немесе Алматыны ғана емес, бүкіл Қазақстанды басқарды. Сол кезде, мүмкін, қазақтың есімі орысты ығыстырып шығарды деп қуанар едік», – дейді ол. 

Бұған қоса Дос Көшім президент бұл әрекетімен Нұрсұлтан Назарбаевтың басқару кезіндегі  мәселелерді пайдасына шешіп алуды көздеп отырғанын айтады.

«Дәл қазіргі уақытта қазақша атауды қазақшаға өзгертудің түк қажеті жоқ. Өзгертетін болсақ, орысша атауларды өзгертейік. Айтып кеткенімдей, Петропавл, Павлодар, оның үстіне 400-ге жуық Ленин көшесі бар. Сондай-ақ кез келген адамның жақсы істері мен қоса қателіктері де болады. Мысалы, Назарбаевтың кезінде оның атқарған істерін қосарлана қолдаған билік бүгін қателіктері туралы айтып жатыр. Сол секілді Қонаевтың жасаған қателіктері жетеді. Ол басқарған уақытта Семейде қазақ мектебі жойылып кетті, сол уақытта қазақ орыстана бастады», – дейді ол.

Дегенмен саясаттанушы Ғазиз Әбішев керісінше мұның дұрыс бастама екенін алға тартады. Сөзінше, есімі ерен тұлғалардың атымен қалаларды атауды дұрыс шешім.

«Алматы обласында миллиондаған халық тұрады. Бұл өте күрделі аймақ. Сол себепті екіге бөлінсе, ыңғайлырақ болады. Бұл – бір. Екіншіден, біз әрқашан есімі ұлы қазақтарды ұмытпауымыз керек. Сол себепті қаланы Қонаевтың атымен атағанымыз дұрыс деп ойлаймын», – дейді саясаттанушы.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев соңғы 30 жылда Қазақстанда тек бір адамды ғана мақтайтын мемлекеттік пропаганданың болғанын баса айтты. Тоқаев ешкімді алаламайды деген ол бұдан былай елімізде барлық тұлғалардың аттары тең аталатынын тілге тиек етті.


«Біз бұған дейін тек бір адамды ғана ең ақылды, ең лайықты адам деп атап келдік. Себебі мемлекеттік пропаганда солай құрылған еді. Бірақ президентіміз Тоқаев соңғы әрекеттерімен барлығының еңбегін бірдей бағалайтынын көрсетті. Мысалы, Францияда тең бағаланатын үш адам бар, олар: Кардинал Ришелье, Наполен және Де Голль. Француздар үшін бұл үш тұлғаның да еңбегі бірдей. Сол секілді бізде де Қонаев, Тәуке хан, Кенесары хан, Сырым Датұлы, мен Абылай хандар тең болуы қажет. Себебі олардың қазақ халқының өркендеуіне қосқан үлестері бірдей», – дейді Әбішев.

«Қонаев пен казино – парадокс»

Қапшағай Қазақстандағы казино мекемелерінің жұмыс жасауына рұқсат етілген аймақтардың бірі. Ондай аймақтар Қазақстанда екеу екенін ескерсек, оның екіншісі Ақмола облысындағы Щучинск қаласында орналасқан. Осы ретте қазақтың біртуар азаматының атын құмар ойындардың отанына айналған қалаға беру қаншалықты дұрыс деген сұрағымызға спикерлердің жауабы екіге бөлінді.

Ғазиз Әбішев алдағы уақытта бұл мәселелер қаралып, өзгеріп қалуы мүмкін екенін жасырмады. Сонымен бірге барлығы қазақтың жері екенін айтқан ол казинодан келіп-кетер қауіптің жоқ екенін ашып айтты.

«Бұл сұрақтарға алдағы уақытта оралуымыз мүмкін. Бірақ бір-екі казиноның жұмыс істегенінен еш әбестік көрмеймін. Мысал үшін, украиндар үшін Киев қаласы қасиетті болса, орыстар үшін Мәскеу қаласының орны ерекше. Ал бұл қалалардың екеуінде де казинолар бар. Біз үшін де әр қаланың өзіндік тарихы мен естеліктері бар екені жасырмаймыз», – деп түсіндірді саясаттанушы.

Дос Көшім облыс орталығы болғаннан кейін мұндай мәселелер шешімін табады дейді. Оның үстіне биліктің ешкіммен санаспай қабылдаған шешімі туристік аумақтардың құнын қымбаттатып жіберді деп қосты ол.

 


«Кезінде құмар ойындарын қалалардан шығару туралы бұйрық болды, сондықтан олар Бурабай мен Қапшағайды таңдап алды. Мысалы, АҚШ-та осындай заң пайда болғанда олар шөл даланың қақ ортасынан Лас-Вегас деген қала салды. Қатты ойнағыларың келіп жатса, өздерің жетіп алыңдар дегендей. Ал бізде ең тамаша адамдардың демалатын жеріне келіп казино салды. Бұл үлкен ақымақтық. Осының кесірінен Бурабай мен Қапшағай қарапайым тұрғындардың қалтасына сай келмей қалды. Ал Қонаев пен казино тіптен  – парадокс», – деп жеткізді Дос Көшім.

Қапшағай қаласы туралы

Мемлекет басшысының қала атауын өзгерту туралы сөзінен кейін, халық арасында бірден петицияға қол жинау басталып кетті. Қапшағайдың атауын Қонаев деп өзгерткісі келетіндердің саны қазір бес мыңға жуықтап қалған.

Айта кетсек, 1970 жылы құрылған қаланың іргетасын қалауға Дінмұхамед Қонаев мұрындық болған.

Алматы қаласының дамып, халық санының күрт өскеніне байланысты Қонаев:

“Алматы – жыл сайын дамып бара жатқан еліміздің үлкен астанасы. Баршаға ұнайды десек те, бірақ айналасын тау қоршаған, жан-жағы қысылып-қымтырылып тұр. Қала өскен сайын өнеркәсіптің де өркен жаятыны – заңдылық. Сондықтан бұл ауаның табиғи алмасуына қиындық әкеледі. Алматыға енді бір қанаттас қала салу өзінен-өзі сұранып тұр. Болашақ өндіріс орындарын қаладан мүмкіндігінше шеткері маңға салсақ, ал Алматыны таза мәдениет пен ғылымның, әкімшіліктің орталығы ретінде қалыптастырсақ, бұдан ұтылмаймыз”, – деп алғашқы ұйымдастыру жұмыстарын бастаған екен.

1969 жылы Дінмұхамед Қонаевтың бастамасымен Қапшағайдың етегіндегі Іле бөгеліп, жаңа бір шалқар айдын көл пайда болған.

Ашық ақпарат деректеріне сүйенсек, қазақ тілінде “Қапшағай” сөзі “тар шатқал” деген мағынаны білдіреді.

Соңғы мәліметтер бойынша қалада 62 мың тұрғын тұрады.

Рубрика: