АЛТЫНОРДА
Новости

«Жаздым «Жеті жарғыны»… Қожаберген жырауды ұлықтау – ұрпақ парызы

Қазақта: «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» деген қанатты сөз бар. Мұның мағынасы кең, ұғымы терең. Біздің халқымыздың тарихында талай-талай жол бастаған көсемдер, қол бастаған батырлар, сөз бастаған шешендер, көңілдегі көрікті ойды өлең тілмен жеткізе білген ақын-жыраулар болған. Алайда біз олардың бірін білсек, бірін білмей келдік. Оған әртүрлі жағдайлар себеп болды. Ең бастысы біреудің боданында болғандықтан басымызда билік, қолымызда мүмкіндік болмады. Сондықтан да өз заманының озық ойлы ағартушы ғалымы, ұлы Шоқан: «Әр халықтың кемеліне келіп, өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек» деп көрегендікпен болжап айтты. Ата-бабаларымыз өмір бойы аңсаған, осы жолда күресіп, қаншама тері мен қанын төккен азаттық пен еркіндікке біз ХХ ғасырдың аяғында қол жеткіздік. Басымызға бақ болып қонған тәуелсіздік, Қазақстанның өз алдына дербес мемлекет болуы саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуымызға ғана емес, өткен тарихымызды түгендеп, қилы-қилы «ақтаңдақтардың» бетін ашып, ұмыт бола жаздаған қайраткерлеріміз бен тұлғаларымызды тірілтіп, олардан қалған мұраларды зерттеуге де даңғыл жол ашты. Осы орайда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың  «…бүгінде біз бұрмаланған тарихтың үйінділерінен өзіміздің түп-тамырымызды іздеуге мәжбүрміз. Мұнда әңгіме халқымыздың қандай да бір бүркемеленіп, дәріптелген тарихы емес, бастан кешкен әр алуан әрі шынайы оқиғалары жайында болып отыр» деп айтқаны бар еді.

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,  «Жеті жарғы және Қожаберген жырау қайырымдылық қорының» төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,
«Жеті жарғы және Қожаберген жырау қайырымдылық қорының» төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор

Тіпті тым алысқа бармай-ақ, әйгілі зұлмат «37-ші жылдың» құрбаны болған: Шәкәрім Құдайбердиев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды арыстарымызды беріде «бетбұрыс» пен «қайта құру» заманында ақтап алып, туған халқымен қайта қауыштырғанымыз әлі естен шыға қойған жоқ.
Кез келген мемлекеттің, елдің дамуы мен өсіп-өркендеуінде мәдениеттің, тарихтың, өнердің, жалпы рухани саланың алар орны ерекше. Жүріп өткен жолымызда, тәуелсіздіктің артта қалған жиырма жылдан астам уақыты ішінде экономика мен әлеуметтік саладағы жетістіктерімізге қоса, руханиятта да ауыз толтырып айтарлықтай бірта­лай игілікті шаралар мен өнегелі істер атқарылды.

Арғы замандағы Абылайханның абыройын асқақтатып, қара керей Қабанбай мен қанжығалы Бөгенбайды тұғырына орнаттық, елдің бірілігі мен татулығын көксеген Төле, Қазбек, Әйтеке билердің шешен­дік өнерлері мен дипломаттық шебер­ліктерін қайта жаңғырттық. Бергі тарихымыздағы ұлы Абайдың, жырау Жамбылдың 150 жылдықтарын, кемеңгер қаламгер Мұхтар Әуезов пен ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдықтарын, күллі түркі жұртының түпқазығы болған Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойларын кең көлемде атап өттік. Бұлар арқылы ұлттық сана-сезімімізді оятып, ізбасар ұрпақтың санасына сәуле түсірдік. Арнайы қабылданған «Мәдени мұра» стартегиялық бағдарламасының аясында да талай шаруалар тындырылып, жүзеге асырылды. 2000 жылы «Мәдениет жылы» деп жарияланды. Бұл да барымызды бағалап, жоғымызды түгендеуге ықпал етті. Мәдениеттің мәртебесі көтерілді. Осындай ұстаным мен саясат, бағыт-бағдар өзге тұлғалармен қатар Қожаберген жырау бабамызды «алтын кездіктей қап түбінен шығарып», қайта тануға шарапатын тигізді. «Мәдениет жылы» деп жарияланған сол 2000 жылдың аяғында, яғни желтоқсанның 19-21 күндері Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының ұйымдастыруымен Пет­ропавл қаласында «Қожаберген жырау Толыбайұлының Отан тарихы мен қазақ поэзиясында алатын орны» деген тақырыпта алғаш рет республикалық ғылыми-теориялық конференцияның болып өткенінен көпшілік хабардар. Айтулы ғалымдар мен мамандардың, білікті тарихшылар мен әдебиетшілердің басын қосқан аталмыш алқалы жиын Қожаберген жырау бабамызды жұртшылыққа тереңірек таныс­тыра түсті. Тарихымыз бен әдебиетіміздегі алар орнын бағалап көрсетті.

Ақиқатын айтсақ, біз бұған дейін Қожаберген жырау есімін «Елім-ай» әні мен «Елім-ай» дастаны арқылы еміс-еміс естіп келдік. Соның өзінде ол шығармалардың мәні мен маңызы зор болатын. Өйткені тасқа қашалып, қағазға жазылмағанымен ұлан-ғайыр даланы алып жатқан қазақ сахарасының тарихы ұрпақтан-ұрпаққа осындай өлең-жыр, ән мен күй, қисса-дастан, толғаулы термелер арқылы жетіп отырды. Ол мұралар ауыз әдебиетінің құнды туындылары болып қана қоймай, олар да халқымыздың ғасырлар қойнауындағы тыныс-тіршілігі, көшпелі тұрмыстағы салт-дәстүрі, бастан кешкен оқиғалары, мұңы мен сыры, қайғысы мен қуаныштары жатты. «Елім-ай» эпопеялық дастаны қазақ халқының сыртқы жауларға тойтарыс беруге бағытталған жарты ғасырлық әділетті күресін, азаматтық соғысын баяндап қана қойған жоқ, жастарды отаншылдыққа, бірлікке, ұйымшылдыққа үндеген әскери-патриоттыққа тәрбиеледі.
Парасат-пайымы биік, отаншылдығы жоғары тарихшыларымыз бен әдебиет­шілеріміздің зерделі зерттеулерінің ар­қасында, Қожаберген бабамыздың жырау мен ақындығына қоса, ел басына күн туғанда жауға шапқан батыр, қол бастаған баһадүр, жеті жұрттың тілін білген елші-дипломат болғанын танып білдік. Батыр, қолбасшы дейтініміз, ол халқының тәуелсіздігі мен бостандығын бәрінен жоғары қойып:
«Шабуылы жау қалмақтың күшті екен деп,
Кетпеңдер жаудан қорқып, тарап бәрің.
Кеудеңде шыбын жаның болса егер,
«Жаздым «Жеті жарғыны»... Қожаберген жырауды ұлықтау – ұрпақ парызыЖоғалтпа жер бетінен қазақ атын!» деп қаруластарын бірлікке, ерлікке шақырды. Бұл нағыз отаншылдықтың биік үлгісі.
Үш ғасырға созылған қазақ-қалмақ шап­қыншылығының халқымыздың өміріндегі ауыр кезең болғанын, мұнда жан берісіп, жан алысқан, қаншама қан төгілген шайқастар болғанын тарихтан жақсы білеміз. Тауымыз шағылып, тауанымыз қайтып, амалсыз елден, жерден ығысып, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға ұшырайтынымыз» осы тұста. Бұл халқымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы елдік пен бірліктің, батырлықтың таразыға түсіп, сыналар шағы еді. Соғыстың барысы тарих сахнасына талай ержүрек батырлар мен қаһармандарды, сардарлар мен қолбасшыларды шығарды. Қожаберген бабамыз да сондай баһадүрлердің бірі ғана емес, бірегейі болды. Ол 1688-1710 жылдар аралығында, яғни 22 жыл бойында қазақ, қарақалпақ, ноғай ұлыстарының жа­сақтарын бастаған қолбасшы, Орталық Азия деңгейіндегі әскери қайраткер болып танылды.
Енді бір деректер Қожабергеннің жас­тайынан нағашысы Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлының ұрпақтарының қолында өсіп, Үргеніш, Бұқара, Самарқан медре­селерінде оқып, араб, парсы тілдерін мең­гергенін айғақтайды. Сондай сауатты­лығының, зеректігінің арқасында ол өзiне дейінгi ақын-жыраулардың өлең-жырларын, медреседе тәлім алған кезінде шығыстың жетi жұлдызы атанған Жәми, Низами, Науаи, Физули, Фирдауси, Сағди, Рудаки шығармаларын оқып, солардан ғибрат алды. Бұған қоса, көне дәуірдегі Рашид ад-Дин, Мырза Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири және өзiнен аз бұрын өткен Әбiлғазы баһадүр хан сияқты ғұламалар жазып қалдырған шежiрелермен таныс болды. Бұл оның дүниетанымын, ой-өрісін кеңейтті.
Тәуке хан тұсында Қоқан, Хиуа, Бұқара хандықтары мен парсы, түрікмен елі арасында елшілік қызмет атқарғаны, 1688 жылы Әз Тәуке бастаған барша қазақ жақсылары 25 жастағы Қожаберген жырауды ордабасы етіп сайлағаны осындай білім мен біліктілігінің арқасында оған көрсетілген құрмет пен сенім болатын.
Әз-Тәукенің тапсырмасымен атақты «Жеті Жарғыны» ақ былғарыға түсіртіп, бұл тарихи оқиға жайында:
Мұқияттап хаттадым,
Әз-Тәукеге қызмет қып
Жаздым «Жеті Жарғыны».
Салыстырып талдадым
Бергі менен арғыны, – деген жыр жолдарын қалдыруы Қожабергеннің өз заманының зиялы заңгері болғанын білдіреді. Мұндай мемлекеттік істерге білікті де білімді, көзі ашық, озық ойлы, келешекті де болжай білетін көреген азаматтың тартылатыны талассыз шындық.
«Жақсының аты көпке ортақ» деп текке айтылмаған. Ақындар, әдебиетті зерттеуші ғалымдар Қожаберген бабамызды өзінің «жырау» деген тіркесі айтып тұрғандай ең бірінші кезекте өз дәуірінің талантты да дарынды ақыны, жыршы-жырауы болды деп еншілейді. Бұған талас жоқ. Себебі Қожаберген жыраудың артында оқырман қауымның көңілінен берік орын алған, әдебиетшілердің лайықты бағасына ие болған әйгілі «Елім-ай» дастанынан басқа «Баба тілі» дастанының алғашқы бөлімі, «Ата тек» тарихи жырының, «Қуаныш» атты өлеңінің, «Ер Қойлыбай» дастанының үзінділері, «Жастық», «Кәрілік», «Өсиет», «Наурыз басы», «Насихат өлеңдері» сияқты ондаған шығармалары бізге мұра болып қалды. Бұл туындылардың әлі де талай толықтырылып, қаншама ғылыми зерттеу­лер мен іргелі ізденістердің тақырыптары болары анық.
Қай кезде де жалпы адамзаттың даму тарихында әрбір адамның өмірдегі орны мен мәні қоғамдық қатынастар арқылы айқындалып, елге, халыққа жасаған қызметіне қарай бағаланып отырған. Қайтпас қайсар батыр, қаһарман қолбасшы, білімге шақырған ағартушы, шежіреші шешен, елдестірген елші Қожаберген бабамыздың халқына сіңірген еңбегі орасан зор, ақын-жырау ретіндегі қалдырған мұрасы мол. Ол қандай да құрмет көрсетуге де лайық. Тарихи тұлғаның өмірі мен қызметін насихаттау мақсатында құрылған біздің «Жеті Жарғы және Қожаберген жырау қоғамдық қайырымдылық қорының» шама-шарқынша жұмыс істіп, бірталай игілікті шараларды атқаруға ұйытқы болып келе жатқанын айта кеткім келеді. Мәселен, осы қордың бастамасымен Қожабер­ген жыраудың туған жеріндегі қорымда жерлестері тарапынан оған арнап күмбез орнатылды, Құран бағышталып, ас берілді. Жамбыл ауданының орталығы Пресновка селосындағы қазақ мектебінің алдын­дағы алаң Қожаберген атымен аталып, ескерткіш бюсті орнатылды, мектепте мұражайы ашылды. Осы сияқты Петропавл қаласындағы №6 қазақ орта мектебі де ұлы жыраудың есімімен аталады. Сондай-ақ қордың қолдауымен: «Қожаберген жырау», «Елім-ай», «Баба тілі», «Өнерпаздар әулеті» деген тәрізді кітаптар басылып шықты. Олар жұртшылыққа кеңінен таратылып, оқырмандардың жылы пікірлеріне ие болды. Мұндай өнегелі шаралар мен шаруалар әлі де жалғасын таба бермек. Рес­публика көлемінде жыраудың 350 жылдық мерейтойының аталып өтуі де баба рухына адалдық пен құрметтің, биік ілтипаттың белгісі.
Жалпы Қожабергендей тарихи тұлғаға қандай құрмет көрсетсек те көптік етпейді. Жақында бір топ зиялы азаматтардың атынан үкіметке Петропавл қаласындағы әскери институтты даңқты қолбасшы Қожаберген Толыбайұлының атымен атау жөнінде ұсыныс жасалды. Бұл ретте Егеменді ел ретінде дамуымыздың айшықты нышаны болып отырған Астанада Қожаберген ба­тыр­дың еңселі ескерткіші тұрса айбынымызды асқақтатып, мереймізді өсіре түсер еді.
Қорыта айтқанда, Қожаберген Толыбайұлы сияқты даңқты тұлғалардың есімін ұлықтап, атқарған істерін насихаттап, қалдырған мұрасын ұрпақтан-ұр­паққа жеткізіп отыру әр буынның, әрқай­сысымыздың ортақ азаматтық міндетіміз бен парызымыз.
Өйткені өсемін, өркендеймін деген әрбір ел «өткенін еске алып, бүгінмен өмір сүріп, болашақты ойлап отыруы керек».

Бекет ТҰРҒАРАЕВ, 
«Жеті жарғы және Қожаберген жырау қайырымдылық қорының» төрағасы,
заң ғылымдарының докторы, профессор

 

http://anatili.kz/?p=12333