Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Жақында жасы шамамен 60-қа таяған, күнделікті нәпақасын такси айдап тауып жүрген бір қазақтың мұңын тыңдауға тура келген еді. «Жасым зейнетке таяған кезде жұмыс таба алмай дал болып жүрмін. Жас кездегідей ауыр жұмысқа бел шыдамайды. Мекемелердің біріне күзетші болып кіріп алайын десем, қазір барлық жерде жасы 20 мен 30-дың арасындағы тепсе темір үзетін жастар күзетші болып жүр. Құдай-ау, шлагбаумды ашып-жабу үшін де жас адам болу керек пе? Жас кезінде бейнет етіп, білек күшін сарқитын орындарға неге бармайды? Сонда біз не істеуіміз керек? Біздің кезімізде бәрі басқаша еді. Алдымен зауытта слесарь болдым. Ол кезде жастар ауыр жұмыс істейді, ал білегінің күші тарқай бастағанда жайлап жеңілдеу жұмыстарға қарай ығыстыра бастайды. Ақыр соңында зейнетке күзетшілік қызметтен шығып кететін», – деп шерін тарқатты. Әрине, сөзінің жаны бар.

Айналып келгенде, кадрлық тапшылық­қа душар болып жатамыз. Жалпы, біздің жастар қазір қайда, қандай істердің басы-қасында жүр? Қазақстан жастарының басын қосса, жер қайысқан қол шығарына күмән жоқ. Дегенмен соның басын қосып, «қол» жасай алмай отырғанымыз анық. Академик Асқар Жұмаділдаев айтпақшы, қазақ жастары қазір әншілік пен журналистиканың айналасынан аса алмай жүр. «Топталып алып сызылып ән салып жүр­ген жастарды ауылға жинап алып, жер жыртқызса, шіркін!», – депті ғой бүгінгінің бір диқаншысы. Сол айтқандай, жастардың бойын­дағы жігер мен білекті неге пайда­лана алмай жүрміз? Біздіңше, бұл мемле­кеттік деңгейдегі ұйымдастырушылықтың әлсіздігінен.

Жыл сайын мемлекет 35-40 мың жасқа мемлекеттік грант тағайындайды. Студент­тердің төрт-бес жылдық оқуына мемлекет­тен қыруар қаржы бөлінеді. Ресурстық жағынан бұл жақсы көрсеткіш. Алайда қазір қай салада болса да жөні дұрыс кадр таппай әлектеніп жатамыз. Мемлекеттің қаржысына оқу бітіргендердің айтарлық­тай бөлігінің білім көрсеткіші нашар, іске алғысыз болып шықса, қалғаны коммер­циялық жобаларды жағалап кетеді. Әсі­лінде, оқу ақысын, жатақхана, шәкіртақы­сын төлеп тұрған мемлекет оның жұмыс табуына да әсер ете алуы керек еді. Әсіресе мем­лекеттік мекемелер маман тапшылы­ғына ұрынбау керек. Өйткені сан мың студент мемлекеттің ақшасына оқу бітірді. Өз кезегінде мемлекет те өзі оқытқан жастардың жұмыссыз жүрмеуіне жауапты болуға тиіс.

Бүгінде күні «артық маман» атанып жүр­ген жұмыссыз жастардың орын табуы­на әсер ететін екі жол бар. Оның бірі – жұмыс таба алмай жүрген жастарды қысқа мерзім ішінде қайта даярлау курстарынан өткізу. Бұл – қысқа мерзімді, таяу арада атқары­латын шара. Соңғы бес-алты жылда эконо­мист, заңгер мамандықтарын бітіріп алып, не жұмыс, не білім жоқ, бос жүрген жас­тар­дың көбі басқаны былай қойғанда, қара жұмысқа да кет әрі емес. Жоғары білімді құрылысшы деген тіркес бүгінгі күннің қалыпты құбылысына айналғалы қашан. Ендеше, осы жастардың басын қо­сып, бір жұмысқа жұмылдыратын ірі жо­балар керек-ақ. Елімізде дәл қазір жүзеге асырылып жатқан жобалар аз емес. Мәселен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» мегажобасы, түрлі құрылыстық бағдар­ламалар бар. Алдағы уақытта Астанада EXPO-2017 көрмесінің ұйымдастырылуы жұмыс күшіне деген сұранысты арттырады. Осы уақытқа дейін «Жасыл ел» бағдарла­масы еліміздегі талай жастардың екі қолына бір күрек тауып берді. Бәлкім, осы негізде бірнеше бағытта бағдарлама бол­ғаны дұрыс шығар.

Екіншіден, болашақта осы кадрлық жүйе­сіздікті болдырмау мақсатында «ар­тық мамандықтарға» грант бөлуді біржола қыс­қарту. Кеңестік кезеңде кадрлық бағ­дар­лау мәселесі ерекше қолға алынғаны белгілі. Мамандық мәселесінде жүйесіздік орын алмау үшін алдағы жиырма, отыз жылда қандай мамандықтарға сұраныс бо­латыны анықталуы қажет. Қазір бұл міндет Білім және ғылым министрлігінің аясына кіреді. Алайда ол осы міндетті қа­лай жандандырамыз?!

Ал мемлекеттік грант тарату жүйесі кепілдік грант жүйесіне өтуге тиіс. Мәселен, оқуын аяқтаған жас маман белгілі бір уақыт аясында мемлекет көрсетіп берген қызмет орындарында жұмыс жасауға тиіс. Ал ерікті түрде бас тартса, оқуының ақысын мемлекетке қайтарып бергені жөн.

Жастардың интеллектуалды және физикалық потенциалын пайдалану үшін жүйелі жоспар керек. Мұны Білім және ғылым министрлігі жалғыз жүзеге асыра алмайды. Бәлкім, бұған Мемлекеттік қыз­мет істері жөніндегі агенттік көмекке келуі керек шығар. Қалай десек те, 50 пайыз­ға жақындап қалған жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін қолға алу керек. Жыл сайын бұл мәселеге көңіл бөлініп жатқаны айтылады. Алайда жұмыссыздық соңғы екі жылда ары кеткенде 5 пайыздық көрсеткішпен ғана төмендеді. Бұл өте аз. 

Елнұр Бейсенбаев, Қазақстан халықтық коммунистік партиясының Алматы филиалының хатшысы:

– Қазақстандағы жастардың жұмыс­сыз­ды­ғы, расында, үлкен көрсеткіш. Бұл мә­селеде ресми статистикаға назар ау­дара беруге болмайды. Себебі олар оқу орындары жасаған есепке жүгінеді. Ал оқу орындары өз рейтингін жоғары көр­сету үшін нақты жағдай­ды жасырып қала­ды. Қазақстанда баланы өмірде жауап­кер­шілікке тәрбиелейтін дәстүр жоқ. Ата-ана да, мемлекет те жастарға барлық жағ­дайды жасап беруге тырысады. Мем­лекет оқуының ақысын көтерсе, ата-анасы киім-кешегі мен тамағын мойнына алады. Осы­лайша жастар жатыпішерлікке бейімделеді. Сондықтан мемлекеттің олар­ға жасаған ең үлкен қамқорлығы жұ­мыс орындарын тауып беру болуы керек. Тіпті қара жұмысқа болса да міндеттеу керек. Қазақстандағы жол құрылысын, тұр­ғын үй құрылысын жүргізіп жатқан ком­панияларға тендер тарату барысында қа­за­қстандық жастарды да жұмысқа тарту мәселесін негізге алу керек. Алдағы уақытта Астана мен Алматы арасындағы теміржол құрылысы баста­лады. Оның жұ­мысын жүргізетін шетелдік компаниялар шет­елдік жұмыскерлерді немесе миг­рант­­тарды қабылдап қоймай тұр­ғанда, жас­тарымыздың да жайын қазір­ден ескерту ке­рек. 

Санжар Боқаев, Алматы қалалық Жастар саясатын дамыту басқармасының бастығы:

– Жастар жағы мемлекеттік ірі жобалар­ға үлес қосып жатқан жоқ деп айта алмай­мыз. Барынша үлес қосып жатыр. Дегенмен жастардың жұмыспен қамтылу деңгейі көңіл көншітпейді. Ал бұл мәселені шешу үшін жекеменшік секторларға да жастар­мен жұмыс жасасуын міндеттеудің жолын табу керек. Екінші жағынан, Білім және ғы­лым министрлігі заңгер, экономист, халық­аралық қатынастар секілді мамандықтарға грант бөлуін қысқартуы керек, мүмкін, тіпті ақылы түрде оқуына да тыйым болу керек шығар. Өйткені бұл жастар ертең жұмыссыз қа­лады, сосын оларды қайта даярлаудан өт­кізу үшін мемлекеттен тағы ақша бөліне­ді.

Автор: Сәдуақас КЕБЕКБАЙ

 

http://alashainasy.kz

Рубрика: