Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Ғаламда алтынмен апталып, күміспен қапталған, гауһар тастармен өрнектеліп, алмастан жасалған ескіден қалған әшекейлер көп. Соның ішінде ерекше мәнге ие жәдігерлер де бар. Мәселен, қазақ жерінен табылған «Алтын адам» жай ғана жәдігер емес, ол – ұлт символы іспетті. Ондағы әрбір алтын бөлшегіндегі оюлы өрнектердің өзіндік терең мәні бар. Дәл осылайша әр ұлттың символына айналып үлгерген жауһарлар мен әшекей түрлері әлемде көп болғанымен, біразы алыпсатарлардың қолына түсіп, жоғалып кеткен. Солайша кейбір елдер құнды мұрасын қолдан шығарып алғанға ұқсайды. Ендеше, жоғалған жауһарлар жайлы аңыздармен таныса отырсақ…

Үнділердің «Санси» гау­һары
Асыл мұрасынан қол үзіп қалған елге Үндістанды жат­қызу­ға болады. Мәселен, «Сан­си» бағалы тасы жайлы аңызға бергісіз әңгімелер көп. Аңыз­дарда бұл бұйымның Үндістан жерінен мың жыл бұрын табыл­ғандығы айтылады. Тағдырдың жазуымен бұл бағалы әшекей сонау Еуропадан бірақ шыққан екен. Үнді халқының мұрасы Францияның королі ІІІ-ІV Генрих, ХІV Людовик және Ұлыбритания корольдерінің қолында да біраз жүріпті деседі. Алайда әлемнің талай пат­ша­лары мен әкімдері, ханзадалары пайдаланған бұл алмастың қазір­гі таңда қайда екені беймә­лім. Аумалы-төкпелі заманда қол­ды болып, жоғалып кеткен деседі.
Тарихқа сенсек, салмағы 101,25 каратқа жететін мөп-мөлдір гауһарды Үндістан жерін­­дегі терең шатқалдан Джагатгунга есімді бір саудагер тауып алған. Саудагерге атал­мыш тасты шатқал түбінен шы­ғару оңайға соқпаса керек. Негі­зінен, тау жынысынан шат­қал түбіне күн сәулесімен талас­қан тастар үнемі сумен шайы­лып түседі екен. Бірақ шат­­қалдың тереңдігі мен оның түбінде жүретін ордалы жылан­дар бұл байлыққа оңай қол жеткізуге кедергі. Десе де сол маңның тұрғындары бағалы тастарға ие болудың тәсілін тапқан. Олар адам аяғы баспаған қазыналы сайға қойды тастай­тын болған. Дайын жемтікке аспанда ұшып жүрген бүркіттің көзі түсіп, өзінің азығын жоға­рыға алып шығады екен. Оны­мен бірге қойдың денесіне жабыс­қан гауһар тастар да көте­ріле­ді. «Санси» гауһар тасын да әлгі саудагер осындай жолмен қолға түсірген деседі. Тауып алған олжасын екі піл мен 12 түйеге айырбастап алған ол қалтасын да алтын ақшаларға толтырып алған деседі. Міне, осы кезден бастап, «Санси» гауһар тасы жайлы аңыз әңгі­мелер пайда бола бастайды. Сәті түсіп, Орталық Үндістан билеушілерінің қолына түскен «Санси» бірнеше ғасырлар бойы атақты Гулямдар әулетінің иелігінде болған. Бірақ күндер­дің бір күні патша қазынасынан ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Із-түссіз жоқ болып кеткен тас тек он жылдан кейін Үндістан сұлтаны Мұхаммедтің қолына түседі. Ол атақты «Санси» тасына қол жеткізу үшін патшалығының бар­лық қазынасын сарп еткен деседі. Сонымен қатар ежелгі жұрт ал­мас тасы бар адам соғыстан аман оралып, ажал атты аж­даһа одан алыс жүреді деп сен­ген. Әрі мұн­­дай бұйымға иелік еткен жанның асты­нан тақ, басы­нан бақ кетпейді деген де сенім болған. Сол себепті де Мұхаммед сұлтан оны өзінің бойтұмары ретінде сақтаған. Содан кейін 150 жылдай бұл тас патшадан патшаға, сұлтаннан баласына өтіп отырған. Сөйтіп жүргенде, отаршылардың қолына түссе керек, Еуропадан бірақ шық­қан.
Бір қызығы, жауһар әр кезде әртүрлі пайдаланылып, әрқа­лай бағаланған. Бірде алмас тас швей­­царлық жауынгердің қо­лына түсіп, ол оны темекісін тұта­ту үшін шақпақ тастың орнына пайдаланған. Жауынгердің қолынан бастығы көріп қойып, тартып алған екен. Кейін оны шіркеу иесіне небары 1 гульденге сатып жіберген. Ал оның кейінгі бағасы 12 миллион франк болған. Алмас тасты Франция корольдері көп пайдаланған секілді. Олардың бірі дәл үнді сұлтаны секілді гауһартасты бой­тұмар ретінде тақса, екіншілері тәжін әшекейлеген. Яғни таққа отырғызу салтанаты осы тәждің көмегімен іске асып отырған. Бірақ бағалы тәж 1792 жылы Француз революциясы тұсында жоғалып кеткен. Тіпті атақты алмасты әшекейлерді қатты ұнатқан 1 Наполеон да іздеп көріпті. Бірақ оның бұл ізденісінен түк те шықпаған. Ал кейіннен гауһар тастың орыс кәсіпкері Павел Демидовтың қолы­на түскендігі белгілі бола­ды. Ол Франция королінің қазы­насына заңсыз жолмен қол сұққаны үшін сотқа тартылады. Бірақ соған қарамастан кәсіпкер ақта­лып шығып, «Санси» әше­кейі оның әйеліне бұйырады. Бірақ алмас тастың қазіргі күні қайда екені беймәлім. Бір қы­зығы, бағалы бұйымға иелік еткен жандардың көбісі ұзақ жасамаған. Алмасқа иелік еткен біраз жандар артынша қазаға ұшырап отырған. Сонда бұл тастың бақ пен тақтан өзге қайғы да әкелетін қасиеті бар болғаны ғой. Негізі тарихта қасіреті көп гауһар тастар да бар. Оған салмағы 44,4 каратты құрай­тын «Хоуп» алмасын жатқызуға болады. Көгілдір түсті бұл тас иелерінің де ғұмыры ұзаққа бармаған деседі.

Әміршілердің
асыл тасы
Дәл осындай әлемге аты әй­гілі тасқа «Шах» гауһарын жатқызуға болады. Бұл бағалы әшекей жоғалып кетпегенімен, оған қатысты ғажайып аңыздар көп. Ресейдің алтын қорында сақтаулы тұрған бұл тасты ел көзі­не көп шығара бермейді. Бірақ көрген жандардың айтуына сенсек, жауһардың салмағы 88,7 каратты құрайды. Ұзындығы 4 сантиметрге жететін гауһардың тазалығында, мөлдірлігінде шек жоқ деседі. Сонымен қатар оның бір ерекшелігі алмастың үш қапталында сапалы бедерленген жазбалар бар. Алмасқа өрнек бедерлеудің оңайға соқпайтынын ескерген мамандар «бұйым сонысымен де құнды болып отыр» дейді. Иә, асыл қазынаның бетіне артық сызат түсірмей өрнектеп сөз жазу үшін үлкен шеберлік қажет-ақ.Ғалым В.Никитиннің пайымдауынша, ХVI ғасыр шеберлері қазіргі күні қолданылып жүрген термохи­миялық тәсілмен ойып жазу технологиясын терең меңгерген. Ал ол жерде не жазылған дейсіз ғой. Алмастың әр қапталына оған иелік еткен адамдардың есімі мен ескі ғасыр жылдары бедерленген. Мұндай құнды дүниеге қарапайым адамдар емес, өз заманының белгілі патша­лары мен сұлтандары иелік еткен. Бұл ескі парсы жазу­лардың сырын ашып, бірінші болып оқыған – академик Ольденбург. Зерттеуші гауһар тастың үш қапталында Парсы елінің үш патшасының Бұрхам-Низам-шах, Жаһанкер шахтың ұлы Жиһан-шах пен Әмірші Қалжар-Фатх али-шахтың есімдерін оқыған. Бұл бағалы тасты да ғалымдар Үндістан жерінің Голконда ал­мас­ты аймағынан табылған деп пайымдайды. Сондай-ақ бұл алмас Ұлы Моғол империя­сының бас әміршісі Жаһан шахқа тиесілі болуы мүмкін. Зерттеушілер шахтың зергерлік­пен шұғылданғанды ұнатқанын алға тартады. Өкінішке қарай, бұл әміршінің өмірі қайғылы аяқталған. Әкесінің бар байлы­ғын басып алмақ болған Әурең­зеб ханзада әкесін өле-өлгенше қамауда ұстаған деседі. Кейін бағалы тас Парсыларға өтіп кеткен. Ал Иран елінің ханзадасы Хосреб-Мырза 1829 жылғы Ресейге сапарында «Шахты» патшаға тарту еткен екен. Баға жетпес асыл тас Ресей қазына­сына осындай жолмен түскен.

«Алтын әйел»
Орал тауының маңайын мекен еткен тайпаның табы­на­тын алтыннан құйылған әйел мүсіні болған деседі. Тіпті бұл «әйел» туралы аңыз сонау ислан­дық­тар мен Скандинавия түбегі елдерінің аңыздарында да жиі ауызға алынады. Бірінде алтын­мен апталған әйел мүсіні «тікесі­нен тік тұр» десе, енді бірінде «бала емізіп отыр» делінеді. Осылайша бір мүсін төңірегіндегі әртүрлі сипаттамалар зерттеу­шілердің нақты бір шешімге келуіне кедергі болуда. Десе де, мамандар бірнеше елдің ежелгі аңыздарында тілге тиек етілген мүсіннің тарихта болғанын жоққа шығармайды. Иә, «Алтын әйел» жайлы деректердің бір­неше елдердің аңызында кездесуі бекер болмаса керек. Осыған байланысты мамандар алтын мүсіннің дәл қай елде құйылып, қай жылы дайындалғанын анық­тай алмай отыр.
«Алтын әйелге» бола ежелгі викингтер, Скандинавия түбегі­нің өзге де елдері біраз соғыс жүргізіп­ті. Аңызға сенсек, «Алтын әйел» сондай аумалы-төкпе­­лі жылдары «қашып отырып» Орал тауын мекендейтін тайпаның иелігіне өткен. Содан бері аталмыш құнды жәдігерден хабар жоқ. Тіпті сол жақтың жұртын қорқытып, үркітіп алтын әйелді тартып алуға орыстың біраз манаптары тырысып-ақ көрген. Бірақ ежелгі тайпа құпия­сын аша алмаған. ХVII ғасырда да «Әулие әйелді» Орал маңынан орыстың бір миссио­нері іздеп таппақ болған. Бірақ ізденісі нәтиже бермеген соң, қолын бір сілтеп кете берген. Іздеу жұмыстары ХХ ғасырда да жалғасын тапқан. Тіпті бір жылдары НКВД адамдары да қызығушылық танытып, мол алтын­ға құныққысы келген екен. Олар іздеу жұмыстары еш нәти­же бермеген соң әрі алтын әйел­ді табуға қарсылық көрсет­кен тайпа жұртшылығын түгел қырып тынған.
Ескерте кетерлік бір жайт, ғалымдар әйелдің алтыннан құйыл­­мауы да мүмкін деген бол­жам­ды алға тартады. Себебі мүсінге табынушылар өздерінің қолдан жасаған құдай-анасын алтынға балап, солай атап кетуі әбден мүмкін ғой. Иә, олай болса «алтын басты әйелге» бола жүргізілген соғыстар мен қыр­ғын­дарда талай жанның қаны босқа төгілген болып шығады.
Жалпы, әлемде асыл тастар мен бағалы әшекейлерге, өзге де ескінің жәдігерлеріне қатысты жұртшылықтың қызы­ғу­шы­лы­ғын тудыратын, құпиясы ашыл­маған әңгімелер көп. Мысалы, орыс патшасына сыйға тарту етілген алтынмен апталып, күміспен қапталған «арнайы бөлменің» қайда кеткені анық емес. Орыс патшалығы құлаған кезде көзден ғайып болған бөлмемен қоса, атаман Семеновтың тыққан байлығы тағы бар. Тарихта атаманның қазіргі есеппен алғанда 500 миллион долларға татитын Ресей ақ әскер қазынасын ел білмейтін жерге көміп тастағандығы айты­ла­ды. Оны іздеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Сонымен қатар қазіргі таңға дейін алтын іздеу­ші­лер «Көлеңкелі ханзада» кемесін іздеп табуға талпыныстар жасауда. Екі ғасыр бұрын Ұлы­британия әскеріне арналған алтын мен күміс тиелген «Хан­зада» кемесі Қырым жағалауына таяп қалғанда суға кеткен екен. Бірталай күміс, алтын ақшамен бірге су түбіне кеткен кемені сол кездің өзінде Италия, Франция, Ресей, Жапония елдері іздеп табуға тырысқан. Бірақ олар дәл сол аймақтан кеменің ізін де анықтай алмаған. Әлі күнге ғалымдар кеменің қайда кеткенін білмейді. Суға батқаны анық болғанымен, су астында ізі де жоқ. Осылайша теңіз түбінде жатса да жұрт көзінен тасада жүр­ген кемеге сол себепті «көлең­келі» тіркесі қосылған.
Иә, әлемде құпиясы ашыл­маған жұмбаққа толы осындай оқиғалар көп кездеседі. 200-300 жылда сыры анықталмаған бұл жұмбақтардың жауабы жақын арада табыла қоятыны күмән тудырады.

Сабина Зәкіржанқызы

http://www.aikyn.kz/

Рубрика: