Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

АСТАНА. 10 қаңтар. BAQ.KZ — Осыдан біраз уақыт бұрын Жағда Бабалықпен сұхбаттасқан едік. Ол кезде тың еді. Ширақ еді. Көп ұзамай Жағда ата төсек тартып жатып қалды. Күнделікті күйбеңнің жетегінде, «сұхбатты қағаз бетіне әне түсірем, міне түсірем» деп жүргенде, ол кісіден айырылып қалдық. Дегенмен «ештен кеш жақсы», берері мол қазыналы қарияның әңгімесінің бір парасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

— Ата, бір әңгімеңізде «Назарбаевқа жазған батам сақтаулы тұр» деп едіңіз, көруге бола ма?

— Ол мына архивтің ішінде қалды. Білмеймін қай қорапта қалғанын. Балалар үйге күрделі жөндеу жүргізді де, бар қағазым буылып тұр. Кейін көрсетуге болады.
— Архивіңізге ие болып қалатын мұрагеріңіз бар шығар?
— Жоқ.
— Неге? Балаларыңыз ше? 
— Балалардың ешқайсысы ұстамады. «Ұстау» деген нәрсе… ол қиын ғой, балам. Оңай нәрсе емес…
— Неше балаңыз бар? 
— Екі балам бар. Бір ұл, бір қыз. Бесеу еді, үшеуі өліп қалды.
— Сонда қалай? Құнды архивтің қадірін білетін, бағасын түсінетін, осынау қазынаңызға иелік ететін бір адамыңыз жоқ па? Тым болмаса, шәкірт, ізбасар тәрбиелемедіңіз бе?
— Шәкірт тәрбиелеуге болар еді. Соны уақытында ойламаппын. Енді мұның бәрін мұраға ие болатын бір мекемеге беруге болады. Былтыр Ғылым академиясынан «Жәке, қолыңда не бар?» деп сұрады. «Айналайын, не бар екенін өзім де білмеймін. Қандай тақырыптар бар екенін де білмеймін. Мен тарих та жинаймын, тіл де жинаймын, этнография да жинаймын, бәрін жинай беремін. Мөлшермен 150 келілік қолжазба бар» дедім. Анау гос архив сұрады. 18 келісін соған бердім. Келілеп өлшеп тұрмын, тақырыбын, не бергенімді білмеймін. Екі сөмкемен көтеріп бардым. Бірақ олардың бір жақсылығы — маған не алғанының барлығын жазып берді. Содан кейін 5 келісін қолжазбалар институтына бердім. Олардан маған жауап келген жоқ, «мына нәрсені алдық» деп айтқан жоқ. 50 келісін А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтына бердім. 50 келі! Олар да маған «мынадай дүниені алдық» деп жауап қайтарған жоқ.
— Өзіңіз бергенде бәрінің тізімін жасап бермедіңіз бе? 
— Оны мен қайтіп жасап отырамын, айналайын?!.
— Сіз зерттемеген тақырып жоқ шығар…
— Мен білетін, мен зерттеген мәселенің әрқайсысы — жеке-жеке тақырып қой, балам. Бір әңгімемен бәрін бір-ақ айтып тауысу мүмкін емес. Құсбегілік, ұлттық спорт, ұлттық тағам, ұлттық киім, әдет-ғұрып, салт-дәстүр жөнінде қаншама әңгіме айтуға болады. Мұның бәрі өте керек нәрсе. Мына дастарқан дейтұғын әлемдегі ең үлкен мәдениет қой, сол жөнінде ой қозғауға болады. Осы секілді жеке-жеке тақырыптар арқылы көп нәрсені айтып қалуға болады. Мәселен, менің қолымда 270-тен астам ұлттық спортымыздың аты-жөні тұр. Ешкім білмейді, ешкім оны іздемеген. Мен Қытайдағы қазақтардың өмірінен жинағам. Соның бірі — бүркітшілік, құсбегілік. Мен үш кітап жаздым, екеуі құсбегілер жөнінде, біреуі төрт түлік малда болатын аурулар туралы. Төрт түлік малда болатын ауруларды қазақ қалай атайды, қалай диагноз қояды, немен дауалайды? Соны жаздым. Қаншама мақала жаздым. Бірақ өкімет оған көңіл аударған жоқ. Сол кітаптарды қайта басып шығару керек. Мен өзім шөппен айналысам ғой. Мыңдаған шөпті білем.Кейде өзімді дауалаймын…
— Емдік шөптердің түр-түрін білетін шығарсыз?
— Білетінім аз емес, білмейтінім одан да көп. Мысалы, қазақтар аршаны түтетіп иіскейді ғой. Бір жолы жөтеліп, ауырып қалдым. Арша иіскедім. Ертеңіне жөтел жоқ. Рахат.
Ойланып қалдым.
Бір күні жолдасымның үйіне телефон шалдым. Әйелі алды.
— Әй, шалың бар ма?
— Бар.
— Мен қазір барайын деп отырмын. Қуырдақ қуырып қой, бір коньяк алып қой, — дедім. Жолдасымның әйелі болған соң қалжыңдаймын ғой.
— Болады, болады, — деді.
— Өзің жөтеліп қалыпсың ғой?..
— Иә, екі-үш ай болды, жөтелім тоқтамайды…
— Дәрігер не дейді?
— Білмеймін, дәрігердің дәрісінің бәрін іштім, болмады, — деді.
— Қазір мен барып жазып жіберем сені, — дедім.
— Иә, сен мазақтайсың… Кімге күлкі, кімге түрпі, — деді. Қалжыңдасатынымды біледі ғой. Содан екі тал темекінің ішіндегісін алып тастадым да, аршаны үгітіп, әлгі екі тал бос темекіні сонымен толтырып, салып алдым. Барсам қуырдақ дайын. Коньяк ашылды. Шалы екеуміз әңгімелесіп, қуырдақ жеп отырмыз. Анау әйел қайта-қайта жөтеліп, мазасы кетіп жүр.
— Әй, мынаның біреуін тартып жіберші, — дедім.
— Қойшы-ей, осы сенің мазағың-ақ таусылмайды екен, — деп қолын сілтеп, кейіді. Және беріп едім, және сөйтті. Сосын шалы ұрысты: «Немене, осыдан өліп қалам деймісің. Тартпаймысың!» деп еді, шалынан қорыққанынан әлгі темекіні қолына алды. Мен дереу сіріңке жағып, тұтаттым. Шалы «ішіңе тарт, ішіңе тарт» дейді. Ішіне тартып-тартып жіберді де, «өй…» деп, тамағын кенеп, бірден жақсы нәтиже сезініп қалды. Осылайша, үш жарым ай жөтелген адамды арша толтырылған екі тал темекімен жазып жібердім.
— Ол кепкен арша ма?
— Иә, тек қана кепкен аршаның түтінін өкпеге жіберу керек. Бір құрғақ жөтел болады ғой. Соған бұдан артық ем болмайды. Мен талай адамды шөппен жаздым. Қайбір жылы өзім үш жыл бойы геморроймен ауырдым. Ана дәрігерге барам, мына дәрігерге барам. Болмайды. «Апыра-ай, а» деп қиналып жүрдім. Бір күні, өзімнің тұнба жасаған шөбім бар еді, өте улы шөп, елу граммдай сүтті алдым да әлгіден бір қасық сүтке қостым. Инеге сорғызып алдым да, соны ішіме жібердім. Жатарда жасаған едім, таңертең тұрсам, жеп-жеңіл, өзімді жақсы сезіндім. Ой, жақсы болды ғой деп, кешке жақын және қайталадым. Үш жыл ауырған адам едім, екі-ақ сеанспен жазылдым. Содан кейін екі жылдан кейін бір қайталады, сол жолы және бір рет жасадым, содан жазылып кеттім.
— Ол шөп қалай аталады? Оның тұнбасын қалай жасайды? Қайната ма?
— «Қара андыз» деген шөп. Қайнатпайды. Спиртке не болмаса араққа салып қойып, тұнба жасайды. Өзі қып-қызыл болып шығады. Былтыр бір тойға бардым. Сол тойда алпыстың үстіндегі бір адам келіп, амандасып, жалпақтап жатыр. Кім екенін танымаймын. Семейден келіпті. «Жәке, сізге рақмет айтайын деп келдім» дейді. Неге десем, «осыдан жиырма жыл бұрын астмамен ауырып, тура өлуге жақындап, әбден әлсірегенде біреу айтты дейді, «ей, сен Жағдаға баршы» деп. Содан сізді іздеп Алматыға келсем, сіз ауылға кетіп қалыпсыз. Ауылға іздеп барып, жұрттан сұрасам: «Жаңа ғана бір-екі адаммен былай қарай кетіп қалды. Қолында күрегі бар» деді. Артыңыздан қуалап, шөп теріп жүрген жеріңізден таптым. Амандасып, хал-жағдайымды айтып едім, үндемей тұрып қалдыңыз да, «жүр» деп ертіп барып бір жерден бір шөпті күрекпен қазып, тамырын алдыңыз. «Мынаны қайнатып ішесің…» деп, қолдану әдісін айтып болғаныңызша қасыңыздағы екі адам сізді шақырды. Сіз күректі сол жерге тастадыңыз да кетіп қалдыңыз. Мен тұрып қалдым. Бір ғана шөпті не істеймін? Өзім сонау Семейден келдім. Әлгі шөптер қаптап тұр. Күректі алдым да бір қап шөпті бір-ақ қазып алдым. Содан сіздің айтқаныңыз бойынша іштім де ауруымнан құлантаза айықтым. Рақмет айтайын деп келдім» дейді. Ол шөп біздің Алатаудың бөктерінде көп. Шөптің неше түрлісі бар…
— Этнографиямен қашаннан бастап айналыса бастадыңыз? Не себеп болды?
— Мен тарих жинаған адам едім. Бір жолы Әлкей Марғұланға өзімде бар дүниелер туралы, жиып-тергендерім туралы айтып едім, «бәрін әкел, кандидаттық қорға. Документтердің барлығын өзім дайындап беремін» деп барлық құжаттарымды дайындатып, маған көмекшісін тағайындап, бір-екі жыл сонымен жұмыс істедім. Артынан ойға түстім. Жүз том тарих жазсаң да қазақ халқын бір күн де сақтап тұра алмайды. Бір том тіл жазсаң ол бір күнге сақтап тұруға шамасы жетеді. Қазақ тілін айтамын. Сондықтан «тарихқа босқа уақытымды өлтірмейін» деп, тілге ауып кеттім. Құдайға шүкір, тіл жөнінде бірқанша нәрсені қағазға түсірдім. Қазақтың тілі өте бай, өте құнарлы тіл. Бір сөздің бірнеше баламасы бар. Бір заттың бірнеше атауы бар. Мәселен, адамның басында бес жүзден артық атау бар екен. Көзде екі жүздің үстінде атау бар. Ішу мен жеудің қаншама атауы бар! Соның бәрін қағазға түсірдім. Адамның мінез-құлқы жөнінде түсірдім. Жердің бедері жөнінде атауларды жинадым: тау, төбе, шоқы, үстірт… он мыңдай атауы бар.
— Мұның бәрі қолжазба күйінде сақтаулы ма? Кітап етіп шығару ойыңызда бар ма?
— Қолжазба күйінде. Ешқайсысы шыққан жоқ. Кезінде төрт түлік мал туралы, мал аурулары туралы кітабым шыққанын айттым. 500 дана ғана. Ол уақытта пікір айта алмайсың ғой. Қазақ атауларын орыстың кезінде ғылым деп санамады ғой. Бірақ маған бірқанша адамдар телефон шалды, «өте жақсы шыққан, бізде жоқ сөздердің бәрі кірген екен» деп.
Бір қызық айтайын. Қыстың күні, ақпан айында мал төлдейді ғой, сол жаңа туған төлдің сүйегіне суық тиеді. Сүйек қарайып кетеді. Соны қазақтар «қаракемік» дейді. Қаракемік ауруы малдың жетілуіне бөгет жасайды. Оның жүні де жетілмейді, еті де жетілмейді, майы да жетілмейді, мінез-құлқы да жетілмейді. Сондай бір ұзақ жүретін ауру. Сол туралы мен бір мақала жаздым. Ол уақта «Білім және еңбек» дейтін журнал бар еді, жазғанымды соған бердім. Марқұм Ақселеу Сейдімбек редактор еді, әлгі мақаланы басты да жіберді. Бір жұмадан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі шу шығарды, «қайдағы бір қайыршы біздің ғылымымызға шабуыл жасап жатыр, біздің ғылымымызды жоққа шығарғалы жатыр…» деп. Ол кезде қойды ақпанда төлдетуші еді. Мен соған қарсы пікір білдірдім. Қойды ақпанда төлдетуге болмайды. Сол мақалаға қойдың екі сүйегін, төрт-бес асықты — әлгі қаракемік асықтар мен сап-сау ақ асықтарды қатар қойып суретке бергем. Журналға шығып кеткен. Содан бұлар тас-талқан болып, «сен қайдағы бір ғылымға кірмейтін, ғылымға қайшы нәрсені бастың» деп Ақселеуге қысым жасады. Ақселеудің көзі бақырайып кетті. Мен айттым: «Ақа, сен саспа. Олар жазба түрде жауап берсін. «Мынау қате айтып отыр» деп жауап берсін. Дәлелдесін. Мен дәлелдеп отырмын ғой» дедім. Содан олар менің мақалама жазбаша жауап қайырды: «Бұл айтып отырғаны былжырақ, ол қазақы қойда болады, біздің ақ қойда бұл болмайды» деп жазыпты. Содан кейін Ақселеу қуанып кетіп, маған диплом берді. Ол диплом менде бар… Қазақтың төрт түлік малға деген көзқарасы әлі зерттелмей жатқан дүние ғой. Төрт түлік мал — қазақтың құты еді. Қазір сол малдан айырылдық. Қайран, қазақы қойлар десеңші! Оның майы, оның еті, оның сорпасы — әрқайсысы жеке-жеке ғылым ғой…
— «Ет — етке, сорпа — бетке» демекші, нағыз денсаулыққа керекті ғылым дейсіз ғой…
— Дұрыс айтасың, қазақтың ұлттық тағамдарының бәрі — ет пен сорпа, қымыз бен шұбат, құрт, ірімшік… бәрі де қазақтың денсаулығы үшін өте пайдалы тағамдар. Осыдан он бес жыл бұрын бір қызық болды. Кішкентай радиом бар еді, соны қойсам, Пәкстаннан бір ақпаратты айтып жатыр екен. Әлгі нашақорлар, маскүнемдер, тағы басқалар бар ғой, Пәкстанда соларды халықтық медицинамен дауалау туралы мәселе қойылыпты. Орыс тілінде беріп жатыр. Мен орыс тілінде ұқпаймын ғой. Бір сөзін ұғып, бір сөзін ұқпай, әлгі хабарды соңына дейін тыңдадым. Жалпы, бағытын ұқтым. Сосын ойландым: Пәкстанға қарағанда Қазақстанның табиғаты әлдеқайда кең, көркем. Демек, Қазақстанның табиғатына бейімдеп, нашақорларды дауалауға болады деген қорытындыға келдім. Қалай емдеуге болады деген мәселеде оншақты түрлі әдіс-тәсіл жаздым. Жүрген жерімде жұртқа айтып та жүрдім. Бірақ ешкім құлақ асқан жоқ. Сонан кейін қызық болды. Бір күні бір әйел келді. «Аға, мен Семейден келдім. Жалғыз ұлым бар еді, жақсы оқыған, институтқа түсіп еді, сол нашақұмарлыққа салынып, институттан шығып кетті. Ешқандай амалым қалмады. Сіз нашақорларды дауалайды екенсіз. Соған көмектесіңіз…» дейді. Ол кезде емдеу тәсілдерін жазғаныма да бірталай жыл өткен. Теория жүзінде қалған. Ол жазғанымның қай жерде қалғанын да білмеймін. Ойланып отырып, есіме түсірдім. Бір әдісі кішкене ойыма келді. Қазақ халқы бүйтеді: күзде қайсы қой ермен шөбін көп жейді, соны бақылап жүруді қойшыға тапсырады. Кейбір қойлар осы ерменді өліп-талып жейді. Оны жеген қойдың еті де, майы да сап-сары болып кетеді. Қазақ ерменді көп жеген қойларды күзде сойып, етін балаларына жегізеді, сорпасын ішкізеді. Ұрсып отырып ішкізеді сорпаны. Ащы ғой. Мен соны бір әдіс қып жазғам. Сол ойыма түсті де, әлгі әйелден «сіз қай жерден келдіңіз?» деп сұрадым. Семейдің Ақсуат деген жерінен. Ауылыңызда қой бар ма? Бар. Қазақы қой ма? Қазақы қой. Қойшылардан сіздің туыстарыңыз бар ма? Бар. Сонда мынадай қой болады, сол қойды сойып, балаңызға сорпасын ішкізіп, етін жегізіп, күніне екі рет балаңызды сиырдың жылы сүтіне ваннаға салыңыз дедім. «Мақұл» деп кетіп қалды. Мен ол туралы ұмытып та кетіппін. Үш жылдан кейін әлгі әйел келіп отыр. Танымаймын. «Сіз бір уақта осындай ем айтып едіңіз, сол бойынша мен баламды дауалап едім, балам жазылды, қайтадан институтқа кірді. Сізге рақмет айтайын деп келдім» деді. Сонда менің анау әдістерімнің бірқаншасы нашақорларды дауалауға мүмкіндік береді екен.
— Сөзді зерттеу мен шөпті зерттеу — екі бөлек нәрсе, екеуі екі түрлі ғылым ғой, ата, шөпке неге қызықтыңыз? Бір нәрсе себеп болған ғой?
— Қытайлардың шөпке деген ерекше ықыласы менің қызығушылығымды оятты. Олар емдік шөптің түр-түрін біледі. Сол себепті олардың медицинасы ілгері кеткен. Өлім-жітім аз. Мен Қытайда жүргенде бірнәрсеге жауап іздедім. Біз неге азбыз, қытай неге көп? Баланы біз де аз таппаймыз. Қытайдан артығырақ табамыз. Бірақ біздің санымыз өспейді. Өйткені шығын көп. Ал қытайларда шығын аз. Сонда менің тапқаным мынау болды: қытайдың кемпір-шалдары жүздеген шөпті біледі. Олардың бәрі шөп жиятын уақытта тау жағалап немесе дала кезіп кетеді. Шөптің түр-түрін жинап, кептіріп, сақтайды. «Анау ауырып қалыпты» десе, «мынаны апар», «анау жөтеліп қалыпты» десе, «мына шөпті бер»… Сөйтіп жатады. Өсімді сақтап қалады. Ал біз ше? Осыншалық шөпті басып-жаншып жүріп біреуіне көңіл бөлмейміз. Кавказда алты мың шөптің түрі бар. Қазақстанда он мың түрі бар. Бір ғана жусан және жусан тектестің Қазақстанда 150 түрі бар. Бұл дегенің — үлкен байлық! Мұндай байлық бүкіл әлемде жоқ. Осы байлықты қазақ пайдаланбайды. Мен қазір мынадай ойда жүрмін. Еуропаның қазіргі дәрісінің бәрі — химия. Химиялық жолмен жасайды. Неге біз дәріні биологиялық жолмен жасамаймыз? Неге біз шөпті пайдаланбаймыз? Неге біз сүтті пайдаланбаймыз? Неге біз қымызды пайдаланбаймыз? Неге біз шұбатты пайдаланбаймыз? Неге біз қолымыздағы асыл дүниені көзге ілмейміз? Мұның бәрі біздің сауатсыздығымыз. Біздегі медицинаның бір саласын таза биологиялық дәрілерді жасауға, биологиялық дәрумендерді пайдалануға бұру керек. Әйтпесе болмайды. Шөпті пайдалану керек. Неше түрлі шөптер бар. Бұл өте күрделі мәселе.
Басымнан өткен бір дүниені айтайын. 1945 жылы біз партизанбыз, қытаймен соғысып жатырмыз. Партизандарда не күн бар? Оларда медик жоқ, дәрігер жоқ. Бір күні бір жақсы азаматтың қара санын оқ осып кетті. Бірақ сүйегі аман. Жара күннен-күнге қауіпті болып кетіп бара жатыр. Не істеу керек? Біреу: «Бәлен жерде емші бар, сол емшіні алып келейік» деді. Мақұл деп, қос атпен екі-үш кісіні жібердік. Алып келді түн ішінде. Жас мөлшері жетпіске тақап қалған, өте ширақ, тың адам. Әлгінің жарасын көрді. «Мынаның туыстарынан, жақындарынан немесе ауылдастарынан адам бар ма іштеріңде?» деді. Бар дедік. Ең жақсы мергендерінен үшеуін алып келіңдер деді. Үш жігітті алып келдік. «Ал балалар, ата аласыңдар ма?» Ата аламыз. «Өтірік айтпайсыңдар ма?» Өтірік айтпаймыз. «Мына туыстарың осындай қауіпті дерттің астында қалды. Сендер пәлен жерге барыңдар» деп бір адрес айтты. Жаздыгүні еді. Майлы деген тау бар еді, соның бір сайын айтты. «Сол жерге барасыңдар. Онда суыр көп. Үркітпей, айғайламай, шуламай ғана баспалап барыңдар да, жатыңдар. Күтіңдер. Суыр іннің аузынан шығады да айғайлайды, сол суырды өлмейтін жерінен атыңдар. Ол жаралы болғаннан кейін қайтадан інге кіріп кетеді. Күтіп отырыңдар. Біраз уақыттан кейін іннен және бір сау суыр шығады, шығады да айғайлайды, шақылдайды. Атпаңдар оны. Ол біраз отырады да, далаға кетіп қалады. Біраздан кейін даладан қайтып келеді. Іннің аузында тұрып және шақылдайды. Сонда сен оны өлетін жерден ат. Сол жерде құлайтын болсын. Барыңдар. Соның аузында үш-төрт тал шөп болады, соны алып келіңдер». Әлгілер осы айтқанының бәрін істеді, шөпті алып келді, ол шөп әлгі баланы жазды. Сонда сау суыр шөпті жаралы суырды дауалау үшін әкелген екен ғой. Көрдің бе, шөптің қасиетін хайуан пайдалана білгенде, біз, адамбыз, пайдаланбаймыз ғой. Не деген надандық. Не деген сорлылық бұл! Өз қолыңдағы байлықты пайдаланбай… Шөпті пайдалану керек, шөп деген өте пайдалы нәрсе. Неше түрлі улы шөптер бар. «Арглавин» деген дәрі жасады бір қазақ, білесіңдер ме? Ракқа қарсы. Бірақ ол химиялық жолмен жасады. Ол ракты жазбаса да, уын қайтарады, белгілі бір дәрежеде асқындырмай ұстап тұрады. «Іскек жусан» деген жусанның түрі бар, ол содан жасап отыр. Ол жусан Арқада, Қытайдағы Жайыр деген тауда және біздің Үш Қарқарада бар. Осы секілді шөптердің қасиеттерін пайдалану керек. Шөпке көңіл аудару — бұл ғылым, бұл — биологиялық ғылым. Малға да, адамға да әртүрлі дәрі жасауға болады.
— Қазір ауыл шаруашылығына біршама көңіл бөлініп жатқан тәрізді. Мал аурулары туралы кітап жаздым дедіңіз, сол туралы айтып беріңізші. Бәлкім, біреу-міреу керек етіп қалар…
— Ол кітапта малда болатын аурудың 500 түрін жаздым. Соның бірін айтайын: жылқы малы «құрт» деген аурумен ауырады. Құрт ауруымен ауырған жылқы жайылмайды, күн шығып келе жатқанда маңдайын күнге төсейді де, сүлесоқ тұрған бойы күнмен бірге күнбағыс сияқты айналады. Ол төрт-бес күннен кейін жығылады да, өледі. Бұл өте қиын ауру. Осыны қазақ қайтеді? «Ақ дәрі» дейтұғын шөп бар. Қытайда «ақ дәрі» дейді, бұл жақта «ақ жұмыр» дейді. Жылқының «құрт» екенін білгенде ауру малды пышақпен шонданайынан (белдің үстінен) теріні тіліп жібереді де, «ақ дәрі» деген жаңағы шөптің тамырынан қойдың құмалағындай бір бөлігін алып, жаңағы тілінген жерге салады. Терінің астына. Бір сөткенің ішінде әлгі жылқының екі тірсегі күп боп, күлкілдеп кетеді. Сары су жиналады. Сонда пышақпен ақырын ғана тіліп, төрт буындағы суды ағызып жібереді. Жылқы құлан-таза айығып, жүріп кетеді. Әлгі қойдың құмалағындай ғана шөппен 400-500 келі салмағы бар жылқы жүріп кетеді. Сонда бұл қандай қасиетті дәрі шөп десейші! Осындай дәрілік өсімдіктер біздің жерімізде көп.
— Қазақстанға келгелі сіз не дәрігер, не ветеринар болып жұмыс істеуіңіз керек еді, ата. Сонда кейінгілерге көрген-білгеніңізді үйретіп, біліміңіздің бір парасын шәкірттеріңізге берер едіңіз…
— Мені керек еткен біреу болды ғой деймісің? Бір әңгіме айтайын: Менің бір ағайым бері қарай Қазақстанға көшкенде әлгі емдік шөптің бір дорбасын алып келген екен. Содан мен «бұл ғылымға ену керек қой» деп, әлгі кісіден бір-екі тамырын сұрап алдым да, Ауыл шаруашылығы министрлігіне бардым. «Жігіттер, Қытайда мұны «ақ дәрі» деп атайды, мұндағы қазақтар «ақ жұмыр» дейді, мынадай-мынадай ауруларға ем болады, сендер мұны пайдаланыңдар, іздеңдер» деп едім: «О-о-о, оған ақша бөлу керек, оған мемлекет қол қою керек, оған пәлен керек, түген керек…» деп ұшы-қиыры жоқ сылтауды айтты. Әлгіге өкпелеңкіреп, екінші бір кабинетке кіріп, бір доктор отыр екен, соған айтып едім, «сен барып мұның гүлін алып кел» дейді маған. Мен айттым: «Ей, айналайын, мен мұны Қытайдан алып келдім деп тұрмын ғой, гүлін қайдан әкелем?..» дедім. «Оның гүлін әкелмесең, жапырағын әкелмесең, біз зерттей алмаймыз» дейді. Кетіп қалдым. «Апырай» деп іштей әлгілерге ренжіп, әлгі ағайыма бардым. Ол жаңағы шөпті біледі, таниды. Соған айтып едім, «төмен жақта, құм жақта болу керек» деді. Сөйтіп, әлгі шөпті іздедік. Ұзақ іздедік. Ақыры таптық. Бар екен. Көп екен бұл жерде. Қуанып кеттім. Ол шөптің сүті болады екен, көктемде сүт шығарады екен, бір кішкене ыдысқа соның сүтін саудым. Содан кейін оның жапырағын алдым, ұрығын алдым, соны жейтін бір қоңыз бар екен, сол қоңыздарды жинадым, ол қоңыздың құмалағын жинадым, бәрін бөлек-бөлек сыртына жазып, анализ жасайтын жерге алып келдім ғой. Бұлар да менің тілімді алмады, анализ жасап бермеді. Сол күйінше ол қалды. Сөйтіп жүргенде арада біраз уақыт өтті. Мен әлгі кітапты жаздым. Сол кітапқа осы шөпті кіргізейін десем, менде көлік жоқ, сонау құмға бара алмадым. Анадан сұраймын, мынадан сұраймын, ешкім оған көңіл аударып тұрған жоқ. «Апырай, енді қайттім?..» деп қамығып келе жатсам, біреу: «Оу, Жәке, саған не болды?» дейді. Әлгі дауысқа жалт қарасам, қарсы алдымда өзімнің бір жолдасым тұр. Жексенбай дейтін. Қайтыс боп кетті, марқұм. «Не болды?» дейді. Осындай-осындай. «Жәке, қамықпа, жүр, өзім апарайын, бір жұма болды, мен бір «Жигули» сатып алдым» деді. Қуанғаным сондайлық, жүрегім жарыла жаздап үйге келдім. Анау машинасын алып келемін деп үйіне кетті. Мен келіп бәйбішеме: «Бізге екі-үш сөткелік тамақ дайында, қазір Жексенбай келеді, біз құмға барамыз» дедім. Жексенбай келді. Содан құмға кеттік. Жолсызбен келе жатырмыз. Баяғы өзімнің көрген жеріме түн ішінде мөлшерлеп барып жеттік. Бір жерге тоқтадық. От жақтық, шай қайнаттық, тамағымызды ішіп, әңгімелесіп отырмыз. Таңертең ерте тұрып, айналамызға қарасақ, маңайдың бәрі қаптаған жаңағы мен іздеген шөп. Гүлдеп тұр екен. Гүлін түсірместен, түбірімен қазып, дорбаға салып, ішіне су құйып, оншақтысын машинаға тиеп алып, Алматыға қайттық. Қайтып келіп, дереу әлгі шөптерді лабораторияға апардым. Суретке түсіріп беріңдер дедім. Сол суретімен менің кітабыма шықты. Бұл өте қасиетті шөп. Шөп туралы айта берсең таусылмайды.
Тағы бір қызығын айтайын. Қытайда, Алтай аймағында Ертіс деген өзен бар. Сол Ертіс өзенінің жағасында бір шөп бар. Соны ел мақтайды. Ол жақта оны «шөгір» дейді. Үш тікені бар шөп. Халықтың мақтауына қарағанда керемет бір нәрсе. Тарбағатай аймағының әкімі болып қызмет атқарып жүрген кезім. Еміл деген өзеннің жағасында тұрамыз. Әлгі шөгірді осы жерге, Емілдің бойына егейін деген оймен Алтай аймағының әкіміне телефон шалдым. «Сол шөптің бір-екі келісін маған жіберші» дедім. Бір әкім үшін екі келі шөп деген не! Жіберді. Мен егіп көрдім. Бірақ кейін бақылай алмадым. Ол аймақтан кетіп қалдым. Түрмеге қамалдым. Сол күйінше қалды. Осы жаққа келдім. Бірақ ол шөп туралы ұмытқам жоқ, менің басымда тұр ол шөп. Содан Ертістің бойынан іздейін деп, сол шөпті іздеп мына Алтайға, осы жерден үш жарым мың шақырым жер ғой, үш рет бардым. Үш рет барғанда да мен ол шөпті кезіктіре алмадым. Әлгіні іздеп анадан сұрап, мынадан сұрап жүргем. Біреу айтты: «Күршім деген қала бар, сол жерде Абай деген көше бар, сол көшеде Қайсар дейтін шал бар, сен соған бар, осы шөпті сол біледі» деді. Мақұл деп, әлгі шалды іздеп таптым. Жақсы шал екен. Оқыған шал екен. Әңгімелесіп отырмыз. Содан әлгі шөп туралы айттым. Күлді де, «сізге кім айтты?» деп сұрады. Пәлен деген айтты. Ойланып отырды да: «Бұл шөптің бір қасиетін айтайын, — деді. — 1932-33 жылдары қырғын ашаршылық болды. Сол уақытта мен төрт-бес жастамын. Ауылда бір ұзын таяғы бар ақ сақалды шал бар, сол күнде әр үйдің есігінің алдына келеді де: «Әй, Қайсар, шық, әй, бәленше, шық далаға» деп, әр үйдегі балаларды жиып алып кетеді. Отыз неше баламыз. Ертістің жағасына алып барады да, мұздың бетіне қатып қалған шөпті ересектеу балаларға тергізіп алады. Жаңғақ, кәдімгі майлы жаңғақ. Өзі бір тастың үстіне отырып алады да, жаңғақты таспен шағып, әр баланың алақанына он данадан салады: «Ертеңге шейін өлмейсің» дейді. Басқа сөз айтпайды. Отыз неше балаға әлгіден он данадан беріп, ауылға алып қайтып келеді. Ертеңіне және алып кетеді және солай қайталайды. Сөйтіп жүріп бір қыста бізді ашаршылықтан аман алып қалды. Осы шөптің қасиетімен…» деді. Бірақ ол шөп менің қолыма түспеді…
Менің қызым осында институтта оқып жүргенде бір украинның қызы бірге оқыпты. Сол қыз Өскемен жаққа тұрмысқа шығыпты. Менің қызыма хат жазыпты. Әлгі шөптің бір талын конвертке қоса салыпты. «Мына шөпті сен мойныңа тағып ал. Мұны қазақтарға жинауға тыйым салынған. Орыстар ғана жинайды» деп жазыпты хатында. Сол хатты қызым маған сол кезде айтып берді, бірақ кейіннен қызым құнттамай, хатты жоғалтып алыпты. Таба алмадық. Бірақ сол кепкен шөп менде бар. Осы шөптің қасиетін мен қазақтарға ұқтыра алмадым. «Айналайындар, мына шөпті іздеңдер, егіңдер, Ертістің бойына егіңдер, осында алып келіп егіңдер…» деймін. Ешкім ұқпайды. Қазір жеке мемлекетпіз, кім бізге қой деп жатыр?..
— Жастарға қандай өсиет айтасыз, ата? 
— Қазақ елі тәуелсіздік алғанда мен екі көзімнен тарам-тарам жас сорғалап жыладым. Қуаныштан жыладым. Кейінгілерге айтарым, осы тәуелсіздігімізді қандай жағдай болмасын, сақтап қалыңдар! Тәуелсіздік жолында құрбан болуға болады…

 

Сұхбаттасқан
Сәуле ӘБЕДИНОВА

http://baq.kz/kk/history/367

 

Рубрика: