Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Ресей мемлекеттік думасының депутаты, ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский.Қазақстан сыртқы істер министрлігі ресейлік саясаткер Жириновскийдің сөзіне байланысты Мәскеуге нота жібергелі жатқанын хабарлады. Ал белсенділер ол адамды жауапкершілікке тартуды сұрап, онлайн-петицияға қол жинауға кірісті.

Ресей мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары, ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский ақпанның 23-і күні Мәскеуде сөйлеген сөзінде Украинадағы жағдайға айыптап, Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігіне де күмән келтірген. Ол «Ресей Украинаны ғана емес, осы мемлекеттердің барлығын уысынан шығармауы керек еді» дей келе, «Ресей шекарасын оңтүстікке қарай кеңейту» жайын да айтқан.

Бұл сөзге шамданған қазақстандық интернет қолданушылары Жириновскийге және осыған дейін «Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге қосу керек» деген пікір айтқан ресейлік оппозиционер Эдуард Лимоновқа қарсы қол жинауға кірісті.

Онлайн петиция иелері «тәуелсіз мемлекеттерге қатысты арандату бағытында пікір айтқан екі адамды жауапкершілікке тартып, Қазақстанға келуге тыйым салу керек» дейді.

Петицияға қол жинаушылар «Жириновский —  мемлекеттік думадағы екінші лауазымды тұлға, үлкен бір партияның жетекшісі. Олай болса, оның бұл арандатушылық пиғылдағы мәлімдемесін Ресей Федерациясының ресми саяси ұстанымы деп бағалауға болады» деп біледі.

ЖИРИНОВСКИЙДІҢ СӨЗІН ЕЛЕУ МЕН ЕЛЕМЕУ ЖАЙЛЫ

«Ресейлік саясаткердің бұл сөзіне Қазақстан қоғамы реакция танытуы керек пе, жоқ па?» деген сауалға елдегі сарапшылар әртүрлі жауап береді.

Саясаткер Балташ Тұрсымбаев «белгілі саяси актер Жириновскийдің сөзін

Саясаткер Балташ Тұрсымбаев.Саясаткер Балташ Тұрсымбаев.

елемеу керек» деп біледі.

—  Егер бәріміз шу көтерсек, Кремль оны айыптаса, Жириновскийдің ұпайы тола бастайды. Сайлаушыларына «мен айтып едім, міне, тағы тиісіп жатыр» дейді. Ол өзіне сайлаушы жинау үшін айтып отыр. Басқа шенеуніктер айтса, реакция танытуға болады, — дейді Балташ Тұрсымбаев.

Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев Жириновскийдің сөзіне ресми Астана пікір білдіруі керек деп санайды.

—  Лимоновтан айырмашылығы Жириновский — мемлекеттік думаның депутаты, Ресей басшылығы заңды ойыншы ретінде мойындаған саяси партияның өкілі. Демек, оның мәлімдемесі Ресейдің ресми қоғамдық қайраткерінің мәлімдемесі ретінде қабылдануы тиіс, —  дейді Досым Сәтпаев.

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев Жириновскийдің сөзі Еуразия Одағын

Қазбек Бейсебаев.Қазбек Бейсебаев.

құруға мүдделі Ресейдің мақсатына қайшы екеніне таңданады.

— Депутаты жаңағыдай нәрсені айтып отырса, Еуразия Одағын құруға мүдделі Ресей  басқа елдерді ол одаққа қалай шақыра алады, — дейді сарапшы.

Қазбек Бейсебаев та «Владимир Жириновскийдің бұл сөзіне байланысты Астана Мәскеуден ресми түсініктеме талап етуі тиіс» деп біледі.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) 24 ақпан күні кешке таман Жириновскийдің сөзіне ресми баға беруді сұрап, Ресей сыртқы істер министрлігіне нота әзірлегенін хабарлады. Саясаткердің «Қазақстанға қатысты жол берілмейтін мәлімдемелерді бірінші рет айтып отырмағанын» ескерткен Астана «Жириновский мырзаға қатысты дипломатиялық сипаттағы арнайы шаралар қолдану мүмкіндігін қарастырып» жатқанын да айтады.

Министрлік бұдан бұрын ресейлік оппозиционер Эдуард Лимоновтың «Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге қосу керек» деген сөзіне қарсы Ресейге арнайы нота жібергелі жатқанын да хабарлаған еді.


http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_vladymyr_zhyrynovsky_reaction/25275105.html

Рубрика: