Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

bd65c37f84bd19dcd7492d078a3e89fd_0_500_0Ет сасыса тұз себесің, тұз сасыса не себесің?» дейді қазақ. Ата дінге бет бұрып, иман-салауатын түгендей бастаған жұрттың көңілін бүгін Тұтынушылар құқын қорғау жөніндегі агенттік бұзды. Ведомства еліміздегі «халал» деп сатылып жатқан бірқатар өнімдердің адал ас екендігіне күмән келтірген.

Агенттік таратқан деректерге қарағанда  Қазақ елінде  «халал» атын жамылған «жалған-халал» өнімдер аз емес көрінеді.  Яғни,  Алланың адал асының атын жамылып бұқараға  құрамында доңыздың еті мен майы араласқан тауарлар сатып жүргендер бар болып шыққан.  Демек, халал стандарттарын қалыптастырып,  сертификат беретіндердің  қызметін тексеру де басталып кетуі мүмкін жуық арада. Өйткені, біріншіден «халал» деп сатылып келген «Мусульманские»,  «Говяжьи» «халал»,  «Докторскаия  в/с в синюге», «Конские сосиски»,  «Элитная» сынды  бірқатар  ет-шұжық өнімдері  өздерінің нұсқаулықтарында көрсетілгендей «халал»  болмай шыққан.  Яғни,  «халал»  деген сөзді тауарды  өтімді қылу мақсатында қолданып келгендер көп болып шығыпты. Бұқараға танымал  көптеген  шұжық өнімдерінің  құрамында доңыз еті, доңыздың майы болған. Лабораториялық  зерттеулердің нәтижесі соны көрсетіп  отыр.  Екіншіден,  біздің елде  өнімдердің «халал»  стандарттарына сәйкестігін айғақтайтын сертификаттарды беру тәртібі заң  жүзінде  реттелмеген көрінеді. Яғни, «халал болу үшін мынадай талаптар бар» деп бәрін тайға таңба  басқандай қылып көрсететін заң жоқ бізде.  Демек, «халал» деген сертификаттарды  үлестіре берудің өзі  заңсыз. Бірақ,  куәліктер мен сертификаттарды күні  бүгінге дейін «Қазақстанның халал-индустриясы қауымдастығы» деп аталатын ұйым беріп  келген.  Ал,  Дін істері  жөніндегі агенттік  бұл ұйымды діни  бірлестік ретінде тіркемеген. Алайда, «халал» өнімдер өндіру діни мәселе болса керек.  Яғни,  мұсылмандардың   сенімі мен тұрмысына тікелей қатысты  дүние. Бәлкім,  Дін істері агенттігі «халал»  деген сертификаттарды  өздері емес,  қайдағы бір  ұйымның беріп жүргенін құп көрмеді ме қайдам, әйтеуір «Қазақстанның халал-индустриясы қауымдастығы» беретін сертификаттарды  «заңға қайшы» деп бағалаған көрінеді. Ал, мұны Тұтынушылар құққын қорғау жөніндегі агенттік  арам мен адал асты айыру үшін таптырмас уәж ретінде  пайдаланып отырса керек. Егер Агенттіктің анықтағаны рас болса  бізге «халал» деп  доңыз еті мен майы қосылған  өнімдерді сатып жүргендердің жазасын алғаны  дұрыс. Бірақ, «халалға» қарсы майданның астарында Кеден одағындағы «билеуші» елдің  ықпалы  бар сияқты.  Өйткені,  Кеден одағының «Ет және ет өнімдерінің  қауіпсіздігі туралы» деген кедендік  регламентінің 107 ші  тармағына сәйкес «тұтынушыларды алдауға болмайтын» көрінеді.  Яғни, «халал» деп біреулер тұтынушыларды алдап жатса жазалануы керек. Екіншіден өзге өнімдерден  өзгеше екендігін көрсететін белгілер тағы сол Кеден одағының  түрлі құжаттарына сәйкес болуы керек екен.  Бір сөзбен айтқанда Қазақстан нарығында тәуір сұранысқа ие «халал» өнімдерді ресейлік  тауарлардың ығыстыра түсуіне септігін тигізбек  бұл мәселе.

Рас, бізде  «бояушы бояушы дегенде сақалын бояғандар»  кездескен.  Біреулер «халал-су» шығармақ болған. Біреулер «халал қонақ үй»,  «халал монша», «халал сауна» ашқан. «Халал балабақша» да бар бізде. Тіпті, «халал техникалық қызмет көрсету орталығын» ашқандар да болды. Яғни,  «халал» деген сөзді орынды-орынсыз қолданғанбыз біз. Біреуміз шынымен  бұқараға адал қызмет көрсеткіміз келген, біреуміз  тезірек шаш етектен пайда тапқымыз келген. Міне, ақыры осы «бояушылығымыз»  «халал» деп жеп жүрген шұжықтарымыздың түбіне жеткен  жайы бар. Енді  біздің «халал» өнімдердің орнын Ресей жақтан келетін «халал»  шұжықтар баспасына ешкім  кепілдік  бере алмайды.  Өйткені, «халал» деген атпен тауар өндіріп жатқандар Ресейде де аз емес. Ал, олардың өнімдерін тексеруге біздің шенеуніктердің жүрегі дауалай қоймайтыны анық.  Сөйтіп,  біз өз нарғымызға көрші елдің тауарларының басып кіруіне  тағы  да жол аштық. Өйткені,  кейбір деректерге қарағанда біздің нарықтағы азық-түліктің 30 пайызы «халал» деген атпен өндіріліп жатқан көрінеді.Бұл нарыққа ресейліктердің де қызығатыны сөзсіз. «Халалға» қарсы «майданның» астарынан осындай мәселе аңғардық біз.
Серғазы АСЛАНБЕК

http://zhebe.com/i

Рубрика: