Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

08f25fc9f0eb22f118031e8d209b734cҚалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры үшін биылғы маусымның жөні бөлек. Себебі биыл – елордамыздағы қазақ театрына есімі берілген ұлы актер Қалибек Қуанышбаевтың туғанына 120 жыл.

Осы бір атаулы мерейтойға орай театр ұжымы Қаллеки атамыздың өнері мен өмірінен сыр шертер шағын қойылым ұсынуды жөн көріпті. Театр ғимаратының алдындағы аулада  көрсетілген шағын қойылым «Қоянды жәрмеңкесіне» жан бітіргендей,  Қаллеки, Қажымұқан, Майра, Әміре, Исалармен қауыштырғандай болды. Ал театрдың жаңа маусымын Мұхтар Әуезовтің «Абайымен» ашты. 

 

Әлімбек Оразбековтің режиссерлігімен сахналанған «Абай» трагедиясы маусымашар үшін тегін таңдалмаған. Абай рөлін кезінде Қаллекидің өзі де сомдаған. Қалибек  Қуанышбаев шығармашылығындағы ең шоқтығы биік рөл ретінде дәл осы Абай рөлі аталады.

 

Астанадағы театрдың маусымашарына Қаллекидің ұрпақтары мен Қарқаралыдағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мұражай ұжымы да арнайы келіпті. Мұражай ұжымы Қалибек атамыздың қолының табы қалған жәдігерлерді ала жетіпті. Көненің көзіндей болған жәдігерлер театрдағы көрменің шырайын аша түскендей.

 

Бұл күні театрда «Абыз актер – Қаллеки» атты дөңгелек үстел де ұйымдастырылды. Жазушы  Әкім Тарази: «Қазақ театры дегенде ең алдымен еске түсетін кісі Қаллеки болатын. Осындай ұлылар болмаса, біз дамымай қалар едік» деді. Қалибек атасы сынды Қарқаралының қара топырағында туып-өскен, бүгінде Қаллеки атасының атындағы театрда еңбек ететін актриса Рымкеш Омарханова: «Қаллеки ауылда үй салғанда, біздің үйдің ғана қымызын ішетін. Мен екі үйдің арасына қымыз тасумен жүрдім. Ол кезде халық театрында «Қамар сұлуды» қойып жатқанбыз. Қаллеки: «Қызым, ойыныңды көремін» деп еді, көре алмай кетті» деп өткен күндерді еске алды.  Осы отырыста бүгінгі академик, әдебиеттанушы Сейіт Қасқабасовтың 10-сыныпта оқып жүріп Қаллеки ойнаған спектакльдің массовкасына қатысқанын білдік.

 

«Өнердің басында осындай ғажайып тұлғалардың болуы – халықтың бақыты» деп сөз бастаған жазушы Төлен Әбдік те Қаллеки феномені туралы әдемі әңгіме тарқатты.

 

Ал түйінді сөзді 26 жасында Қаллеки туралы кітап жазған жазушы Тұрсын Жұртбай жасады. «Өткен ғасырда, жалпы, қазақ тарихында қазақты дүниежүзіне танытып қоймай, ресми түре мойындатқан үш адам бар. Олар – ғылымда – Қаныш Сәтбаев, қаламгерлікте – Мұхтар Әуезов, өнерде – Қалибек Қуанышбаев. Осы үш адамның есіміне ұлы деген сөзді біз ғана емес, бүкіл Еуропа да қояды» деді ол. Ол рас, 1949 жылы Шекспирдің мерейтойына орай конкурс өтеді. Дүние жүзінің театр актерлері өнер көрсеткен конкурста бір қойылым үшін 2,5 минут қана беріледі. Сонда Қалибек Қуанышбаев, Хадиша Бөкеева және Шәкен Айманов Шекспирдің «Асауға тұсауынан» үзінді көрсетеді. Катаринаның әкесі Баптистаның рөлін сомдаған Қалибек Қуанышбаевтың ойнына тәнті болған сахна мамандары оны орыстың В.Давыдов пен М.Тарханов сынды актерлерімен қатар қойыпты. Содан кейін Қаллекиге Мемлекеттік сыйлық табыс етілді.

 

Қаллекидің актерлік шеберлігінде шек жоқ сынды, ол тіпті қай рөлінде кімге ой саларын жақсы білетіндей көрінеді. Бұл сөзімізге тағы да Тұрсын ағамыз айтқан мына бір мысалды айтсақ болады. «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер, Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер» деп келетін Абыздың монологын айта бастағанда, «бәріңнің де нәрің жоқ» деген жеріне келгенде, көрермен залының алдыңғы қатарында отырған орталық комитеттегілерге қарап, қадалып тұрып қалады екен, сөйтіп біраз үзілісті ұстап тұрып барып, «…елім қайтіп күн көрер?!» деп тоқтайды екен.

 

Кәсіби білімі болмаса да кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі атанған Қаллекидің бір қасиеті, қазақ деген халықтың салт-санасын, әдет-ғұрпын, басқа өзгешеліктерін жақсы білетіндігінде еді дейді білетіндер. Сегіз қырлы, бір сырлы тұлғаның ұрпақтары да аталарының жүрегі жұмсақ, аса мейірімді адам болғанын айтады. Қалибек атамыздың Нәдір деген ұлынан туған немересі Жанар апай ұлы актердің  шөбересі Дана мен шөпшегі Нәдірханды да ерте келіпті.

 

«Атам тамаша актер ғана емес, тамаша әке, жақсы жар болды, керемет ата еді. Немересі ретінде мені қатты еркелететін, атамның арқасында балалық шағым бақытқа толы болды. Оның махаббаты бәріне жететін. Ал бүгін атамыздың рухы театр актерлерін жебеп жүрсін деп тілеймін» деді ақтарыла.

 

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

 

http://www.aikyn.kz/articles/view/31927

Рубрика: