Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Төменде Әбілқайыр туралы қос мақала ұсынып отырмыз. Бірі — профессор Зарқын Тайшыбайдың qasym.kz сайтында жарық көрген мақаласы болса, екіншісі, оған қарсы жазылған Садық Смағұловтың материалы.

Abai.kz

 

Зарқын Тайшыбай. Алты алаштың ханы — Әбілқайыр

Дәл сол  кездегі ішкі-сыртқы жағдайлар:

1. Сәмеке ханның қазасы,

2. Қазақтардың Ресейге шапқыншылығы,

3. Башқұрт мәселесі, И. Кириловтың арандатуы,

4. Әбілқайыр хан мен Ресей арасының шиеленісе бастауы —

— осының бәрі Қазақ хандығын тұтастырып, ортақ хан сайлау идеясына алып келді және сол арқылы бірыңғай ішкі-сыртқы ұлттық  саясат қалыптастыруға бастап еді. Орта жүз бен Кіші жүздің 1737 жылғы мамыр-шілдеде өткен бірігу құрылтайы осыны көрсетеді.

«Тәуке хан өлгеннен кейін (бір мәлімет бойынша 1715, басқа деректе 1718 жылы) Қазақ хандығының тұтастығы әлсіреп, бірнеше хан мен сұлтандар, әлеуетті ру басылары елді ыдырата бастады. Болат пен Сәмекенің, одан кейін… Әбілмәмбеттің тұсында кіндік хан билігі босаңсып, жүздер мен жеке аймақтар бөліне берді. Қазақстанның сыртқы саяси жағдайы да ушықты. ХVIII ғасырдың 30-жылдарының ортасында жоңғарлар Ұлы жүзді бағындырып, Орта жүзге де ауыз сала бастады. Оңтүстікте Бұхара мен Хиуаны алған парсының Нәдір шахы, Ташкентке, Сыр бойындағы қалаларға құнығып, әскерін төндіре берді…» — деп, кезінде тарихшы В. А. Моисеев дұрыс байқаған. Оның тұжырымына сәл ғана түзету енгізу керек сияқты.

Айталық, Тәукенің ұлы Болат ханның кезінде қожырай бастаған хан билігін нығайтуды Қасым сұлтанның ұлы  Сәмеке (Шахмұхаммет) бастаған деуге болады. Сәмеке Әбілқайыр ханмен күш біріктіріп, жоңғар шапқыншылығы үшін кек қайтарып, мал-жан шығынын толтыру мақсатында 1723 және 1726 жылдары Еділ бойындағы құба қалмақ ордасына   жорық жасады.

Орайы келіп тұрғанда айта кету керек, 1723 жылдың жазындағы  «ақ табан, шұбырындыда» солтүстік-батысқа ауған қазақтар тек башқұрттарды ғана емес, Еділ қалмақтарын да Жем бойынан Жайыққа қарай күшпен ығыстырып жіберген, келесі 1724 жылдың жазында қазақ жасақтары Еділ мен Жайық арасын жайлайтын Доржы тайшының ұлысына шабуыл жасап талқандаған.  Міне, Кіші жүздің ханы Әбілқайыр Ресейден бодандық сұрап, елші жібергенде көздеген мақсаттарының тағы біреуі — «башқұрттармен араласып, Ресей шегіне кіріп кеткен қазақтардың жаңа қоныстарын заңдастырып алуды да көздеген» деген С.Г. Кляшторный пікірін мойындасақ, тарихи шындық ашыла түседі.

Сәмеке де сыртқы жауларымен күресте күшті көрші Ресейге арқа сүйеуге тырысты. Әлбетте, атасы Тәуке ханға ақылшы болған Қаз дауысты Қазыбек бидің батасын алды. 1731 жылғы 15 желтоқсанда Ресеймен арадағы қатынасқа байланысты А. Тевкелевпен келіссөз жүргізді.

Сәмеке жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте қазақ халқының рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін оятқан, әскери біліктілігімен танылған. Сәмеке хан, дәл сол шақтағы сыртқы қауіпті сындарлы бағалап, Ресейге бодандық қадамын жасаған  Әбілқайырдың саясатын құптады. Бұл құбылыс жөнінде тарихи әдебиеттерде жан-жақты жазылған, оған тоқтамаймыз. Айтпағымыз, Сәмеке хан қазақ жеріне көршілерден төнген қатердің бетін қайтару шараларын жасай бастады. Орталық билікті күшейтіп, ұлан-байтақ Орта жүзді аймақтарға бөліп, әрқайсына жеке басқарушы тағайындап, бір орталықтан басқарудың жаңа жүйесін құрды. Қарап отырсаңыз, жаңа билеушілерді, неғұрлым Ресей шекарасын бойлай  орналастырғанын байқаймыз.

Бұл тағайындаулар, шамамен, 1732-33 жылдарға сәйкес келеді. Қазақстан тарихында, әлі де болса, көмескілеу қалып келе жатқан осы құбылысты тереңірек пайымдасақ, Абылайдың Түркістаннан солтүстікке, Көкшетауға келуі, кездейсоқ, «керуен көшіне ілескен «сабалақ» ұлдың келісі емес, немере ағасы әрі нағашысы, Түркістандағы Қайып ханның (Ғайып Мұхамбет, 1716-19 жылдарда қазақ ханы, Шоқанның пайымдауынша, Есім ханнан Құдайменде, одан Сырдақ, одан Қайып), ағалары Сәмеке хан мен Әбілмәмбет сұлтанның ордаларында ақсүйек тәрбиесін алған, өнер мен білімге, ұрыс тәсілдеріне қаныққан талапты да дарынды жігіттің, қазіргіше айтқанда, жиырма жасында жаңа қызметке тағайындалуына байланысты десек, тарихи шындыққа қисынды келеді. Аңыздағы «сабалақ» — кәдімгі жаужүрек, жауынгер, батыр дегенді білдіретін, қалмақша «сабалах», түбірі «сабау, ұру, соққылау» дегеннен шыққан сөз. Жас билеушінің жанында Ораз есімді аталығы болуы да заңды. Және Абылай сұлтан жалғыз емес, немере ағасы, Сұлтанмұхаммет сұлтан (Бақы сұлтанның  Ибақ есімді ұлынан туған немересі, жазба жүзінде Сұлтанбек немесе Сұлтанбет) да тағайындалып келіп, солтүстік-шығысқа, Ертіс бойындағы Железин, Жәміш бекіністеріне қарсы орналасады,  онымен іргелес Жолбарыс сұлтан (Сәмеке ханның Есім атты ұлынан туатын немересі), Құдайменде сұлтан (Есімнің екінші ұлы) Орта жүздің батысындағы қыпшақ ұлысын билеген) — бірнешеуі келеді. Барақ сұлтанның наймандарға басшы болып тағайындалуы да осы кез.

1737 жылғы  наурызда келген  қалмақ тыңшысы Харканың айтқандарына қарағанда, Кіші жүзге Сәмеке ханның атынан Балтабай батыр бастатып елшілер келіп: «Жоңғар қалмақтары мазамызды алады, Ресейден қорған іздеп, қарауына кіргіміз келеді», деген дерек, Сәмекенің сыртқы саясаттағы ұстанымынан хабар берсе, ең маңыздысы, бұл ханның әрі қойғанда 1736 жылдың соңында тірі болғанын көрсетеді.

Сәмекенің реформа қадамдары да қолдау таба бермегенге ұқсайды. Және Ресей генералдары да Түркістандағы ханды аттап, әр аймақтың билеушілерімен тікелей қарым-қатынасқа шығудан тартынбаған, келіссөз бастап, арнайы кісі жіберіп, тамырын басып көрген. Оған дәлел ретінде, 1735 жылғы 20 желтоқсанда Орта жүз найманның Күшік ханы мен Барақ сұлтанының  А.Тевкелевке жазған хатын келтіруге болады. Жартысы би, жартысы батыр, бірнеше байы тағы бар, отызға тарта игі жақсылардың атынан жазылған құжатта, патша үкіметі атынан өздеріне елші ретінде Мендиярдың (арнайы дайындықтан өткен тыңшы-барлаушы М. Бекчурин.— З.Т.) келгенін, Ресейге «Әбілқайыр хан қалай бағынса, біз де солай бағынамыз. Білместігіміз болса, кешірім сұраймыз. Хандарымыз, билеріміз, батырларымыз бен ел ағаларымыз болып бас қосып,  Ырысмұхамед батырға бастатып, бес рудың әрқайсынан бес адамнан жібердік», деген. Тіпті ара байланысты күшейту үшін «…тағы бір салмақтырақ елші, мысалы, Тевкелев мырзаның ағасын, әйтпесе інісін жіберсеңіздер деп тілек етеміз. Егер олардың реті келмесе, Әбілқайырға жібергеніңіздей, бір орыс адамын арамызға келтіріңіз. Осында тұрақтап, екі арамыздағы елшілік арқылы байланыс жасап тұрар еді» — деген сөздер де бар.

1736 жылғы 23 желтоқсанда Орынбор комиссиясының бастығы Иван Кирилов сыртқы істер алқасындағы бастықтарына: Әбілқайыр хан және басқа қазақ хандары, сұлтандар мен ел ағалары хат жазып жатқанын, Ресей империясына бодандығын нақтылап, адамдарын да жіберіп қоятынын хабарлаған. Мұндағы құнды дерек: «қазақтың Орта жүзінің… Әбілмәмбет ханы және Абылай сұлтаны Тобыл  мен Есіл өзендерін жайлайды, кейде Ертіске  таяп барады. Әбілқайыр ханның шақыруымен  Ор өзенінің жоғары ағысын жайлайтын барлығы он мың шаңырақтай [Орта жүз] қазақтары, патша ағзамға жаңадан келіп ант бермек. Мен олардың [Әбілмәмбет] ханы мен [Абылай] сұлтанын, игі жақсы ел ағаларын көктемге қарай Орынборға шақырып отырмын. Қыр қазақтарының заңы бойынша Құран сүйгізіп, ант алмақпын. Бұл Әбілмәмбет ханның айтуынша, оның атасы Тәуке хан бұрын Ресейге бодан болыпты. Менің білуімше, ол бодандық ұзаққа бармаған сияқты» — деген мағлұматқа назар аударайық. Біріншіден, Абылайдың аты аталып, қызметі көрсетілген, екіншіден, Әбілмәмбет сұлтан «хан» деп аталған, яғни Сәмеке ханның орнындағы хан.

1737 жылғы 2 қазанда Әбілқайыр ханның полковник Тевкелевке жазған хатында «…башқұрттар өздеріне хандыққа  менен Әбілмәмбетті, Абылайды, Барақты, Қожақты (дұрысы Күшік сұлтан. — З.Т.) сұрады», деп көрсетуіне қарағанда, Сәмеке әлі тірі.

1735 жылы башқұрттар тағы да бас көтерді. Ресей билігі көтерілісті аяусыз басты. Сол жылы 500 адам, 1736-37 жылдары — 5192 адам дарға асылған. 1738-1739 жылы 10980 адамның көзі жойылған, 1740 жылы 301 адам дарға асылған немесе басы шабылған, олардың әйелдері мен балалары бас-еркінен айырылып,  қолдан-қолға таратылып жіберілген. Осы башқұрт көтерілісіне байланысты оқиғалар Кіші жүз бен Орта жүздің қоғамдық-саяси өміріне тікелей әсер еткен.

«Бүлікшілердің» арынын басып, бетін қайтаруға Ресейдің саптағы әскерін жұмсамай, Еділ қалмақтары мен қазақтарды айдап салған генералдар: «башқұрттарды талап-тонағаннан кім қанша олжа түсірсе, бәрі соларда қалады» деп жар салды және серт байласып, одақтасқан Кіші жүзді ресми түрде жұмсады. Тарихи тұрғыдан алғанда, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс  екендігіне билік айта алмаймыз,  1736-1739 жылдары қазақтар башқұрттарды бірнеше рет шапқаны рас. Олар да қарсылық көрсетуі заңды. Көп шығынға ұшыраған башқұрттар, Ресейдің арандатуына алданған қазақтардың өзімен тікелей бітімге келуге ұмтылды. Қазақ сұлтандарын хандыққа шақыруы да осы кез. Әбілқайыр ханға, Әбілмәмбет, Абылай, Барақ сұлтандарға бірнеше мәрте елші жіберді, тіпті Ресейдің қарауынан шығып, дін-қарындас ретінде қазақ жеріне ауа көшіп келмек те болды.

Соғыстың аты — соғыс, башқұрттарды шауып, олжа таппақ болған қазақ жасақтары Жайықтың жай жатқан казактары мен орыстарын, құба қалмақты да қоса шауып, тоз-тоз қылды. Атақты «Қоржын қақпай» күйі Абылайдың осындай жорықтарының бірінде шыққан деген аңыздың негізінде шындық жатыр. Осындай жорықтарға байланысты қазақтардың орыс үкіметінің көзіне «жыртқыш», «қарақшы» болып көрінгені  жазба құжаттарда сайрап жатыр.

«Биылғы 1737 жылдың қаңтар айында Орта жүз бен Кіші жүздің екі мыңдық  қазақ жасақтары қалмақтарды шауып қайтыпты. Сол жолы олар патша ағзамға қарайтын және қарамайтын қалашықтарды ажыратпай талқандаған. Бұл қазақтарды бастаушы Орта жүздің Әбілмәмбет сұлтаны, Абылай сұлтаны, Бекболатовтар, Нұралы сұлтан Әбілқайыр хан ұлы, Кіші жүздің Есет батыры. Жасақ құрамында Орта жүздің керей, қыпшақ, атығай, найман руларының, Кіші жүздің жетіру, жағалбайлы, тама, табын руларының адамдары болды…

…Қазақ арасынан шығып, Орынборға қарай бет алғанымда, Орта жүз керейдің Бораш деген адамынан мынадай сыбыс білдім: «Абылай сұлтан, …жанында көп адамы бар, Әбілқайыр ханмен ақылдасуға, ұры-башқұрттармен келісімге келуге рұқсат сұрау үшін барған екен, ханға жолыға алмапты. Ол кезде Әбілқайыр хан Орынборға кеткен».

«1737 жылғы 2 мамырда Әбілқайыр ханның ұлы Нұралы сұлтан, Есет батыр, Құдайназар батыр, Орта жүздің Абылай сұлтаны… басқа да билер мен батырлар Қаражарға барып, жаулап қайтты.» немесе: «Статский советник Кириловтың [нұсқау] хаты бойынша Әбілмәмбет сұлтан, інісі Абылай  сұлтанмен башқұрттарға барып, 1500 адам тұтқын алып қайтыпты…1737 жылғы 3 мамырда генерал К. Соймоновтың Әбілқайыр ханға: «Башқұрттардың көтерілісіне байланысты маған патша ағзамнан жарлық түсіп, бүлікшілерді ұстап жазалату жөнінде шаралар жасауға бұйрық берілді… Сіздің тарапыңыздан көмек күтемін» — деп, жазуы сондықтан.

Назар аудартатыны — жорықтарда Кіші жүз бен Орта жүз қолының бірге жүргені. Кейбір авторлар, хандары бөлек елдің жері ортақ, мүддесі ортақ, намысы бір болғанына  күмән келтіретіні де, тіпті екі жүзді біріне-бірін қарсы қойғысы келгені де өтірік емес қой.

Ендеше, осындай түбі бір, тегін танитын қазақтың бір шаңырақтың астына, бір ошақтың басына жиылып, ортақ хан сайлап алуы, «бөлінгенді бөрі жейтініне» көзі жетуі керек еді. Көзі жеткен, біріккен, ортақ хан деп Әбілқайырды сайлап алған. Бұл 1737 жылғы шілденің 28 жұлдызы күні болатын. Сақталған құжаттар осылай дейді.

Жазба деректерге қарағанда, 1737 жылы  көктемде Қаз дауысты Қазыбек би  Орта  жүздің Әбілмәмбет, Абылай сұлтандар бастаған қалың қауымын ертіп, Қазақстанның батысына, Кіші жүздің Әбілқайыр ханының ордасына іргелес, Ор және Елек өзендерінің жоғарғы ағысына көшіп барды. Ресей барлаушылары сол жылғы   мамыр айының  үшінші жұлдызында жазған хабархатында Қазыбек би мен Әбілқайыр хан «…екеуінің  тату көрші екендігін. Әбілқайыр ханның жайлауда, Орынбордан салт атпен үш күндей Үй деген жерде орда тіккенін… Қазыбек бидің сол маңда екенін» көрсеткен. «Хан таяуда Қобдаға қарай көшпек, ол да онша қашық емес, екі күн жүріп, үшінші күні жетуге болады», деп хабарлапты тыңшылар.

Сәуірдің орта шенінде Қазыбек би Орта жүз, арғын-қаракесек руынан Құдайшүкір Хангелдин және Есдәулет Байзақов деген қазақтарды бас қылып, бір топ өкілдерін Әбілқайыр ханға жұмсап, оларға Ресеймен сауда жасау мүмкіндігін қарастыруды тапсырғаны да хатқа түскен. Кіші жүздің ханына жолыққан «… арғын-қаракесектің Дүйсенбай есімді биі сөз бастап, Кіші жүзден Орта жүзге сауда керуендерін жіберу мәселесін қозғаған. Өз тарапынан Орта жүздің де Ресей патшасының қарауында екендігін, демек, патшаның қандай да бұйрық-жарлығын орындауға дайын екендігін айтып сендірген… Осы талаптарды жеткізіп, ханның жауабын Қазыбек биге тез баяндауға тиіспіз,» деп мәлімдеген. «Егер Ресейдің сауда керуендері Ташкентке, Түркістанға және Бұхараға тауар әкеліп сатып, тұрақты қатынап тұратын болса, барлық жауапкершілікті мойнына алған Қазыбек пен Дүйсенбай билер мұндай  керуендерді өз адамдарымен аман-есен бастап жеткізуге дайын».

Әбілқайыр хан бұл мәселердің өз құзыретінен тыс, тек патшаның рұқсатымен,  Ресей үкіметі арқылы ғана шешімін табуы мүмкін екендігін ұғындырып, «Орта жүздің елшілерін Орынбор комиссиясының төрағасы статский советник Кирилов пен оның қазақ істері жөніндегі кеңесшісі полковник Тевкелевке жіберген». «Патшаның бұл жөніндегі жарлығы болса, ол  сөзсіз орындалады» — деген. Әбілқайыр хан бұдан өзге ештеңе айтпапты.

Екінші құжаттағы ақпарға қарағанда: «Әбілқайыр хан Орынборға жақын көшіп келе жатыр. Қазір Үй өзені жағасын жайлауда. Орынбордың  іргесінде хан кеңесін өткізбек. Кеңесте қандай мәселе сөз болатынын Андреев білмейді (Андреев өзі қол қойған. — З.Т.) — делінген.

1737 жылғы 6 мамырда. Әбілқайыр хан ордасында Орта жүздің және Кіші жүздің қазақтардың үлкен жиыны болды. Оларға Жайық бекінісіне, Қаражарға (Черный яр. — З.Т. ) ұрлықпен барған қазақтар жөнінде Ресей шекара бастықтарының атынан жазылған наразы-шағым оқылып, Жайық казактарына соқтыққан қазақтарды тәртіпке салу талап етілген. «Бұл хатқа олар жауап берген жоқ» — делінген барлаушының жазбасында.

Осы ақпарларға қарағанда, Орта жүздің бас биі Қазыбек пен Кіші жүздің ханы Әбілқайыр арасында, ортақ жиын өткізіп, қазақ-орыс қатынастарының дәл сол кездегі маңызды мәселелерін ақыл қоса отырып, талқылау жөнінде алдын ала келісім болғандығы байқалады. Бұл арада екінші бір түйткіл де көкейге оралады. Яғни Орта жүздің биі мен Кіші жүздің ханы, екеуі ғана неге ынта көрсетуге тиіс? Уақыт жағынан алғанда, бұл кезде Орта жүздің Сәмеке ханы қайтыс болған. Оның орнына хан сайлана қоймаған. Бірақ, Әбілмәмбет сұлтанды «хан» деп атаған құжат та көрініп қалады. Түркістандағы билік арғын-қуандық Нияз батырдың қолында болған.

«Кіші жүздің барлық сұлтандары, билері мен батырлары, ел ағалары және Құлсары батыр жиналсын, ақылдасамыз деген бұйрық берді», делінген құжатта. Көбік Байназаров — башқұрт, Орынбордағы әкімшіліктің қазақ арасына жұмсайтын елшісі, тыңшысы: «12 мамыр күні Әбілқайыр хан бәрімізді шақырып алды»… Қазыбек би өзінің ұлы [Бекболатты] бас қылып, бірнеше адамды  Қабанбай батырдың еліне аттандырды.

Абызбай келді: «Биыл бәріміз не Ресейдің қарауына өтеміз, не болмаса, Ресеймен соғысамыз, екінің бірі болады», деді.

20 мамырда Әбілқайыр хан Ресейдің өкілі Көбік Байназаровқа  кісі жіберіп, ұсталған қазақтар мен тұтқын орыстарды босату жөнінде бұйрық бергенін хабарлайды. Барлау қағаздары сол күндердің оқиғаларын былай көрсетеді:

« [1737 жылғы] 23 мамырда Орта жүзге, Әбілмәмбет сұлтанға келіп, хат тапсырдық. Оның еліне бұрын қалмақ ордасында тұрған 150 түтін [естекі] қырғыздаркеліп қосылыпты. Олар бір кезде қалмақтың ханын өлтіріп, қазақ арасына көшсе керек. Жайық бекінісі атаманының қарауында, бекіністе біраз болыпты. Одан кейін башқұрттармен тұрыпты, башқұрттармен бірге көтеріліске қатысыпты. Өздерінде солдат киімдері мен қару-жарақ көп екен. Бұл қырғыздар, қазақтарға ірткі салып, Ресейге бодан болғанша, башқұрттарға қол ұшын бермедіңдер ме, дейтін көрінеді.»

«30 сәуірде Әбілмәмбет сұлтанға қырық шақты башқұрт келіпті. Олар Ресейдің зорлық-зомбылығын айтып, шағыныпты. «…Кәрімізді қылыштап, шауып тастайды. Жастарымызды солдатқа алады. Балаларымызды боярлар тартып әкетіп, мәжбүрлеп шоқындырып жатыр. Сондықтан қазақтарды паналап, бірге тұрғымыз келеді», депті. Әбілмәмбет оларға аяушылық көрсетіп, «жиырма күннің ішінде 2 мың үй көшіп келіңдер», деп мұрсат беріпті». «…31 мамыр күні Әбілмәмбет сұлтанға башқұрттар келді.» «…15 маусым. Әбілмәмбет сұлтанға тағы да башқұрттар келді».

Бұл келістердің жиілігіне қарағанда, сол жазда Әбілмәмбет Орта жүздің батысын Кіші жүзбен қатар жайлағанын көруге болады. Бір байқалғаны — 1737 жылғы мамыр-маусымда қазақтардың ынтымағы берік. Мысалы, қазақ жасақтарының  Жайықтан өтіп, Еділ бойындағы орыс иеліктеріне, атап айтқанда, құба қалмақтар мен башқұрттарға, казак мекендеріне жасаған жорықтары үшін қатаң сөккен Ресей бастықтарына, Әбілқайыр хан, қаймықпастан:

«Егер, патша ағзам бізге теріс қарайтын болса, Қобан өлкесіне қарай көшеміз, сонда кубандықтармен боламыз», — деген. Қазақ қолында тұтқында орыстан да, қалмақтан да көп адам қалған. Осыларды босатып алу шаруасымен барған шекара қызметшілері: «Барақ сұлтан мен Әбілмәмбет сұлтаннан өзіміз апарған хатқа жауап беруді сұрағанымда, олар: «Әбілқайыр ханмен ақылдасамыз. Хан не десе, сол болады, біз ханның еркінен шықпаймыз», — деді. Қорыта айтқанда, сол жазда Ресей үкіметі қазақтарды әуелі башқұрттарға айдап салып, артынан айыптап, «әрі итеріп, бері жықпақ» болған, соған байланысты қазақ қоғамы едәуір қобалжыған. «Күлтөбенің басындағы күнде жиын» осыны көрсетеді.

Нәтижесі мынау.  [1737 жылғы] 19 маусым. «Барақ, Әбілмәмбет және Абылай сұлтандар өзара келісіп, Ресей патшасына бағынбақ. Сол үшін Орынборға таяп көшіп келмек…».  Екінші хабар: «[1737 жылғы] 24 маусым күні қазақтардың үлкен жиыны болды. (Хан кеңесі туралы сөз болып отыр. — З.Т.). Оған Әбілқайыр хан, Барақ сұлтан, Орта жүздің көптеген билері мен батырлары қатысты.  Жиналыстары біткен соң, киіз үйге Әбілқайыр хан және Құлсары би кірді де, бізді шақыртып алды.  Әбілқайыр хан бізге қарап: «Сұлтандар, билер мен батырлар, барлық қазақтар ақылдаса келіп, мені өздеріне хан сайлады, иіліп тағзым етті. Дұға оқып, қол жайды. Бұдан былай ханның әмірі болмаса, ешкім  ешкіммен соғыспайды. Ресей патшасына менің берген антымды сақтап, адал қызмет етеміз» — деді. «…Башқұрттар да Ресей патшасы алдындағы айыбын мойындады. Патша рақымы түсіп, оларға кешірім жасайтын болса, бұрынғысынша қанатының астында ұстайды. Мен башқұрттарды билеуге сұлтан беремін» -деді.

Осылайша, Орта жүз бен Кіші жүз өкілдері қосылып, лайықты тұлға ретінде халыққа ежелден-ақ жақсы таныс, ержүрек батыр, білікті қолбасы Әбілқайыр аға хан болып сайланғаны — тарихи ақиқат. Әрине, Орда ішінде, Хан кеңесінің мүшелері арасында  басқа біреуді хан сайлау жөнінде қандай пікір айтылғанын, талқылау үдерісі қандай болғанын біз білмейміз, сақталған және әзірше табылған жазба деректердің кемдігінен, бәлкім, ешқашан да біле алмаспыз. Әрине, бұған өкінудің де жөні жоқ. Ең маңыздысы — Қазақ хандығын тұтастыру мәселесі күн тәртібіне қойылды және сол сағаттарда шешімін тауып, көпшілік дауыспен заңдастырылды. Мұның тағы бір дәлелі — екі жүздің жаңадан сайланған ортақ ханы Әбілқайырдың аузымен хабарланған: «Бұдан былай ханның әмірі болмаса, ешкім  ешкіммен соғыспайды. Ресей патшасына менің берген антымды сақтап, адал қызмет етеміз» — деген кесімді мәлімдеме.

Башқұрт мәселесіне келгенде, олардың өкілі жеке хандық құрғысы келетінін мәлімдеп, қазақтардан Барақ, Әбілмәмбет, Абылай сұлтандардың біреуін беруді сұрады. Әбілқайыр хан: «Мен башқұрттарды билеуге сұлтан беремін» — деді.  Бұл мәселе кейін шешілетін болды.

Алайда қазақ даласында нақты жағдайлар басқаша өрбіді. Біріншіден, отарлық тізгінін қолынан шығармайтын Ресей әкімшілігі үшін Қазақ хандығының тұтасқаны керек емес, бөлшектеніп, бірімен-бірі жағаласып жатқаны керек. Демек, қазақтардың бұл кесіміне Ресей араласып, басқа бағытқа бұрып жіберуі де мүмкін. Екіншіден, марқұм Сәмеке ханның тағынан бұрын дәмелі болып, Шыңғысхан әулетіне жатпайтын Нияз батырдан билікті қалай аламын деп жүрген Әбілмәмбет пен Барақ сұлтандар Хан кеңесі үстінде өңшең азулы билер мен батырлардың шешіміне көнсе де, былай шыға өз ойын күйттеп кетпесіне кім кепіл? Мәселе, тек осы екі сұлтанда ғана емес те шығар…

Қалай десек те, Орта жүз бен Кіші жүздің біріккен Хан кеңесінде 1737 жылғы 28 шілдеде  қабылданған шешімнің тұжырымды нұсқасын Әбілқайыр ханның төлеңгіті Байбек батыр Орынбордағы Ресей шекара әкімшілігіне заңды құжат ретінде апарып тапсырды.  Толық мәтіні мынау: «Қазақтың ханы Әбілқайыр және мына аты аталған сұлтандар, билер мен батырлар: Әбілмәмбет сұлтан, Барақ сұлтан, Керей сұлтан, Батыр сұлтан, Барақтың ұлы Әділ сұлтан, Нұралы сұлтан, Абылай-баһадүр сұлтан, алты алаштың (астын сызған — З.Т.) үлкенді-кішілі билері мен батырлары Ұлығ мәртебелі патша ағзамға қызмет ететінімізді мәлімдейміз.

Біз Қарақалпақ хандығын, Хиуа мен түркімендерді талқандадық.

Патша ағзамның мейірі түссе, осы жазда, Орынборда, генералмен және полковник Тевкелевпен жүздесіп, патша ағзамға ант бермеген сұлтандар, билер мен батырлар  ант берсек  деп едік.

Әбілқайыр ханға қыстау есебінде Орынбордан үй-жай, мешіт пен мектеп салып, қазақтарға сауда орнын ашуды сұраймыз.

Патша ағзамның сауда керуендерін өзіміз қорғап-сақтаймыз.

Бізге жіберген Иван Михайлович Шишков арқылы жиырма екі орыс тұтқынын босатып отырмыз.

Әбілқайыр хан генерал мен мырзаға жүздессе, солардың айтқаны болатынына сендіреміз.

Аударған Жайық бекінісінің казагы Сайын молла Азиков».

Әлқисса, сол ұлы құрылтайда Орта жүздің Қаз дауысты Қазыбек би бастаған және Кіші жүздің ханы Әбілқайыр-баһадүр бастаған хан кеңесінің күн тәртібіне, шамалап айтқанда, мына мәселелер қойылды және сол мәселелер түгел шешімін тауып, жиналғандар мәмілеге келді:

1) Қазақ хандығының келешегі: қазақтар жүзге бөлінбейді, бір орталықтан басқарылады, бір ханға бағынады;

2) Ол хан — Әбілқайыр;

3) Орыстармен қарым-қатынастың келешегі: 1731 жылы Әбілқайыр берген антқа сәйкес, Ресеймен тату-көршілік дәстүрі сақталады;

4) Қорғаныс, көрші елдермен арадағы жағдайлар: дау-шарлар келіссөзбен ғана шешіледі, қандай да бір тайпа немесе ру өз бетімен соғыс ашпайды, бұл тек ортадан сайланған аға хан Әбілқайырдың құзырына беріледі;

5) Қазақтар орыс-башқұрт қатынастарына араласпайды;

6) Қазақ-башқұрт қатынастары: башқұрттар араша сұрап, қазақтарға келмейді, қажет болса, башқұрттар өз алдына хандық құрады, Әбілқайыр оларға хандыққа сұлтан береді;

7)  Қазақтар мен Еділ қалмақтарының қатынастары жөнінде: Содан бір ай бұрын Әбілмәмбет пен Абылай сұлтандар Кіші жүз қолымен қосылып, Еділ қалмақтарынан кек алуға барған және жазығы жоқ орыстар мен башқұрттарды да шапқан. «Қазақтар сол жолы екі жүз елу қалмақ пен 36 орысты тұтқындап әкетіпті де, қазақ арасына өткізіп жіберіпті».  Әбілқайыр хан бұл жорықтан бейхабар қалған, өйткені ол кезде Орта жүз оны әлі тыңдамайтын. Демек, бұдан былай мұндай жорықтарға жол берілмейді.

Құжатты қайталап оқысақ, мұнда, қандай да бір жүз туралы айтылмайды, «Қазақтың ханы Әбілқайыр» екендігі анық жазылған. Ханға арнап Орда, мешіт және мектеп салып беру, сауда орнын ашу сұралды.

«Осы жазда… ант берсек деп едік» деген тілек орындалмады. Ресейге ант беру рәсімі кешігіңкіреп, 1740 жылғы күзде ғана өтті және, атап айту керек, бұл рәсімге 1737 жылы жалпы қазаққа хан болып сайланған Әбілқайыр келген жоқ, ұлдары Нұралы мен Ералы сұлтандарды жіберді. Орта жүздің игі жақсыларын Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан, Нияз батыр бастап барды. Яғни бұрын келіскендегідей емес, Кіші жүз бен Орта жүздің арасы алшақтаған. Олардан жеке-жеке ант қабылдануы, қазақтардың басы, бұрынғысынша, бірікпегенін көрсетті.

«Әбілқайыр хан арқылы Ресей үкіметі қандай бұйрық-жарлық берсе — орындаймыз». Бұдан артық ауызбірлік бола ма?! Өкінішке қарай, бұл шешім, қазіргіше айтқанда, қағаз жүзінде қалды.

Кейінгі оқиғалардан Ресей-қазақ қарым-қатынастары бір орталықтан емес, айқын жіктелген екі тараптан қалыптасып, дамығаны көрініп отырады. Айталық, 1738 жылғы 10 тамыздағы бір құжатта «Әбілмәмбет пен Абылай, Барақ сұлтандар келісіп, бүкіл елімен, әскерімен, патша ағзамның қол астына кірді. Ресей жағына тиіспеуге уағдаласты», делінген, ал Әбілқайыр ханның аты аталмайды. Бұрынғысынша, Әбілқайыр хан Кіші жүздің, Әбілмәмбет пен Абылай сұлтандар Орта жүздің атынан сөйлейді. Бұған бірнеше мысал мынау:

«Бүлікшіл, ұры башқұрт Сұлтанмұрат Орта жүздің Әбілмәмбет, Барақ сұлтандарына барыпты… көмекке әскер сұрапты, Абылай сұлтаннан да көмек сұрапты».

«Әбілқайыр хан, [шақшақ] Жәнібек батыр, [табын] Бөкенбай батыр және Кіші жүздің басқа да игі жақсылары Ырысай бай бастаған бүлікшіл және қарақшыбашқұрттардың ел-жұртын талқандауға 30 мың әскермен Орынбордан шығып, Қазан даруғасына қарай беттеп барады».

«Әбілмәмбет және Абылай сұлтандардың  жіберген адамдары, қазақтар тұтқындап алып кеткен башқұрттарды қайтаратын болды (1737 жылғы 24 желтоқсан).

1738 жылғы 10 сәуірде М.Тевкелевке Әбілмәмбет және Абылай сұлтандардан келген мына хатта Орта жүз билеушілерінің реніштері мен талаптары мейлінше қатал баяндалуы да тегін емес. Алдын ала ескертсек айып емес, мұндай батыл, тіпті күш көрсетіп, домбыту сипатында сөз саптау, әсіресе, Абылайға тән және кейін де орыс-қазақ қатынастарында жас сұлтанның осындай тегеуріні танылып отырады. Хаттан көлемдірек үзінді берсек:

«…Далада өз бетімен жүрген, ешқандай бұзық ойы жоқ қазақтарды орыстар  ұстап алып, Жайық қалашығына апарып қамауы жиілеп кетті. Мұның шет жағасын өзіңіз де білесіз, біздің кісілерімізді босату жөнінде жарлық та бергенсіз. Бірақ сол адамдар әлі қайтқан жоқ. Сіздерге жүрегіміз адал, берген уәдемізден айнымаймыз. Сөйте тұра қазақ арасында: «орыстар өз бетімен жүрген қазақтарды да ұстап алып қамай береді» деген пікір қалыптасқан.

Егер бізбен тату көрші өмір сүріп, ақылдасып-кеңесіп отыруға ниетті болсаңыздар, қамаудағы біздің адамдарымызды босатыңыздар. Немесе бізге жаулық ойлап, өз беттеріңізбен әрекет ете берсеңіздер, мына барған Есіргеп батырға, Байдәулет батырға, Бекберді батырға, Орыс батырға, Іргебай батырға айтыңыздар.

Біз сіздермен тату тұруға ынтықпыз, сол үшін де шекараға таяу келіп, қона-жайлап отырмыз. Біздің кейбір момын адамдарымыз аң аулап жүрген жерінде сіздердің қолдарыңызға түсіп, қамалып қалғанын естігенде бәріміздің жүрегіміз ауырады. Тағы да қайталап жазамыз, бейбітшілік сақтап, іргелес көрші болғыларыңыз келсе, тұтқындағы адамдарымызды қайтарыңыздар. Мына 5 батыр мен олардың 3 атқосшысын да бөгемей қайтарыңыз». Осыған қатысты М.Тевкелев Мәскеуге, сыртқы істер алқасына: «Әбілмәмбет, Абылай сұлтандардан хат алдым, хат әкелген адамдарын қайтардым», деп жауап жазыпты. (Бұдан кейінгі жағдайлар өз алдына, бөлек тақырып. — З.Т.)

Сәуегейлік жасау артық, дегенмен, «кейін: Әбілқайыр хан мен Әбілмәмбет, Барақ сұлтандардың арасы суынуына, Әбілмәмбет сұлтан таққа отырып  алғаннан кейін, саясат өрісінен Қазыбек биді шеттетуіне, шақшақ Жәнібек тарханның, көбінесе, Әбілқайыр хан маңынан көрінуіне себеп болған осынау іске аспай қалған оқиға емес пе?» — деп жорамалдауға болар. Қолдағы басқа да құжаттар мен материалдарды салыстыра қарап, зерттеу барысында осындай тұжырым жасауға тура келді. Қалай десек те, бәріміз де пендеміз ғой.

Ал Абылай тарапынан аталған тұлғаларға, тіпті үзеңгілес басқа сұлтандар, билер мен батырларға қатысты наразылық, теріс пікір, тіпті өкпе-наз айтылғаны немесе жазылғаны жөнінде жазба дерек кездеспейді. Кіші жүзбен қарым-қатынасы өте жақсы, Әбілқайыр ханды, Батыр, Нұралы сұлтандарды сыйлайды, Ералы сұлтанмен дос, қарулас.

Жоғарыда баяндалған  аса маңызды құбылыстың қазақ тарихында көрініс таппай, осы уақытқа дейін лайықты бағаланбауын бұл деректердің бұрын ашылмай, ғылыми айналысқа тұңғыш рет еніп отырғанымен түсіндіреміз.

 

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан

мемлекеттік университетінің профессоры.

 

Садық Самғұлов. Әбілқайырға ұлы хандық бұйырмаған

Құрметті профессор!

Хақназар хан, Есім хан, Жәңгір хан қалыптастырған, біріктірген «алты Алаш» Тәуке ханның кезінде СССР-ша ыдыраған. Қазақ үшке бөлініп Ұлы жүз — Төле бидің, Орта жүз — Қазыбек бидің, Кіші жүз — Әйтеке бидің еншісіне тиіп далалық демократия орнап Тәуке «ӘЗ» атанып ҰЛЫ хан болып қалған. Сіз 60-70 жылдан кейін жаңалық ашып «Алты алаштың ханы Әбілқайыр» — деп жарты әлемге жар салдыңыз. Болуға лайықты адам екеніне күмәнім жоқ. «Алты Алаштың» емес үш жүздің — қазақтың ұлы ханы бола алмады. Болдыртпады. Қаздауысты Қаыбек бидің мысы басып кетті. Әңгімені қысқа қайырып 1726 жылғы Ордабасындағы құрылтайдан бастағанда Әбілхайырдың ұлылығы ашыла түсер еді де, су сепкендей басылар еді.

Мен Әбілхайыр қайдан келді содан бастайын. Жәнібек ханның алты ұлының бірі ӨСЕКЕ. Өсекенің алтыншы ұлы Әбілхайыр Тәуке хан заманында атқа қонып сайыпқыран жауынгер, батырлық ерлігін көрсетеді. Кіші жүз жерін қалмақтардан, башқұрттардан Қанжығалы Бөгенбай басқарған 30 мың қолдың сапында Шақшақ Жәнібек, Табын Бөкенбай, Таз Жолшора, Беріш Пыштанай, Тама Есет, Адай Мырзатай батырлармен тізе қосып соғысып үлкен беделге ие болады. Мол олжамен оралған батырларын Тәуке хан лайықты қарсы алып, жеңіс тойын жасайды. Қанжығалы Бөгенбай мен Табын Бөкенбай батырдың ұсынысымен Әбілхайырды Кіші жүзге хан сайлайды.

1715 жылы Тәуке хан қайтыс болып орнына баласы Қайыпты таққа отырғызады. 1717 жылғы Аякөз өзені маңындағы соғыста Ұлы жүз, Орта жүз әскерлерін көмекке шақырмай  Қайып хан мен Әбілхайыр хан Жоңғар қалмақтарынан ойсырай жеңіліп, қашып құтылады. Осы соғыста алған садақ оғының жарақатынан Қайып 1718 жылы қайтыс болып орнына Сәмеке хан сайланып «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» зобалаңы кезінде қайтыс болған болу керек. Өлген жылы еш жерде көрсетілмейді. Орнына мұрагерлікпен Болат хан сайланады. Қаздауысты Қазыбек бидің ұранымен, ұйымдастыруымен Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібекетің қолдауымен Ордабасында құрылтай өткізіліп бор кемік, боз өкпе Болат ханның қазақ әскерін басқарып қалмақтарға тойтарыс бере алмайтынын ескеріп Есімхан, Жәңгірханнан кейін садақ тартып, найза ұстап ат үстінде жүрген хан тұқымы Әбілхайырды Бас қолбасшы сайлап, қазақ әскерінің билігін қолына береді. Оның қолында мықты күш бар, Кіші жүз 20-30 мың әскер шығара алатын жағдайы бар еді. «Ақтабанның…» зардабын көп тартпаған, бес қарулары түгел болатын.

Осы құрылтайдан соң Түркістанды қалмақтардан босатып Болат ханды таққа отырғызу Қанжығалы Бөгенбайға тапсырылды. Орта жүз жігіттерінен құралған бір түмен әскермен қаланы босатып Болат ханды орнықтырып өзі Бетпақ дала арқылы «Ақтабаннан…» шұбырған Орта жүздің алты арыс халықын тоқтатып 1728 жылы болатын Бұланты жағасындағы қалмақтармен алғашқы соғысқа дайындық жүргізеді. Әскер жинау қамына кірісіп, Қаракерей Қабанбай да Жетісу жерімен жүріп Жалайыр, Албан-Суаннан жігіттер жинап бес-алты мың қол жинамаққа тапсырма алған.

Түркістаннан шығарылған 20 мыңдай қалмақты түре қуып Кіші жүз жерін тазарта Еділ-Жайықтан асырып жіберу Есімхан, Жәңгірхан заманының ардагер батырлары Арғын Шауыпкел батырдың немересі Жолбарыс батырға, Көкбөрі Кернейдің немересі батыр Балтаға тапсырылды. Еділ қалмақтарын бері өткізбеуге, Жоңғар қалмақтарына көмектестірмеуге жарлық берілген. Жолбарыс батыр ескі Сауран қаласының түбінде оққа ұшып орнына батыр Балта 600-700 қолға түмен басы болып Жайық өзенінен, Ор өзенінен асырып тастайды. Орыс империясының әскерлері үшін Еділ-Жайық ортасында бағылып жатқан жылқыны барымталап башқұрттарды өз жеріне қуып тыққан. Біздің тілмен айтқанда батыр Балта әскери миссиясын Орта жүз батырларымен, қатарын Табын, Тама, Шөмекей, Адай, Ысық, Шеркеш жігіттерімен толықтырып 1743 жылға дейін тұрақтап қалады. Негізін қазақ рулары құраған Орынбор қаласы Қазақтың тұңғыш Астанасы болғаны да белгілі.

Енді сіздің мақалаңыздағы долбарларға көшейін. «Долбар» дейтінім бірде бір құжаттың қай архивтен алынғанын, қай папкадан алынғанын, қай бумадан көшірілгенін көрсетпегенсіз. Мен сияқты ДАТ-ты, шежірені пайдаланды десем жылын, айын, күнін «дәл» көрсетіп отырсыз. Оған да ерлік керек. Тәуке ханның 1715 жылы өлгеніне шүбә келтірмеңіз. Өйткені, Қайып хан сайланып Аякөз соғысынан жарақат алып содан өлгенін жоғарыда айттық. Сәмеке хан болып мемлекеттік мәселе шешіпті дегенді ДАТ-тан да, аңыздан да естімеппін. Болатбек Нәсеновтың жинаған мұрағаттарынан кездессе көзайым болар едік.

Болат хан «Итішпес» соғысы кезінде өлгені анық. Әбілмәмбеттің хан сайлануы осы жолы екені рас. Өйткені, битке өкпелеп Әбілхайыр хан тонын  қалмақтарға тастап кеткені тағы рас. Осыдан кейін Орта жүз бен Кіші жүз араласқан жоқ. Тек Әбілхайырдың қарындасын алған Шақшақ Жәнібек хан ордасының маңайында болды. Ондайды қазақтар «күшік күйеу» дейді. Сіз «комондировать» еткен «Балтабай батыр» — дұрысы Қаракесек Бошанның Машайынан тараған-Көкбөрі Кернейдің немересі батыр Балта 15 жыл шекара күзетінде болғанын Қаракесек елі біледі. Әбілхайыр майдан даласын тастап кеткеннен кейін Қанжығалы Бөгенбайдың қайтадан қолбасшы болғанын тарихтан білеміз. Қаздауысты Қазыбек бидің айтуымен, қолбасшының рұқсатымен қайтқаны да ел құлағында. Қанжығалы Бөгенбайдың батыр Балтаны Абылай ханмен таныстырып бірнеше жорықтарға қатысқанын тәптіштеп жатудың қажеті жоқ. Ол басқа тақырып. 1771 жылы Абылайды хан көтерген жеті батырдың бірі екенін, ұрпақтары мақтаныш тұтады. Бұл әңгіме атадан балаға жалғасып келе жатқан шындық. Ел құрметіне бөленген батыр Балта 1784 жылы Түркістанға жеткізіліп жерленуі де тегін емес.

1723-1726 жылдары Сәмке хан Әбілхайырмен күш біріктіріп Еділ қалмақтарымен соғысты дегеніңіз де құлаққа кірмейтін әңгіме. Өйткені, Жоңғар қалмақтары Сырдарияға дейін ендеп кіріп жайлап алған. Ата жауы Жоңғар қалмақтарының езгісінде «Ақтабаннан…» есі ауып есеңгіреп жүрген қазақтар Сәмеке хан тірі болғанда да айдаладағы Еділ қалмақтарымен соғыса алмас еді. Әбілхайыр қалмақтармен, орыстармен жақындасуды көздеп жүргенде ондай соғысқа бармас еді.  1730 жылға дейін Әбілхайырда Ресей бажағына кіремін деген ой болған жоқ. Бұл сұрқия ойдың барлығы ҰЛЫ ХАНДЫҚ-тың өкпесінен туған. Қазыбек биді тәубасына түсіру үшін Халдан Сереннің баласына қызын беріп, қалың малы үшін Орта жүз жеріне Септен ноян бастаған 30 мың шеріктерін Ертіс өзенін жағалатып Қарқаралы тауын жайлап отырған Қазыбек еліне келтіртіп соғыс аштыртады.

Зәке, Сәмеке ханды мақтағанда Жоңғар қалмақтарын ұмыт қалдырғандайсыз. Қазыбек бидің батасымен 1731 жылы 15 желтоқсанда А. Тевкеловпен келісөз жүргізді дейсіз. Қасында кімдер болғанын айтпайсыз. Төле бидің «сабалақ, шашы өскен кір қожалақ» деген сөзін теріске шығарып Абылай жиырма жасқа келгенде «САБАЛАХ, түбірі «САБАУ, ҰРУ, СОҚҚЫЛАУ» деген сөзден шыққан деп түсіндіресіз. Сонда Төле би жарықтық қалмақша білетінін «жасырып» қалған ба?

1730 жыл Болат хан өліп, Әбілмәмбет хан сайланып, Әбілхайыр өкпелеп кеткен жыл, Қанжығалы-Бөгенбай Бас қолбасшылыққа қайта сайланып жеңіске жеткен жыл болып ел есінде қалған. Сіз 1737 жыл 2-ші қазанға дейін Сәмеке хан әлі тірі деп соғасыз.

Заке, Орта жүз Керейі Бораш дегеннен сыбыс естисіз «Абылай сұлтан… жанында көп адамы бар, Әбілхайыр ханмен ақылдасуға, ұры-башқұрттармен келісімге келуге рұқсат сұрау үшін барған екен жолыға алмапты. Ол кезде Әбілхайыр Орынборға кеткен». Осы сөз профессордың сөзі ме?  Үш мың шақырым жерден келген Абылай Орынборға жете алмағаны ма? Әрі қарай «Статский советник Кириловтың хаты бойынша Әбілмәмбет сұлтан, інісі Абылай сұлтанмен башқұрттарға барып, 1500 адам тұтқын алып қайтыпты.» Қалай алып қайтқаны жөнінде анықтама бере кеткеніңізде болатын еді. Қаперіңізде болмапты. «Бөлінгенді бөрі жейтінді» білген қазақтар 1737 жылы 28-ші шілде де Әбілхайырды хан сайлап алыпты. Сақталған құжаттар осылай дейді» депсіз ол қандай құжаттар көрсете кетпедіңіз бе?

Тағы да жазба деректерге қарағанда «1737 жылы ерте көктемде Қаздауысты Қазыбек би, Орта жүздің Әбілмәмбет, Абылай сұлтандар бастаған қалың қауым Әбілхайыр ханның ордасына іргелес Ор және Елек өзендерінің бойына көшіп барған». Заке-ау, шыбынсыз-шіркейсіз, масасыз-сонасыз Қарқаралыдан Ор, Електің бойына «өлімге қимаса да, өкпеге қиысқан» Әбілхайырға үш мың шақырым жерден көшіп бармасы анық. Мыңғырған малды айдап барып жайлау қызығын көрмей-ақ қайта көшіп келгенше Арқаны белуардан қар басып, ақ бораны соғып тұрар еді.

Мақалаңызды әрі қарай оқыған сайын ойым он саққа бөлініп не оқығанымды ұмытып қызықты фантазияларға кездесем. 1737 жылы 19 маусымда Ресей патшасына бағыну үшін Орынборға таяп Әбілмәмбет, Абылай, Барақ сұлтандар көшіп келеді. 24 маусым күні қазақтардың үлкен жиынында Орта жүздің сұлтандары, билері, батырлары ақылдаса келіп мені өздеріне хан сайлап, иіліп тағзым етті. Дұға оқып, қол жайды» деп Әбілхайырға айтқызасыз. Осындай қисынсыз өтірікті қай құжаттан тауып алдыңыз? Сол құжаттың фотокөшірмесін неге қоса баспадыңыз? Дәлелі жоқ дүние қалайша тарихи ақиқат болады?

Зарқын! Орта жүз бен Кіші жүздің 1737 жыл 28 шілдедегі біріккен хан кеңесінде қабылданған «құжаттың» толық мәтінін келтіріп: «Қазақтың ханы Әбілхайыр және мына сұлтандар, билер мен батырлар: Әбілмәмбет сұлтан, Керей сұлтан, Батыр сұлтан, Барақ сұлтан, Нұралы сұлтан, Абылай сұлтан (алты алаштың астын сызған мен депсің З. Т.) Сонда айтып отырған алты алашың осы кісілер ме? Жоқ әлде мен дұрыс түсінбей отырмын ба?

Әлқисса, сол «ұлы құрылтайда» шамамен айтқанда мына мәселелер қаралып, мәмлеге келеді екен.

1.   Қазақтар жүзге бөлінбейді, бір орталықтан басқарылады, бір ханға бағынады.

2.    Ол хан — Әбілхайыр.

3.  1731 жылғы Әбілхайыр берген антқа сәйкес Ресеймен татулық сақталады.

4.  Қорғаныс, көрші елдермен арадағы жағдайлар келіссөзбен шешіледі, Тайпа немесе Ру өз бетімен соғыс ашпайды, бұл тек ортадан сайланған аға хан Әбілхайырдың құзырына беріледі.

5.     Қазақар орыс — башқұрт қатнастарына араласпайды.

6.  Башқұрттар араша сұрап, қазақтарға келмейді, қажет болса башқұрттар өз алдына хандық құра алады,Әбілхайыр оларға хандыққа сұлтан береді.

Осыдан бір ай бұрын Әбімәмбетпен Абылай сұлтандар Кіші жүз қолымен қосылып, Еділ қалмақтарынан кек алуға барған және жазығы жоқ орыстар мен башқұрттарды шапқан. «Қазақтар сол жолы 250 қалмақ пен 36 орысты әкетіпті де, қазақ арасына өткізіп жіберіпті». Әбілхайыр хан бұл жорықтан хабарсыз, ол кезде Орта жүз Әбілхайырды тыңдамайтын дейсіз.

Ресейге ант беру рәсімі 1740 жылы өтті. Бұл рәсімге Әбілхайыр келген жоқ. Кіші жүз бен Орта жүздің арасы алшақтаған деп түсіндіресіз. Неге алшақтады? Ал ант қабылдағандар «Әбілхайыр хан арқылы Ресей үкіметі қандай бұйрық-жарлық берсе — орындаймыз» дегіздіресіз, бұдан артық қандай ауызбірлік керек? 1730 жылы ҰЛЫ ХАН боп сайланған Әбілмәмбеттің орнына 1735 жылы Орта жүздің ханы болып Абылай сұлтан сайланған. Орынборға Әбілмәмбетпен бірге келгенде Әбілхайыр өзі келмей Нұралы мен Ералыны жіберген. Әбілхайыр хан Бопай ханымнан туған Қарашаш сұлуды той жасап Абылайға қосу үшін қалып қалған жоқ па? Осы жолы Қарашаш сұлуды алып қайтады.  Абылай хан батыс өлкесіне екі рет ат басын тірегенін білеміз. Біріншісі, Әбілмәмбет Ресей бажағы болуға ант беруде. Екіншісі, Барақ сұлтанның қолынан Әбілхайыр хан мерт болғанда Бопай ханымға келіп көңіл айтады. Мен оқыған тарихи мәліметтерде осылай көрсетіледі.

Әбілхайырдың аға хан сайланар кеңесінде башқұрттарға аяушылық танытып қазақтар башқұрттардың ішкі ісіне араласпайы деп шешім қабылдатасыз. Сөйтесізде, 30 мың әскермен бүлікші Ырысай байдың және қарақшы башқұрттардың ел-жұртын талқандауға Орынбордан Әбілхайырды аттандырасыз. Соғсты ма, соғыспады ма ол жағы белгісіз. Бір шындығы сол А. Акманов жазған башқұрт тарихында Әбілхайыр да, Абылай ханда башқұрттармен соғыспаған.Тәптіштеп жазбай-ақ қояын башқұрттардың 1735 — 1738 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы «Қарасақал» Барақ сұлтанның қолында, наймандардың арасына қашып келіп паналаған.  «Әбілмәмбет және Абылай сұлтандардың жіберген адамдары, қазақтар тұтқындып алған башқұрттарды қайтаратын болды» дейсіз. Қазақ арасына тарыдай шашып жіберген башқұрттарды (түрмеде отырмаса, қазақта түрме болмаған) қайдан табады.

Ең соңында Әілмәмбет, Барақ сұлтанның Әбілхайырмен суынуы «Аңрақай» шайқасын тастап кетуден басталған. Іріктеп жазған аса маңызды құбылыстарыңыздың қазақ тарихында көрініс таппай отырғаны деректеріңіздің шылғи өтіріктен құрылуы. Көзі қарақты адам ғылыми айналысқа түсірмейді. Өкпелемеңіз.

Осы мақалаңызды менің «Абай кз» порталында жарияланған «Сыпатайда не құн бар» деген мақалама қарсы жазып жариялап отырғаныңыз белгілі. Өйткені, мен жазушы Қабдеш Жұмаділовтің Әбілхайыр ханға қатысты Абылай ханның сөзін келтіргенедім «Мен Әбілхайыр ханды ақ патшамен әмпей болып, өз елін сырттай саудалағаны үшін де емес, ең зәру шақта ел ішіне іріткі салып, бір тұтас қазақ қолын ыдыратқаны үшін кешірмеймін ЛАҒНЕТ! ЛАҒНЕТ! жаусын Әбілхайыр ханға» деіздіреді. Сіз осы сөзге шамданып «алты Алаштың ұлы хандығына сайанғанда ӘБІЛМӘМБЕТ пен АБЫЛАЙ өздері қол көтеріп бата беріп еді, енді неге қарғыс айтады дегіңіз келеді.  Абылайға қосылып қарғап сілемей-ақ, сіздің атаңыз Қаздауысты Қазыбек би: «Ашыққан — ұры. Ашынған — долы. Барақ сұлтанның ақ алмасы көптен қайраулы жүрсе де, бұл жолы Барақ сұлтан айып-анжыдан ада, қолы күнәдан таза, Әбілхайырдың бұл дүниеде құны сұраусыз» дегіздіреді. Не деген ашщы сөз!

Қаздауысты Қазыбек би мен Абылайханның соттап отырғаны Әбілхайыр хан. Соттауға тұрарлық жан. «Көпір үстінде ат ауыстырмайтынын» біле тұра, енді бір ұрандаса жеңіске жететінін біле тұра майдан даласын тастап, батырларын ертіп қайтып кетті. Оның ішінде Шақшақ-Жәнібек те бар. Әбілхайырдың өкпесі де дұрыс. Қайып, Сәмеке, Болат, Әбілмәмбеттерден өлсе өлексесі артық еді. Ел басына күн туып, «ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен» алмағайып уақытта қайнап тұрған соғыс даласын тастап кету де кешірілмес күнә. Кешегі 1941-1945 жылғы Ұлы отан соғысында түгел әскерімен сатылып кеткен Власовты И.В. Сталин не күйге ұшыратып еді? Әбілхайырдың ісі одан кем емес. Ұлы жүз үшін, Орта жүз үшін Әбілхайыр хандық беделінен айырылды. Қарым қатнас үзілді. Қазақ халқының тізгіні Қазыбек бидің қолында екенін, Төле бидің оны қолдайтынын біліп  екі Жүзге қаскөйлік ойлап керуендерін тонатып, елін шаптырып жымысқылық жасады. Ол кешірілмеді. Барақ сұлтанның қолынан қаза апты. Осындай ханды жеті жылдан кейін тарих сахнасына Абылай хан шыққанда 1737 жылы Әбілхайырды «алты Алаштың ханы» сайлайсыз. Құжат бар деп құтыртасыз. Сол құжатты бізге неге көрсетпейсіз?

http://abai.kz

Рубрика: