Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қазақстандықтар әлеуметтік желіде таралған суретті қызу талқылауда. Желі қолданушыларының жазуынша, елімізде жаппай тәртіпсіздіктер кезінде тонаушылардың бірі тозған аяқкиімін тастап, дүкендегі жаңа етікті киіп кеткен. 

“Жаппай тонаушылық әрекеттері кезінде ұрылардың бірі өз аяқкиімін тастап, қыстық етік киіп кеткен сыңайлы. Әрине, бұл қыстық етік жоқ болса, ұрлыққа түс деген сөз емес. Бұл қылмыс, бұған жауапкершілік қарастырылған. Дегенмен осы көрініс көп тұрғындардың кедейлікте өмір сүріп жатқанын, байлар мен кедейлердің арасындағы таптық бөлінушілікті аңғартады. 1 миллион бала кедейлікте өмір сүріп жатыр”, – деп жазады мәжіліс депутаты Ирина Смирнова. 

Бұған қоса ол мемлекет тарапынан кедей отбасыларға қажетті көмек көрсету керектігін сөз етті. 

“Әрбір баланың жағдайын жеке-жеке қарауымыз керек. Олардың отбасы мұндай дәрежеге қалай жеткенін саралау қажет. Саралап қана қоймай, мемлекет қажетті жәрдем тағайындауы тиіс. Бір қап макарон, күнбағыс майын беріп емес, жұмыспен, үймен қамту мәселесін қолға алған дұрыс. Олар біздің азаматтарымыз ғой. Олардың басына қандай күн туғанын ешкім білмейді”, – деп жазды ол. 

Желі қолданушылары да сурет жайлы өз пікірлерін жазып жатты. Олардың пікірлері екіге қақ айырылды. 

“Еліміздің тұрғындарының жартысы қаңтарда осындай аяқкиіммен жүргені көңілге қаяу түсіреді”, – деп жазды бірі. 

“Кедейліктің тауқыметін көріп жүргендердің саны бір миллионнан асып түсті. Әсіресе, бұл Алматыда қатты байқалады. Қаланың қай бұрышында болмасын қайыршылар кезіп жүреді”, – деп жазды тағы бір желі қолданушысы. 

“Олардың бұл әрекеттерін айыптауға болмайды. Дүкендерді тонағандар жоқшылықтың салдарынан осылай істеді. Ал жағдайы барлар үйінде отырды”, – деп жазды желі қолданушысы. 

Тонаушыларды сынағандар да табылды. 

“Бұл жағдай тонаушыларды ақтамайды. Қазір мұқтаж жандар көмек сұраса, жәрдемдесетін адамдар табыла кетеді”, – деп жазды бірі. 

“Алматыда қазір ауа райы плюс градусты көрсетіп тұр. Мен де қыс бойы кроссовка киіп жүремін. Ұрлықтың аты ұрлық. Біз тонаушылар мен бүлікшілерді ақтауға тырыспауымыз керек. Мемлекет жүйесінде өзгерістер болуы керек әрине, алайда бізде қарап отырмай, өзіміз өзгеріп бастауымыз керек”, – деп жазды желі қолданушысы. 

Stan.kz ақпарат агенттігі 

Рубрика: