АЛТЫНОРДА
Новости

ЖАНТӨРИН КИНОДӘУІРІ

972df0d4d3e70aad93eda2b82aad06711955 жылы Қырғыз үкіметінің өтініші бойынша «Мосфильм» киностудиясы «Салтанат» (режиссері В. Пронин) көркем фильмін түсіруді қолға алады. Фильмдегі басты кейіпкерлердің бірі – Жомартты бейнелеуге Қазақстаннан Н.Жантөрин шақырылады. Нұрмұхан аға бұған дейін 1949 жылы «Алитет уходит в горы» фильміне түсіп, одақ көрерменіне танылып қалған болатын. «Салтанат» фильмінде оның әріптестері, талантты актерлер Бакен Кыдыкеева, Мұратбек Рысқұлов, Алты Карлиев, Советбек Джумадылов болады.

Бұл фильмде Жантөрин жағымды кейіпкерді нанымды сомдап, көрермен жүрегіне жол табады.

1963 жылы «Қырғызфильм» киностудиясында мәскеулік жас режиссер Лариса Шепитько Шыңғыс Айтматовтың шығармасы бойынша «Аптап» фильмін түсіреді. Бұл фильмде тракторшылар бригадасындағы тіршілік алға тартылады. Фильм оқиғасы сақа тракторшы Әубәкір мен комсомолдық жолдамамен келген Кемел арасында өрбиді. Өзінің күші мен қаталдығына сенген Әубәкір бригададағы билікті өз қолына алып, үстемдік етіп тұрады. Оның беделі мен билігі Кемелмен текетірестен соң қолдан сусып кетеді. Әубәкір бейнесін сомдаған Н.Жантөрин оның болмысын, жан-дүниесіндегі беймазалықты, арпалыс­ты шынайы түрде бере білді. «Қазақ актері Нұрмұхан Жантөриннің кейіпкердің болмысын ашуда пайдаланған әдіс-тәсілдері шеберлікпен астасып, Әубәкірдің қатыгездігі мен жан-дүниесіндегі қиналысты шынайы көрсетуіне мүмкіндік берді», – деп жазды қырғыздың тұңғыш кәсіпқой кинотанушысы Каарман Ашимов «Қырғыз киносының тууы» атты зерттеуінде. Кемел роліндегі Болот Шамшиев заман талабына сай жаңа көзқарасын алға тартады. Кемел арқылы режиссер жас адамның көзқарасының, өмірлік ұстанымының қалыптасуын көрсетеді.

Фильмге түскен Н.Жантөрин, Б.Шам­шиев, К.Юсупжанованың шығар­машылық табыстары сыншылар мен көрермендер тарапынан жоғары бағаланды. Шыңғыс Айтматов бұл фильм жайлы: «Аптапқа» повесте жоқ оқиғалар кірген. Шығарма сюжетінен ауытқулар болса да, повесте қозғалған негізгі идеялар сақталған. Режиссердің оқиғаларды кино тілімен беруі жемісті болды  деп ойлаймын» – деп пікір білдірді.

1958 жылы кинорежиссер Мәжит Бегалин қазақтың тұңғыш ағартушы демократ ғалымы Шоқан Уәлиханов туралы «Оның заманы туады» фильмін түсіреді. Шоқан образын жасау барысында Нұрмұханның өзі де тұлға, суреткер ретінде ой танымы кеңейіп, шеберлікті игере түсті. Ол Шоқанды қадірлеп, мақтан тұтты. Ғалымның мұраларына терең үңілген сайын, актер оның қайсар тұлға, ерекше феномен екендігіне тәнті болды. Кинотуынды одақтық экранға шыққаннан кейін кереғар пікірлер айтылды. Мәселен, Әнуар Әлімжанов Жантөриннің Шоқан бейнесін сомдауы туралы «оның қолы емес» (не в его амплуа) – деп пікір білдірді. Бірақ, Жантөрин мен Бегалиннің суреткерлік талантын бағалағандар да көп болды. КСРО халық артисі, кино патриархы Сергей Герасимов: «Мен Жантөриннің Шоқанды ойнағанындай Чернышевскийді  де дәл сондай етіп ойнайтын адам табылса деп армандаймын. Жантөрин экранда дәл Шоқанның өзі болып көрінді. Бұл адамның жүзінен, іс-әрекетінен, қимылынан, жанарынан халықтың тарихын көресің. Мен фильмді екі рет тамашаладым. Үшінші рет оның бет-әлпетін зерттеу үшін көрдім. Уәлиханов экранда қандай керемет берілген. Ірі көріністер, әсіресе Шоқанның көздері ғажап», – деп жазды.

Нұрмұхан Жантөрин экранда Шоқан, Құрманғазы, Бейбарыс, Бату секілді тарихи тұлғалар бейнесін сомдады. Одақ ыдырардың алдында Нұрмұхан ағаны Одесса киностудиясы «Даниил – князь Галицкий» фильміндегі Батудың бейнесін жасауға шақырады. «Шыңғыс ханның осы бір тұнжыр, қатыгез, сонымен қатар ақылды ұрпағы мені қатты қызықтырды. Көптеген кітаптарды ақтарып, ол туралы деректерді там-тұмдап таптым. Содан Еуропа мен Азиядағы моңғол шапқыншылығын қозғаған Бартольдтың, Янның, Чивилихиннің зерттеу мақалаларын оқып шыққаннан кейін фильмге түсү үшін жолға шықтым. Бірақ, онда әріптестерімді 20 күндей күтіп қалдым. Бірақ, оған еш өкінбеймін. Бұл рольден мен керемет ләззат алдым», – деді Нұрмұхан аға.

Расында, актер тарихи әдеби, танымдық кітаптарды көп оқыды. «Мұның не қажеті бар?» – деп сұрағандарға: «Тірлікте бәрін де оқу керек, бәрін де білу керек. Біз кинода да, театрда да қасиеті, мінез-құлқы, ой-өрісі әр түрлі рольдерге, бейтаныс образдарға тап боламыз. Сонда әлгі оқығандарыңның керегі болады, пайдасы болмаса зияны болмайды», – дейтін.

1989 жылы «Қазақфильм» киностудиясында Египеттің «Эль Аламия» кинокомпаниясының қатысуымен түсірілген режиссер Б. Мансұровтың «Сұлтан Бейбарыс» фильмі одақтық экранға жолдама алды. Мұнда Жантөрин өз бойындағы талантын, қажыр-қайратын образды ашу үшін жұмсады. Сұлтанның ішкі дүниесін, оның ойларының арпалысын дәл береді. Оның үнсіз көзқарасында да терең сыр жатады. «Жантөрин пауза жасаудың шебері болатын. Осындай қабілетімен үлкен актер екенін ұқтыратын. Онымен кездесу мен үшін үлкен мектеп болды», – дейді Болот Шамшиев. Ал кинотанушы Гүлжан Құрманғалиқызы: «… осы рөлді сомдаған Нұрмұхан Жантөриннің актерлік шеберлігімен келген кейіпкер психологиясының тереңдігі нәтижесінде тарихи тұлғаның озық үлгісіне айналды. Сондықтан да фильмдегі сұлтан Бейбарыс бір ғана ұлттың өкілі дәрежесінен әлдеқайда биіктетіліп, жалпы адамзаттың еркіндікке ұмтылған батыр тұлғасына айналды», – деп пікір білдірді.

Расында, Бейбарыстың ойлы жүзінен «Мен кіммін?», «Туған елім қайда?» деген беймазалықты аңғарасың. Осы жөнінде айналасындағыларға да сауал тастайды. Олардың жауабынан өзінің қыпшақ, түрік даласынан екендігін естиді. Балалық шақтағы үзік-үзік суреттер, жусан исі жанына байыз таптырмай оны қайтадан туған жеріне алып келеді. Билікті де, байлықты да туған еліне айырбастамайды. Актер бұл бейнені терең психолизм, ішкі монолог арқылы шығарды. Осыдан біз Жантөриннің өзі сомдаған рөлдерін қайталамай, әр біріне жанкешті ізденіспен келетінін байқаймыз. Бейбарыс рөлінде Жантөриннің актерлік таланты жаңа қырынан жарқырады. Фильм режиссері Болат Мансұров: «Жантөринмен түсіру алаңында жұмыс істеу маған жеңіл болды. Мен тек тапсырма беріп, оператордың мизансценаларды қалай түсіру керектігін айттым. Рөлді Жантөриннің өзі алып шықты»,– деп еске алады.

1990 жылы Тверь қаласында өткен «Созвездие – 90» бүкілодақтық кинофестивалінде «Қазақфильм» киностудиясының туындысы «Сұлтан Бейбарыс» фильмі көрсетіледі. Осы кинофестивальде Нұрмұхан Жантөрин мен Нонна Мордюкова «Актерлік мамандықтың дамуына үлес қосқаны үшін» дипломымен марапатталады. Сонда гүл шоғы мен сыйлықты алған актер залға қарап: «Бұл мен үшін көп қой», – дейді жымиып. Бұл актердің риясыз шындығы еді. Сонымен қатар бұл сәт Жантөриннің даңқ шыңына шыққан сәті болатын. Сол шыңнан Жантөриннің енді төмендемейтіні ақиқат еді.

Нұрмұхан Жантөриннің экранда сомдаған тұлғалары үлкен шеберлікпен жасалған дүниелер. Бұл фильмдерден адам жанына терең үңілетін, бейнені кәсіпқойлықпен, ізденіспен бере білетін үлкен суреткерді көреміз. Ол әрбір рөлін биік дәрежеге көтерді.

Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры» фильмі «Қазақфильм» киностудиясының ірі табыстарының бірі. Мұнда Нұрмұхан аға патша өкіметінің офицері, Дутов әскерінің штаб бастығы, полковник Абылайхановтың бейнесін сомдайды. Кейіпкердің экрандағы өмірінен өзінің мақсат-мүддесіне берілген тұлғаны көреміз. Оның бойынан тектілікті жинақылықты байқаймыз. Үстіндегі әскери киім, көзіндегі жарқ еткен пенсне, сөзі және қимылымен Жантөрин өзінің кейіпкерінің мінезін аша түседі.

Шыңғыс Айтматов ертеректе «Литера­турная газетаға» берген бір сұхбатында «Мен қазақ актері Нұрмұхан Жантөринге арнап бір шығарма жазсам деймін. Бірақ, Жантурин оған келіссе?!» – деп жазды.

1970 жылы Ш. Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» шығармасының желісімен «Жорғаның жүрісі» фильмі түсіріледі. Режиссер Сергей Урусевский фильмдегі операторлық түсіру әдістеріне баса ден қояды. (Оның негізгі мамандығы оператор болатын). Осыдан барып басты кейіпкер сырттап қалады. Бұған наразы болған Нұрмұхан аға 4 күн бойы қонақүйден шықпай жатып алады. Ақыры режиссер Жантөриннің айтқандарымен келісуге мәжбүр болады.

Ол өзгелерге тәуелді болудан бойын алшақ ұстайтын. Ешқашан жан-дүниесіндегі күйзелісті отбасында айтып, шағынған емес. Оның экрандағы тұлғалары өз мақсаттарына жету үшін, өз көзқарастары үшін күресті. Мұндай қасиет Жантөриннің де бойында болды. Ол ешкімге қол жаймай, өмірден сол биік те, тәккәппар күйінде өтті. Осынау бекзадалық Шоқаннан, Бейбарыстан, полковник Абылайхановтан, бәлкім қарапайым жылқышы Танабайдан келген болар? Пушкиннің өзі: «Өзін-өзі сыйлау және өзгеге тәуелді болмау адамды күйкі тіршілік пен өмір дауылдарынан асқақтатары даусыз», – деген болатын.

Оны әріптестері сыйлап, көрермендері жақсы көрді. Бірақ, Жантөрин мен Әзірбайжан Мәмбетовтің бірін-бірі түсінуі қиын болды. Титандар қақтығысынан ұтылатын көрермен ғана. Сондықтан көрермен мұндай жайға бей-жай қарай алмады. Көңілінің түкпірінде «қос саңлақ табысса екен» деген үміттің маздағаны анық. Екі алыптың қарым-қатынасы туралы бүгінгі қазақ киносының ақсақалдарының бірі Нұржұман Ықтымбаев: «Туған бауырлардың арасында да өкпе болады. … Екеуі де дарынды адамдар. Екеуін де өнердің жаялығына орап тастаған адамдар. Олай қарауға болмайды. Бірін-бірі аңсап, бірін-бірі сағынып жүрді», – деді бір сұхбатында.

Театр және кино актерлерінің әншілік, музыкалық қабілеттері болса, ол көрермен үшін екі есе бақыт. Маршал Жуковтың бейнесін жасаған Михаил Ульянов аккордеоншы, Андрей Миронов, Вахтанг Кикабидзе, Никита Михалков, Владимир Высоцкий – әнші болса, Юрий Никулин циркте жұмыс істеді. Ал, Шәкен Аймановтың домбыра шертіп, ән салғаны «Транссібір экспресі» фильмінде қалса, Кәукен Кенжетаев опера әншісі болып сахнаға шықты.

«Нұрмұхан ағаның көп дүниесін менен артық білетін адам жоқ. Нұрмұхан ағадай «Зәурешті» шырқаған адамды көргенім жоқ. Актерлік шеберлікпен айтатын еді. Ол кісі айтқанда сай-сүйегіңді сырқыратып жіберетін», – дейді Нұржұман аға. Тек осы әннің экранда қалмағаны өкінішті.

Көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматов 1998 жылдың 16 маусымында актердің жары М.В. Иовлева-Жантуринаға жазған хатында: «Сізге кештеу хабарласып отырғаныма кешірім өтінем. Менің Нұрмұхан Жан­төриндей керемет тұлғаны тануым тіз­бектелген жылдарға қатысты, оны мен Н.С. Жантөрин кинодәуірі деп атаймын. Арада көп жылдар өткенде ғана біз ақиқатты танып отырмыз. Менің әдеби шығармаларымдағы кейіпкерлер Н.С. Жантөриннің қайталанбас бейнелеуінде экранға шыққанына шексіз бақыттымын. Менің Жантөринмен әрбір кездесуім оған тәнті етіп, мені жаңа іс­терге құлшындыратын. Мен оны мақтан тұтамын. Тума талант әрқашанда жарқырап, сөнбейді. Оның ұлы образы – қазақ және қырғыз кинематографиясының негізін қа­лаушылардың бірі ретінде мәңгілікке есте қалады», – деп жазды.

Нұрмұхан аға «Қазақфильм», «Қыр­ғызфильм», «Өзбекфильм», «Мосфильм», «Ленфильм», т.б. көптеген киностудиялармен шығармашылық байланыста болды. Қазақ актерларының арасында осындай арнада жұмыс жасағандары некен-саяқ. Ол өз қарымын режиссер ретінде байқап «Орман балладасы», «Медальдың үшінші жағы», «Қара маржан» фильмдерін түсірді. Бірақ, қашанда ол актер мамандығына адал болып қала берді. Жантөрин кинодәуірі өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының соңынан 1990 жылға дейін созылды.

«Қырғызфильм» киностудиясында монтажер болып 30 жылға жуық еңбек етіп, бүгінде өнер ордасында білім беріп жатқан Ракыя Шершеновадан Нұрмұхан аға жайлы сұрағанымызда: «О, Жантөрин – ұлы актер ғой!» – деп жауап берді. Осы бір ауыз сөз Нұрмұхан Жантөриннің талантына ұялаған ұлылықты паш етіп тұр. Актер пайғамбар жасына қараған шағында дүниеден өтті.

Өнердің басты міндетін Нұрмұхан Жантөрин «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» спектакліндегі кейіпкердің тілімен: «Мен адамдардың бойындағы жағымды қасиеттерін жырлап, жамандығын мінеп өтемін, өйткені халқымның жақсылыққа бет түзеп, қатыгездік пен зұлымдықтан қашық болғанын қалаймын», – деп жеткізді. Жантөрин кинодәуірінен бүгінгі және келер ұрпақтың алар тәрбиесі мен тағылымы мол. Бұл кинотуындылардың адамдық болмысты қалыптастыруға қызмет етері даусыз.

 

Тараз қаласы

http://www.turkystan.kz