Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Әдібай ТАБЫЛДЫ, ақын

Наурыз – Ұлыстың Ұлы күні. Ұлы мерекеміз! Жыл басы! Әз Наурызды мерекелеу – ата-бабамыздан, арғы тегімізден келе жатқан дәстүр. «Той құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!» деп көп жақсы тілектердің ақтарылатын кезі бұл.

Баршамызға белгілі – Нау­рыз «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Наурыз айында күн мен түн теңеліп, табиғат түрленіп, жасарып, жайнайды. Наурыздың келуімен ел елжірей қуанып, дастарқан жайып, бірін-бірі құшақтап, құттықтайды. Бұл күні ешқандай реніш болмауы керек. Әрбір адам иманжүзділік көрсетіп, қуанышын білдіріп, күлімдей көрісіп, бар жақсылығын жайып, жадырап жүруге міндетті.
Ұлыстың Ұлы күні – жаңа күн болғандықтан, көп жаңалық, қуаныш, игілік осы күннен бас­талуы тиіс. Жас баланың тұсаукесері, баланы атқа мінгізу, жас жұбайлардың шаңырақ көтеруі, жас диқанның қос бас­тауы, әрбір адамның жас тал отырғызуы, талапкерлердің игі істі қолға алуы, тағы басқа толып жатқан жаңалықтар осы жаңа күнде, яғни жыл басында көрінеді. Ол бастамаларды ел-жұрт қуаттай құптап, қуанышқа ортақ болады. Наурыз тойында әрбір адам өз шамасына қарай өнер көрсетуге тиіс. Ән шырқайды, күй тартады, жыр айтады. Сөйтіп, жұрттың көңілін көтереді. Ондайда ұжымдасып, ұйымдасып өнер көрсетудің мәні зор. Халық өнерпаздардың талаптылығы мен шеберлігін, дарынын жоғары бағалап, оларға ризашылығын айтып, сый-сия­пат көрсетеді. Ұлыстың Ұлы күні әрбір адам, бұрынғы реніш, өкпе-наразылығы болса, бәрін кешіп, бірін-бірі мейман етеді. Той үстінде әзіл-оспақ, қалжың, өсиет сөздер ғана айтылуы керек. Сыйласым үстінде әрбір тойшыға лайықты сыбаға беріледі. Сый-сияпаттың жаңа түрлері көрсетілуі қажет.
Наурыз тойының өзіне тән ырым асы – наурызкөже. Наурызкөже жеті түрлі астың құрамынан жасалады. Оның мәні Жаңа жылда ұйымшылдық, молшылық, мәнді де дәмді, татымды өмір болсын деген ырымды, тілекті паш ету. Наурыз тойындағы тағамдарда көбінесе ақ мол қойылады. Айран, қаймақ, қатық, құрт, ірімшік, тағы басқа. Өйткені бұл төрт түлік төлдеп, ақ мол болатын кез. Сондықтан тойшылар бір-біріне «ақ мол болсын, сауар көбейсін!» деп тілек тілейді.
Наурыз тойында әрбір адам өнерімен қатар инабаттылық, имандылық, әдептілік көрсетіп, өз міндеттерін атқара алмаса, ол үлкен айып болады. Өйткені бүкіл адамзаттың қуанышты күнінде өз үлесін қоса алмаған адам басқа достарының да намысын келтіреді. Ал ар-намысын қорғай алмау әрбір адамның кемістігі болып табылады.
Ұлыстың Ұлы күнінде өзінің игілікті істерін көрсетіп, жастар қариялардан бата алады. Халық аңызы бойынша бұл күні Қыдыр баба барлық босағаны аттап, төрге шығып, бақыт, мерей, қуаныш әкеледі. Жақсылық нұрын шашады. Қыдыр баба елге тек жақсылық әкелетін, жақсылыққа бастап, қолдап жүретін ұлы бейне…
Қыдыр баба төрде болсын! Ұлыс береке берсін! Тілегіміз мерекелі, тірлігіміз берекелі болсын!

 

http://anatili.kz/?p=12759

Рубрика: