Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

5cbb311cc17793d29b43f754da823d4bҚазақстан – кең байтақ. Бірақ сайын даланың қай түкпіріне барсаңыз да, жер жетіспеушілігі байқалады. Әсіресе, қалалардың, оның ішінде Астана мен Алматы қаласының айналасы баспана деуге келмейтін де үйлердің үйіндісіне айналды.
Осының салдарынан көлік кептелісін айтпағанда, тұрғындардың әлеуметтік жағдайларын шешу де мұңға айналды. Жұрт «сәулет өнері» деген ұлы ұғымды ұмытқалы қашан. Қазір оның орнын қалайда тұрақтап қалудың жолын іздеу амалы басты. Ел үкілі үмітпен үй салған жерге су, газ, жол, балабақша, мектеп, емхана, тұрмыстық қызмет көрсету орындарын салу керектігін талап ететіні де бесенеден белгілі. Оның бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Ал халық көп жағдайда мемлекет қаржысы қайда, қалай жұмсалатындығын ескере бермейді. Бұған осыған дейінгі талай-талай тосын оқиға нақты дәлел болды, ойландырды, толғандырды.

Қазақстандықтар «Шаңырақ» оқиға­сын әлі күнге ұмыта қойған жоқ. Бұл дау­дың басы да бей-берекет үлестірілген жерден, заңсыз салынған қоныстанудан, әкімқаралардың қара жердің қадірін білмеуінен, ертеңгі күнді ескермеуінен, жұмысына жауапсыз қарауынан туын­даған-ды. Тығырыққа тіреген түйінді мәселені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шешті. Алматыда Алатау ауданы дүниеге келді. Тау етегіндегі қисынға келмейтін құрылыстар бұзылды. Президенттің тал­ғамнан шығар талаптары Алматыны бірсыпыра қалыпқа келтірді. Десек те…

Ақордада Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев Астана қаласын одан әрі дамыту мәселелеріне арнап өткізген кеңесте жер мәселесі тағы да талқыға түсті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Астана айналасындағы 30 шақырымдық аймақтан жер телімін беруге мораторий жариялаймын» деді. Бұл өте орынды ұсыныс болды. Өйткені ушыға бастаған маңызды мәселенің бірі осы.

Айтпақшы, күні кеше өңірлік даму вице-министрі Серік Нокин қазақстан­дықтардың мемлекеттен тек Астана мен Алматыдан ғана баспана алғысы келе­тіндігін айтты. Яғни ел азаматтары баспана кезегіне тек Астана мен Алматыға тұрғысы келеді. Осы мәселені ескерер болсақ, елі­міздегі екі ірі қаланы тұрақтағысы келе­тіндер келешекте тіпті көбейетіні сөзсіз. Көпқабатты үйден ғана емес, қала шетінен қосымша жеке үй салғысы келетіндердің де көптігі анық. Сондықтан жерге жай қараудың күні өтіп барады.

Нұрсұлтан Назарбаев жақында «Ас­тана­басжоспар» ҒЗӨИ» ЖШС-ны аралау барысында елорданы дамыту мәселесі қаралғанын да атап өтті. «Қала тұрғындары көбейіп, 900 мыңға жетті, ал біз бұл көр­сеткішке 2020-2030 жылдары жетеміз деп жоспарлағанбыз. Осыған байланысты қала құрылысы халықтың қарқынды өсуіне ілесе алмай отыр, соның салдары­нан түрлі қиыншылық туындауда. Әрине, біз еліміздегі барлық қаланың дамуы үшін жұмыс жасаймыз, бірақ елордаға ерекше назар аударылуға тиіс.

Биылғы көктемде мен кеңес өткізіп, бірқатар тапсырмалар бердім. Мен олар­дың іске асырылу барысымен таныстым, алайда алдымызға тиісті шешімдер қа­былдау қажет болатын жаңа міндеттер қойылып отыр» деді Қазақстан Пре­зиденті.

Мемлекет басшысы қала бойынша аумағы 7000 гектар 188 жер телімі мем­лекет меншігіне қайтарылғанын хабар­­ла­ды. Алайда кемшіліктер әлі де бар екен. «Бас прокуратураның мәліметі бойын­ша, 11 мың гектар жер әлі күнге дейін иге­рілмеген және қайтарылмаған. Құрылыс үшін 711 жер телімі берілген, бірақ ол жұмыс жүріп жатқан жоқ. Бұл жерлер не себепті қайтарылмай отыр? Көп сылтау айтылады. Қала әкімдігі 2008 жылдың өзінде жерді оны бастапқы құны бойынша мемлекетке беруге дайын пайдала­ну­шылармен ниет шарттарын жасасқан. Бір кездері жер телімдері арзан бағамен сатып алынған, ал құрылыс салу уақыты кел­генде ол жер телімдері үшін жоғары баға талап етіп, мемлекетке тиесілі жерден көп ақша жасап отыр. Мұндай бассыз­дықты тоқтату керек. Бұл адал жолмен келген ақша емес. Жер иелеріне бір кездері жұмсаған қаражатының заң бойынша қайтарылуы басқа мәселе. Ал мемлекет мұқтаждығы туралы мәселе қойылғанда, жер қайтарылуға тиіс. Бізде барлық заңнамалық мүмкіндік бар» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы бұл мәселе Алматыға да қатыс­ты екендігін атап өтті. Демек жұмысты аяғына дейін жеткізу үшін оны жалғас­тыру қажет. Нұрсұлтан Назарбаев елор­даға іргелес аудандарда жер мәселелеріне қатысты тәртіп жоқтығын, соның сал­дарынан аумақты өз бетімен басып алу­дың кездесіп жататынын ерекше атап өтті.

– Астана маңындағы жерлерді игеру жүйесіз жүргізілуде. Адам саны қазірдің өзінде 2015 жылға болжанған межеден асып барады. Бүгінде онда 156 мың адам тұрып жатыр, ал жер телімдерін алу кезегінде 175 мың адам тұр. Азаматтарға 10 сотық жер тиесілі екендігін пайдала­нып, адамдар өтініш беруде. Бірақ ол жер­лерді коммуникация жүргізілген жер­лерден ғана беруге болады. Егер жерлер дайын болмаса, онда ол пайдалануға берілмеуі тиіс. Бұл тұста тәртіп орнату қажет. Сон­дықтан мен Астана айнала­сындағы 30 шақырымдық аймақтан жер телімдерін беруге мораторий жариялай­мын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент Ақмола облысы әкіміне қала маңында орналасқан барлық елді мекеннің бас жоспарына түзету енгізуді ұсынды. Сонымен қатар Елбасы тұрғын үй бағасына жасалған талдауды да на­зардан тыс қалдырмады.

– Орташа алғанда, бір шаршы метр­дің бағасы өз құнынан 2-3 есе артық. Мысалы, өзіндік құны 1000 доллар болатын «Еу­ропа Палас» тұрғын үй кешенінде пәтер­дің шаршы метрі 3,5 мың долларға са­тылуда. «Хайвилл» тұрғын үй кешенінде өзіндік құн 1,5 мың доллар, ал баға қазір 4-5 мың долларға жеткен. Өзіндік құны 1300 доллар болатын «Париж кварта­лын­да» пәтерлер 5 мың доллардан сатылуда. Бұл – тым шарықтап кеткен баға. Бірақ «Еу­ропа Палас» тұрғын үй кешенін сал­ған компания бар болғаны 1,6 миллион теңге салық төлеген.

Бұл салада бағаны көтерген цемент өндіретін кәсіпорындардың арасында ымыраластық бар. Бәсекелестікті қор­ғау агенттігі бұған неге қарамайды? Табыс та болуы тиіс, бірақ 5-6 есе емес қой. Ешкім мониторинг жүргізбейді. Бұл мәселені Астана ғана емес, еліміздің өзге де өңірлері бойынша қарау керек. Тиісті мемлекеттік органдар осымен айналысуы тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев қала құрылысы қарқынды жүргізілген алғашқы жылдары көптеген ғимараттың сапасыз мате­риалдармен қапталғанын, осыған байла­нысты Президент елорданың эстетика­лық безендірілуі мәселелеріне назар аударуды тапсырды.

Кеңес қорытындысында Мемлекет басшысы елорданы одан әрі дамытуға, қаланы абаттандыруға және жылу беру маусымын ойдағыдай өткізуге қатыс­ты бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Премьер-министр С.Ахметов, Пре­зидент әкімшілігінің басшысы К.Мәсі­мов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқар­ма төрағасы Ө.Шөкеев, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Ғ.Әбдірахымов, Бас прокурор А.Дауыл­баев, Астана қаласының әкімі И.Тас­мағамбетов, Ақмола облысының әкі­мі Қ.Айтмұхаметов қатысқан алқалы жиын қаланың ішін де, сыртын да көріктендіруге арналды десек те болады. Жер қымбат, ал ел мүддесі одан да қымбаттығын емеу­рінмен түсіндірген Елбасының ұсыныс­тары мен пікірлері жұрттың ойынан шығары даусыз.

Президенттің пікірінде ойға орала­тын бір нәрсе, қала маңында арзан бағаға сатылған жерлерді мемлекетке қайтарып алып, халық қажетіне қарай демалыс орындарына айналдыру, сәулет өнерінің соңғы үлгілерімен елді мекендер салу маңызды. Елордада ел назарын аудар­­ған «Жасыл белдеу» әр қалаға керек. Шаһар­ға шабыт беретін, тұрғындардың тал­ғамын өсіретін де осындай сұлулық. Әсемдікпен әрленген қала ғана мәде­ниеттің ордасына да айнала алады. «Театр – киім ілгіштен басталатындығын» ес­керсек, қала мәдениеті кіреберістен баста­лары ақиқат.

Кейде телеарналардан, интернетті қарап отырсаңыз дамыған елдерде ірі қалаларға кіреберістер көркімен көз тартады. Жасыл желек, әдемі ауылдар, елеулі ескерткіштер… Қай қалаға, қандай қалаға кіріп келе жатқаныңызды көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезінесіз. Тазалық пен тәртібі қалыптасқан қала­ның табалдырығының өзі сырттан кел­гендерді сүйсіндірмей қоймайды. Демек еліміздің барлық қалалары, оның ішінде Астана мен Алматы сырттан ке­летін қонақтарды хан сарайына келгендей әсерде қалдыруы тиіс.

Дуанабай Жолдасбек

http://www.aikyn.kz/news/view/36916

 

Рубрика: