Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Бүгінде жүрдек деген пойыздың өзі Астанадан Алматыға жарты тәулік жүретіні белгілі. Осы уақытты 4-5 есеге қысқартуға болады екен. Қарағандылық өнертапқыштар осындай жоба ұсынып отыр. «Бүркіт» деп аталатын заманауи отарбаның жобасы жақында Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішевтің төрағалығымен өткен инновациялық кластерді дамыту жөніндегі ғылыми-техникалық кеңестің алғашқы отырысында таныстырылды. 

– Ел Президенті инновацияны дамыту мін­деттерін алдымызға қойып отыр. Біздің облысымыздың зияткерлік әлеуеті өте жо­ғары. Бұл инновациялық жобаларды нақты жүзеге асыруға, оның ішінде «ЭКСПО-2017» көрмесіне ұсынылатын ұтқыр жобаларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі кеңесте.
Осыған орай аймақтық пәрменді иннова­циялық жүйе құрылуы тиіс. Міне, ғылыми-тех­никалық кеңестің бар күш-жігері дәл осы мақсатқа жұмылдырылатын болады. Оның құрамына белгілі ғалымдар, алдыңғы қатар­лы жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу ин­ституттары, өңірлік даму институттарының, салалық басқармалардың, кәсіпкерлер қауым­дастығының өкілдері енгізілді. Ғылыми-тех­никалық кеңестің жұмыс органы болып «Са­рыарқа» технопаркі» ЖШС бекітілді.
Ғылыми-техникалық кеңестің қызметі мен облыс экономикасының базалық салала­рындағы инновациялық кластерді дамыту мәселелері жөнінде «Сарыарқа» технопаркі» ЖШС директоры Алексей Цой баяндама жасады.
Осыдан кейін сәулеттік бюро директоры Семен Болотниктің ЭКСПО-2017 халықара­лық мамандандырылған көрмесіне ұсынған үш жобасының тұжырымдамасы талқы­лан­ды.
Солардың бірі Астана мен Алматыны жалғауды көздейтін «Бүркіт» пойызы жүретін жылдам теміржол құрылысы. Тұжырымдама авторының айтуынша, бұл пойыз ірі қалалар арасындағы барыс-келістi арттырып, турис­тер­дің көбеюіне септігін тигізбекші. Жыл­дам­дығы сағатына 400 шақырымнан асады деп бол­жануда. Сондай-ақ, бұл теміржол құры­лысы өзіне қажетті энергияны күн және жел генераторлары арқылы алатындықтан, эко­логиялық таза жоба болмақшы. «Бүркіт» по­йызы Астанадан Алматыға дейін жолаушысын 157 минутта жеткізуді көздейді. Уақыттың ке­муі­не біріншіден заманауи отарбаның жыл­дамдығының арттырылуы, екіншіден жолдың қысқаруы себеп болмақшы.
Жолды Балқаш көлі арқылы өтетін көпір үстінен салу көзделгендіктен, арақашықтық 180 шақырымға қысқармақшы.
Теміржолдың әкелетін пайдасы алғашқы жылдың өзінде шамамен 200 млрд теңгені құрайтын болады, дейді жоба авторы. Кеңес мүшелері жобаны жан-жақты қарастыра ке­ліп, әлі де болса оның экономикалық, техноло­гиялық жағын есептеу қажеттігін айтты. Жал­пы тың идеяға қолдау танытты.
Бұдан кейін ұсынылған екі жоба электр энергиясының балама көздеріне қатысты болды.
Ғылыми-техникалық кеңес мүшелері «Тұр­ғын үйлер мен өнеркәсіптік ғимарат­тардың саңылаулы іргетасы» жобасы мен «Эко­логиялық таза гидродинамикалық жы­лытқыштарды сериялық өндіру үшін техни­калық құжаттаманы дайындау» жобалары да кеңес мүшелері тарапынан қолдау тапты.
«Саңылаулы іргетас» – Қарағандыда Гүл­дер шағын ауданында эксперимент ретінде тұрғызылған үйлерде сынақтан өткен жоба. Мамандардың айтуынша, үш үйге қолданылған осындай іргетас өзінің тиімділігін көрсеткен. «Әдеттегі іргетастардай емес, мызғымай тұр және жылу үнемдеуге де тиімді екенін көр­сет­ті», – дейді жоба жетекшілері.
Кеңес мүшелерін қызықтырған жобалар­дың тағы бірі – «Пальма электр стансасы». Жоба авторларының айтуынша, бұл құрылғы арқылы жел энергиясын кәдеге жарату көз­делген. Сәтін салса, бұл туынды «ЭКСПО – 2017» көрмесіне жол тартуы мүмкін.
Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі ғылыми-техникалық кеңестің одан арғы қызметіне қатысты тапсырмалар берді. Сон­дай-ақ инновациялық жобаларды дамыту қорын құру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлу жағын қарастыруды тапсырды.

Қамбар АХМЕТОВ
Қарағанды

http://www.aikyn.kz

Рубрика: