Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

76776Бас қаламызда VI Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция өз жұмысын тамамдады. Енді АЭФ аясында айтылған ұсынымдар мен тұжырымдар қорытылып, оның негізінде Жаһандық дағдарысқа қарсы күрес декларациясы түзілмек. Ол «G20» елдері басшыларының жиынында қарауға жолданады деп күтілуде. Үш күн бойы жүрген Астана форумына әлемнің жүзге тарта елінен 10 мың делегат, соның ішінде 200-дей биік лауазымды тұлға, Нобель сыйлығының 10 лауреаты қатысты.


АЭФ-тің соңғы үшінші күні «Astana Invest» IV халықаралық инвестициялық форум жұмысымен басталды. Оған Үкімет басшысы Серік Ахметов қатысып, сөз сөйледі. Ол әп дегеннен-ақ бір елең ет­кі­зерлік жаңалықты жариялады: болашақта еліміздің бас қаласы құлашын кеңге сер­меп, Қарағанды мен Бурабайға дейін қанат жаюы мүмкін екен. «Астананы дамыту – оған келешекте өнеркәсіптік Қа­рағандыны және Щучинск-Бурабай курорттық аймағын тарта отырып, агло­меративтік дамудың перспективті ай­ма­ғы ретінде қарастырылуда, – деді Премьер. – Тұтастай алғанда, Астана агломера­ция­сы – білім беру, медициналық, турис­тік, инновациялық және басқа да бәсекеге қабілетті өнімдер мен қызметтер­дің ха­лықаралық орталығы ретінде қалып­та­судың елеулі әлеуетіне ие. Осыған бай­ла­нысты елордаға заманауи технология­лар керек». Үкімет басшысының айтуынша, ол технологиялар бірінші кезекте, қуат үнем­деуге, «жасыл экономиканы» дамытуға бағытталуға тиістігін атап көрсетті. Оның байламынша, тұтастай алғанда, Астана «эко­номикалық жаңғырудың локо­мо­тивіне» айналу үшін барлық алғышарт­тарға ие. Ол ең озық технологияларды ендіруде еліміздің өзге өңірлеріне үлгі көрсетуге тиісті. Серік Нығметұлы Аста­наның «ақылды шешімдер мен смарт-технологияларға негізделген» «Бола­шақ­тың қаласы тұжырымдамасы» бо­йынша қалыптастырылып жатқан­дығына сен­дірді.

«Біз бизнес-қоғамдастықтың кез келген іскерлік бастамалары мен ұсы­ныстарын қарауға ашықпыз және да­йынбыз!» деп мәлімдеген Үкімет жетекшісі инвесторларды Үдемелі ин­дус­триялан­дыру бағдарламасының екінші кезеңін жүзеге асыруға қатысуға шақырды. Қа­­-зіргі қолданыстағы ҮИИД мембағдарла­ма­­сы 2014 жылы аяқталады.
Ал Астана әкімі Иманғали Тасма­ғамбетов елордадағы инвесторларға бе­рілетін жеңілдіктер мен преференциялар туралы айтып берді. Астана басшысы бас қала жанынан жаңа, екінші Индус­­триал­дық парк құрылатындығын хабарла­ды. Жалпы ауданы 450 гектар болатын ол паркті құруға қала басшылығы ендігі кірісіпті. «Бұл жерде біздің бизнес-әріп­тестерімізді ең тиімді преференциялар – жер телімдері, банктерден алған кре­дит­­-тің ставкаларын субсидиялау және банк­терге кепілдік қамтамасыз етуді 50 пайызға дейін кепілдендіру, шетел жұмыс күшін тартудың оңайлатылған тәртібі, әкім­ші­ліктік процедуралардың екі есе қысқаруы күтеді.

Нысан іске қосылғаннан кейін жер және мүлік салығы, сондай-ақ корпора­тивтік табыс салығы толығымен жойылады. Қосымша құн салығының сомасы қайта­рылады, бұл инвесторлардың шығынын 12 па­йыз­ға дейін қысқартады» деді И.Тас­ма­ғамбетов. АЭФ аясында саясаткерлер мен мем­лекет­тік қайраткерлер, белді жаһандық ұйымдар жетекшілері, Нобель сыйлығының лауреаттары сынды әлемдік ақылшылар мен данышпандар, сарабдал сарапшылар мен майталман мамандар экономикалық өрлеу жолынан жаңылмау және өсім қар­қынына қарқын қосу жайын қарады. Осы орайда ел Үкіметіне «Үштік одақ» елдерімен ортақ валюта құрмауға кеңес берілді. Фо­рум­ның үшінші күнінде «Өңірлік ықпал­дастық. Бірыңғай экономикалық кеңістікті құру жағдайлары мен перспективалары» атты халықаралық конференция өткен бо­ла­тын. Соның барысында арнайы баяндама жасаған Аргентинаның 1991-96 және 2001 жылдардағы экономика министрі, 80 жыл­дарда осы елдің Орталық банкінің пре­зиденті болған, қазір Йель универси­тетінің Жаһандық мәселелер бойынша аға ғылыми қызметкері Доминго Кавалло Қазақстанды төл теңгесінен бас тартып, басқа елдерінің қателігін қайталамауға шақырды. Ұлттық банк төрағасы Григорий Ма­р­чен­ко түптің-түбінде Еуразиялық одақ мү­шелері ортақ валютаға келуі мүмкіндігін жоққа шығармады. Оның бағалауынша, ортақ валютаны біздің кеңістікте 10 жылда ендіруге болады. «Бірақ біз әзірге ол бағыт­та жылжыған жоқпыз» деді ол.

Г.Марченко Бірыңғай экономикалық кеңістіктің (БЭК) Қаржылық қадағалаушы-бақылау органы Қазақстанда орналаса­тын­дығын жария етті. «Біз тиімді қызмет жа­сауға қабілетті ортақ қаржылық институт құры­лымын түзуіміз қажет, – деді ҰБ төра­ғасы. – Ол дағдарыстар кезеңінде туындай­тын қаржылық нарықтардағы пробле­ма­ларға қарсы тұра алуға тиісті» деген ол Қа­зақстан, Ресей, Беларусь президенттері қол қойған келісімде бұл құрылымның «Бірыңғай қаржылық бақылаушы орган» болуға және Қазақстанда орналасуға тиістігі нақты жазылғандығын жеткізді. Осы жиында еліміздің Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Мәдина Әбілқасымова БЭК-ке мүше бол­ғы­сы келетін елдерге қандай талаптар қой­ы­латындығын айтып берді. Осыған құш­тарланған мемлекеттердің көрсеткіштері, параметрлері мынадай болуы керек: «Бюд­жетінің жылдық тапшылығы елдің жалпы ішкі өнімінің 3%-ынан аспауға тиісті. Мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің 50%-ынан жоғары болмауға тиіс. Орташа жылдық шамадағы инфляция деңгейі БЭК-тің ең төмен көрсеткішке ие қатысушысының инфляция деңгейінен 5%-дан артыққа аспауға тиіс». М.Әбілқасымова БЭК-ке қазірден мүше, яғни оның негізін қалаушы мемлекеттер бұл талаптарды сақтап отыр деп айтуға болатындығын қосты. Рас, Белоруссияда инфляция асып кетіпті.

Бүгінгі таңда «Үштік одаққа» сыналап кіруге қызығушылық танытып отырған елдер бұл талаптар үдесінен шығуға тырысу­да. Мысалға, Қырғызстан сыртқы мемле­кет­тік қарыздың ең жоғарғы шегін белгілеп, оны ЖІӨ-нің 50 пайызымен шектеуде. Әзірге мемқарыздың ЖІӨ-ге шаққандағы арақатысы «айырқалпақты» ағайындарда – 52,4%, ал Тәжікстанда – 35,3% көрін­еді. АЭФ биыл тек экономикалық тақырып­тар­дың тар шеңберінде шектеліп қалмауға тырысыпты. Осы орайда оның аясында «Зияткерлік меншік құқықтарын интернет желісінде қорғау: мәселелері мен келешегі» атты панелдік сессия өтті. Осы жиында жинал­ғандарды қайран қалдырған қызықты бір мәлімет жария етілді.
Әлемдік алпауыт eBay интернет-дүкені арқылы қазақстандық жазушы Әкім Тара­зи­дың 1 миллионнан астам кітабы саты­лып­ты. Әрине, бұл жерде ойы орамды, қаламы қарымды жазушымызды үлкен жетістігімен құттықтап қоюға болар еді. Алайда ол табысы турасынан Әкім ағамыз­дың өзі беймәлім қалыпты: жиын бары­сын­да ол кітаптардың электронды күйде автордың келісім-ырзалығынсыз, сырттай сатылғандығы хабарланды.

– Дәл осы интернет-дүкендер арқылы контрафактілік өнімдер өткізіледі, – деді Әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина. – Оның барысында авторлардың және басқа да құқықиеленушілердің құқықтары бұзылады. Атап айтқанда, «electronic Bay» арқылы қазақ әдебиетінің белгілі классигі, 2011 жылғы Франц Кафка медалінің лауреаты Әкім Таразидың шығармалары таралуда. Тек аталған интернет-дүкен ар­қылы оның 1 миллионнан астам кітабы өт­кізілген. Оның кітабы екі жылдан астам уақыт бойы Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Австралия, сондай-ақ африкалық елдерде сатылуда. Соған қарамастан, автор өзіне тиісті сыйақыны ала алмады. Өйткені ол өзі­нің кітабын сатушы аккаунттың иесі кім болып табылатындығын анықтай алма­ды». Егер содан түскен қаржының барлығы жазушының қалтасына құйылғанда, Әкім ағамыз миллиондаған доллар табыс табатын еді. Мысал үшін: ресейлік әнші Земфира өз еліндегі электронды саудадан ең көп пайда тапқан өнерпаз саналады, биылғы 14 ақпанда ғаламторға ақылы жүктеуге өзінің «Жить в твоей голове» атты соңғы туынды­сын шығарған, ақы соңында ол алғашқы он күнде-ақ екі миллион рубль кіріс тауып­ты. Әйткенмен Ә.Тарази де біраз ақшаны өндіріп алуы мүмкін екен. Вице-министр «Ұлы­британия баспагері кітабын басқан­дығы үшін авторға шамалы сома төлеуге міндеттеме алғандығын» айтты.

Қазақстанда да мәселен, әншілердің жаңа әндерін іздеп, дискілер сатылатын музыкалық дүкендерге бас сұғатындар шамалы. Қазақстандық тұтынушылар не ғаламторды шарлап, тегін жүктеп алады, не көшеде заңсыз диск сатушылардың алдын­дағы «тауарын» қопарады. Бұл ретте кеше АЭФ аясында еліміздің Әділет министрі Берік Имашевтің өзі Қазақстанда интернет-қарақшылармен күресті күшейтетіндігін білдіріп, тіпті шетелдегі қатал шараларды елде ендіруге дайындық танытты: «Бүгінде интернет-пираттықпен күрестегі табысты тәжірибені білу және белсенді игеру маңызды, – деді министр Берік Имашев. – Осы тұрғыдан алғанда, біз тығыз ықпал­да­стыққа және ынтымақтастыққа дайын­быз. Өзіміз де үйреніп, өз тәжірибемізбен бөлісуге де әзірміз» деген ол бағдарламалық өнімдер, музыкалық және киноиндустрия туындыларының, сондай-ақ өнеркәсіптік меншік нысандары секілді зияткерлік меншік объектілерінің ғаламторда қоғамға кең сатылатындығын білетіндігін білдірді.
VI АЭФ аясында денсаулық сақтау мәселелері де кең қамтылды. «Ұлттық сая­сат. Денсаулық сақтаудағы әлеуметтік жаңғырту» атты сессияға Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова шақырыл­ды. Осы орайда мемлекеттің дәрі-дәрмек бағасын биылғы жылдан бастап-ақ реттеуге кірісетіндігі мәлім болды. Айтқандай, қым­баттауын болдырмау үшін дәрілік препа­раттар бағасына мемлекеттік реттеу қажет­тігін Бәсекелестікті қорғау агенттігі айтып, бастама көтеріпті. Осыған түсініктеме берген Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов Денсаулық сақтау мини­стр­лігінің мұны толығымен мақұлдай­тындығын мәлімдеді. Ол бұл реттеудің «әсіресе, зейнеткерлер мен балаларда күн сайынғы сұранысқа ие өмірлік маңызды дәрі-дәрмектерге» қатысты керектігін нықтады. Кейбір дәріханалардың дәрі-дәрмектерге тіпті 400 пайыздық үстеме қо­са­тындығын кезінде Елбасы сынға алға­ны бар.

– Бұл факторды зерттеген кезде, әр­дайым кез келген фармкомпанияның, дәріхананың дәріні өз құнынан әлденеше есе қымбатқа сататындығы анықталады, – дей келе, вице-министр әлгі Агенттікпен бірлесіп, өздерінің нормативтік-құқықтық актіні әзірлегендерін қосты. Бүкіл Қазақстан бойынша кейбір дәрілерге шекті баға белгіленбек. Ерік Байжүнісов әу баста бұл ұсынысты министрліктің бұйырығы және Үкіметтің қаулысы арқылы өткізуді жоспарлап отырғандарын, ал болашақта бұл норма «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске түзету түрінде бекітілетіндігін мәлім етті. Кодекске өзгеріс маусым айында-ақ Мәжі­лісте қарала бастайтын көрінеді. Яғни вице-министрдің мәлімдеуінше, дәрі баға­сын мемлекеттік реттеу биылғы жылдан бастау алады. VI Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конферен­ция, Премьер С.Ахметовтың, сондай-ақ форумның кілең аты мен атағы әлемге та­ны­мал, мәртебелі қонақтарының қа­тысуымен өткен «Көшбасшылар диалогы: G-global форматында теңгерілген эко­номи­ка­лық өсімді қамтамасыз ету» атты бір­лескен жиынмен тамамдалды.

Айхан ШӘРІП

http://www.aikyn.kz

Рубрика: