АЛТЫНОРДА
Новости

Жастарға үлгi болар қариялар азайды

Қашан болса да газет беттерiнде, теледидарда үлкен ата-апаларымыздың жастар туралы сын айтып отырғанын көремiз, оқимыз. Алайда сол қарияларымыз бiр сәт өздерi жайында ойланар ма екен? Әрине, барлық үлкен кiсiлерге топырақ шашудан аулақпын. Десек те, әсiресе, қалалық кемпiр-шалдардың қылығы жастардың көңiлiне қаяу салып, тiптi жирентiп жататын тұстары жиi кездеседi.

Бiрде қоғамдық көлiк iшiнде мынадай оқиғаға тап болдым. Қалт-құлт етiп әрең жүрген қазақтың “городской” кемпiрi өзiнiң алдындағы орындықта отырған 30-35 жастағы келiншектiң арқасынан түйiп-түйiп алып, “үлкенге орын бермейсiң бе?” деп баж ете қалды. Мәселенiң байыбына түсiнбеген әлгi әйел орнынан ұшып тұрып, қай үлкен кiсiге орын берерiн бiлмей абдырап қалды. Сөйтсек, шығуға бет алған бiр кемпiрдi орын iздеп жүр деп ойлаған болуы керек, әлгi апамыз алдындағы адамды күшпен тұрғызбақ болған екен. “Ақырын айтсаңыз да орын берер едiм, мұныңыз қалай?” деп ренжiген әлгi келiншектi әрi қарай “сыбаған” “модный” кемпiр тiптi балағаттап та жiбердi. Бiз аң-таңбыз. Орысша небiр жаман сөздердi бұрқыратқан апа: “Бiз сияқты жетпiске жеткенде түсiнесiңдер. Қазiргi жастарда бет жоқ, быттиып қарап отыра бередi. Үлкенге орын берiп, демеп жiберудi бiлмейдi. Неменеге бажырайып қарайсың, ұятсыз, қарабет!” деп бұрқылдай жөнелдi. Үлкендiгiн сыйлады ма, бас­тапқыда әлгi жас келiншек үнсiз тұрған. Аузына ақ ит кiрiп, көк ит шыққан қарияның ерсi қылығына шыдамады бiлем, “өмiр көрiп, ақылды болғанын үлгi ететiн қарттарымыздың түрi мынадай болғанда, жастарға не деп өкпелей­сiз? Қазақтың апасы деген атқа лайық емес сiздейлердi көрiп, әлгiндей сөздерiңiздi естiп отырған мына жастардан қай тәрбиенi, қандай мәдениеттi талап етпексiз?” деп салды. Одан әрмен шапшыған әлгi қариямыз келiншектi балағаттап қана қоймай, қарғыстың неше түрiн бұрқыратты.
Осы оқиғадан кейiн қоғамдық көлiктерде үнемi үлкендер мен жастардың әрекеттерiн сырттай бақылауды әдетке айналдырдым. Расымен де үлгi тұтарлық қарияларымыз азайған сияқты. Қаланың кемпiр-шалының жайы әу бас­тан белгiлi. Ал ауылдағы апа-аталарымыз ше? Аузы дуалы ақсақал, кимешектi дана қа­рия­ларды шаммен iздеп табу қиын. Немересiн жетектеуден гөрi сөмке арқалап, қалаға шапқылаған апаларды жиi кездестiремiн. Аса таяғына сүйенген атамыздан гөрi стақан қағыс­тыр­ған шал-шауқанды көрiп, көңiлiң құлазиды. Осыдан кейiн кiм кiмдi үлгi тұтып, кiм кiмге тәрбие­сiздiк жөнiнде ренжiсiн. Бәрiнен қауiптiсi, бұл беталысымызбен ертеңiмiз не болмақ? Жастарға “тәрбиесiз” деген сөздi айт­пас бұрын, кез келген үлкен кiсiлер сол жас­тарға кiмнiң тәрбие бермегенiн ескерсе екен.
Ж.ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ,
Ақмола облысы.