Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Осы сауал қойылғанда, «мүлдем оқымаймын» деген жазушылар көп болды. Әрі қарай себептерін тарқатады. Негізі «Баспасөз — халықтың көзі мен құлағы» десек, жазушылардың газетті оқымауы өзіне зиян. Өмір күнделікті жаңалықпен байиды. Жазушы осылай байып тұрмаса, өмір көшінен қалған деп білеміз. Ал бұл жөнінде сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман?

(Осы тақырып төңірегінде бірер жазушылардың пікірлерін ғаламтордан әзірлеген едік).

Әкім Тарази, жазушы:


— Менің редакторларда шаруам жоқ. Бірақ қазақ газеттерін оқымаймын. Ол рас. Ресейдің екі газетін ғана аламын. «Литературная газета» мен «Новая газета». «Литературная газета»-дан әдебиеттің бүгінгі ағымдарын қадағалап отырамын, бірақ ол да жетістіріп жатқан жоқ. Ал «Новая газета» – мықты басылым. Журналистері ешқашан дәлелсіз пікір айтпайды. Сынағанда да мәдениетті әрі әділ сынайды. Ал қазақтар біреуді сынаса, оның жеке басына, бабасы мен балаларына тиісіп кетеді. Ешуақытта жеке басқа тиісуге болмайды. Ол сауатты адамның тірлігі емес. Үйге газеттер көп келеді, бірақ біреуінің жазғаны екіншісінде де жүреді. Басқаларынан да кездестіресің. Сон-дықтан оларды қабылдай алмаймын.

Болат Атабаев, режиссер:


— Орыс журналистерімен салыстырғанда деңгейлерің төменіне төмен. Бұрын қазақ газеттерін оқитын едім. Біраз жылдан бері мүлдем оқымайтын болдым. Енді оқу-оқымау өзімнің құқығым ғой. Жазатындары сол – анау жаман, мынау жақсы, болды. Қабан жыраудың, біріншіден, не жаман, екіншіден, не жаман деп, бар жаманды тізіп беретіні бар емес пе? Құдды сол. Сонда қазақ журналистеріне бар жаманды санап беру міндет болып па? Жаман екенін онсыз да білемін. Енді соны мың рет айту керек пе?

Мәди Артығалиев, қоғам қайраткері:


— Әсіресе даулы, жанжалды мә-селелерге келгенде қазақ журналис-терінің қолы байлаулы. Неге десеңіз, кез келген газеттің құрылтайшысы бар. Қайсыбір басылым өзінің басшысынан асып ешнәрсе жаза алмайды. Бұл бізде әлі цензураның ұшқыны бар деген сөз. Қоғамда орын алған проблемаларға ашық қалам тербеу үшін ол тәуелсіз журналист болу керек. Бұл жерде газет басшылығының берген бағдарына сәйкес жұмыс жасауға мәжбүр екенін ескеруіміз керек.

Ғарифолла Есім, сенатор, философия ғылымдарының докторы, академик:


— Қазақ газеттерінен сусындап, білім алып, қазіргі жағдайға жеттім. Қазақ газеттері бала жасымнан мені өсіріп келе жатыр. Бұл басылымдарда елдің, мәдениеттің, әдебиет пен өнердің тарихы, ірі тұлғалар туралы ашық әрі мазмұнды мақалалар жиі жарияланады. Орыстілді басылымдарда осы үрдіс әлсіздеу, сенсациялық, әсер қуалаушылық басым. Халқымыздың тарихын, тұлғаларын жазса да, орыс газеттері тереңге бойлай алмайды. Қазақ басылымдары мәселені нақты, мағыналы түрде береді. Сондықтан қазақ басылымдарын оқымағандарды қазіргі кезде білімді, зиялы адамдар деу мүмкін емес. Мәселен, ғылыми диссертациялардағы сілтемелердің кемінде 30-40 пайызы қазақ ба-сылымдарына сілтеме жасалынбаса, ондай еңбектердің ғылыми құндылығы шамалы болады. Қазақ халқының саны биыл 11 миллионға жетпекші. Яғни қазақ мүддесі күшейіп келеді. Олай болса қазақ басылымдарының орны да, рөлі де қоғамда арта түсетіні анық.

Жансая, «Жиһангер» сайтынан:

— Қазақша газет-журнал оқымаймын. Оқып болдым өйткені. Не жазатындары бұрыннан белгілі. Ол шаблонды бұрынғы журналистер ұрпағы жасап берген, кейінгі жас журналистер оны сәтті жалғастырып келеді. Ал кейбір жас журналистер бұл шаблонды көрмеген болуы, ізденісте болуы мүмкін, жазатын тақырып таба алмауы да мүмкін. Біздің қазақ журналистер қазақ, қазақтық және қазақ тіліне қатысты жазса, редактордың және оқырманның үлкен респект алатынын біледі, сондықтан айналып кеп осы тақырыптарды жаза береді.

Мақсот Ізімұлы, жазушы, «Аманат — таным әлемі» баспасының бас редакторы:


— Объективті ақпарат алатын кезде еш уақытта қазақ газеттеріне сүйенбеймін. Оқимын, бірақ тек зордың күшімен, «Не жазып қалады екен?!» деп қана оқимын. Ал одан басқа анау айтқандай ештеңе күтпеймін. Қарапайым ғана мысал – «Нұрбанк» оқиғасына қатысты шынайы ақпарат беретін материалдарды мен қазақша газеттерден іздеген жоқпын. Өйткені жоқ екенін де білемін. Сол газеттерді басқарып отырған жігіттердің біразы менің жақсы танысым, достарым. Солардан сұрасам, «Ешкім бізге бұл мәселені жазба деп жатқан жоқ. Бірақ, неге екенін білмейміз, өзіміз жазған жоқпыз», — дейді. «Біз жазудан аяғымызды тартып бастық, әліптің артын бақтық», — дейді. Кейіннен, орыс газеттері әбден шулатып, ақ-қарасын айыра бастаған кезде там-тұмдап ақпарат бердік дейді. Ал осындай қазақ газеттерінің жұмған аузын ашпауы газеттің дәрменсіздігін көрсетеді. Ондай газеттің қоғамға керегі бар ма?

Герольд Бельгер, жазушы:


— Мұндай пікірмен мүлдем келісе алмаймын. Қазақ жазушыларының орыс басылымдарын ғана оқуы – үл-кен кемшілік, біржақтылық. Қасымда жүретін шалдардың көпшілігі орыс газеттерін оқуға әуес. Бұлар сол баяғы заманнан қалған, бұрынғы пікірмен жүргендер. Олар өздерін-өздері кедейлендіріп отыр… Мен керісінше, қазақ газеттерін ғана оқи-мын. Орыстілді газеттерге сұхбат бергенде де айтатын пікірім бар: қазақ журналистикасы, қазақ газеттері соңғы жылдары өте дамып, өрістеп, жұртты қатты қызықтыратын болды. Қазақ басылымдарының он, он бес шақтысын оқып тұрамын. Оларды оқыған сайын іштей риза болып, қуанамын. Сосын бір таңғалатыным: қазақтың журналист қыз-келіншектерінің деңгейі өте жоғары.

Елдос Жұмағалиұлы

Заман-Қазақстан

Рубрика: