Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Алаштың арманы болған «азаттық» алаш қайрат­керлерінің түбіне жетіп, елді ұлттың серкелерінен айыр­ды. «Кеңестер одағының саясаты Алаштың азаттығын аңсаған қайраткерлерімізді қырып салды» деп келдік. Осындай тарихи шындықты ғалымдарымыз шаң басқан мұрағаттардан аршып алып жатыр. Кезінде «Аса құпия» деген таңбамен келіп, «республика бойынша … еркек, … әйел адам атып тасталсын» деген хаттар болған … Қа­зақ халқының қаймағын қал­қып алған Мирзоян-Сталин тандемінің құпиясын мына құжат дәлелдейді.
1937 жыл, «Мырзажан­ның» Сталинге жазған құпия хаты…

 

Мұндай тапсырманың, мұндай жос­пар­дың болғанын барлығымыз біліп, сездік. Ал құжат күйінде алғаш дәлелденіп отыр. Бұл – саяси қуғындау емес, жоспарлы жүзеге асырылған ату-асу шаралары екенін түсінеміз. Жалпы саны 17600 қазақ дейтін болсақ, Мирзоян Қазақстанды басқарған 5 жылдан астам уақытта әрбір күн сайын бір қазақты құрбандыққа шалып отырған деуге келеді. Ал ақтабан-шұбырынды, алқа көл сұлама заманының зардаптарының да осылай жоспарланға­нына ешқандай күмән жоқ. Ол кезде кө­мусіз қалған қазақтың саны бір құдайға ғана аян. Иманды болғырлар … Мұрағат­тардан осындай құжаттардың жойылып кетпей, бүгінге дейін жетуіне, ұлттық мүддені қорғай алатын ғалымның қолына түсуіне тілеулес болған шығар…

Өйткені аштықтан азып, жоқтықтан тозып кеткен қазақ елін басқаруға келген ( Қазақстан Орталық Партия Комитетінің бірінші хатшысы 1933-1938 жылдар) Левон Исаевич Мирзоянды аңғал қазақ ерекше мейіріммен «Мырзажан» деп қа­дір­леді. Тарих беттерінде сол кезең туралы: «Л.И.Мирзоян Қазақстанда қоғамдық, әлеуметтік, саяси-экономикалық жағ­дайдың әбден титықтап, тұралап тұрған шақта келген. Л.И.Мирзоян тамаша іскер, қайратты, шебер ұйымдастырушы, көп­теген іргелі, күрделі істердің бастаушысы, қазақ халқының шын жанашыры болған еді. Ауыр шақта басшылыққа келген Мирзоян аштықты жеңіп, қуғын-сүргінді тоқтату үшін қолдан келгеннің бәрін жасады» деп келтіріледі. Міне, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды қырып тастап, қалғанының рухын сындырып, одан кейінгі жалпақ­шешей-жағымпаздарға осындай насихат жүргізіп, санасына сіңірді. Сол мәңгүрт­тіктің, сол жалпақ­шешей­лік­тің, сол рух­сыздықтың әлі күнге дейін жал­ғасып келе жатқаны жаныма ба­тады…

Ол кезде де мырзажандардың шұл­ғауына оратылып жүрген жырбақайлар қазіргіден кем болмағаны анық. Жауыздар халқымыздың арыстарын сол өз халқы­мыз­дың ішінен шыққан шолақ белсен­ділердің қолымен жазалады. Бір сөзбен айтқанда, өз құдығымызды лайлағандар­дың дәурені жүрді. Міне, біз осы қасіретке ұрындырған кісілерді көбірек құрметтеп, алаштың азаттығы үшін құрбан болған арыстарымыздың қадіріне әлі күнге толық жете алмай келеміз.

Қазір еліміздің ірі-ірі қалаларының өзінде Мирзоян атындағы көшелер самсап жүр. «Мырзажан-Мырзажан» деп мәй­мөң­келеп, сол заманның шолақ белсен­ділерінің қатарында болғандардың атында көше, мектеп, т.б. бар екенін жасыра ал­май­мыз. Осы мәселені тарихи тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да дұрыс таразылап, әділ шешім қабылдау керек.

Мысалы, халқымызды тарих сахна­сы­нан жойып жіберуге ұмтылған Л.Мир­зоян атын аластатуға міндеттіміз.

Елордадағы 2853 метрлік көшеге Мир­зоянның есімі берілгенін көрген сайын қорланамын.

Намысымыз болса, жас ұрпақтың са­насы уланбасын десек, бабалар әруағы риза болсын десек, өзіміз көмусіз, еске­русіз, елсіз қалмайық десек, халқымыздың тағ­ды­рымен ойнағандарды тарихымыздың бет­терінде жағымды тұлға ретінде таныт­пауымыз керек.

Мирзоян атындағы көшелерді жою керек!

 

Равиль НҰРЖАНОВ

 

http://www.aikyn.kz/

Рубрика: