Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Үкіметте де, қоғамда да Ауыл шаруашылығы министріне қояр сұрақтар қордаланып қалыпты. Сондықтан Министрлер кабинетінің кешегі отырысы толығымен осы салаға арналды: алдымен Үкімет мүшелері, әкімдермен, қаржыгерлермен және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен бірігіп, АШМ басшысы ұсынған 2013-2020 жылдарға арналған жаңа Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту («Агробизнес-2020») бағдарламасын талқылап, бекітті. Жиыннан кейін бұл сала мәселелерін журналистер қарады.
 

 

Жалпы, Ауыл шаруашылығы минист­рі Асылжан Мамытбеков сұрақтардан қа­шып отырмаған түр танытты. Жур­налистердің аузына қақпақ болғысы келгендей, ортадан киіп кетіп, әңгіме ауа­нын бағдарламаға аударуға жан салып, қылпықтаған өзінің баспасөз хатшы­сын сабырға шақырған министр әлдеқайда асықпай, басын ала қашпай БАҚ өкілдерін қызықтырған барлық сауал­дар­ға жауап беруге тырысты.

Әрине, алғашқы сауалдар «австрия­лық сиырлар» мен «Шмалленберг» дер­тіне қатысты жаға ұстатар жағдайға орай қойылды. АШМ басшысы бүкіл Батыс­ты дүрліктіріп отырған «германиялық» дерттің қазақ жеріне еніп кетуіне жол берген ветеринарлық қызметтің жаза­ланбайтындығын бірден ұғындырды. Өйткені оларды австриялық әріптес­тері жаңылыстырыпты. «Австриядан кел­ген малдың ауруы карантин кезінде та­былған, – деді ол. – Жеткізуші компа­ния сол малды карантиннен өткізбей, әкел­ген. Ол ауруды карантиннен шықпай тұрып, анықтағаны, тиісті шараларды қабылдап жатқаны – біздің ветеринар­лық қызметтің ветеринарлық қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету бойынша жақсы жұмысының көрсеткіші деп санаймын!» Министр жеті жүзден астам дертті ірі қара малдың, еш сөзсіз, көзі жойылып, көмілетіндігін растады.

А.Мамытбеков австриялық әлгі мал­дан бір емес, екі бірдей дерттің табылған­дығын мәлімдеді: «Қазіргі уақытта бұл малға екі аурудың диагнозы қойылып отыр. Әу баста «вирустық диареяға» қа­тысты күдік болған. Осы диагнозды пы­сықтау барысында сиырлардың қа­ны­ның сынамалары келісім бойын­ша Еуропалық эпизотикалық бюро­ның ре­ференс-зертханасына жолданды. Сол жақта олар екінші диагнозды – «Шма­лленбергті» анықтады».

Журналистер сол сиырлар үшін қора-жайлар салуға және басқа мәселелерге қыруар қаржы жұмсаған шаруалардың шығынының қалай өтелетіндігін сұрас­тырды. «Қазір бұл мал карантинде тұр, ал, контрактіге сәйкес, карантиннен шық­­қан­ша, ол сиырлар жеткізуші компания­ның мен­шігі болып табылады. Мал – австрия­лық, ал оларды жеткізуші компа­ния – венгриялық. Сондықтан барлық шы­ғын соның есебінен өтелетін болады».

 

«Әкелмес бұрын сол жақта тексеріп алуға болмас па еді?» деп сұрады БАҚ өкіл­дері. «Әкелмес бұрын ол сиырларға Австрияның ветеринарлық қызметі вете­ринарлық сертификат берген, – деді ми­нистр. – Соның негізінде мал Қазақ­станға әкелінген. Ол сертификатты беру кезінде тиісті талдау-анализдер өт­кізбей, қол қойғандарын Австрияның ветери­нар­лық қызметі қазір мойындап отыр».

Ауыл шаруашылығы министрі тиісті шағым-претензия ендігі енгізілгендігін хабарлады: «Соның ішінде жануарлардың ауруларымен күрес жөніндегі Еуропалық комиссияға да шағым түсірілді, осының арқасында Австрияның ветеринарлық қызметіне ықпал жасалды, бүгінде олар диагноздарды растады. Ендеше Қазақстан тарапынан барлық талап-претензиялар жеткізушіге де, Австрияның ветеринарлық қызметіне де қойылады. Шығынның орны жеткізу есебінен толтырылады» деп сен­дірді А.Мамытбеков. «Сот шетелде жүре ме?» деп сұрадық. «Сот Қазақстанда жү­реді, – деді министр. – Мал жеткізу кон­трактісінде барлық даулы жайттардың қазақстандық соттарда қаралатындығы жөнінде бап бар. Біз неге осы тексерулер­ді, процедураларды жіті жүргізудеміз? Өйт­кені ертең сотта жеңіп шығып, бар­лық шығынды өтеттіру үшін өз ұста­ны­мымызды бекітудеміз. Қазақстандық та­рап – фермерлер де, «ҚазАгроҚаржы» сияқты қаражат берген ұйымдар да еш­қандай шығын шекпейді!» Шығын көлемі есептелуде екен. Министрдің мәліметін­ше, 2 жыл ішінде шетелден 35 мыңға жуық ірі қара мал әкелініпті. Мұндай ірі оқиға­ның алғаш рет бой көтеріп отырғандығы айтылды.

– Қазір Австрия бойынша шектеу шаралары енгізілді. Сондықтан, тіпті, соны қалағандарға да ол жақтан сиыр әкелу мүмкін болмайды. Ал Еуропада осы ауру­дан ада елдер бар, олардан әкелуге жол ашық, – деді министр.

Ақпарат құралдарының өкілдері «Пав­ло­дардағы жұт» мәселесін де көтерді, ми­нистрдің айтуынша, ол тіпті де «жұт» емес. «Жұт» деп отырғаны екі ғана шаруа қожа­лығына қатысты болып отыр, – деді Асыл­жан Мамытбеков. – Олардың мә­лімдеген 535 малдың өлгендігі қазір анық­талмады. Бар есебі 250-ге ғана жуық. Қалған малдың тұяғы да, сүйегі де жоқ, тіпті егер қасқыр жеп кетті десе де. Бұл жерде демек, бұрмалаушылық бар. Әлгі екі шаруа да бір тонна да шөп әзірлемеген, қысқа ешқандай дайындығы болмаған. Ендеше мұны «жұт» деп айтуға болмайды. Жалпы, олардың малының иелері басқа, олар біреудің малын баққан. Қазір құ­қық­тық органдар ол малды қалай жоғалтқан­дарының анық-қанығын айқындайды.  Олар малдан айырылып қалғаннан соң «жұт» деп айқайлап, шу көтеріп, «мемлекет өтеп берсін» деп шешкен. Яғни бұл шын мәнінде, малды жоғалту жауапкершілігін өз мойындарынан мемлекетке аудара салу талабы болып отыр». АШМ басшысы Үкі­мет басшылығының тапсырмасымен, те­рең талдау жүргізгендерін, соның ба­ры­сында Павлодар облысындағы қырылған малдардың 90 пайызы әлгі екеуінің үлесіне тиетіндігін анықтағандарын айтты.

Бірақ Үкімет шөп жөнінен қиындық­қа ұшыраған ауылдықтарды және фермер­лерді қиындықпен бетпе-бет тастамайды екен. Мемлекеттің иелігінде кебектің үл­кен қорының барлығы мәлім болды, ол бірінші сұрыпты нанның бағасын арзан­датуға арналған бидайдан қалған екен. Сол резервтерді әкімдіктерге азық-жем­нен тарығып жатқандарға беру туралы тапсырма жүктеліпті.

Қалай болғанда да Үкімет басшылығы ауыл шаруашылығындағы осы оқиғалар­да мемлекет мүддесінің зардап шекпеуі үшін қажеттінің бәрін жасап жатқан көрінеді. Сала алда да мемлекеттік қолдау көре бер­мек.

Үкімет отырысында құпталған «Агро­бизнес–2020» бағдарламасын жүзеге асы­руға осы жылдар ішінде барлығы

3 трил­­лион 122,2 миллиард теңге қажет бо­ла­­тын­­дығы мәлімделді. Үкімет жетекшісі «Елбасының ауыл шаруашылығын кең ауқымды жаңғырту бойынша қойған мін­деттерін жүзеге асыруда жаңа бағдар­ла­ма­ның стратегиялық мәнге ие» екендігін нықтады.

– Осы мәселелердің табысты шеші­луі­не ел экономикасының әл-ауқаты да тә­-уел­ді болмақ, – деді Премьер С.Ахме­тов. – Бү­гін біз Президенттің маңызды тап­сыр­масын орындадық. Мемлекеттік қол­даудың ұсынылып отырған тетіктерінің арқасында ауыл шаруашылығына жеке инвесторларды тартуға жағдай жасалады. Ауыл шаруашылығының көтерілуі жанама салалардың дамуын жандандырады және бүкіл экономикаға мультипликативті эф­фект береді. Осының барлығы бірінші ке­зекте, ауылдықтардың өмір деңгейіне оң әсер етеді, – деп түйді Үкімет жетек­шісі.

Айхан ШӘРІП
http://www.aikyn.kz

Рубрика: