Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Жазба мен мінез-құлық байланысын графология ғылымы зерттейді. Ол адамның қол жазуына қарап, оның ақылын, жігерін, өзін-өзі бағалауын, эмоционалдылығын және тағы басқа қасиеттерін анықтауға мүмкіндік береді.

Қол жазуының көлемі адамның көпшіл екенін көрсетеді. Айталық, ірі қол жазуының иелері түрлі адамдармен тез тіл табыса алады, сәйкесінше достары да көп болады. Ал майда жазулар адам мінезінің тұйықтығын көрсетеді.

Қырлы әріптер өзімшіл адамдарға тән, ал домалақ әріптермен жазудың иесі мейірімді де қайырымды келеді екен.

Басып жазу – жігерліктің, шыдамдылықтың белгісі. Салмақ түсірмей жазу жігерсіз, ынжық адамдарға тән қасиет.

Көркем жазу адамды міндетті, ұқыпты, бірақ біреуге бағынышты адам ретінде суреттейді. Түзу жазу адамның мінез байсалдылығын көрсетеді екен.

Көсілте жазылған жазу белсенді, білімқұмар, көңілді мінезді адамдарда болады. Түсініксіз қол жазулары адамның отты, аңқау екенін және де күйгелек келетіні жайлы айтады.

Біріктіріп жазу (сөздегі барлық әріптер өзара байланысқан) логикалық ойлау қабілетінің жақсы екенін көрсетеді. Егер әріптер бірікпеген болса, ішкі түйсігінің дамығандығын айтады.

Жазу кезінде сол жақта қалатын бос жер адамның материалдық құндылықтарға деген көзқарасын көрсетеді. Тар жол қалдырса, жинақтылықты, ал кең жол – жомарттықты айтады. Егер жоғарыда айтылған бос жер төмендеген сайын кеңейе бастаса, бұл ысырапшылдықтың белгісі. Ал тарылатын болса, сараң, ашкөз адам екенін білдіреді.

Оптимист адамдардың жазба қатарлары басынан аяқ жағына қарай көтеріле түседі, ал пессимистікі – төмен түседі. Өз кезегінде тік қатар байсалды, парасатты, өз мүмкіндіктерін шынайы бағалайтын адамдарға тән. Ал қисық, толқын тәрізді қатарлар қулық нышанын білдіреді деседі.

Сонымен қатар, адам қолтаңбасы да көптеген нәрселер жайлы айтып бере алады. Қолтаңбаға қарап, адамның өзінен де жасырып жүрген мінездерін білуге болады-мыс.

Дайындаған: Ерғали Елдос

 

http://massaget.kz/bastangy/psihologiya/8251

Рубрика: