Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Мемлекет басшысының «ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану» жөніндегі тапсырмасына сәйкес, былтыр ауыл шаруашылығы алқаптарын жаппай түгендеу ісі басталған болатын.Кеше Үкімет ел тарихында осынша кең ауқымда және кешенді түрде тұңғыш рет жүргізіліп отырған «жер ревизиясының» аралық қорытындыларын шығарды. Президенттің бастамасымен қолға алынған осы инвентаризация барысында өңірлерде бұған дейін жерге қатысты «сыр» болып келген біраз жайттың беті ашылған. Осы орайда Премьер С.Ахметов Үкімет жиыны қорытындысы бойынша Елбасы атына жолданатын арнайы хаттың жобасын әзірлеу туралы тапсырма берді


«Қазақстан жері (аумағы) тұтастай алғанда, 272 миллион 490 мың гектарды құ­райды. Соның ішінде 222 миллион 240 мың жер ауыл шаруашылығы үшін пай­далануға жатады. Оның ішінде егістік – 29,41 млн га, көпжылдық екпелер – 0,12 млн га, шабындық – 5,16 млн га, ал жайы­лым – 187,55 млн га.Жалпы, респуб­лика бойынша ауыл шаруашылығы ал­қап­­тарының жалпы ауданының 40%-ы немесе 90,6 миллион гектары қазір ауыл шаруашылығы айналымына тартылған» деп баяндады Үкімет мүшелеріне Өңір­лік даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаев.

Қазақстан Көшбасшысы қаптаған шаруа қожалықтарына, фермерлерге, егін­мен және басқа да ауыл шаруашылығы істері­мен айналысатын компанияларға бөлі­ніп берілген осы 91 миллион гектардай жер­ге толық түгендеу жүргізуді жүктепті. «Бұл жұмыс 3 кезеңге – 3 жылға есептелген, – дейді бірінші вице-министр. – 2012 жылы бұл іс басталып кетті. Еліміздегі жалпы саны 161 ауданның ішінен 57-сінің жә­не облыстық маңызы бар 30 қаланың бесеуі­­­нің, барлық 2 мың 453 ауылдық округтың іші­нен 800-ден астамының, сондай-ақ 220 мың 300 шаруашылық субъектілер­дің ішінен 67,5 мыңының алқаптары тексеріл­ді». Қайырбек Өскенбаевтың айтуын­ша, Алматы мен Астана қалаларының ауыл шаруашылық алқаптарын түгендеу келесі 2014 жылы жүрмек, еліміздің айрық­ша мәртебедегі қос қаласы, осындай жер­лерінің ауданы үлкен болмағандықтан кейінге қалдырылыпты.

– Бірінші кезеңде 30,7 миллион гектар жер ендігі инвентаризацияланды, – де­ді Қайырбек Айтбайұлы. –  Оның барысында
3 миллиондай гектар жердің пайдаланыл­май жатқандығы анықталды. Біздің ми­нистр­лік бүгінде облыстар әкімдіктер­мен бірлесіп, бұл жерлерді ауыл шаруашылы­ғы айналымына тартуға бағытталған іс-шаралар жоспарын құрды. 2013 жылы 3 миллион гектар жер толығымен айналымға қосылады. Әйткенмен, бұл оңайға түспеуі мүмкін. Әдетте банктер жерді кепілзат ретінде қабылдамайды. Алайда мемлекеттен ал­ған ауыл шаруашылығы жерін банкке кепіл­ге өткізіп, қыруар кредит қаржы ала алған­дар бар екен.

«Жердің көптеген жылға кепілге қойылған фактілері бар, – деді журналистерге Қ.Өс­кенбаев. – Бұл бізге үлкен жүк салып отыр. Кей­бірі жерді кепілге береді де, кейін өзі де пайдаланбайды, содан бұлармен жұмыс біраз созылып кетеді. Қазір қолданыстағы заңға өзгерістер енгізіп жатырмыз. Оған сәйкес, та­лап қатайтылады. Біреу қайта жалға беріп жіберген, біреу сатып жіберді, басқа біреуі та­ғы да бірдеңе жасаған, соның барлығын заң жүзінде қараймыз, шешеміз».

«Инвентаризация қорытындысы бойынша қылмыстық істер қозғала ма? Құқық қорғау органдарына материалдар жолдадыңыздар ма?» деп сұрадық. «Түгендеу қорытындыларын ашық түрде барлық органдарға жібергенбіз. Олар өздері шешеді» деді бірінші вице-ми­нистр. Жер түгендеудің тек бірінші кезеңінің қо­рытындысында-ақ қаптаған жөнсіздіктер әшкереленуде. Өңірлік даму министрінің бі­рінші орынбасарына сенсек, олар сан алуан: инвентаризация барысында «нақты жұмыс істейтін шаруашылық субъектілерінің саны­-на қатысты сәйкеспеушіліктер» анықталған, ревизорлар бір шаруашылықтың орнында мүлдем басқасына кезіккен, яғни «олардың атауы мен шаруашылық жүргізу нысандары өз­геріп кеткен». Пайдаланылмай, құлазып жатқан жер телімдерінің үстінен түскен. Нақ­ты кесіліп берілген жерінің ауқымын өз беті­мен ұлғайтып алғандар табылыпты. Егістіктің көп алаңдарын астына басып, бірақ соның шағын бөлігін ғана іске жаратып отырған «меш­кейлер» кездескен.

Көптеген алқаптарда суландыру желілері­нің әбден тозығы жеткендігі белгілі болуда. «Барлық желілердің шамамен 60%-ы қайта қалпына келтіруді, ішінара шығынға жазуды қажет етеді. Негізінен, жайылым алқаптарында суландыру көздерінің жетіспеушілігіне бай­ланысты проблемалар және басқа да фактілер анықталды» деп әңгімеледі Қ.Өскенбаев.
Егжей-тегжейлі баяндаманы мұқият тың­даған Үкімет басшысы С.Ахметов аймақ бас­шыларына бұрылды. Оның Алматы облысы­ның әкіміне қояр сауалы көп екен.«Өңірлік даму министрлігі берген ақпарға жүгінсек, сіздің облыста барлығы 18 мың 510 фермерлік шаруашылық тіркеуде тұр. Ал инвентариза­циялаудың тек бірінші кезеңінің өзі Алматы облысында тіркелгені мен іс жүзінде жұмыс жасайтындары арасындағы айырмашылықтың 2 мыңға дейін жететіндігін әшкереледі» деді Премьер.

– Иә, 1745 шаруашылық, – деп растады Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов.
– Сонда статистика қалай жүргізіледі? – деп қайран қалды Премьер. – 1800-дей бір­лікке қалай қателескен? Сіздерде бұл шаруа­шылықтар шын мәнінде жоқ. Ал олардың меншігіне жерлер бекітіліп берілген! Өңірдегі әкімдер қалай жұмыс жасауда? Егер олар өздеріне сеніп тапсырылған аумақта қанша фермерлік шаруашылықтың барлығын нақты білмесе, өз шаруаларын қалай жүргізіп отыр? Осыдан келіп, бізде есепке алу, тіркеу ісі ақ­сауда. Біз алда екінші, үшінші кезеңдердің нені әшкерелейтіндігін көреміз!
Облыс әкімі ол шаруашылықтардың«не жойылғандығын, не бір-біріне қосылған­дығын» нақтылады. «Бұл – аудан әкімдерінің айналысуға тиісті жұмыстары. Мұны сіздің өзіңіз де жақсы білесіз» деп ескерткен Үкімет жетекшісі барлық әкімдерге Өңірлік даму және Ауыл шаруашылығы министрліктермен бірлесіп, осы бағытта өте салмақты жұмыс жасауды тапсырды. Осыдан кейін ол СҚО әкіміне қайырылды: «Сіздің облыс бойынша пайдаланылмай жатқан ең үлкен ауқымдағы егіндік жерлер табылған. 100 мың гектардан астам! Мұнымен не істемексіз?»

– 102 мың гектардың 52 мыңы биылғы жы­лы айналымға тартылады. 100 мыңның жар­тысындайы – 40 мыңы мәжбүрлі түрде қай­тарылады, – деді Солтүстік Қазақстан об­лысының әкімі Самат Ескендіров.
– Есіңізде болсын! Бұл жұмысты жеңілдет­пеңіз, – деп баса айтты Серік Ахметов. – Биылғы жылы жартысы айналымға тартылады дейсіз. Соттар арқылы алып өтуге ғана жылдан артық уақытыңыз кетеді! Бұл қарапайым, оңай жұмыс емес. Айналымға тартпас бұрын, сіздер бүкіл қажетті заңгерлік жұмыстарды жүргізулеріңіз керек. Егіндік жерлердің әрбір гектары қандай да бір шаруашылықтың, заңды не жеке тұлғаның атына бекітілген. Заң бар, бәрі заң жүзінде жүруі қажет, – деген Үкімет басшысы әсіресе, негізгі шаруашылығы ауыл шаруашылығымен байланысты, эконо­микасы соған тәуелді өңірлерде «әрбір гектар жер – әкімнің есебінде тұруға тиістігін» нық­тады.
Үкімет отырысын қорыта келе, Премьер «ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер­ді тиісті дәрежеде тіркеудің және жүйелі жұ­мыстың жоқтығын» сынға алды. Тіркеуде тұрған және шын мәнінде жұмыс істейтін фермерлік шаруашылықтар арасында ста­тистика 10 пайызға сәйкеспейді екен. «Яғни осынша шаруашылық субъектілері өмірде жоқ. Бұл нені білдіреді?» деген Серік Нығ­метұлы мұның жауабын өзі берді: «Бұл – ол жақта жерге қатысты арендалық құқықты қайта сату жүріп жатыр деген сөз. Шаруа­шы­лықтар тіркеледі де, артынша жойылады. Ағым­дағы инвентаризация барысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 7 мың пайдала­нылмай жатқан жер телімі табылды. Шаруа және фермерлік шаруашылықтар атына бекі­тілген шамамен 1,5 миллион гектар жердің пай­даланылмай жатқандығы анықталды. Есеп­тік және іс жүзіндегі мәліметтер ара­сын­дағы айтарлықтай алшақтау Павлодар об­лы­сында (113,3 мың гектар), Шығыс Қа­зақ­стан облысында (77,5 мың), Ақмола (54,5 мың) және Қарағанды облыстарында (53,2 мың гек­тар) орын алып отыр» деген ол мә­лімет­тер­дегі алшақтауларды жоюды жүктеді.

Айхан ШӘРІП

 

http://www.aikyn.kz

Рубрика: