Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

2a6c267e0ae3caaf09ab32b9655cc756Әлібек ТАТАНОВ, «Қазақстан» РТРК Қостанай облыстық филиалының директоры, Қазақстанның Құрметті журналисі 

 

– Әлеке, сіздің өмірбаяныңызға көз жүгіртіп отырсам, нағыз қарапайым шаңырақта өсіпсіз. Алматыда ҚазМУ-ға түспес бұрын «Талдық» кеңшарында механизатор болып жұмыс істепсіз. Тіпті комсомол ұйымының хатшысы да болыпсыз.
– Иә, күллі жастық шағым адал еңбек етумен өтті. Ардақты әжем Ажардың қолында тәрбие­лендім. Сондықтан ол кісіге ғұ­мыр бойы қарыздармын деп есептеймін. Осынау аяулы жанға бауыр басып кеткендігім сон­шалықты, туған шешем Ақтеңгені апа деп атайтынмын.
Мен үшін тіршіліктегі ең аяулы Ажар әжем өткен жылы 90 жасында қайтыс болды. Егер мен мынау ғұмырымда қолым бір­деңеге жетсе, ол кісінің сіңірген еңбегі ерекше дер едім. Қазір сол жылдарды сағынышпен еске аламын.
Механизатор – ауылдық жерде таптырмайтын мамандық. Сон­дықтан жылдың төрт мезгілінде де шаруашылықтағы барлық жұмыстардың бел ортасында жүруге тура келді. Трактордың неше түрін жүргіздім. Көктемде егістікке бидай сепсек, жазда шабындықтан шөп шаптық. Содан соң оны маяға тасыдық. Қоңыр күзде комбайн руліне отырып, астық ордық.
Әлгі комсомол ұйымының хатшысы болып жүрген кезде де соңымнан ерген жастарға үлгі-өнеге көрсету үшін кеңшардағы кезек күттірмес барлық науқан­ның алдыңғы шебінде болдым. Жетекші екенмін демедім. Қыста боранға қарамастан, жылқыға да қарадық. Мұның бәрі қазіргі іні-қарындастарымызға ертегідей болып көрінуі әбден мүмкін.
Қысқасы, ауылда сегізжыл­дық мектептен соң туған жерімде қал­дым. Орта білімді кешкі мек­тепте алдым. Осылайша жас­тайымнан адам баласы бақытқа тек адал еңбек, маңдай тер арқылы ғана же­туге болатындығын өз басым­нан өткердім.
Оның үстіне, сол жылдары та­лап­керлерді еліміздегі журна­лис­тер әзірлейтін жалғыз факультетке екі жылдық еңбек өтілінсіз қабыл­да­майтын. Екіншіден, қарт әжем­ді жалғыз қалдырып қайда бара­мын. Міне, осы мәселелер мені терең ойға қалдырды.
– Сіз туралы естігенім, өзіңіз сонау Қайрақты ауылындағы 8- сыныпта жүргеніңізде, яғни 1978 жылы республикалық ақындар айтысында бірінші орынды жеңіп алыпсыз…
– Айтыс десе делебесі қоз­бай­тын қазақ бар ма? Шынында да, кішкентайымнан сөз өнеріне бейім болып өстім. Жалпы, әде­биетке жақын болуыма өзімді тәр­биелеген ардақты әжем Ажар еді. Ол кісі менің санама «кітапты көп оқыған адамның ой-өрісі кең болады, тіл байлығы артады» деп үнемі қадағалап отыратын.
Ата-бабамыздан келе жатқан киелі өнер – айтыстың арқасында 1978 жылы республикалық ақын­дар айтысында жүлделі бірінші орынды иеленгенім әлі есімде. Ондай қуанышты сәттер ешқа­шан да ұмытылмайды екен.
Осы ақындық өнерімді және жалпы суырыпсалмалық қарым-қабілетімді жоғары бағалаған болар, 1980 жылы поэзия бойын­ша Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты атанғаным да жадымда мәңгілік сақталып қалды.
Өз басым, бұл жетістіктерімді көп кісіге тіс жарып айта бермеуші едім. Сіз сұраған соң өткен жыл­дарды еске түсіріп отырмын. Бірақ сол кезеңдер менің ғұмы­рымда ерекше орын алды. Нағыз шығармашылық ізденіске толы кезең деп есептеймін.
– Университетті аяқтаған соң еңбек жолыңызды қай өңірде бастадыңыз?
– Мен өзімді бақыттымын деп айта аламын. Себебі ауылда түрлі жұмыстарды атқарсам да, өмірде арманыма қол жеткіздім. 1981 жылы Алматыдағы Қазақ мем­лекеттік университеті журна­лис­тика факультетінің студенті атан­дым. Екінші курстан кейін әскер қатарына шақырылып, Кеңес Одағына белгілі «Красная звезда», «Советский солдат» деп аталатын беделді басылымдардың Чехосло­вакиядағы меншікті тілшісі болдым.
Содан кейін туған өңірім Ақтөбе облыстық телерадио­комитетінде редактор болып еңбек жолымды бастадым. Бұл жылдардың да мен үшін бергені мол. Алдымдағы тұрған әріптес ағаларымнан көп нәрсе үй­рендім.
– Кімге болсын университетте қатар оқып, қара нанды бірге бөліп жескен курстастар ерекше ыстық. Сіз журналистерді даярлайтын қара шаңырақта жастық шағыңыздағы қызықты күндерді бөліскен қимас достарыңыздан кімдердің есімін мысалға алар едіңіз?
– Шынында да, студенттік жыл­­дар кімнің болсын ең бір бақытты шағы десек, қателес­пей­міз. Өйткені жан-жақтан аққу арман қуып келген жігіттер мен қыздар таныса келе сырлас әрі қимас достарға айналады. Менің де осындай нағыз курстас­тарым­ның қатарына филология ғылым­дарының докторы, профессор, көрнекті қаламгер Бауыржан Омаровты, талантты журналист, «Астана ақшамы» газеті Бас ре­дакторының бірінші орынбасары Талғат Батырханды, қазақтың дарынды ақындары Гүлнәр Са­лық­баеваны, Светқали Нұржа­новты және басқа да көптеген әріптестерімді қосар едім. Олар­дың арасында мемлекеттік қыз­метте жүргендері қаншама. Бұ­лардың бәрі еліміздің өркендеуіне өздерінің лайықты үлесін қосып келеді.
– Сіз Қостанайға жауапты қызметке кіріскелі көп уақыт бола қойған жоқ. Алайда тәжірибелі журналист ретінде мұндағы әріптестеріңізге көңіліңіз тола ма? Кадрлық өзгерістер жасадыңыз ба?
– Мен бұл ұжыммен бұрыннан таныспын. Өйткені бәріміз бір те­рінің пұшпағын илеп жатқан жоқпыз ба? Мысалы, мұндағы белгілі қаламгер Жанұзақ Аязбе­ковті, дарынды журналист Күлтәй Әбдірахманованың шығарма­шылықтарына әбден қанықпын. Олар – кейінгі жастарды жур­на­листикаға баулып келе жатқан тәлімгерлер. Ұжым әбден қалып­тасқан. Жастар да жеткілікті.
Өз басым, қай жерде болсын білікті кадрларды бағалаймын. Өз жұмысына жетік әріптестерімді үнемі қолдаймын. Қолынан іс келмейтіндер жайлы әңгіме бөлек. Дарынсыздарға, қабілетсіздерге қай шығармашылық мекеме­ле­рінде болсын орын жоқ екендігі айтпаса да түсінікті.
– Көрермендер өте талғампаз келеді емес пе. Олар да өзіңіз лауазымды қызметке кіріскелі телеарнадағы тың жаңалықтарға көңілдері толатындықтарын білдіріп жатыр. Жалпы, қазіргі таңдағы және келешектегі жаңа бағдарламалар мен хабарларға қысқаша тоқтала кетсеңіз?
– Өздеріңіз күнделікті «Тобыл таңы», «Бірінші студия» деп ата­латын танымдық-тағылымдық бағдарламалардың қос тілде жүргізіліп жатқандығын байқаған да боларсыздар. Сонымен қатар «36,60», «Ажар», «Домофон», «Тар­тылыс күші», «Қазына», «Жұл­дыз-ай» секілді денсаулық саласына, әйелдерге арналған, ғалымдардың жетістіктері мен өміріне бағышталған, қостанай­лық ақын-жазушылар, суретші­лер жөнінде сыр шертетін және балаларға берері мол хабарларды жұртшылық назарына ұсынамыз. Бұлардың әрқайсысының да кө­рер­мендерге қай жағынан болсын өзіндік айтары бар.
Жалпы, біздің жұмысымыздың жандануына Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Қазақстан» республикалық телерадиокор­порациясы» акционерлік қоғамы және облыстық әкімдік қолдау көрсетіп жатқанын айтқым ке­леді.
– Сіздің ойыңызша, газеттегі әріптестеріңізге қарағанда, телеарна журналистерінің арасында қандай айырмашылық бар деп ойлайсыз?
– Өзіңіз де жақсы білесіз, га­зет­тегі әріптестеріміз тек көзбен көріп, көңілге түйгендерін шұ­райлы тілмен жазады. Ал радио­дағылар жазады әрі сөйлейді. Біздің телеарнадағы журналис­терге келетін болсақ, олар жаза да, көре де, сөйлей де білуі керек. Түр-сымбаттары келісті болып жатса, нұр үстіне нұр. Сондықтан бұл саладағы мамандарға жүктелер жауапкершілік жүгі де ауыр.
Сонымен қатар әріптестері­міздің айтар өзіндік идеясы, көзқарасы болуы да қажет. Қазір «Жаман тележорналшы өзін аяйды, жақсы тележорналшы көрерменді аяйды» деген қағида да әбден қалыптасты. Бұл да өмірден алынған мысал екені даусыз.
– Сіз көпті көрген журналист ретінде қазіргі жас журналистерге әлі де болса қандай қасиет жетіспейді деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, біздің ізімізді басып келе жатқан және болашақ­та журналист болуға талпынып жүрген іні-қарындастарыма ай­тарым, журналист кәсіп емес, ол – барлық мамандықтардың жиынтығы. Осы түйінді сөздің астарында түсінген адамға үлкен мән-мағына жатқан жоқ па?
Меніңше, қазіргі журналистер кемінде бес мың кітап оқуға тиіс. Олар философ болса, тіпті жақсы. Сонымен қатар олар көздеген мақсаттарына жетемін десе, аз дегенде жүз қара сөздің омоним, синоним, антонимдерін білсе, қандай ғанибет!
Сондай-ақ отыз жасқа дейін күнделікті бір өлеңді жаттап, ап­тасына бір сөзжұмбақты құрас­тырса, олардың ойлау қабілеттері де ұштала түсер еді. Осы атал­ғандармен қатар орфографиялық, түсіндірме, ғылыми-техникалық сөздікті жадыларында сақтаса, кәнеки?
Қазіргі журналистерге талап та жоғары. Соны сезінетін кез әбден жетті. Сол себептен жастар сәулет өнерінің заңдылықтарын, қаржы жүйесінің және өндірістік-әкімшілік басқарудың алғы­шарт­тарын жетік меңгергендері де абзал дер едім.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­ніне келсем, жақсы журналист – әрі ғалым, әрі философ, әрі ло­гикалық ойлау жүйесі кең ма­ман­дық иесі болуы керек. Тіпті ол музыкадан хабардар болып, 7 тілге дейін біліп жатса, тіпті орынды емес пе?
– Сізді бірқатар кітаптардың авторы деседі. Сондай-ақ журналистің арқасүйері – әрқашан айрандай ұйыған отбасы. Сол себептен жұрттың отбасыңыз жөнінде білгені де жөн болар.
– Қазақтың көрнекті қалам­гері әрі журналист Әзілхан Нұр­шайықов кезінде жақсы жур­налистен түбі жазушы шығатын­дығын айтқан болатын. Мен де бұл пікірге толығымен қосыла­мын. Өйткені уақыт өте келе өмірді көріп, өзіндік ой түйген әріп­тес­теріміз кітап жазатынды­ғы даусыз. Өзім де төрт-бес кітап­тың авто­рымын.
Еліміздің бірқатар облыс­та­рында жауапты қызметте болған кездерімде ел танып, жер көріп қана қойған жоқпын, қаншама ұлтын сүйген азаматтармен жүз­десіп, дидарластым. Олардың мағыналы ғұмырын терең зерт­тедім. Осы өңірлерде жарық көр­ген энциклопедияларды шығаруға атсалысып, облыстардың шежі­ресін жаздым.
Сол жерлердегі ірі тұлғалармен араласа келе өзім де кәсіби жа­ғынан әбден шыңдалдым. Олар­дың биік талғамынан көріну үшін үнемі өзімді-өзім қай жағынан болсын қамшылап, тынымсыз ізденіс үстінде болдым.
Отбасыма келсем, ғұмырлық серігім Лариса Төленқызы жоға­ры оқу орнында орыс тілі және әдебиеті пәнінен дәріс береді. Ұлағатты ұстаз ретінде талай шә­кірттердің тәлімгері атанды. Шаңырағымызда Мирас есімді ұлымызға тәрбие бердік. Ол біздің үмітімізді ақтады. Ақтөбедегі Құдайберген Жұбанов атындағы университеттің экономика фа­куль­тетін бітірді.

Оразалы ЖАҚСАНОВ

 

 

http://www.aikyn.kz/articles/view/26191

Рубрика: