Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Жансая ӘБДІМӘЛІК, шахматтан халықаралық ең жас гроссмейстор:

Қаршадай қазақ қызының қабілет-қарымы шахмат әлемінде көпшілікке мәлім. Жастығына қарамай үнемі алға ұмтылатыны сүйсінтеді. Маңдай тердің өтеуі шығар, өткен жылы Жансая әлемнің «ең жас гроссмейстор» атағын иемденді. Алақанында аялап отырған халқы «әп, бәрекелді» дескен. Бұдан асқан бақыт бар ма? Жуырда қанатын қатайтып, түлетіп ұшырған  оңтүстік өңіріне келген «шахмат феноменімен» жүздесудің сәті түскен еді. 
– Жансая, туған жердің топырағы қаншалықты ыстық екендігін сыртта жүргендер ұғынса керек. Оңтүстікке жиі-жиі келіп тұратын шығарсың.. 
– Әрине, қолым босай қалса, Шымкентке кетуге аңсарым ауып тұрады. Мұнда атамды, бауырларымды көруге асығамын.  Онымен қоса, бұл өңірдің табиғаты таңғажайып қой. Демалыстағы сүйікті ісім — атаммен бірге өзен-көл жағалап, балық аулау. Маған бұдан асқан демалыс жоқ. Шаршауым басылып, миым тынығып қалады. Адамдары да бауырмал. Қайда жүрсем де, Оңтүстігім есімнен шыққан емес. Оған қоса, педагогикалық институттың жанынан шахмат мектебі ашылғаны мәлім.  Енді өз мектебімде қатысушыларға жиі-жиі мастер-класс өткізіп тұру ойымда бар.
– Жас болсаң да, есімің әлемге мәшһүр. Өз қатарластарыңның арасында әлемді төрт рет бағындырып үлгердің. Көпшілік сенің ғаламат жеңістеріңнің құпиясын білгісі келеді…
–   Құпия ештеңесі жоқ. Мені алға жетелейтін шахматқа деген қызығушылық. Шаршы тақтаға үйірсектігім 6 жасымда басталса керек. Үнемі өз-өзімді жетілдіріп отырамын. Үйде де, түзде де көрер қызығым шаршы тақтадағы фигуралар. Оның үстіне, әкем мен ағам Санжардың көп көмегі тиеді. Ағам зияткер ойыннан еліміздің бірнеше дүркін жеңімпазы екенін біреу білсе, біреу білмес. Әкемнің де  жетістіктері жетерлік. Қабілетімді әуелі байқаған әкем Данияр мені  білікті жаттықтырушыға табыстады. Бәлкім, тәжірибелі ұстазға жолыққанымның да үлесі бар шығар. Алғашқы жаттықтырушым халықаралық  гроссмейстор Николай Перегудов еді.
– Атаң Әбдімәлікке түсінде аян бергеніндей, әке-шешең сені «ерекше»  болып туылатыныңды әу баста білген екен.. Осы жайында білер ме едің? 
– Рас, атам әркез осылай айтып отырады. Анам жүкті кезінде  фамилиямды міндетті түрде менің атыма жаздыр, бұл бала ерекше болып туылады деп түсіндегісін әкеме айтыпты. Әкем ойланбастан атамның өтінішін орындайды. Содан менің  қандай қабілетім бар екендігін аңдап жүрген ғой. Бірде  шахмат жүрістерін көрсетіп, маған қайталауымды өтінді. Мұқият қарап отырып, еш қатесіз қайталап шықтым. Елгезектігім осы кезде білінді — ау деймін. Сол сәттен бері әкем шахматқа баулыды.
– Мектептегі сабағыңа қалай үлгеріп жүрсің?
– Шынымды айтсам, мектепке баратын уақытым жоқ. Үнемі ел кезіп жарыстарда жүремін. Бірақ сабаққа құштарлығым зор. Кейінгі кездері математика қызықтырып барады. Одан бөлек, сурет салуға ебім бар. Өкініштісі сол, барлық тапсырмаларды  ғаламтор арқылы орындаймын.
– Шахмат тақтасында қандай қызықты жағдаяттарды кездестірдің? Есіңде ерекше қалып қойған оқиға болса, оқырмандарға айтып берсең. 
– 2009 жылғы Азия чемпионатында мына бір жағдай есімде қалыпты. Қарсыласыммен шеберлік байқасып жатқан сәтім.  Жиі-жиі сыртқа шығып, бетімді салқын сумен шайып келіп тұрған едім. Осы әрекетімнен күдіктенсе керек, БАӘ делегациясының өкілі мені қатты бақылауға алды. Сыртқа шығып, компьютердің көмегіне жүгініп келді деп ойласа керек.     Сөйтіп, бізге қарсылық хат жазды. Одан кейінгі   қарсыласымды да еркін ұтып, мықтылығымды делелдедім. Сол кезде айқай-шу  көтерген кісінің  өзі келіп, кешірім сұрағаны бар.
– Әлемнің түкпір-түкпірін аралап жүрсің. Шет елмен туған еліңнің айырмашылығы бар ма екен? 
– Көп елді шарласам да, бәрібір туған жерімнің топырағы ыстық қой.  Өз еліме еш жер жетпейді екен. Мәселен, әлеуетті Сингапур елінде 1,5 жылға жуық оқыдым. Енді онда қайта  барғым келмейді.
– Сингапурге қалай жолың түсіп еді?
– Мені шахмат академиясының өзі шақырды. Тегін грант ұсынды. Сөйтіп, отбасыммен ақылдаса келе мүмкіндікті жібермеуге тырыстық. Онда  жеке екі бапкерім болды. Уақыт өте келе бірі Қытайға, бірі Грузияға кеткендіктен, бірқатар қиыншылықтар кезікті. Білікті ұстазым болмай, елге қайттым.
–  Бүгінде шахматтың қыр-сырын үйретіп жүрген жаттықтырушың кім? 
– Ең алғаш шахмат әліппесін Николай Перегудовтан үйренгенімді білесіздер. Қазіргі ұстазым – 28 жасар грузиялық Давид Арутинян. Бұрын Грузияның әйелдер құрамасын жаттықтырған. Маған бапкерімнің әдісі бірден ұнады. Күн сайын 3-4 сағат ғаламтор арқылы дәріс аламын.   Әлемнің төртінші чемпионы Александр Алехиннің партияларын қарауға кеңес беріп жүр. Шынымды айтайын, қазіргі әйелдер арасындағы әлем чемпионы венгериялық Юдит Полгардың шеберлігіне тәнтімін. Менің де арманым  әйелдер арасында әлемде теңдессіз атану.
– Өткен жылы Қазақ-Британ техникалық университетінің ең жас студенті атанғаныңды  естіген едік. 
– Тегін оқу грантын ұсынған басшыларға рахметімді жеткізгім келеді. Қандай мамандықты таңдайтыным әлі белгісіз. Ең алдымен айтарым, бірінші кезекте шахматтан өз сыбағамды алуым керек. Өйткені, мемлекеттен ұдайы қамқорлық көрсетіліп келеді. Ай сайын 1280 АҚШ доллары көлемінде стипендия аламын. Сол себепті алдағы уақытта жарқын жеңістерге ұмтылуым ләзім. Ірі жарыстарда елімнің әнұранын әлі талай шырқатсам деймін.

Сұхбаттасқан – Т.ҚАСЫМ

http://www.halyksozi.kz

Рубрика: