Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Жаңа кодекс: Жемқор алған парасын 50 есе төлесе түрмеден босатыладыПара алғандар енді қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алады. Жаңа қылмыстық кодексте осындай өзгеріс қарастырылған. Аталмыш мүмкіндікті пайдаланып, сыбайлас жемқорлық үшін сотталған бірқатар ірі шенеуніктер түрмеден босатылуы мүмкін.

АЙЫППҰЛ ТӨЛЕП, ТҮРМЕДЕН ШЫҒУҒА БОЛАДЫ

Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа қылмыстық кодекс халық арасында әлі кең тарала қойған жоқ. Әсіресе, жемқорлыққа қарсы өзгертулер мен толықтырулардың барын біреу білсе, біреу білмейді. Кодекстің 312-бабында «Пара алу» фактісі бойынша, азамат айыппұл төлеп, темір тордан құтылу мүмкіндігі қарастырылған. Айыппұл көлемі алынған параның 50 еселенген мөлшері. Мысалы, 100 мың теңге көлеміндегі пара алса, 5 млн. етіп мемлекет қазынасына қайтарады. Оны төлей алмайтын жағдайда 5-7 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Егер пара ірі көлемде алдын ала келісілген топтың бопсалауы арқылы берілсе, онда 70 еселенген айыппұл төлеу міндеттеледі. Немесе 7 жылдан 12 жылға дейін қамау көзделген.

«Нұр Отан» партиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жетекші болып отырғанын айта кетуіміз керек. Күрес нәтижесіз де емес.

Құқықорғаушылар ақша жымқыр­ған­дарға қатысты бұл жазаның пайдалы болатынын айтады. Адвокат Жохар Өтебековтің айтуынша, жемқорларды соттап, түрмеде ұстағанша, олардың бостандықта жүріп, қаржыны қазынаға қайтарғаны едәуір тиімді. «Мен бұл реформаны қолдаймын. Ұзақ мерзімге түрмеге қамауға негіз көріп отырған жоқпын. Жемқорлар ұрлаған қаржыларын халыққа қайтарсын. Сонда 1 млн. алса, 60 млн. қайтарады», – дейді Өтебеков. Шынымен де, гуманизм тұрғысынан және экономикалық пайда жағынан баламалы жаза тиімді көрі­неді. Алайда сарапшылардың екінші бөлігі кодекстегі баптың ойдағыдай жұмыс істейтініне күмәнмен қарауда. Айтуларынша, мемлекеттік қызметтің параға қатысты «тартымдылығы» өзгермей, жағдай түзел­мейді. Дегенмен айыппұл төлеп, парақорларды бостандыққа жібере салу соншалықты жеңіл емес. Өйткені жымқырған қаржысын еселеп қайтарғаннан кейін, ол азаматтың өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне тыйым салынады. Атақ-даңқынан айрылады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қатысты шартты түрдегі жаза да мүлдем алынып тасталынды. Себебі бүгінгі таңда кейбір ірі шенділердің шартты жазамен абыройлы қызметтерде жүргені қоғам ішінде наразылық пен алаңдаушылық тудырған еді. Енді сот жүйесінің, мемлекеттік қызметтің беделін көтеру үшін бұрын сотталғандар мемлекеттік қызметке жоламайды. Айыппұл енгізу арқылы, мемлекет қаржының міндетті түрде қайтарылуын көздеп отыр. Екіншіден, адам өлтіру мен пара алу үшін жауапкершілік бірдей, бірақ тең қылмыс емес екенін ескеру керек. Осы себептен де, жазаның баламалы түрі пайда болды. Алайда елімізде жап-жақсы заңдар қабылданса да, орындалу жағы күрделі екенін ұмытпауымыз қажет. Өкінішке қарай, кодексте сома мөлшері мен оны төлеу механизмі көрсетілмеген. Мәселен, параның 5 мың, 10 мың теңге көлемінде болатыны белгілі. Алайда оларға қандай көлемдегі айыппұл салынатыны белгісіз. Сот кезінде азаматтың қандай сомада кепіл тастау қажеттігі немесе соманы толық төлеу мәселелері де қарастырылмаған. Ал бұның барлығы алдағы уақытта қосымша кедергілерді туындататыны анық.

Дәл осындай тәжірибе Ресейде 2011 жылы енгізілген еді. Сарапшылар оның айтарлықтай нәтиже бермей отырғанын айтуда. Мысалы, жақында айыппұл көлемі төмендетіліп, 25 мың рубльден төмен пара алғандар 1 млн. рубль төлейді деп көрсетілді. Бұған дейінгі заң бойынша, айыппұл көлемі пара көлемінен 25-50 есе көп болған еді. Және де қосымша баламалы жаза ретінде түзеу жұмыстары енгізілді. Еліміздегі жағдайдың Ресейдікімен ұқсас екенін назарға ала отырып, алдағы кезеңде бізде де айыппұл көлемінің төмендеуін болжай беруге болады. Себебі сотталған адамның 50-70 млн. теңгені төлеуге мүмкіндігінің бар болуы күмәнді көрінеді. Әзірге жаңа заңның көмегін әлі ешкім қолданған жоқ. Дегенмен шенеуніктерге қатысты атышулы оқиғалардың тізбегін көрсек, онда биыл бірқатар азаматтар мүмкіндікті пайдаланып, бостандыққа шығуы мүмкін. Мысалы, өткен жылы 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деп 10 жылға сотталған ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүслім Өмірияев, 10 жылға түрмеге қамалған Кеден комитетінің бұрынғы басшысы Серік Баймағанбетов, 2 млн. доллар пара алды деп сотталған Қорғаныс вице-министрі Бағдат Мәйкеев сынды бұрынғы мемлекеттік қызметкерлер бұған жүгіне алады. Сонымен бірге, қазір қылмыстық іс жүріп жатқан ҰҚК Шекара қызметі басшысы Нұрлан Жоламанов пен Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің экс-төрағасы Мұрат Оспанов та баламалы жазаның мүмкіндіктерін пайдалануы мүмкін. Сот жаңа кодексті назарға алып, балама жаза қолдануына мүмкіндік бар.

ЖЕМҚОРЛЫҚ БОЙЫНША РЕЙТИНГІМІЗ ТҮЗЕЛДІ 

Жоғарғы соттың мәліметінше, 2014 жылы соттарда жемқорлыққа қатысты 807 іс қаралған. Бұл барлық қылмыстық істердің шамамен 4 пайызын құрайды. Ал 2013 жылы 886 жемқорлық іс қаралған. Көпшілігіне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Дегенмен бұрын­ғы­мен салыстырғанда қылмы­стық істердің азаюы елдегі жемқорлықтың тыйыл­ғаны емес. Халықаралық Transparency International ұйымы өткен жылы Қазақстанда жемқорлыққа қатысты күрестің позитивті көрі­ніс­тері болғанын айтады. Соның арқа­сында «Жемқорлықты түйсіну индексі» бойынша Қазақстан әлемнің 175 елі ішінде 126-орынды иеленді. 2013 жылғы көрсеткіш бойынша 140-орында болатын. Ресей Федерациясы бұл тізімде 9 сатыға төмендеп, 136-орында. Былтырғы жағдайдан тағы 9 сатыға төмен түсіп кеткен. Қырғызстан да өткен жылғы көрсеткіштерін жақсартып, 136 орынға жайғасты. Украина – 142, Өзбекстан – 166, ал Белорусь – 119 орында.

2014 жылы «Қоғамдық пікір» зерт­теу институтының жүргізген зерттеуі бойынша сұралғандардың 42,2%-ы Қазақстанда жемқорлықтың кең таралғанын айтса, 45%-ы оның орташа деңгейде, ал 7,4%-ы жемқорлықтың аз мөлшерде екенін айтқан. Респонденттердің басым бөлігі (30,5%) жемқорлықтың таралуына шенеуніктерді қадағалаудың әлсіздігін, 26,5%-ы жалақының төмендігін, 25,3%-ы ұлттық дәстүр мен мента­литеттің кесірі деген себептерді атаған. Бұл дегеніміз жемқорлық жүйесінің әлі де дәурен құрып жатқанын, оның басты себепкерлері мемлекеттік қызметкерлер екенін мойындатады. Тіпті, кезінде құрылған Қаржы полициясының таратылуы өз функцияларын тиісті түрде атқара алмағанынан екені жасырын емес. Кей жағдайларда сыбайлас жемқорлықпен күрес ұйымының қызметкерлері де парамен ұсталған болатын.

Бір қызығы, елімізге әлемнің ең озық тәжірибелерін енгізгенімен, олар­дың ойдағыдай жұмыс істеп кетпеуі де көптеген сауалдар туындатады. АҚШ, Сингапур, Гонконг, Ресей және Батыс елдерінің жемқорлықпен күресу модельдерінің нәтижесі қандай? Әлде бұл індетпен күресуге шетелдік тәжірибенің қауқары жетпей ме?

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА НЕГЕ ЕМ ҚОНБАЙДЫ?

Жалпы, Қытайда жемқорлық үшін ұзақ мерзімге түрмеге қамау, өлім жазасы мен қол шабу сияқты жазалар көзделген. 2000 жылдан бері Қытайда 10 мыңнан астам шенеунік жемқорлық фактілері үшін өлім жазасына кесілген. Соңғы уақытта профилактика мақсатында елде парадан бас тарту бойынша арнайы «тай-цзи» сабақтары өткізілетін көрінеді. Онда мемлекеттік қызметкерлер медитация, шығыс жекпе-жегі мен әскери жаттығулар арқылы адал жолға түспек. Ресми ақпараттар бойынша, бұл курстарға айына мыңдаған мемлекеттік қызметкер қатысады. Олар күн сайын өздеріне мына сұрақты қойып, шын көңілімен жауап беруі керек: «15 мың доллар көлеміндегі парадан бас тарта аламын ба?», «Егер 1,5 млн. ұсынса ше?», «Сол үшін темір торға немесе өлім жазасына дайынмын ба?».

Қазақстан үшін ең жақсы мысал­дардың бірі Гонконг қала-мемлекетінің тәжірибесі. Кезінде бұл елдің мемлекеттік жүйесінің 94%-ы жемқорлыққа батқан еді. Қазір тек 2-3% көлемінде байқалады. Ең алдымен, Гонконгта шенеуніктердің өз кірістерін жариялауы міндеттелді. Әрбір сатып алынған мүлік жеке заңды қаржыға сатып алынғанын дәлелдеулері тиіс. Бұл мемлекеттегі ашықтық пен жариялылық принциптерінің дамуына негіз болды. Естеріңізде болса, елімізде 7-8 жыл бұрын сайлау алдында бірқатар депутаттар мен саясаткерлер мүліктерін жария етіп, жыл сайын осылай етуге уәделерін берген еді. Дегенмен бұл іс аяқсыз қалды. Егер халық қалаулылары, министр, әкімдер жемқорлықпен күрес ретінде кірістерін халық алдында жариялап, басқа да мемлекеттік қызметкерлерді осыған үндесе тиісті нәтиже болар ма еді?! Әрине. Тіпті ондай заң болмаса да, жеке бастама ретінде мүлкін жариялауына ешкім кедергі болып отырған жоқ қой.

Екіншіден, Гонконгта жемқор­лық­қа қарсы тәуелсіз комиссия құрылған болатын. Ұйым парақорларды анықтаумен бірге, профилактикалық шаралармен айналысады. Жемқорлық фактілері бойынша күдікті кез келген ведомствоны тексеруге құқықтары бар. Комиссия жұмысын қоғамдық ұйымдар бақылайды. Егер комиссия басшысының жұмысы көңілдерінен шықпаса, онда оның орнына басқа біреуді сайлай алады. Қазақстанда да осы типтес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің құрылып, кейін таратылғаны белгілі. Оның қызметі қоғамнан тәуелсіз жүрген­діктен, мардымды ештеңе атқарған жоқ. Сәйкесінше дәл осындай ұйым Гонконг, Сингапур мен АҚШ-та қоғамдық бақылау арқасында жемқорлықпен нақты күрес жүргізіп келеді.

Үшіншіден, Гонконг мемлекетінде БАҚ-қа кез келген шенеуніктің «ісін» зерттеуге толық мүмкіндік берген. Көп жағдайда, журналистік зерттеу парақорлық істерінің ашылуына түрткі болып келеді. Қазақстанда болса, бұндай зерттеу түріне барлық жақтан кедергілер бар.

Қазақстан әрдайым мысал ететін Сингапур де кезінде сыбайлас жем­қорлыққа тұнған мемлекет болатын. Ли Куан Ю бастаған мемлекеттік реформа елді тығырықтан алып шықты. Алғашқылардың бірі болып соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету, жалақылары мен мәртебесін көтеру шаралары жасалды. Елдің заңы бойынша жемқорлыққа күдікті атанған азамат алдын ала кінәлі болып саналады. Мұндай норма «жемқорлық презумпциясы» болып аталады. Шенеунік сот алдында өзінің адалдығын дәлелдеуі керек. Сонымен бірге, жемқорлық жағдайларын тергеу бюросының қызметі де тиімділігін байқатты. Осы тұста, Грузияның мысалын келтіріп өткен орынды. Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили өз сұхбатында жемқорлықпен санасы уланбаған азаматтармен ғана жетістікке жетуге болатынын айтқан еді. «Билікке келгенде неден бастайтынымызды білмедік. Толған мәселе. Сондықтан адамдарды ауыстыру қажет екенін шештік. Өйткені бұған дейін мемлекеттік аппаратта болғандар жаңа өзгерістер жасауға дайын болмады. Бірнеше ай бойы ескі аппаратпен жұмыс істеп көргеніммен, еш пайда болмады. Ол адамдар дайын болмады», – дейді сая­саткер. Сондай-ақ, Грузияда билік сот пен полицияның жалақысын жоғарылатып, жемқорлықтың жойылуына негіз жасады.

Демек, Қазақстанда азаматтар жем­қорлыққа қарсы күрестен еш уақытта бас тартпауы керек. Сонда ғана жойылмайтындай көрінетін дерттің тамырына балта шаба аламыз.

Диас БЕЙСЕНБЕК

http://www.turkystan.kz/kz/articles/view/65063

Рубрика: