Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Еліміздегі жоғары оқу орын­­дарының білім беру бағдар­ламалары қайта қарауды талап етіп отыр. Мұндай мәлімдемені Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп, Алматы қаласында бас қосқан университет басшылары жасады. Айтуларынша, жоға­ры оқу орындары жоғары бі­лім берудің орнына мектеп қа­быр­ғасында оқытылуы тиіс пән­дерді қайта оқытумен уақыт жоғал­татын көрінеді. Бірақ реформа жасаудан алдына жан салмайтын Білім және ғылым министрлігі Кеңес өкіметінен қалған ескі жүйені жаңартуға асығар емес.

 


Бір оқу ордасында орта есеппен 17 мыңнан астам пән оқытылады екен. Оның ішінде Қазақстан тарихы, қазақ тілі және математика сынды мектеп­те де, колледжде де, университетте де оқытылатын сабақтар бар. Осындай қажетсіз пәндердің саны жалпы пән­дер­дің 30 пайызынан асып түсетін көрінеді. Ректор мыр­за­лар тіпті шетелдік білім беру жүйесі мен отандық жүйе­ні Еуроодақпен салыс­тыра келе мынадай қоры­тын­ды жасады: атап өткен пәндерге біздің елдің жоғары оқу орындары 35-ке дейін кредит бөледі. Ал Еуроодақта ең көбі алтау. Шетелдік білім ошақтары кәсіби білім беру бағдар­ламаларында мамандыққа қатысты пәндерге ба­сым­дық береді. Бірақ жалпы пәндердің саны бізбен бірдей – 130-дан жоғары. Осы­дан келіп еліміз­дегі «білімнің сапасыздығы, одан әрі жұ­мыссыздардың саны неліктен көп» деген сұрақ­тардың жауабы айшық­тала бастайды. Мамандар мек­теп­тер мен колледждер­ білім бермегенде немен айна­лысып отырғанына таңданады. Себебі «тарихты, ма­тематиканы мектепте де, колледжде де оқып келіп, сы­нақтарда сүрініп жататындар көп» дейді олар. Жас­тарымыз15 жылға жуық уақыт бойы оқыған пәндерінің бо­лашақта пай­дасын көр­мейтін болса, олардың кімге қа­жеті бар? «Қазақ­стан 12 жылдық орта білім беру жүйе­­сіне көшкелі отыр, бірақ сол 12 жылда қан­дай білім береді, қалай білім береді, білмейді», – деп налиды ұстаздар.

 

                            Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

 

Өмірхан Әбдиманұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы, филология ғылымының докторы, профессор:

– Біз мына заманда көне оқу стан­дартымен білім бере алмаймыз. Жоғары оқу орындары бұрынғы стандартқа сәйкес жалпы білім беріп келеді. Ал жалпы білімді мектеп беруге міндетті. Мысалы, болашақ журналиске математиканың қандай қажеті бар? Қажетсіз пәндер студенттің ма­мандықты игеруге керекті уақытының барлығын алып отыр.  

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев өткен жылдың желтоқсан айында халыққа жолдаған Жолдауында: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» деген болатын. Демек, Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына ену үшін барлық салада әлем елдерімен бәсекелес болуы тиіс. Бірақ білім саласы бұл орайда кенже қалып отырғанға ұқсайды. Мұны жоғары оқу орындарының басшылары да мойындап отыр.

Уәлихан Әбдібеков, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқу жұмысы жөніндегі проректоры:

– Президентіміздің өзі жоғары оқу орындарындағы білім беру бағ­дар­ламаларының ескіргендігін, керек­сіз пәндердің сапалы білім беріп, білікті маман даярлауға кедергі болып отыр­ғандығын байқады. Демек, бағдарлама қайта қарауды, жаңартуды талап етіп отыр. Қазірдің өзінде Қазақстанның білім беру саласы дамыған елдермен салыстырғанда бірталай артта қалып келеді. Себебі мектеп түлегі уни­верситетке ересек азамат ретінде емес, әлі адами қасиеттері бойына сіңе қоймаған бала сынды келіп түседі. Сонда университет математика мен тарихты қайталап оқытқанымен қоймай жолда жүруді, қоғамдық көлікте қарияларға орын беруді үйрете ме?

Мәселе студенттеріміздің сана-сезі­мінде ғана емес, мәселенің шын мәнінде күрделі проблемаға айналып бара жат­қанында болып отыр. Себебі елімізде дип­ломы бар жұмыссыздар мен маман­дығы бойынша жұмыс істемейтіндерді былай қойғанда екінші мамандықты таң­дап, екінші жоғары білім алу үшін бака­лаврға түсетіндер көбейген. «Әрине жастарымыз екі мамандықты бірдей игеріп жатса жа­мандығы жоқ. Бірақ студенттер мұндай қадамға білім қуып емес, жұмыс таппай шарасыздықтан барып жатыр», – деді У.Әб­­дібеков мырза. Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдар­ламалары деңгейінің төмендігіне тағы бір дәлел – елімізге білім алу үшін келетін шетелдік азаматтардың азайғандығы. «Еуропалықтар үшін, тіпті кейбір Азия ел­дері үшін Қазақстанда оқу өте арзанға түседі. Тіпті оларға тегін сияқты әсер етеді екен. Бірақ сонда да шетелдік студенттер көрінбейді. Бұл дегеніміз не? Яғни оқу жоспарымыз әлемдік стандарттың маңына да жоламайды деген сөз, білімнің сапасы төмен», – деді У.Әбдібеков. Сондықтан оқу ордаларының басшылары «көне оқу стандартымен жүре берсек, көштен қаламыз. Бүгінгі нарықтың талабы тым жоғары» деген ойларымен бөлісті. Енді алдағы уақытта «Қазақстан-2050» стра­тегиясы аясындағы жаңа білім беру бағдарламалары әзірленеді деген жоспар бар, бірақ оқымысты профессорлардың оған дайындығы қаншалықты деңгейде, белгісіз!

Жаңа бағдарламаға дәріскер дайын ба?

Жиын барысында профессорлардың қайталап оқи беретін 40 жыл бұрынғы диссертациялары да сөз болды. Әрине, дәріс оқитын ұстаздардың сапалы білім беруге тікелей қатысы бар екені белгілі. Елбасымыз айтқандай, қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан?! Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең за­манауи өндірістерде жұмыс жасау ма­шығын меңгеруге дайын болуға тиіс. Сол себепті білім беру жүйесіндегі ең бірінші өзгеріс мамандыққа қатысты пәндерді жетілдіру болса, келесі кезекте қазіргі заманғы нарықтың талаптарына жауап бере алатын мамандарды даярлайтын кадрдың да сапасын жоғарылату болып табылады.

Әлия Масалимова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымының докторы, профессор:

– Профессордың да профессоры бар. Мемлекеттің кез келген жаңа бастамасы қай салада болсын жан-жақты қарас­тырылуы тиіс. Әсіресе білім беру жүйе­сіндегі өзгеріс егжей-тегжейлі зерттелмей тұрып беки алмайды. Мысалы, қазіргі таңда студенттердің жоғары оқу орын­дарынан алған білімдері өмір бойы пайда әкеліп, іске асуы керек деп жатырмыз. Әрине күрделі мәселе. Себебі адамның сауаттылығы мемлекет үшін үлкен рөл атқарады. Бірақ бұл мәселенің екінші жағы да бар. Философтар айтпақшы, тәртіп өзгергенімен мазмұн өзгере ме екен? Кеңестік көне жүйені өзгерткенімізбен сол жүйе бойынша қызмет етіп жүрген оқы­тушылардың білім беру үрдістері сол қалпында қалса, одан кімге пайда, біл­мейміз.

 

P.S.

Осылайша, оқу ордаларының басшылары білім сапасыздығы мен кадрларының сауаттылығын бір пысықтап алып, тарасты. Бірақ жиыннан кейін шын мәнінде, терең ойға қалдық. Қазіргі таңда мемлекеттік жоғары оқу орнында оқудың ақысы жарты миллион теңгеден жоғары екенін ескерсек, жұмыссыз жүрген жастарды көріп, еліміздегі білім сапасына қарап қарныңның ашатыны жасырын емес.

Автор: Сандуғаш ӘЛІМЖАНОВА

http://alashainasy.kz/main/40298/

 

Рубрика: