Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Білім және ғылым министрі Үкімет үйінде лоббистердің өзіне қарсы жүргізіп жатқан шабуылына шағымданды. БҒМ басшысы бұған дейін де жекелердің ЖОО-ларын жабамын деп, «миллиардтаған қаржылар мүддесіне» қайшы келіп қалғандығын, нәтижесінде, сол миллиардтардың иелері өзіне өре тұра қарсы шыққандығын мәлімдегені есте. Бірақ бұл жолы олардың тізесі қатты батты ма, кім білсін, Бақытжан Жұмағұлов биік лауазымды лоббистердің аттарын нақ атауға шақ қалды. Әйткенмен бар күшін жиып, қоймай-қоймай тықақтаған журналистердің «арандатуына» бой бермей, тағы да «емексітіп» барып, аяғын жиды.

 

Министрлер кабинетінің кешегі отырысында Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов қазақстандық жоғары оқу орындарының саны алда тағы күрт қысқартылатындығын мәлімдеді. Сөз басында министр отандық ЖОО-лардың «академиялық еркіндігі» және «автономиялылығы» арттырылып жатқандығын хабарлады.

– Елбасының тапсырмасы бойынша жоғары оқу орындарын оңтайландыру жүргізілуде, – деді Үкімет мүшелеріне БҒМ басшысы. – Бүгінде олардың саны 149-дан ендігі 136-ға дейін қысқартылды. Тәжірибе көрсеткеніндей, коммерциялық жоғары оқу орындарының көпшілігінің білім беру сапасы сын көтермейді. Сондықтан таяудағы 3 жыл ішінде олардың санын 66-дан 30-ға дейін қысқарту жоспарлануда.

Министр Бақытжан Жұмағұлов Үкімет мүшелеріне бұл іске «ЖОО-ларға қойылатын жаңа талаптарға сүйене отырып, өте жауапты қарауға» уәде берді. Бұл ретте «ғылым ордаларының» үш басты өлшем-критерий бойынша бағаланатындығы айтылды, министрлік «материалдық база», «оқытушылық құрам» және «бітіруші түлектердің жұмыс берушілер арасында қаншалықты сұранысқа иелігіне» қатысты «өте егжей-тегжейлі талдау жүргізуде» екен.

Білім және ғылым министрі «біріккен жоғары оқу орындарының барлық студенттері оқуын жалғастыра беретіндігін» нықтады: «Бұл – міндетті талап!»

– Елбасы оқу орындарын өңірлердің қажеттілігіне қарай мамандандыру туралы тапсырма берген болатын. Сондықтан мемлекеттік жоғары оқу орындары да оңтайланатын болады! – деп мәлім етті министр. – Нәтижесінде, таяудағы 2 жылда елімізде жалпы саны шамамен 100 ғана ЖОО қалады. Бұл бізге дамыған елдерде қабылданған халық санына шағатын көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Бақытжан Тұрсынұлының айтуынша, жоғарғы білім саласындағы барлық қысқартулар мен біріктірулер қорытындысында, «Қазақстанның көптеген облыстарында тек 1 мемле­кеттік және 1 ірі жекеменшік жоғары оқу орны ғана қалатын болады!».

Үкімет мүшелері мен әкімдерге осылардың бәрін айтып, жиыннан шыққан Білім және ғылым министрін журналистер қоршап алды. «ЖОО-лар саны ешбір ойластырусыз-ақ қысқартылуда» деген өте үлкен сын айтылуда, – деді БАҚ өкілдеріне БҒМ басшысы. – Бұл – дұрыс емес. Барлығы ойластырылған, есептелген. Мәселе басқада! Әрбір жоғары оқу орнының артында Астанадағы әлдекім тұр. Соның мүдделерін «лоббилайды». Ондайлар депутаттық корпустың арасында да бар, ондайлар Үкіметте де бар. Олар тіпті барлық орталық органдарда жүр! Ол кісілер өздерінің ЖОО-ларын біздің қысқартпауымызды діттеуде. Бұл енді ешкімге де құпия емес!»

«Құпия болмағандықтан», журналис­тер ірі мансапты лоббистердің атын атап, түсін түстеуді сұраған. «Сіздер газет оқып, радио тыңдайсыздар. Сонда «министрлік қалай болса, солай біріктіргелі жатыр» деп байбаламға салып жүргендердің фамилия­сын айтып неғылайын? Өздеріңіз де жақ­сы білесіздер» деп тоқтады министр. БАҚ өкілдері «қысқартпауды сұрап, сізге тіке­лей шығып жатқандар бар ма?» деп сұра­ды. «Маған тікелей келіп, олар мына уни­верситетті жаппа деп айтпайды. Оны со­ған келтірудің басқа мың жолы бар. Бірақ соның бәріне біз шыдап келе жа­тыр­мыз! Оған жол бермейміз» деді Бақыт­жан Тұрсынұлы.
Бақытжан Жұмағұлов бұл жұмыстың оңайға соқпай тұрғандығын мойындады: «Бірақ біз бұл жұмысты жүргізудеміз. Әлем­дік тәжірибе дамыған елдерде 1 мил­лион тұрғынға шаққанда орташа есеппен 6 жоғары оқу орнынан келуі қажеттігін айтады. Яғни 17 миллионды 6-ға көбейт­сек, шамамен 100 ЖОО шығады. Демек, Қазақстанда 100 жоғары оқу орны болуы керек!» Рас, министр де адам, ол бұл қатаң позициясында табандап тұра ала ма, әлде әлдебіреулердің тегеурініне төтеп бере алмай, табаны тайғанақтап кете ме, оны алда көре жатармыз. Оның үстіне «дау тудырмас» есепті (17х6=100 емес, 102!) ал­дан тартып, астаналық жоғары лауазымды лоббистер өз ЖОО-сына жеңілдік жеңіп алуға тырысары сөзсіз.
Қалай болғанда, Білім министрлігі мен ЖОО қожайындары арасындағы қақ­тығыс жойқын болайын деп тұр. Себебі министр Қазақстандағы ЖОО-лар саны 100-ден де азайтылуы мүмкіндігін айтып қалды. Өйткені еліміздегі 13 ЖОО – қорғаныс және құқық қорғау қызметтерінің қанатының астындағы әскери ғылым ордалары болып табылады. «Олай болса, 100 болмай шығады! – деп өзін-өзі түзетті Б.Жұмағұлов, – 87 болады».
Министрліктің дерегінше, тек 200 студенті ғана бар ЖОО-лар «өмір сүруде» екен. «Бұл жоғары оқу орындары кезінде 30 мамандық бойынша лицензия алыпты! – дейді ол. – Сонда әрбір мамандық бо­йынша тек 5-6 адамнан ғана даярлайтын болғаны ғой? Бұған қалай жол беруге бо­лады? Олардың оқытушыларының да са­па­сы төмен, кейбірінде студенттер сол жекеменшік университетті бітіре сала, сол жерге ұстаз болып қалады. Олардың өздерінің де білімінің сапасы төмен. Бұл ЖОО-лар стандартқа да, оқу сапасына да жауап бермейді. Материалдық базасы да нашар. Сол себепті біз қазір осындай әлсіз ЖОО-ларды біріктірудеміз. Сөйтіп, олар өзара күш біріктіре отырып, өңірлік ірі жеке ЖОО-ға айналады» деген ол өз министрлігінің алдына Мемлекет бас­шысы осындай міндет қойып отырға­нды­ғын, яғни кері шегінбейтіндерін ескертті. «Бұл оңтайландырудан халық қорықпауы керек. Бұл жастарға сапалы білім беру үшін жасалуда» деп қосқан министр оның барысында «ЖОО-ларды қысқарту­дан гөрі, көбінесе біріктіру жүргізіле­тін­дігін» айтты.
«Қысқартылатын не біріктірілетін ЖОО-лардың «қара тізімі» қашан белгілі болады?» деп сұрады журналистер. Осы аптада-ақ басы ашылатынға ұқсайды: «Осы бейсенбіде біз Қазақстандағы бар­лық ЖОО ректорларын жинаймыз. Сонда қоғамдық комиссияның құрылғандығы жарияланады. Оның құрамына белгілі ға­лымдар, депутаттар, атақты педагогтар кіреді. Сол жиында біз барлық позиция­ларымызды жайып саламыз. Жиын ашық өтеді, халық қай университеттің сапасыз білім беретіндігін білуі керек. Осының бәрін сол жерде айтамыз!»
– ЖОО-ларды бағалау кезіндегі басты өлшем – бітіруші түлектердің жұмысқа орналасуы болуға тиіс, – деп міндеттеді БҒМ басшысын Үкімет басшысы Серік Ахметов, – бұл – маңызды жайт. Сондық­тан ол министрліктің ұдайы бақылауында болуы қажет.
Елдос СЕНБАЙ
http://www.aikyn.kz

Рубрика: