АЛТЫНОРДА
Новости

Ынтымақтастыққа серпін берді

astana_sightseeing-300x225Жалпы айтатын болсақ, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қарым-қатынас сындарлы саясатқа негізделген. Қазақстан-Ұлыбритания дипломатиялық байланысы орнаған күннен бастап Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тұманды Альбион еліне 7 мәрте мемлекеттік сапармен барған еді. Бұл елден қазақ жеріне жасалған түрлі деңгейдегі сапарлар да аз емес. Сөйтсе де Ұлыбритания басшыларынан бірінші рет Премьер-министр Дэвид Кэмеронның елімізге ресми сапармен келуі алпауыт елдердің Қазақстанға маңыз беруі күшейе түскенін аңғартса керек.

Қазақстан мен Ұлыбритания қарым-қатынасында сауда-экономикалық байланыс басым деуге болады. 2012 жылы екі ел арасындағы өзара тауар айналымы 2,3 млрд. долларға жетіп экспорт 1,7 млрд. ал импорт 0,6 млрд. АҚШ долларын құраса, 2011 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 9,5 пайызға артыпты. Ал 2013 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы көрсеткіш 610 млн. АҚШ долларын құрап үлгерген. Мәселен, бұл айларда экспорт 428 млн., ал импорт 182 млн. АҚШ долларына жетті. Бұл да өткен жылдың дәл осы айларындағы көрсеткіштен 15,7 пайызға артық.
Екі ел басшыларының келіссөздері кезінде осы ынтымақтастықтың әртүрлі салаларындағы мемлекетаралық өзара қарым-қатынастарды одан әрі нығайту, сондай-ақ басқа да өзекті мәселелер талқыланды. «Мен Қашаған кен орнын көріп, бүгін Назарбаев Университетінде студенттермен кездесіп, шын мәнінде қатты таңғалдым. Осының бәрі қарым-қатынастардың ауқымы кең екеніне көзімді тағы да жеткізе түсті» деді Ұлыбритания Премьер-министрі. Қазақстан Прези­ден­ті екі мемлекеттің стратегиялық серіктестік туралы келісімге алғаш рет қол жеткенін атап айтты.
Ұлыбритания Қазақстанды өзара сауданы жандандыру жөнінде басымдығы бар 14 елдің тізіміне қосқан. Демек, келіссөздер мен қол қойылатын құжаттар Қазақстан-Ұлыбритания әріптестігінің жаңа сатыға көтерілуіне серпін әкелетінін аңғаруға болады.
Ұлыбритания Қазақстан экономикасына тікелей инвестиция тартуда АҚШ пен Нидерландыдан кейін үшінші орын алады, қазір оның көлемі 12 млрд. долларға жетті. Елімізде британдық капиталдың қатысуымен 600-дей кәсіпорын жұмыс істейді. Олар көлік, металлургия, денсаулық сақтау, банк секторы және экономиканың басқа да түрлі саласына атсалысуда. Британ компаниялары «Қарашығанақ» жобасын іске асыруға, «Каспий құбыры консорциумының» өткізу қабілетін ұлғайтуға, «Жемчужина» блогын әзірлеуге белсене қатысуда. «Біз Кэмерон мырзамен бірге Солтүстік Каспий жобасының аса маңызды өндірістік нысанының бірі – мұнай мен газ тазартатын «Болашақ» зауытын іске қос­тық» деп хабардар етті Н.Назарбаев. Осылайша, әлемдегі ең ірі мұнай кен орны – Қашағанда өнеркәсіптік өндіру жұмысын бастауға мүмкіндік туып отыр.
Премьер-министр Д.Кэмеронға британдық бизнесмендердің үлкен тобы еріп келген еді. Атырауда өткен және Астанада өтетін іскерлік форумға қатысушылар екі тараптан 300-ден астам адамды құрайды. Келіссөздер нәтижесінде қазірдің өзінде сомасы 1,1 миллиард долларлық келісімге қол қойылды.

Қуанбек Боқаев

 

http://anatili.kz/?p=14865