АЛТЫНОРДА
Новости

Юлия Галышева: Келесі Олимпиада ойындарына қатыспаймын

Сочи. 10 ақпан. Baq.kz — Қазақстандық могулист Юлия Галышева кезекті Олимпиада ойындарына қатысу жоспарымда жоқ деп отыр. Ол бұл туралыBNews.kz тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті

— Юля, сенің көрсеткен өнеріңді бағалауға қатысты көптеген пікірлер мен келіспеушіліктер туындауда, өз берер бағаң қандай?

— Мен жақсы өнер көрсеттім деп ойлаймын. Себебі, тіпті, өзге елдің жаттықтырушылары келіп, сенің өнерің жетінші орыннан жоғары болуы тиіс деген пікірлерін білдіріп жатты.

— Сочи Олимпиадасынан не күтіп едің?

— Негізі, үш пен алтыншы орынның аралығында болам деген жоспар бар еді. Оны жүзеге асыруға сәл ғана жетпей қалды. Бірақ жетінші орын да жаман емес деп ойлаймын.

 Мүмкін америкалық, канадалық спортшылар үздік деп қалыптастып қалған қағида кедергі келтірген шығар? Мұнымен келісесің бе?

— Иә, себебі әр стартта ресейліктерді болсын, бізді болсын, тым төмен бағалап жатты. Алайда оны дәлелдеу мүмкін емес шығар.

— Демек, осыған дейінгі жарыстарда осы «қырсықтың» кесірін тартып келдің бе?

— Әрине.

— Осы Олимпиадада медальге үміткер екеніңді тағы бір мәрте дәлелдеп бердің. Мүмкін келесі ойындарда үздік үштікке ілігерсің?

— Күмәнім бар. Бірнәрсе өзгереді дегенге сену қиын. Соған қарамастан, маған сеніп, қолдау білдірген барша жұртқа алғысымды айтқым келеді. Мұнда осыншама жанкүйер келеді деп ойламаған едім. Трибунада Қазақстан туын ұстаған жерлестерімді көргенде қатты қуанып қалдым. Жанкүйерлердің ұрандарын естіп, олардың ыстық ықыласынан қуат алдым.

— Сенің нәтижеңе келіспеген бапкерлер бірнәрсеге қол жеткізе алды ма?

— Бапкерлер қарсы шағым білдірді, бірақ техникалық себептер болмаса, төрешілердің бағасына шағым білдіруге болмайды екен, сол себепті шағымды қайтарып берді.

 Болашақта жарыс жолын жалғастыратын шығарсың?

— Білмеймін, күмәнім бар.

— Келесі Олимпиада ойындарына қатыспаймын дегенің бе?

— Иә, қатыспаймын.

— Ренішке бола асығыс қабылданған шешім емес пе?

— Жоқ, келесі ойындарға қатысам деген жоспар болмаған. Бұл – менің соңғы ойындарым.

— Демек, спорттан біржола қол үзбексің ғой?

— Әзірге нақты шешім қабылдаған жоқпын. Мамырға дейін жаттығатын болам, себебі келісімшарт мамыр айына дейін.

 Осы Олимпиада ойындарының ұйымдастырылуына қатысты қандай пікір білдіресің?

— Мұнда Вакувермен салыстырғанда анағұрлым жақсы. Баспана мен тамақтану жағынан Сочи көбірек көңілімнен шықты. Ал трасса жағынан Ванкувердегі жол жақсы әрі жайлы еді, мұнда трасса аса қатты болды.

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық фристайлерші Юлия Галышева могулде Олимпиада ойындарының финалына өте алмай, 21,21 ұпаймен 7-орынға табан тіреген болатын.
Сабина СЕКСЕМБАЕВА

http://baq.kz/kk/news/43324