Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қытай әлемдік локомотив болатын мемлекет екендігі көптен айтылып жүрген ой. Десек те, соңғы жылдар «оқиғалары» бұл ойдың орындалу мерзімін жақындата түскендей. 

Қазіргі таңда Қытай әлемдік саясатта аса белсенділік танытпаса да экономикалық қатынастарының ауқымын кеңейтуге қатысты көптеген игі істер тындырып үлгерді. Атап айтар болсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, БРИКС тобы осы Қытай елінің белсенді ықпал ету аймағына айналып кеткен. БРИКС тобына Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка мемлекеттері енетінін ескерсек, онда Қытай әлемдік рыноктың тең жартысында белсенді ойыншы дей аламыз.

Мұның сыртында қарқынды дамушы осынау алып көрші Қиыр Шығыс арқылы Ресеймен экономикалық әріптестікті нығайтуға қатысты ұзақмерзімді мол инвестициялы жобаларды заңдастырып, жүзеге асырып жатыр. Осы ықпал ету ай­мағы аз болғандай, іри бастаған Еуроодақ экономикасының «сүбелі тұсына» қол салып үлгерді. Өткен аптада қол қойылған Германия – Қытай келісімшарттары осының нақты дәлелі. Германияны Еуроодақтың басты тірегі десек, міне, сол тірекпен сауда-саттықты енді Қытай өз валютасымен, яғни юаньмен есептесу арқылы жүзеге асыруды заңдастырып алды. Ескерте кетейік, мұның алдында дәл осындай құжат Ресей мен Қытай арасында өмірге келген. Әлемнің үлкен бөлігі, әсіресе, Еуроодақ мүшелері Ук­ра­и­наның пұшпағына таласып жатқанда, осылайша Қытай билігі өздерінің игі мақсаттарын жүзеге асырып үлгерді. Былай қарағанда, бұл ешкімге, еш жаққа зияны жоқ қадам секілді. Ал болашақтың барысына дендеп көз салған адам одан Қытайдың бейбіт экспансиясын анық көреді. Германияның тауарына еркін жол ашқан болып көрінген Қытай жағы бұл үшін халықаралық валюталарды шығын­дап жатпайды. Міне, юаньнің әлемге ық­пал ету қадамы осылайша басталып кетті. Бұдан кім ұтады?

Әрине, ұтысқа ең алдымен Қытай ие болады. Юаньді қолдарына ұстаған мем­лекеттер де ұтылыста қалмайды. Себебі юань – «мықты қол» тізгіндеп ұстайтын валюта. Сондықтан да ол доллар мен евродан әлдеқайда сенімдірек.

Екіншіден, дәл осы соңғы келісімшарт арқылы әлемдік экономика да ұтысқа шығуға қадам жасағандай. Өйткені Гер­манияның Қытаймен тауар алмасуы ұлғайса, сөз жоқ, еуроаймақ нығаюға бет бұрады. Әрі-берідесін дәл биылғыдай аса күрделі жылы аймақта рецессияны тежеу мүмкіндігі пайда болды деуге хақымыз бар. Сондай-ақ дәл осы қадам Ресей эко­номикасына да қозғаушы күштей ықпал етпек. Егер таяу болашақта БРИКС тобы экспорт-импорт айналымында жаңа өтем құралына көшуге келіссе, онда сөз жоқ, Батыстың осы уақытқа дейін «дамыған» деп аталып келген мемлекеттер тобы әлемдік экономиканың барометрі болу­дан қалады. Бұл ертеңгі ақиқаттың бір саласы ғана. Ал түпкі нәтиже юаньнің, сөздің тура мағынасында, әлемдік халықаралық валютаға айналуы арқылы дүниежүзілік экономика азғантай мерзім­дік тыныс алу жағдайына жетіп жығылады. «Азғантай мерзімдік» деген сөзді мақсатты түрде пайдаландық. Себебі кез келген мемлекет­тің ұлттық валютасы ешқашан да әлемдік экономиканың ұзақмерзімді сенімді ло­ко­мотиві бола алмайды. Демек, күні бү­гін-ақ юань әлемдік экономикаға аз да болса пайда келтіру қызметіне кірісіп кетті деу керек.

Мұндай жағдайдың дұрыс қадам еке­нін өткен аптадағы әлемдік биржалардағы саудалар барысы айғақтап бергендей. Айталық, өндірістік металдар бағасы қай­тадан өсімге ұмтылды. Бұл – өндіріс сұра­нысы артты деген сөз. Алтын бағасы түсті. Бұл инвесторлардың назары өндіріс капиталын қолдауға ауды дегенді білдіреді.

Жағдай дүниежүзінде осылай орай­ласып тұрғанда, одан Қазақстанға қандай әсер болуы мүмкін? Жауабымыз қанағат­танарлықтай, ол – Қазақстан пайдаға шығады дегенді білдіреді. Біздің өндірістік металдарымызды сатып алушылар жағ­дайы жақсарса, онда шикізатымыз әзірге пайдалы сала болуын жалғастырады. Көмірсутектерінің бағасы түспейтінін бұған дейін дәлелдегендіктен, енді ол мәселені әңгіме қылмаймыз. Демек, Қа­зақ­станның ұпайы түгел болмақ. Айтқан­дай, сақтық қордағы алтынымыз арзан­дайды. Одан үрейленетін ештеңе жоқ. Мүмкіндік болса, ішкі рыноктан алтынды сатып алу үрдісін жалғастыра беру керек. Өйткені мұндай қолайлы сәт әрі кетсе үш-бес жылға созылар. Одан әріге әлемдік экономиканы жылжытуға Қытайдың да, АҚШ-тың да әлі келмейді. Бұған басты се­беп – юаньнiң жоспарлы кепілдікті жұ­мыс істейтін мемлекеттің ұлттық валюта­сы болуы.

Осылардың бәрін ой елегінен өткізе отырып, біз бұл мерзім ішінде негізінен, импорт алмастырғыш тауарлар өндірісін кеңейтуге күш салуға тиіспіз дегенді тағы да қайталаймыз. Сондай-ақ бұл мерзімде өзімізді-өзіміз электр энергиясымен то­лық қамтамасыз ететіндей ел дәрежесіне жетсек дұрыс іс істеген болар едік. Айт­қан­дай, құрылыс материалдары индус­трия­сын толықтай алсақ, онда 2019 жылдан кейінгі уақыттарда өсімнің біраз бөлігін баспана мәселесін шешу арқылы алып, түптеп келгенде, экономикалық дамуды әлеуметтік-тұрмыстық жақсаруды қатар жүргізер едік.

Жұмабек ЖАНДІЛДИН

http://www.aikyn.kz/articles/view/45933

Рубрика: