Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

4a56ad637f086a59ee0e81eecf1debbaАбай ОМАРОВ (коллаж)

Еліміздің билік органдарын, тіпті Парламенттегі халық қалау­лыларының өздерін алаңдатқан бір өзекті мәселе бар. Түйіні тарқатылмаған соң, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықтың талай ұшығы шыққан да – осы сала, яғни орындалуы тиіс сот шешімдері жыл сайын екі-үш есеге өседі. Ал сот орындаушыларының қатары одан сайын төмендейді. Жүктелімі басынан асқан соң шара бар ма? Шешімдер орындалмай жылдар бойы сүрленіп те барады. Әділет министрлігі қаншалықты қауқар танытқанымен, статистика әрбір екінші сот шешімінің орындалмай жатқанын растап отыр…

Күні кеше Парламент Мәжілісінде өткен ар­найы кеңесте осы жай өткір сынға ұшырады. Де­пу­таттар сот шешімдерінің аяқасты қалғанына наразы. Өйткені бұл ел қазынасына түсетін елеулі қаржының бюджетке түспей қалуын туғызуда.

Берік БЕКЖАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қазіргі тұста біреудің дауын шешу оңай емес. Сот орын­даушысы шешімді орындау үшін заң­­ның кейбір тұс­тарын бұзуға да мәжбүр болады. Өйткені олай ет­пе­се, борышкердің үйіне де кіре алмайды. Сот орын­дау­­шыларының үй ие­лерінен дөрекі сөздер естіп, тіпті ауыр жарақат алып жатқанын да атап кету керек. Заң бап­­­та­рының бір-біріне қарама-қайшы келуі де – сот ак­­­т­ілерінің ұзақ уақыт орын­дал­мауына бірден-бір се­беп.

Жүйедегі жүгенсіздік пен заңның сол­қыл­дақ­тығын сот орындаушылары да растап отыр. Мұны біз сала басшыларының бірімен болған әңгімеден анық аңғардық.

Нұрлыбек КҮЗЕНБАЕВ, Ақмола облысы сот актілерін орындау департаментінің басшысы:

– Республикалық орташа статистика әрбір сот орын­даушысына 300-400-ге таяу атқару өндірісінен келетін растады. Бұл әр аймақта әртүрлі болып өз­геріп тұруы да мүмкін. Мәселен, Ақмола өңірінде бір сот орын­дау­шысына 700 сот шешімінен келеді. Сот орын­даушысының иығына артқан жүгінің ора­сан екенін билік те біліп отыр. Бірақ Елбасының Жар­­лығымен мемлекеттік қызметкерлер санын қысқарту сот орындау­шыларын да айналып өтпеді. Тек Ақ­мола облы­сында ғана 9 сот орын­даушысының қыс­қартылуы – мұның нақты ай­ғағы. Ал сонда сот ше­шім­дерінің орындалу көрсеткіші қайтіп түзелмек?!.

                                   Абай ОМАРОВ (коллаж)

Иә, расында да, сот актілері көбейіп жат­қанда, саладағы кадрларды қысқар­тып тастау қаншалықты тиімді? Аталған өзгеріс саладағы қордаланған жағдайды одан сайын күрделендіріп жібермей ме екен? Бұл онсыз да ұнжырғасы түскен сот орындаушыларына жығылған үстіне жұды­рық болып жүрмесе игі.

Күн сайын сот орындаушыларының әрекетсіздігіне, сот шешімдерінің орын­дал­мағанына беймаза болған халықтың қарасы көбейіп тұр. Мұны Әділет министр­лігінің жеке блогына түскен арыз-шағым­дардан анық аңғаруға болады. Күн сайын үстемеленіп жатқан шағымдардың тоқсан пайыздан астамы сот актілерінің орын­далуына қатысты. Мұның ішінде мемлекет шығыны жөнінде әңгіме тіптен бөлек. Тек бір ғана Ақмола облысында сот шешімінің уақытында орындалмауынан мемлекет кірісіне 70 миллиард теңге түспеген. Бұл – бірінші шілдеде болған жағдай. Ал тұтас ел аумағында бұл санның қаншаға жет­кенін елестетіп көріңіз. Төбе шашыңыз тік тұрады. Ал сол қаражат мемлекет кірісіне түссе, әлеуметтік жағдай да оңалар ма еді деген ойға қаласың. Бірақ қысқа жіп күр­меуге келмейтіні тағы бар.

Ресми деректерге сүйенсек, осы жыл­дың тек тоғыз айында республика бо­йынша 806 мың атқару өндірісі түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 165 мың құжатқа көп. Ал шешімдерді орындау көр­сеткіші әлдеқайда төмен. Өйткені сот ор­ындаушысының бір басында – пәленбай шешім. Есептеп жіберсеңіз, әр сот ор­ын­даушысы жақсы нәтижеге жету үшін ай са­йын кемінде 50 сот актісін орындауы тиіс. Ал бұл тіпті мүмкін емес.

Бақтияр ӨНЕРБАЕВ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет төрағасының бірінші орынбасары:

– Сот шешімдерін орындау өте ауыр іс. Өйткені сот орындаушысының атқару өнді­рі­сін түгендеп қарап шығуға да уақыты жетпейді. Бұл өндірушілер­дің ызасын туғызады. Үлгеру үшін әр­бір сот орындаушысы күніне 24 сағат жұ­мыс істеуі тиіс. 

Сот орындаушылары да өз жұмыстары­ның аса күрделі екенін мойындады.

Рашит ТҰРСЫНОВ, Көкшетау қаласы аумақтық бөлімінің сот орындаушысы:

– Сот орындаушысы күн сайын қа­уіп-қатердің ортасында жүреді. Мәсе­лен, біз қарызы үшін борышкерді үйі­нен көшірмек болғанда, өзі 4-қа­баттан секіріп кетпек болды. Тіпті баса-көктеп өзіңе тұра ұмтылатын жағдайлар да кездеседі. Сонда да сот шешімі заң­мен орындалуға тиіс болғандықтан ор­ындаймыз. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәрте­бесі туралы» Заңға сәйкес, борышкер­лерді қылмыстық жауапкершілікке тар­ту туралы 362 бап бар. Бірақ ол әр кез орындала бермейді. 

Талай қарғыс пен алғысты қатар естіген сот орындаушыларының мәртебесі әлі өсер емес.

Бұл, әрине, заңның солқылдақтығы демеске лаж жоқ. Бірақ көңілге бір медет боларлығы жақында Парламенттің қара­уы­нан өткен Заңды Мәжіліс мақұлдады.

Заң күшіне енсе, сот орындаушылары­ның мәртебесі өсіп, қылмыстық жауапкер­шілікке өздері-ақ тарта алады. Сонда ол мемлекетке де, заңды және жеке тұлға­ларға да тиімді болмақ. Бірақ сот орындау­шыларының санының аздығы әлі де ке­дер­гілердің көп болатындығын айғақ­тайды.

Ақжан ЕШТАЙ, Ақмола облыстық сотының төрағасы:

– Сот шешімдерінің орындалмауын, әрине, ең бірінші кезекте сот орындау­шысынан көреміз. Бұрын ол соттың қа­ра­уында болған. Қазір ол Әділет ми­нистр­лігінің қарауына өтті. Бұрын әрбір судьяның қарауында бір сот орындау­шысы болатын. Қазір судьялар атқару өндірісінің қандай жағдайда екенінен хабарсыз болып жатады. Сондықтан бұл іске аса жауаптылық қажет деп ес­ептеймін. 

Бірақ өндірушілер мен борышкерлер сот орындаушыларын өз істеріне жауапсыз санайды.

Гүлайша МЕҢДІҒАЛИЕВА, өндіруші:

– Сот орындаушылары өз істеріне жауапсыз қарайды. Мәселен, мен үш жылдан бері алиментімді өндіре алмай келемін. Тіпті телефонға да дұрыс жа­уап бермейді. Сондықтан сот орындау­шыларын жауапкершілікке тарту қажет деп есептеймін. 

Әрине, бес саусақ бірдей емес. Сала­ның жөнделуі үшін тұтас заңға өзгеріс қа­жеттігі – уақыт талабы. Ал Парламенттің қа­ра­уындағы жаңа заң жобасы аталған салаға қан жүгіртіп, жүйеге жүйелілік ен­гізуі – алдағы уақыт еншісінде.

Автор: Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Көкшетау

 

http://alashainasy.kz/

Рубрика: