Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Кеңес дәуірінде кеңінен аталып өтетін «Кеңес армиясының күні» мерекесі де келіп қалды. Қандай шараны да «кеңестік өмір салтын» насихаттауға ұтымды қолдана білген кеңестік идеологтар бұл күнді де отандық патриотизмді лаулатуға шебер пайдаланатын. Әскери бөлімдер түгілі мектептер мен барлық оқу орындарындағы шараларда Кеңес әскерінің керемет ерліктері, Отан ісі жолындағы жанкешті әрекеттері кеңінен насихатталып, аяғы патриоттық әндер мен халықтың рухын көтеретін жырлар, қойылымдар, пьессалармен аяқталатын. Осы күндері барлық БАҚ-тарда Кеңес армиясының атына айтылатын мадақтар, ол туралы түсірілген кинолар мен спектакльдер жиі көрсетілетін. Осындай дүмпудің әсерімен Кеңес армиясы қатарында қызмет еткен жандар да бұл күнді атаусыз жібермеуге тырысып, әртүрлі жолдармен әйтеуір мерекелеп қалатын…

 

Дұрыс… Енді оның бәрі тарихтың еншісіне кетті. Тәуелсіз еліміз бұл күнді мереке деп санамайды. Өйткені, біздің Ұлттық армиямыздың құрылған күні 7 мамыр. Ол – Отан қорғаушылар күні деп аталады. Осы сөздің өзі өте ұтымды табылған атау. Өйткені, Отан қорғаушы қай күнде де қасиетті ұғым, ол біреудің табағына қол салмайды, күш көрсетпейді, тек өз Отанын қорғайды. Былтырдан бері ол Мемлекеттік мерекелер қатарына да енгізілді.

Бірақ бізде 23 ақпанды әлі де мерекелегісі келіп, құлшынып жүретін біреулер бар. «Кеңес армиясы қатарында қызмет еткеніміз рас қой, ендеше бұл күнді атап өтуге қақымыз бар» дейді ондайлар. Сондай отандастарымызға ой салар ма екен деген мақсатпен осы мақаланы жазуды қолға алдық.

Кеңестік деген дүниенің бәрі де орыс қоғамының гүлденуіне, орыс қоғамы иығының өзгелерден асуына қызмет етті. Осы жолда біршама табыстарға да жетті. Оған ешкімнің таласы жоқ шығар. Кеңес өкіметі орыс империясының аз санды ақсүйектерінің бәрін қоғамдық белсенді өмірден шеттетіп (көбін атты, асты, шетелге қуды), қалың бұқарасын (негізінен мұжықтар) партаға отырғызып, оларды мәдениетті халықтар қатарына қосты. Сондықтан да Кеңес өкіметіне алдымен орыс халқының осы өкілдері мен олардың ұрпақтары дән риза. Демек, кеңестік дүниені орыстың қарапайым халқы ұлықтап жатса – оларды түсінуге болады. Ал санымызды өсірмей, өремізді тарылтып, өрісімізді өрге бастырмай тастаған біз секілді халықтар кеңестік дәуірді дәріптеп, оның мерекелерін аңсайтын болсақ, ол тәуелсіздіктің қадірін білмегендігіміз болады. «Біз үшін де жақсылықтары болды ғой» дейтін пікірлер де айтылар. Әрине, болды. «Халық өкіметіміз, әлеуметтік әділеттікті жақтаймыз» деген ұрандарды көтергеннен кейін қазақ сияқты халықтарға да көп пайдасы тиді. Бірақ бәрібір, Кеңес идеологиясы біздің ұлт ретінде жойылуымызды әрқашанда ішінен қалап отырғанын, сол үшін жасырын, кейде ашықтан-ашық үлкен әрекеттер жасағанын ешқашан ұмытпауымыз керек. КСРО ұлттық саясатта екі тенденция ұстанды: 1. Ұлттардың гүлденуі; 2. Ұлттардың кірігуі. Әуелде екеуі тең болуы керек делінсе, артынан, 60-шы жылдардың басынан бастап, екіншісі біріншісінен басымды бағытқа ие болды. Орыстансаң, орыс бола бастасаң, соларша ойлап, соларша сөйлесең – қолтығыңнан демеп, қолыңнан сүйейтін. Ал, өз жүрегіңнің қалауымен жүріп, өз халқыңа қызмет еткің келсе және оны жасырмай айтып, білдіріп қойсаң, мүйіздеп шыға келетін.

Жә… 23 ақпанға келейік. Қазіргі орыс қоғамындағы  біршама еркін, шыншыл сөйлейтін БАҚ-тардың бірі — «Совершенно секретно» (СС) атты зиялы қауым сүйіп оқитын және тек дарынды, жақсы мамандар мақала жазатын газет. Сол газет ақпан айындағы нөмірінде 23 ақпан туралы «Праздник героев и бандитов» деген мақала берді. (Авторы А.Владимиров, №2, февраль 2013 г., 36 стр.)

Міне, осы мақалада Қызыл армияның қалай құрылғанының ақиқаты біршама ақтарылыпты. Алдымен, жұмысшы-шаруа қызыл армиясын (орысшасы РККА) құру туралы декрет 1918 жылғы 23 ақпанында емес, 28 қаңтарда шыққаны айтылады. Демек, Қызыл армияның күні осы десе – ол шындыққа жанасады.

Еріктілерден тұратын Қызыл армияның қатарына жазылғандар туралы: «записывались солдаты, развращенные войной, не пожелавшие вернуться к мирному труду, а решившие и дальше жить на казенном содержании. А также деклассированные, уголовные элементы, рассчитавшие на то, что положение «человека с ружьем», возможность легально заниматься «грабежом награбленного» вполне обеспечит их материальные потребности», делінген мақалада.

Осы орайда Алаш ардақтыларының бірі Ахмет Байтұрсыновтың тек қана қолындағы мылтығымен бейбіт халықты талауды, атуды ғана білген «большевик дегендерден» шошынғанын еске аласың. «Россияның орталық аудандарында большевиктер қозғалысының қалай өткендігі қазақтарға белгісіз, ал шет аймақтарда ол барлық жерде зорлау, қиянат жасау және ерекше диктаторлы өкімет билігімен қатар жүргізілді. Егер де бұрын «патша чиновниктері» деп аталған адамдар тобы қазақтарды ешбір шектеусіз езіп-жаншыған болса, енді мұндай әрекеттерді… большевик – коммунистердің әскері жүргізіп отыр», деп жазды Ахаң. («Жизнь национальностей» журналы,  1919 жыл). Міне, бұл істерді Қызыл армияға жазылған жаңағы ұры-қарылар, «бандиттер» жүргізген еді. Сол кездегі Қызыл армия басшыларының бірі Григорий Сокольников дегеннің өзі әскерді: «героизм отдельных лиц и бандитизм основных масс» деп сипаттаған.

Енді Қызыл армияның құрылған күні 1918 жылдың 23 ақпаны деп аталу себебіне келейік. Ол кезде Бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп, Ресей немістер мен австриялықтарға қарсы арпалысып жатқан. Орыс армиясының елдегі төңкеріске байланысты рухы төмендеп, әлсірегенін көрген немістер шабуылды үдетіп, Петроградты алуға шақ қалады. Осы кезде жан ұшырған большевиктер «Социалистическое отечество в опасности!» деген декрет-үндеуді жариялап, Қызыл армия қатарына жұмысшылар арасынан еріктілерді шақырады. Большевиктердің үгітімен 23 ақпанда әскер қатарына көптеген жұмысшылар келді. Бірақ, жағдай мүлде теріс бағыт алып, әскери дайындықтары төмен еріктілер сол күні Минскіден, 25 ақпанда Псковтан айрылады. Ал Нарваны қорғауға жіберілген Балтық флотының матростары тас-талқан болып жеңіліп, естері шыға қашады. Сол үшін олардың басшысы П.Дыбенко деген большевик артынан атылды.

Немістердің үдеткен шабуылын тек Ресейдің жеңілгенін мойындаған «Брест бітімі» ғана тоқтатты. Еске сала кетейік, бұл бітім бойынша Кеңестік Ресей Украина, Эстония, Финляндия елдеріне қожалық етуден, Қара теңіздегі флотынан, Балтық теңізіне шығу құқынан айырылды. Бұл Ресей патшалығының 56 млн. тұрғыны бар (барлық халықтың үштен бірі) 780 мың шаршы шақырым жері еді.

«Таким образом, 23 февраля 1918 года в действительности было днем позорного бегства Красной Армии и восстановления смертной казни» деп жазылған «СС-тағы» аталмыш мақалада. Ендеше, осы күнді Қызыл армияның құрылған күні деп дәріптейтін не жөні бар?

Сөйтсе, 1919 жылғы 23 ақпан «Қызыл сыйлықтардың күні» деп жарияланған екен. Оның мәнісі былай. Осы күні РККА-ның басшысы Троцкийдің орынбасары Э.Склянский деген бір қу Қызыл армияға көмек үшін буржуйлардың байлығын тартып алып, бөліп беру керек деген бастама көтеріп және оны іске асырады. Шын мәнінде ауқатты адамдарды тонау осы кезден басталған. Ешқандай заңсыз, низамсыз қарақшылық жолмен бай адамдардан тартып алынған қымбат дүниелерді, асыл заттарды қызыл комиссарлар, армия қатарына жазылған ұры-қарылар өзара бөлісіп алып, әскерге тек көнетоз киімдерді жібереді. Сөйтіп, 23 ақпан екінші рет Қызыл әскер үшін ұятты оқиғаның күні болады.

1920 жылдың ақпан айында Шығыс майданында біршама жеңістерге қол жеткен Қызыл армияны дәріптейтін үлкен насихаттық шаралар, соның ішінде бұқаралық митингтер ұйымдастыру қажет болған. Бұл уақытта 28 қаңтар өтіп кеткеннен кейін шараларды амалсыз, былтырғы 23 ақпанда болған «қызыл сыйлықтар күніне» үйлестіреді. Сөйтіп, осы кезден «Қызыл армия үшін» деген сылтаумен большевиктердің алғашқы  қарақшылық жасаған күні кейін тұрақты түрде Кеңес әскерінің күні аталады. Кейін оны ресми насихат 1918 жылғы 18 ақпанға алмастыра салады. Сөйтіп, ұятты күннің өзі үлкен насихат үшін пайдаға асып жүре берген.

КСРО-ның сыпыра жалғандықтан тұратын тарихи шежіресі кейін бұл күнді мың құбылтып, әспеттеудің шарықтау шегіне жеткізді. Соның ішінде Сталин өзінің 1938 жылы жазылған «Краткий курс ВКП (б)» атты еңбегінде ұялмай – қызармай: «23 февраля 1918 года под Нарвой и Псковым отряды Красной Армии наголову разбили немецких захватчиков» деп тас-талқан болып жеңілген шайқасты жеңіс деп жариялады. Жердегі жарты құдай тарихты қалай бұрмаласа да өз еркі емес пе, оған кім қарсы сөз айтсын. Жұрттың бәрі «иә, солай болған» деп қол соғуды ғана білген.

Міне, 23 ақпанның осындай тарихы бар. Ол ешқашан да Қызыл армияның құрылған күні болған емес, тек большевиктік насихат үшін қолдан жасалынған жалған тарихтың жасанды мерекесі. Жалпы, Қызыл армияның тарихына көз жүгіртетін болсақ, оның өне-бойында осындай қолдан жасалған дақпырттар өте көп. Мәселен, алысқа бармай, соның бірін ғана айта кетелік.

Маршал С.Буденный Сталиннің сенімді әскер басшыларының бірі екені белгілі. Патша армиясында унтер-офицер болған ол Қызыл армияның атты әскерін құруға біршама еңбек сіңіріп, бір жылдың ішінде полк командирінің көмекшісінен армия қолбасшысына дейін өсіп, көсемнің қолдауымен маршал атағын алды. Большевиктік насихат оны керемет дәріптеп, атағын аспанға шығарды. Сол маршал Ұлы Отан соғысы жылдарында өзінің ешқандай әскербасылық қабілеті жоқ екенін бірден көрсетті. 1941 мен 42 жылдар арасында Сталин оны Оңтүстік-Батыс, Резервтік және Солтүстік – Кавказ майдандарының қолбасшылығына тағайындағанымен ешқандай әскери білімі, қолбасшылық дарыны жоқ ол барлық жерде де әскерді қырғынға ұшыратып отырған. Мұндай басқа қолбасшыларды бірден атып тастайтын Сталин оған ешқандай жұмыс бермесе де енді ұлттық батырдың символы ретінде оны музей экспонаты секілді қылып, жанынан тастамай, өзімен бірге алып жүрді. Сөйтіп, Ұлы Отан соғысын «жеңіспен» аяқтаған маршалды 1946 жылы ауылшаруашылығы министрінің жылқы мәселесі жөніндегі орынбасары қылып отырғызып қояды.

Сталиннен кейін өкімет басына келген Хрущев атақты маршалдың төсінде Кеңес одағы батыры атағының алтын жұлдызы жарқырамағанынан «ұялып», 1958 жылы 75 жасқа келген оған осы атақты беріп тынды. Бес жылдан кейін 80-ге толғанда екінші алтын жұлдызды да тақты. 85-ге толған жасында өкімет басындағы Брежнев оған үшінші алтын жұлдызды қадады. 90-ға толған жасында 4-ші алтын жұлдызды да бермек болған екен, бірақ бұл жолы «ұят болар» деген болуы керек, Ленин орденімен шектеліпті. Міне, бұл кеңестік насихат үшін өкіметтің неден болса да тайынбай,  жалған дақпырттың неше атасын қолдан жасағандығының көрсететін мысалдың бірі ғана. Ал сол кездерде ерен ерлігімен Батыр атағын алуға тиісті ерлердің есімі ұмыт қала бергені белгілі. Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсеновтер Батыр атағына әбден лайық болғанымен соны ала алмай кетті. Тек еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана әділет жеңіп, Батырлар тиісті атақтарын алды. Бұлардан басқа қаншама белгісіз жандар Батыр атағына лайық ерен ерлік көрсеткенімен түрлі себептермен оны ала алмай қалды. Міне, Кеңес армиясы мен ондағы шындықтың бір парасы осындай. Сондықтан оның күнін атап өтеміз деп тыраштанатындар осындай деректерді де біле жүргені жөн.

 

http://www.zonakz.net

Рубрика: