Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

– Биыл 77-ге келеді екенмін. Артыма қарайласам, көрген қиындығым да, жақсылығым да көп. Осы жасқа келгенше көңілге түйгенім мен өзімді алаңдататын мәселелерді тағы да бір ортаға салайын деп отырмын. Көненің абыз шалдары өзінің өмірден түйгенін өзімізге үлгі етіп айтып отырушы еді, біз де сол қариялардың орнын бастық…


Жүрекке тыным бермейтін ойлар…
–Егеменді ел болғанымызға биыл – 22 жыл. 70 жылдан астам Кеңес Ода­ғының қарамағында болдық. Оның жақ­сылығы да, жамандығы да болғаны рас. Жақсылығы сол, білім беруі, оқуы ақы­сыз еді. Қазақ халқының жаппай хат танып, елдің барлығының сауатты, бі­лімі жоғары болуына үлкен ықпал жа­сады. Содан кейін жоғары оқу орнында оқу да үкіметтің қазынасынан төленетін еді. Қазір оқудың көбісі ақылы болып кетті. Көп адамдар балаларын ақы төлеп оқыта алмайды. Қай ауылға барсаң да, тұ­рақты жалақы алатын оншақты мек­теп мұғалімі мен 5-6 дәрігер. Қал­ған­дары қара базарды жағалап жүр. Олар­дың тапқаны наны мен шайын айыруға ғана жетеді. Түрлі дәрумендерге толы көкөніс пен ет, балықты айлап көрмей­тіндері де бар.

Өзім Қызылорда облысының  тума­сы бол­ғандықтан, сол жақты көп ара­лай­мын. Үкімет жұмыссыздық 5 пайыз­дан көп емес дегеннен танбай келеді. Шын­дығында, ауылды аралаған жан болса, халықтың 25-30 пайызының екі қол­ға бір күрек таба алмай жүргеніне куә болады. Оңтүстік Қазақстан, оң­түстік-батыс, оңтүстік-шығыс Қазақ­стан аймақтарындағы халықтың 80-85 пайызы қазақтар. Сол ауылда тұратын қа­лың қазақтың тұрмысы нашар. Бір сиы­ры мен оншақты қойы, тауығы бол­са, «өзін-өзі асырайды» деген қате ұғым қоғамға еніп кетті. Ал баласын оқыту үшін сол сиырын сатуға мәжбүр. Оқудың қымбаттығы сондай, сиырдың ақшасы бір жылдық құнын ғана өтеуге жарайды. Егер ата-ананың оқу жасындағы 2-3 баласы болса, түгі қалмайды. Облыс басшылығына келген Қы­рым­бек Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарын басқарып, қолынан іс ке­летін азамат екендігін дәлелдеген. Қы­зылорда облысына басшылыққа кел­геніне көп бола қоймады, сондықтан оның жұмысының нәтижесін 1-2 жыл­дан кейін көрерміз. Әзірге бұл балаға та­быс тілейміз.

Кеңес кезінде халықтың көпшілігінің жағдайы орташа еді. Ал байлықтың есе­бі күшті болатын. Қазір байлығын есеп­тей алмай жүргендер бар. Соған орай, күнін көре алмай жүргендердің де қата­ры көп. Жаңа жақсылығын айттық ғой, енді кеңес уақытының зорлығын да
ай­та кеткім келеді. Зобалаң жылдары  2,5 мил­лион адамды қырып, кінәсіз жан­дарды соттап, Алашорда азамат­тарын атып жіберді. Бұл қазақ халқы үшін үлкен қайғы болғаны белгілі. Соның ішінде Әлихан Бөкейхановқа ерекше тоқталғым келіп отыр. Алаш азаматтары бір мүддеге жұмыс істеп, қазақ мемлекетін құру үшін барын, жа­нын беруге дайын болды. Бала-шағасы «халық жауының баласы» деп қуда­ланып, зорлық-зомбылық көретінін сезсе де, өз өмірін халық үшін сарп е­т­кен адамдар. Әлиханның түрмеде жат­қанда айтқан сөзін оқыдым жақында. Түр­меде жатқанда «сені атайын деп жа­тыр, ұрлап алып кетейік» деген жақ­тастарына «мені ұрласаңдар, сендердің бар­лығыңды тірі қоймайды. Одан да  мен өлуге дайынмын» деген екен. Қазір бір адамға «халық үшін, ел үшін өлуге дайынсың ба?» деп айтып көрші. Ешкім де дайын емес. Олардың ұлт үшін іс­те­ген қызметін ескеріп, арнайы комиссия құрып, еліміздегі қалалардың біріне атын берсе. Ол «Әлихан Бөкейханов» атындағы қала бола ма, әлде «Алашорда» атала ма, бәрібір, ең бастысы – ел үшін ту­ған ерлердің атын ұрпақ жадында мәңгі сақтау. Осы ұсынысымды жоғары жақ­­тағы лауазымды тұлғалар құлақта­ры­на ілсе деген тілегім бар.

Осы қырғынды ұйымдастырған Ста­лин 1953 жылы 5 наурыз күні қайтыс бол­ғаны белгілі. Ол кезде 10-сыныпта оқи­тын едім, барлығымыз «қараңғы қалдық, енді не істейміз?» деп жылаға­ны­мыз есімде. Тоталитарлық режим барлығымызды бір адамға табындырды. Оның қайтыс болғанынан 60 жыл өт­кенде, ол туралы әртүрлі пікір айтылып жа­тыр. Көзінің тірісінде қойылған көп­теген ескерткіштердің күл-паршасы шық­ты… Осы бір мысалға қарап-ақ, бо­ла­шақты ойлайсың. Оны тарих та­разылай жатар.

Кезінде Қазақстан байлығының 93 пайы­зы одақтас мемлекеттерге кетіп, тек 7 пайызы ғана мемлекет мүдддесіне жаратылады дейтін еді. Қазір ешкімге қарызымыз жоқ, жер байлығы өзімізге тиесілі, ал неге халық кедей тұрады? Ел­де жұмыс болмағаннан кейін, сабы­лып қалаға келеді, бұл жерде де жұмыс табылмаған соң, тамақ асырау үшін қылмысқа барады. Кеңес заманының тағы бір жақсылығын айтайын. 1959 жылы Алматыдағы медициналық инс­титутты бітірген соң, аудандық тұр­ғын үй басқармасына барып үй кезегіне тұр­ған едім. Оқуды бітіргеннен кейін, ор­ди­натура, аспирантураны оқып, күні-түні жұмыс істедім. Өйткені медицинада тәжірибе мен ғылым бірге жүреді. Содан 1965 жылы менің кезегім келіп 3-шағын ауданнан 3 бөлмелі пәтер берді. 5-6 жыл­­­дың ішінде баспаналы болдым. Бү­гінде жағдай өзгеріп кетті. Жас­тарға жағ­дай жасалмаса, болашаққа да сенім бол­майды…

Ол кезде елдің бәрі таза жұмыс іс­теу­ші еді. Мәселен, Дінмұхамед  Қо­наев. Ол кісінің қабылдауында екі рет бол­дым. Өте кішіпейіл азамат еді. Бі­рінші рет барғанымда, облыстық ауру­хананың салынып жатқан ғимаратын бізге беріп, Ана және бала институтын ор­наластыру туралы өтініш айтып бар­дым. Соны бізге берді. Сол институтты басқарғаныма  4 жыл  толғанда,  бұрынғы министр мені орнымнан алып тастады. Содан жұрттың бәрі гуілдеп, сол сөз Ди­маш Ахметұлының құлағына жетіпті. Ор­талық комитеттің атынан арнайы комиссия жіберіп тексертіп, мені қай­тадан институт директоры етіп сайлады. Сол кезде екінші рет қабылдауында бол­дым. Өзі сөзшең, іскер болумен қатар таза адам еді. Ал қазір жемқорлық деген бәле жайлап алған, онсыз жұмыс жүр­мейді.

Екінші рет әлгі министр тағы да директорлықтан алып тастады да, мен педиатрия факультетінің деканы бол­дым. 1992 жылы сәуір айында кардио­хирург Сейітхан Жошыбаевтың шәкірт­тері 1 апта бойы аштық жариялады. Жо­шыбаев жүрекке ота жасаудың ше­бері еді. Оны да қуып жіберді ми­нистр. Соған ашынған шәкірттерге еш­кім шыққан жоқ, мен олармен қо­сылып 1-2 күн жаттым. Жұрттың бәрі «сен неге балаларға қосыласың» деп шу­лап кетті. Содан кейін Назарбаев шақырып, «сені босатқаны дұрыс болмапты, қайтадан орныңа барасың ба?» деді. Үшінші рет 1993 жылдан қайтадан директор болып, 2001 жылдың мамыр айына дейін басшылық еттім.

Айтайын деген тағы бір мәселем – қазақ тілі. Тілдің дамуы халықтың өзіне байланысты. «Қазақ-қазақпен қазақша сөйлессін» деген Елбасының айтқаны өте орынды сөз. Осы ауруханада 1965 жылдан бері жұмыс істеймін. Күнделікті таңғы жиналыс өткізем. Кешегі түскен ауруларды талдаймыз. Сонда қазақтың 25-тегі жап-жас балалары орысша сөйлейді. «Ұлтың қазақ, неге қазақша сөйлемейсің?» десең, «бізді әке-ше­шеміз орысша тәрбиеледі» деп жауап береді. Біздің ауруханада 10-15 орыс қалды, олардың осы уақытқа дейін бір ауыз қазақша сөйлегенін естіген емеспін. Кезінде қазақ мектебін бітіріп, бір ауыз орысша білмейтін едім, бір жылдың ішінде үйреніп алдым. Қазақ тілінің дамымай жатқанының бір себебі – үкімет басындағы азаматтардың қа­зақша білмеуі. Өзара болсын, бүкіл қазақтың алдында болсын, тек орысша сөйлегеннен кейін, қазақ тілінің мәр­тебесін де түсіреді. Олар қараша халыққа барлыс іс-әрекетімен үлгі болуға тиіс. Мәселен, Кемел Тоқаевтың баласы бір жылда қазақша сөйлеп кетті. Қасым­жомарт секілді шенеуніктер аз. Төмен­дегі адамдар «жоғарыда отырғандардың өздері қазақ тілін керек қылмайды, бізге тіптен керек емес» деп ойлайтындай. Жаңа жылдың қарсаңында Астанаға ұштым. Қасымда 40-45-тегі жігіт ағасы, ортамызда баласы отыр. Одан «балам атың кім?» деп сұрадым, жауап бермеді. Түсінбейді. Екеуі де компьютер ойнап отыр. 15-20 минуттан кейін тағы да «жа­сың  нешеде?» деп қазақша сөйле­дім. Біл­мейді, білгісі де келмейді. Оның әке­сі де, шешесі де қазақ болуы керек. «Ком­пьютерді, ағылшын, орыс тілдерін білсем болды, қазақ тілінің қажеті жоқ» деп ойлайды. Өзің қазақ болғаннан соң, тілді 100 пайыз білуің қажеттігі милары­на кіріп те шықпайды.

Ғылымсыз медицина қалай дамиды?
– Қазір елімізде ғылым академиясын жауап тастады. ТМД елдерінің арасында Қазақстанда ғана жоқ. Бұрынғы Ғылым академиясы көп қоғамдық ұйымның бірі болып қалды. Оның ешқандай да пәр­мені жоқ. Ғылым болмаған кезде медицина да дамымайды. Біз кеңес заманында алған біліміміз мықты болды да, әлі күнге соны қорек етіп келеміз. 4-5 жыл болды, кандидаттық, докторлық қорғауды алып тастап, PhD жүйесін енгізді.  Олар  PhD  докторы  атанғаны­мен, білім деңгейі ғылым канди­дат­та­ры­нан да төмен. Сондықтан бұрынғы жүйе­ні қай­та қалыптастыру керек.
Жақында Ғылым академиясына мү­шелікке өткізу жөнінде жиын болды. Обалы не керек, академияның коррес­пондент-мүшесі болғысы келгендердің қарасы көп. Алайда тамыр-таныстыққа салынып, ғылымға ешбір еңбегі сің­бе­ген, жаңа ғана докторлық қорға­ғандар, шенеуніктердің балалары өтіп кетті. Одан кейін, академияның жарғысына академияға қарсы сөйлеген адамдарды мүшеліктен шығарып тастауға мүмкіндік беретін өзгеріс енгізді. Сол өзгеріске қар­сы дауыс бердім. Сонда ешкімнің өз пікірін айтуға қақысы жоқ па? Елба­сы­ның өзі де қазір екінің бірінде ғылым док­торы деген дардай атағы бар екенін айтып отыр. Бүгінгі таңда ғылымға қатысы жоқ адамдар ғылыми атақ алып, академияға мүшелікке өтуде. Ал ғы­лым­ның абыройын тек нағыз ғалымдар көтереді. Ендігі жерде ғылым академия­сына мемлекеттік қамқорлық жасалуы қажет. Түрлі гранттарды нағыз ғылым­мен айналысатын адамдарға бөлу керек. Онсыз ешбір ғылым дамымайды, ал ғы­лым дамымаған жерде, қай сала бол­масын, өрге жүрмейді.

Білімсіз дәрігер қайдан шығады?
– Әр ата-ана балаларының оқыған-тоқыған, саналы азамат болғанын қа­лап, өзі аш отырса да, олардың білім алуына жағдай жасайды. Соған қарамас­тан тырысып-тырмысып, соңғы сиырын сатып, ұл-қызын оқуға жібереді. Алайда соны бала бағалап жатыр ма? Мысалы, мединститутқа түсетіндер «медик бол­саң, аш қалмайсың» деген оймен келеді. Көбісі баласы нашар оқыса да, «ілесіп кетеді» деп үміттенеді. Ал медицина са­ласы – ең қиын салалардың бірі. Бұрын 7 жыл оқитын еді, қазір 9 жылға ұзарды. Сонда алатыны – 45 мың. Медицинада жүр­гендердің 80-85 пайызы әйел адам­дар. Халықтың «білімі төмен» деп сы­найтынының жаны бар ғой деп ой­лай­мын. Білікті маман болам деген адам, күні-түні оқуы керек. Қазіргі студент­терге қарасаң, қатты беріліп оқитын сту­дентті көріп отырған жоқпын. Әй­теуір сабаққа келеді, 3-пен әрең бітіреді. Жоғары оқу орнын бітірген соң, айлық­қа жарымағаннан кейін, медицинаны қанша жақсы көрсе де, саладан кетеді. Отбасын асырауы керек. Қазіргі статис­тика бойынша  ел аумағында 6000 дәрігер  жетіспейді. Бар маманның білі­мі орташа болып тұр. Білімді дәрігер болуы үшін, институт бітірген өз алдына, медицина  жылдам  дамып  жатқандық­тан, білімін талмай жетілдіріп, салаға қатысты жур­нал­дарды, жаңалықтарды оқып отыруы керек.
Содан кейін клиникалық база жоқ. Сту­денттерді тәжірибеден өту үшін анда-мында жібереміз. Олар бізге ба­ғын­байды. Шетелде емдеуіне де, оқуына да жауап беретін клиника жүйесі  қалып­тасқан. Оны айтып-жазып жатырмыз, құлағына ілетін ешкім жоқ. Дүниежү­зінде 14 мыңнан аса ауру түрі бар. Оның барлығын білу де өте қиын. Аурудың атын ғана емес, оның клиникалық си­пат­тамасын, диагностикасын, емдеу әдіс­терін де білуі керек қой.

Тәуелсіздік алған 22 жыл ішінде он шақты министр ауысты. Әрқайсысы өзінше реформа жасайды. Жылына 3-4 рет шетелге шығып, көріп келеді де «сол ел­дің дәрігерлері мықты екен, соған ұқсаймыз» дейді. Оларға ұқсау үшін көп қаржы керек. Шетелдің медицинасы жүздеген жылдар бойы дамып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының ұйғарымы бойынша, медицина саласына бөлінетін қаржы ішкі жалпы өнімнің 6 пайызынан кем болмауы керек. Қазақстанда бұл көрсеткіш 3 пайыз ғана. Айлықтың төмендігі де, дәрігерлердің біліксіздігі де, ғылымның жоқтығы да сол себептен. Шетелмен са­лыстыратын болса, АҚШ-та 15 пайыз­дан кем емес, Бельгия, Германия, Фран­ция сынды елдерде бұл көрсеткіш 8-10 пайыз­ға жетеді. Олар күннен-күнге да­мып келеді. Қазір министрлердің бар­лығы теоретик болып кетті. Бір адамды емдеместен, сала-құлаш бағдарламалар енгізеді. Ал шетелдің әлеуметтік-эко­номикалық жағдайы басқа екеніне бас қа­тырмайды…

Отбасылық дәрігерлер кімнің көсегесін көгертеді?
–Тағы бір мәселе, бүкіл ТМД аума­ғын­да Қазақстанда ғана педиатрия факультетін жауып, отбасылық дәрігер­лердің енгізілгеніне 6 жыл болды. Отба­сылық дәрігерлер қажет болса да, саны­ның көбейгенінен еш пайда жоқ. Тек бір дәрігері мен мейірбикесі бар ауылдық жер­лерде отбасылық дәрігер қажет бо­лар. Ал аудандық емхана, ауруханаларда салалық мамандар отыруы қажет. Отба­сылық дәрігердің ауру туралы жалпы түсінігі болғанымен, нақты білмейді. Ал өзге елдерде балалар дәрігерлері дайын­далып жатыр. Мәселен, Санкт-Пе­тер­борда педиатрия медицина универ­ситеті, Ташкентте педиатрия институты бар. Еуропа елдерінде отбасылық дә­рігерлердің көп болуының себебі, олар­да балалар халық санының 10 пайыз­ын ғана құрайды. Ал Қазақстанда бұл көр­сеткіш – 30 пайыз.

Жаңа туған баланың ағзасы өзгеше, оның көп мүшелері толық дамымаған. Дәрігер соның барлығын білуі керек. Мәселен, баланың іші жүздеген себеп­тен ауырады. Психикасы да ерекше. Өсе келе, әке-шешенің қиналып жүргенін, жұмыссыздығын көрген балалар өзде­рінше қиналады. Соны көтере де алмай, ақыр аяғы өз-өзіне қол жұмсайды. «Пе­диатрия факультетін ашайық» деп үкіметке де, депутаттарға да, халықара­лық ұйымдарға да хат жаздық. Оны тың­дайтын адам тағы жоқ. Қазір мед­университеттің 6-7 курсынан бастап педиатр дайындап жатырмыз дейді, бі­рақ ол студенттердің ешқайсысы ба­ла­лар дәрігері болып, баламен жұмыс істегісі келмейді. Шәкірттердің ары кетсе 5 пайызы ғана педиатр болғысы ке­леді. Ал оларға деген қажеттілік 30 пайыз­дан асып-жығылады. Педиатрия саласының өзінде 26 мамандық бар. Балаларға салынатын екпенің де, ауруы­ның да қарасы өте көп. Отбасылық дәрі­герлер соның бәрін білмейді. Ал 1 жас­қа дейін қайтыс болатын балаларды «балалар өлімі» деп атайды. Солардың саны Ресей, Украинамен салыстырғанда 2 есе, Белоруссиямен салыстырғанда 3 есе артық екен. Соның себебіне үңілген жан бар ма?

Ел ертеңі ана мен бала денсаулығына бай­ланысты. Дені сау анадан дені сау ұр­пақ туады. Ал бүгінде ана атанған қыз-келіншектердің 45-50 пайызының ден­саулығы нашар. Жаңа туған сәби­лердің арасында туабітті дертке шал­дыққандардың қатары неге көбейіп кетті? Өйткені ананың денсаулығы жоқ. Іштен дертті болып туған бала өмір бойы сол аурудың азабын тартып өтеді. Сондықтан ананың денсаулығына баса назар аударылуы керек. Қазір  туатын­дар­дың көпшілігі ауылдық жерде тұ­ратын әйелдер, олардың 80-85 пайы­зының қаны аз. Дұрыстап тамақ іш­пегеннен кейін, денсаулық қалай жақсы болсын? Егер оларға қамқорлық жасалмаса, 2020 жылға қарай 20 мил­лион­ға жетуіміз ней­ғайбіл.

Жазып алған
Үмітжан ЖАПАР

 

http://www.aikyn.kz

 

Рубрика: