Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қазіргі уақытта ұлттық қолөнершілерге жасалатын қамқорлықтың ең үлкені  көрмелер өткізумен, сырттан келген қонаққа «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп мақтанып көрсетумен ғана шектелетін сыңайлы. Қалған уақыттың барлығында балды бармақ шеберлер өз қазанында өзі қайнауға мәжбүр. Рас, үлкен деңгейде шаралар өткізгенде шеберханаларға шам алып кіріп, алтын қол иелерінің асты-үстіне түсіп, әке-үке дейміз, шара біткесін олар шарасыздық күйіне қайта түседі…

Елімізде Қазақстанның Қолөнершілер одағының құрылғанына бар-жоғы бір ғана жыл болды. Оған дейін қолөнер­ші­лер­дің жоғын жоқтаған ешкім болған жоқ. Бірақ оған да шүкір дейік. Бірінші жылы етек-жеңін жинаса, алдағы уақытта одақ мүшелері төрт құбыласын түгендеп алуға барын салмақ ниетте.

Болат АТЫРАУБАЕВ, зергер, Қолөнер­ші­лер одағының өкілі:

— Былтыр Our Herіtage қоғам­дық қоры һәм Орта Азияның Еуразия қоры­ның қолдауымен Ақтөбе, Аты­рау, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Шымкент пен Өскемен қалаларының бірнеше қолөнершісі бірігіп, Қол­өнер­шілер одағын құрдық. Алғаш­қы­да құрамында барлығы жеті адам бол­ды. Одақты құрудағы мақсат — ешкімнен қолдау таппай отырған шебер­лерді насихаттау, оларды түрлі деңгейдегі көрмелерге алып шығу, басқа шебер­лермен арада тәжірибе алмасуына ықпал ету. 2009 жылдан бері елімізде «Шеврон» ком­па­ния­сы­ның қаржы­лан­дыруымен 2006 жыл­дан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Қазақ­стан­дағы қолөнер мен дәстүрлі кәсіпті қайта жаңғырту» бағ­дар­ламасы аясын­да төрт рет «Шебер» респуб­ли­ка­лық байқауы өткізілді. Одан жеңім­паз болған қолөнер­ші­лер­ге алғашқыда ақшалай сыйлықтар берілді, кейін Өзбек­станға, Үндістан мен Малайзия елінде өткен халық­ара­лық көрмелерге қатысып, сол елде­гі қолөнершілермен тәжі­рибе алма­суына мүмкіндік жасады. 

Биыл қазақстандық қолөнершілердің «Шебер» конкурсы бесінші рет өткізілмек. Қазір іріктеу туры өткізіліп жатыр, нақты қорытындысы маусым айында шығатын болады.

Әрине, көрме өткізген жақсы. Бірақ ол қолөнершілердің еңсесін көтеріп, етегін жабуына толық деңгейде ықпал ете алмайды. Оларға бұдан да қомақты, кешен­ді қолдау қажет. Шеберлерді қол­дау мәселесі басқа шетелдерде жақсы жол­ға қойылған. Мысалы, Өзбекстанда халық шеберлері жүз пайыз салықтан босатылған. Біздегі сауда орындарындағы Қытай, Қырғызстан мен Өзбекстаннан келіп жатқан қолдан жасалған бұйым­дар­дан ол жақта өнімді экспортқа шыға­рудың жүйелі жолға қойылғандығын бай­қаймыз. Жапонияда қолөнер бағы­тын­да жұмыс жасап, салт-дәстүрді сақтап келе жатқан адамдарға мемлекет қар­жылай қолдау да көрсетеді. Бізде олай емес. Мемлекет ешбір шеберге шебер­ха­на ашып беріп, құрал-жабдықтарын ал­дына салып беріп отырған жоқ. Рас, мемлекет маған ештеңе істемеді деп оны күс­таналауға ешкімнің қақы жоқ. Нарық­тық сана деген тағы бар. Алайда барлық шебердің, барлық қолөнершінің менед­жер, керемет ұйымдастырушы болуына мүмкіндігі жоқтығын да ескеру керек. Бар­лығы бірдей жеке кәсіпкер атана алмай­ды. Себебі қолөнер деген күнде табыс әкеліп отырған кәсіп емес: сұраныс бір күн бар, екінші күні жоқ.

— Құзырлы органдар тарапынан ешқандай кешенді көмек жоқ екені рас. Бірақ ауызды қу шөппен тағы да сүрте алмайсыз. Себебі көрме­лер­дің өзіне жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді… Оның өзі үлкен олжа дейік. Бірақ бізде неге Өзбек­стан­дағыдай жағдай жасалмайды?

Тым болмаса, қолөнершілерді 100 пайыз болмаса да 50 пайыз салықтан боса­туға болмас па екен? Қазақстанның эконо­микасы бұдан аса зардап шегіп қалмас деп ойлай­мын. Өзбектер аса бай халық та емес, бірақ олар ұлттық құнды­лық­тарын ұлықтауда бізден оқ бойы озық тұр. Бұл бағытта басқа елдерден артта қалып келе жатқанымыз ақиқат, — дейді Болат Атыраубаев.

Тағы бір түйткіл, бүгінгі шеберлердің көбі — жасы ұлғайған адамдар. Жастардың дені қолөнерді еңбегі еш, тұзы сор кәсіп деп санайды. Сондықтан оған басын тыға қоймайды. Қазір ауылдарда текемет басып, алаша тоқып жатқан ешкімді көрмейсіз. Зергерлер сіркелеу әдісі жойылып барады деп зар қақсайды. Мүйіз тарақ жасайтын аталарымыз, алаботадан шекер қайнататын әжелеріміз жоқ бүгінде. Далада өсіп тұрған шиді ешкім жинамайды. Ауылдарда жүн мен тері іріп-шіріп жатыр. Бұрын басқасын тастаса да, көрігін тастамаған аталарымыздың бұл құралы шаң-шаң болып сарайларда жатыр. Қазақтың келіншектері қазір тіпті жүн түтіп, ұршық иіруді де ұмытып бара жатқандай. Телесериал қарап отырып, тоқып тастайтын жүн шұлықты базардан сатып алатын жағдайға жеттік. Ілкіде бір қытайлардың «осы қазақтар қызық, денсаулыққа өте пайдалы киіздерінен сүйретпе аяқ киім жасап алудың орнына қытайдың экспортқа шығаратын сасық аяқ киімдерін сатып алады» – деген өтірік-шыны аралас әңгі­месін естідік. Олар айтпады дегеннің өзінде, бұл – шындық екені рас. Оны былай қойғанда, қазір екінің бірін орны­нан тұрғызбай тастап жатқан омыртқа ауруы­на ұшыраған адамның астына киіз төсеп жатса, үлкен ем екенін біле бер­мей­міз.

…Малайзияға барып келген шеберлер көзін жұмып, аузын ашып қайтыпты: ол жақта қолөнер кәсібіне зор мән беріледі екен. Қолөнершілердің арнайы орта­лық­тары бар көрінеді. Мұнда қолөнер шебер­лерінің дүниелерін жұртқа таныстыруға, сатылымға шығаруға, шеберлер арасында байланыс орнатуға барлық жағдай жасалған деседі. Қырғыздардың шетелдік қонақтарға ұсынатын сувенирлерін сыртқа экс­портқа шығаруына мемлекеттің өзі қол­ға­быс етіп отыр дейді білетіндер. Б.Аты­рау­баевтің айтуынша, қазір олардың затта­рын саудалайтын орындар тіпті Америка, Англия, Жапония секілді мем­ле­кет­терде де бар көрінеді. Өзбек­стан­да  «ЮНЕСКО-ның сапа белгісі» серти­фи­катына ие болған халық шеберін ақ киізге көтермегенмен, оны дүрілдетіп, даңқын шығарып, мемлекеттік тапсырыс беріп, кәсібін жүргізуге көмектеседі екен. Бізде ше?..

Өткен жылдың қараша айында Иранның Тегеран қаласында ЮНЕСКО-ның қолөнер саласы бойынша халық­ара­лық қазылар алқасы Қазақстан, Қырғыз­стан, Тәжікстан, Иран, Түрікменстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің шеберлері ұсынған қолөнер бұйымдарын саралап, «ЮНЕСКО-ның сапа белгісіне» лайық өнімдерді іріктеді. Оған берілген 407 жұмыстың ішінде 188-і сапа белгісі серти­фикатына ие болды. Оның ішінде 12 қазақстандық қолөнершінің бұйымдары жоғары бағаланды. Мұндай зор бағаға Ақ­төбе облысы бойынша тұңғыш рет қол­өнер шебері Ерқосай Әбілев те ие болған-ды.

Ерқосай ӘБІЛЕВ, қолөнер шебері, Қазақ­стан Суретшілер Одағының мүшесі, «ЮНЕСКО-ның сапа белгісі» сертифи­ка­тының иегері:

— Мен малдың сүйегінен бесікке салатын шүмек жасаған болатынмын. Бұл еңбегімді халықаралық деңгейдегі қазы­лар алқасы жоғары бағалады. Бұл жеңісім туралы облыстық мәдениет басқармасын өзім хабардар еттім. 

Жалпы, елімізде болып жататын көр­ме­лерге, байқауларға қатысып тұруға тыры­са­мын. Алматыда өткен халықаралық «Орте­ке» байқауында менің туындыларым жоғары баға­ланды. Алайда кейбір көрме­лер ізсіз өтеді. Мысалы, өткен жылы Аста­нада «Ел іші — өнер кеніші» атты көрмеге туындыларым қойылды, алайда қатыс­қанымыз жөнінде ешбір сертификат, құжат берілмеді. Ізсіз, нәтижесіз өтетін көрмелер­дің шеберлерге қандай пайдасы бар? Оның үстіне көрме ұйым­дас­тырушылары оған келетін ауди­торияны да зерттеуге тиіс дер едім. Себебі қолдан шыққан бұйым­дар қымбат болады, оны көшеде кетіп бара жатып көрмеге кіре шығайыншы деген адамдардың барлығы бірдей сатып ала алмайды. Яғни шебер заттарын көтеріп апарып, қайтадан алып қайтады. 

Шебер өз кәсібіне шынайы берілсе ғана, одан пайда болады. Бізде оған мүм­кіндік жоқ. Себебі шеберлердің барлы­ғының дерлік негізгі табыс тауып отырған жұмысы бар, яғни оның қолөнері екінші, қосымша жұмысы болып отыр. Мен осы кәсіппен айналысқаныма 25 жыл болды, қазіргі кәсібім де, нәсібім де – осы.

Біздің үлкен мақтанышымыз — 2017 жылы өтетін ЭКСПО көрмесіне әлемнің бірнеше елінен миллиондаған турист келеді. Туристі осы елдің егесі де, қожасы да — қазақ деген ұлт қандай ұлт, ол қалай өмір сүреді, қандай киім киеді, қалай сөйлейді, қалай тұрады, қандай тамақ жейді, қандай ауамен демалады деген нәрселердің бәрі қызықтырары сөзсіз. Олардың арасында сүйсініп те, сынап та қарайтындар болады… Көрмені көрген­дері көрмегендеріне айтады, біздің елден бір-бір естеліктер ала кетеді. Ол естелік қазақ ұлтының тұтас болмысын көрсете алатын кішкентай құндылық болуы керек. Бұл тұрғыда біздің шеберлердің туынды­ла­ры бірінші орынға шығуы керек!

 

P.S.

ЭКСПО-–2017 көрмесі кәсіпкерлермен қатар ұлттық қолөнершілердің де жұмысына серпін берері сөзсіз. Себебі туризмнің дамуы — қолөнердің тынысын ашуына септігін тигізеді. Алайда бір реттік емес, тұрақты мемлекеттік қолдауға бәрібір ештеңе жетпейді. Қолөнершілер «жыламайды». Ал қазақта «жыламайтын» бала «сүтсіз» қалатыны тағы бар. Сондықтан қазақ қолөнерінің мәйегі суалып, тамыры қиылмасын десек, қолы – алтын, бірақ қысқа қолөнершілерге қолдау көрсететін заң шықса да артықтық етпес еді… Себебі қазір біздің қолөнершілерге қолдау көрсеттік деп жүрген кейбір шетелдік компаниялардан гөрі бұл шеберлер ұлтқа, мемлекетке қажет-ақ…

Автор: Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы

 

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

http://alashainasy.kz/culture/40206/

Рубрика: