Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

1b7f182771b4b3b596094155555d0b5aЖаңаөзенде мұнай өндіру саласында жаңа заман талабына сай озық технологиялармен жабдықталған жерасты жабдығын жөндеу және диагностикалау цехы пайдалануға берілді. 
Жаңа цехтың ашылу рәсіміне «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директоры Абат Нұрсейітов, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Мақсат Ибағаров және мұнайшы қауым қатысып, қуанышқа ортақтасты. Айта кету керек, Елбасының басты назарында тұрған Жаңаөзенде соңғы жылдары көптеген оң өзгерістер мен жағымды жаңалықтар жеткілікті. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-ға қарасты «Өзенмұнайгаз» АҚ-ы да мұнайшылар қаласының әлеуметтік дамуына өз үлесін қосып келеді.

Іске қосылған заманауи жаңа цехтың ерек­шелігі көп. ТМД аумағындағы мұнай игеріп жатқан өндіріс орындары арасында баламасы жоқ заманауи кешен болып сана­лады. Айтар болсақ, біріншіден жаңа цех қолданыстағы жабдықтарды жөндеу есебі­нен оларды өндірісте көп пайдалануға, ком­панияның жерасты жабдықтарын са­тып алуға шығыстарын үнемдеуге және сол арқылы мұнай өнімін игеруді ұлғайтуға мүм­кіндік береді. Ал екіншіден, бұрын мұ­най­шылар ауа райының қолайсыздығына қарамастан ашық аспан астында қысы-жазы ыстық-суыққа қарамай қолмен ат­қара­тын жұмысты енді автоматты түрде іске асырып, жұмыстары әлдеқайда көп жеңіл­дейді. Сондықтан да мұндай заманауи жаңа цехтың ашылуы мұнайшылар үшін ерекше қуаныш болып отыр.

Мәселен, 15 жылдай мұнай саласында еңбек етіп жүрген шебер Қайрат Сариев соңғы 4-5 жылдан бері сорапты құбырларды жөндеумен айналысады. Қуанышымен бөліскен ол:

– Бұрын далалы жерде және ыстық күн­нің астында жұмысты қолмен атқарушы едік. Енді жаңа озық технологиялармен ав­­то­маттандырылған және компьютерлен­ген жаңа цехта жұмыс жасау біз үшін өте ыңғайлы. Жаңа өндіріс нысанының іске қосылуы көп жұмысты жеңілдетті, ауырт­па­шылықтан арылтты, – дейді. Жаңа кәсіпорын мемлекеттік сарап­тамадан өткені туралы жуырда «Мем­са­рап­тама» РМК мамандарының оң қорытын­дысын алды.

Цех құрылысына «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ 4,799 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлді.
Жаңа цехта компания жұмыскерлері есебінен 350-ге тарта жұмысшы еңбек ете­тін болады. Цех құрылысын жүргізуге 200-ден астам жұмысшы тартылғанын атап айт­қан жөн. Енді бір цехтың қуаттылығы жылына 400 мың дана сораптық-компрессорлық құбырды, 300 мың дана сораптық штанганы және 10 мың дана тереңдік сорапты жөн­деуге мүмкіндік береді.

Нысан өндірістік цех және әкімшілік-тұрмыстық кешеннен тұрады. Өндірістік цехта негізгі цех және дайын өнімдер, жаб­дықтарды қабылдау және жуып тазарту үш участогы бар. Негізгі цехта сораптық-ком­прессорлық құбырларды жөндеу бойынша екі қатарлас желі және сораптық штанганы жөндеу бойынша бір желі және штангалық тереңдік сораптарды жөндеу участогы ор­наласқан. Әкімшілік-тұрмыстық корпус басқару қызметкерлерінің жұмысына ар­нал­ған. Бұдан басқа, мұнда жұмысшылар үшін тұрмыстық және қызметтік бөлмелер бар.

«Өзенмұнайгаз» АҚ цех болашақ жұ­мыс­керлерінің «Құмкөл» өңірлік сервистік орталығында, Ресей Федерациясының Пермь, Ноябрьск қалаларындағы оқыту орталықтарында оқып, тәжірибе жинауы үшін арнайы трениг бағдарламаларды дайындады. Осы шаралардың нәтижесінде «Өзенмұнайгаз» АҚ 30-дан астам маманы цехтың жоғары технологиялық жабдық­та­рында жұмыс істеуге тәжірибелік тұрғыдан машықтанды.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Абат Нұрсейітовтің пікірінше, жаңа цехты іске қосу, мұнай өндіруді арт­тырып, тұрақтандыруға, сондай-ақ ұңғы­малар жұмысының жөндеуаралық ке­зеңін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ кәсіпорынның өндірістік және эколо­гия­лық қауіпсіздік деңгейі нығайтылады.

– Бұрғылау жұмыстары басқармасы өндірістік базасының, Қаражанбас және Қаламқас кен орындарында вахталық қалашықтардың, «Өзенмұнайгаз» АҚ-да жатақхана және асхананың пайдаланылуға берілуімен қатар, жерасты жабдықтарын диагностикалау және жөндеу цехының құрылысы – біздің кәсіпорындардағы кең көлемдегі технологиялық жаңғырту жұмыс­тарының басы ғана. Сондықтан да Өзен кен орнында технологиялық жаңғырту бағдар­ламасы одан әрі жалғасатын болады, – деді «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас дирек­торы Абат Нұрсейітов.

Айта кету керек, өткен жылдан бері ком­панияда қызмет етіп жүрген мұнайшы­лардың жұмысқа деген ынталарын көтеру және олардың демалыс уақыттарын тиімді өткізуіне жағдай жасау мақсатына бірқатар жаңа әлеуметтік-мәдени нысандар пай­да­лануға берілді. Атап айтқанда, олардың қатарында мәдениет үйі, асханалар, жатақ­ха­налар және тұрмыстық-шаруашылық нысандары бар.

Соңғы жылдары өндіріс ошақтарының жағдайын жақсартуды еселей түскен «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ алдағы уақытта көптеген жақсы ірі жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Айталық, «Өндірісті жаңғырту» бағдарламасы аясында бүгінгі пайдалануға беріліп отырған жаңа цехтан өзге 1000 бірлік арнайы техникаға қызмет көрсетуге арналған сервистік орта­лық, ұңғыларды бастыру үшін сұйықтық дайындау жөніндегі участоктар, метал­ло­лом­­дарды сақтау және кәдеге жаратуға ар­нал­ған жинақтау орны, «Өзенмұнайгаз» АҚ мұнай базасы, мұнай кәсіпшілігі жаб­дық­тарына сервистік қызмет көрсету цехы, Жаңа­өзен қаласында көкөніс сақтау кешені, медици­на­лық орталық сынды өте қажетті құры­лыстарды іске асырмақ. Сондай-ақ «Өзен­­мұнайгаз» АҚ-тың көліктік құрылым­дық кәсіпорындарының нысандары мен автожолдары да жөндеуден өтетін болады. Осының бәрін жаңғыртуға жұмсалатын жалпы инвестиция көлемі 100 млрд теңгеден асатын қаржыны құрайды.

Тельман Бейсенов.

 

http://www.aikyn.kz/articles/view/24649

Рубрика: