Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

434_1e461ab48a691f1e5a2a447cd84ed7a3Астана. 2 тамыз. Baq.kz-Бүгінгі таңда Қазақстанның тарих ғылымы туралы сөз болғанда ХХ ғасырдың бел ортасындағы қазақ зиялыларының жарқын бейнесі көз алдыңызға келеді.

Өткен ғасырда Қазақстан тарихы сан алуан бұдырлы кезеңдерді басынан кешірді. Кеңестік басқару жүйесі, цензуралық саясат ғылымның объективті түрде дамуына жол бермеді. Дегенмен, осындай қиын жағдайларға қарамастан, өктем мемлекеттік басқару машинасымен бірде ашық, бірде жасырын арпалыса-алысып жүріп, бір топ ірі ғалымдардың шоғыры шыңдалып шықты. Олардың арасында Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов, Ермұхан Бекмаханов, Әбусағит Жиреншин, тағы басқаларын атауға болады.
Қазақтың басына төнген қасірет алдымен ұлт зиялыларының төңірегін айналшықтады. Қазақтың ең алғашқы тарих ғылымының докторы, Абылайханның сегізінші ұрпағы Ермұхан Бекмаханов та осы сталиндік қуғын-сүргіннің құрбанына айналды. Бәлшебектер үкіметіне, қызылдар өкіметінің шаш ал десе, бас алатын өңшең өлермен қайраткерлеріне, тасыр идеологтарына, ноқай шолақ белсенділеріне қазақ ғалымының 1943 жылы жазған «Қазақ ССР тарихы» оқулығы «ұнамаған». Нақтырақ айтқанда, осы оқулықтың Кенесары ханның көтерілісіне қатысты жазған тармағына қатты шүйлікті. Тарихшыға Кенесарыға қатысты жазған тарау «орыстарға қарсы бағытталған», Кенесары көтерілісін асыра дәріптеген деген айыптар тағылды. Бұл жала ақыры аяулы ғалымның түрмеге қамалуына себеп болды.
Жалғыз Ермұхан ғана емес, ірі ғалымдардың қай-қайсы да қызыл жендеттердің қатаң бақылауында болып, қит етсе қудалануға ұшырап, құрбандыққа шалынып жатты. Қазақ тарихшылары айтар сөзін екшеп жеткізуге, екі шоқып, бір қарап өмір сүруге мәжбүр болды. Бүгінде, Қазақстан тарихын жаңаша ұлттық тұрғыдан жазудың жаңа мүмкіндіктері ашылып жатқанда, сол замандардағы ұлт зиялылары айта алмаған ащы шындықтарды жалпақ жұртшылыққа айпарадай ашатын кез келді деп білеміз. Халық еш бүркемелеусіз, өзгеге жалтақтаусыз өзінің шын тарихын білуге тиіс.
Дәулетқали АСАУОВ 
http://www.baq.kz/kk/news/33353

Рубрика: