Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Жас түлектердің сынып жетекшісіне қымбат сыйлық жасағаны қаншалықты дұрыс? 

Мәншүк ҚАРЖАУБАЕВА, мектеп бітіруші түлектің ата-анасы:

– Мен бұған қарсымын. Мұғалімнің алатын жалақысы бар емес пе, оған оқушылар неге ақша жинауы тиіс?! Табыс таппайтын бала сыйлық­қа ақшаны қайдан алмақ? Әрине, ол ата-ананың қалтасына түсетін жүк. Соңғы кездері мұғалім­дер­ге микротолқынды пеш, кір жуғыш машина, ал­тын бұйымдар сыйлап жүр, бұл дұрыс емес. Себебі па­ра берудің алды содан бастау алмақ. Негізі, өзім де мұғалім болып істей­мін, біз оқушыларымызға тек гүл сыйлауға болатынын айтып отырамыз.

 

Жанат СҰЛТАНҒАЗИНА, Қостанай қаласы №17 орта мектептің мұғалімі:

– Балалар әр ұстазды өздерінше бағалайды жә­не сыйлық жасайтынын не жасамайтынын шә­кірттер өздері шешеді. Талай қыс пен жазды бірге өткізген шәкірттері ұстазын құрметтеп сыйлық беріп жатса, оған риза болып қалатынымыз жа­сы­рын емес. Бұл жерде қымбат бағалы сыйлықты айт­паймын. Егер бала шын ниетпен ұстазына гүл сыйлап немесе есте­лікке бірдеңе жасап, алғысын білдіріп жатса, еңбегіңнің бағаланғаны деп түсінеміз.

 

 

Омар САИД, «Отаным-Елім» Халықаралық заң компаниясының басшысы:

– Дұрыс не бұрыс деп айтуға болмас. Заңдық тұрғыда мұны заңсыз деп те, заңды деп те қарауға болады. Егер «балаларың мектепті бітіріп жатыр, сондықтан мұғаліміне гүл, сыйлық әперулерің ке­рек, осынша сомадан ақша жинап беріңдер» деп мәжбүрлесе, бұл заңсыз болып келеді, әрине. Мұ­ғалім мемлекеттен айлық алады, оларға ақша төлеуге ешкім міндетті емес. Ал екінші жағынан алсақ, айлықтың аз не көптігіне қарамай, қаншама жыл бойы баласына тәлім-тәрбие беріп, ұстаздық жа­са­ғаны үшін ата-ана шын көңілден бірдеңені сыйға тартып жатса, оны заңсыз деп айтуға болмайды. Қаласа көшедегі танымайтын адамға да сыйлық жасауға хақылы?! Сондықтан бұл жерде «наразылық» де­ген бар. Мәселен, этикалық нормаларға сүйенетін болсақ, халқымыз­дың жағдайы әртүрлі. Біреуі тұрмыстық жағынан өте бай болса, бірінің жағдайы өте нашар. Бәлкім, бір ата-ана жай ғана гүл әперер, шамасы келгені қымбат зат сыйлайтын шығар, ол екеу арадағы қа­рым-қатынасқа байланысты. Жалпы алғанда, оған «дұрыс салт» деп баға бере алмаймыз. Мемлекеттің заң органдары «қай жерде бұл шектен асып, салт-дәстүрден қылмысқа айналып бара жатқанын» тексеру­лері қажет. Себебі әр мектепте әртүрлі мұғалім мен бала бар, әрі әр жерде әрқандай салт орныққан. Сондықтан мектеп оқушыларына, ата-аналарға «үкіметтің тегін берген білімін алып жатырсыңдар, сендер ол үшін ешкімге қарыз емессіңдер. Егер қандайда бір наразылық­тарың болса, қаржы полициясына, прокуратураға хабарласула­рыңызға болады» деп, олардың құқын білдіруге міндеттіміз. Сондықтан дамыған елдер қатарына кіреміз десек, бұл әрекет мәдениетті түрде болуы тиіс деп ойлаймыз.

Қарлығаш ҚОЛДАСОВА, психолог:

– Сыйлық жасаған дұрыс. Бірақ екі нәрсені естен шығармау керек. Мәселен, қымбат сыйлық пен естелік сыйлық болады. Ал сыйға тартылған әрбір сыйлық мұғалімнің еңбегіне деген құрметті, баланың мәдениетті болуына тәрбиеленгендігін білдіреді. Сыйлық – мұғалімнің абыройының, мәртебесінің көрсеткіші.

Сауалнаманы жүргізген Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТОВА Айтжан САЛЫҚҰЛЫ (фото)

http://www.aikyn.kz/articles/view/50089

Рубрика: