Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

434_56609360f8bc540db0413678fee164e7немесе жастардың әп-сәттегі бүлігінен кейінгі ой

Сан тағдырлар тоғысқан ең ірі мегаполисіміз – ару Алматымыздағы, мәдени астана деп әспеттеп жүрген көрікті қаламыздағы күні кешегі жастардың дүрлігуін (біреулер бүлік деп жатты ғой) – тобырлық санадан, мәдени деңгейдің төмендігінен, әлеуметтік жағдайдың нашарлығынан көріп жатқандар көп.

Мәселе Қайрат Нұртас деген әншіде емес. Және мәселе айтылмай қалған ән­де де емес. Қайрат Нұртас әнін толық айт­пады деп жастар дүрлікті, шоуды ұйым­дастырған орталықтың есік-тере­зесін қиратып, бұзақылық істеді, бұл не деген мәдениетсіздік деп қоя салуға да болмайды. Және бұл бүлік Алматыға немесе Алматы жастарына ғана қатысты жағдай дегенмен келіспейміз. Бұл біздің қо­ғамымыздың тыныштығы, тұрақты­лы­ғына түсіп келе жатқан көлеңке болмасын. «Ымырашыл, көнбіс халықпыз» деген са­ғымды жоққа шығарар мысалдың бір бел­гісі емес пе деген сұрақты өзімізге қай­та айналып қоя береміз. Жоқ, алдын-ала үрей шақырудан, берекені кетіруден ау­лақпыз. Алайда, осы жағдайды есте сақ­тап, біздің болашағымыз – жаста­ры­мыз­­дың көкірегінде сайрап жатқан не ар­ман, не мұң бар екенін білгіміз, сол ар­ман­ды ұққымыз, мұңмен бөліскіміз ке­ле­ді…
Негізінен, үлкендері қалып, жастары жұ­мыс іздеп тентіреп кеткен ауыл қартая, ар­ман қуалап келген жастар көбейген қала жасара түскен уақытта, қоғамның өз­герісін, мінезін қаладан іздеу керегі түсінікті ғой.
Қаланың іркес-тіркес салына салған, не үй, не лашық деуге келмейтін тамдары жыпырлаған аудандарына келіп тізе бүк­кен жастар, мейлі Алматы болсын, мейлі Астана болсын, негізінен, сол қала хал­қына «қызмет» етуге кіріседі. Олар үлкенді-кішілі қара базарларда әке-көкелеп заңды-заңсыз сауда жасайды, терлеп-тепшіп арба сүйрейді, құрылыс алаң­да­рында шаңға көміліп ең ауыр жұмыстарды атқарады, қыста табанынан сыз, жазда төбесінен күн өтіп көшені асфальттайды, бекеттерде зыр жүгіріп, таласа-тармаса жүк тасиды, «қонағының» қас-қабағына тәуелді күйі даяшы болады, «алты қырдың астынан шыққан даусымен» адам жинап, қоғамдық көліктерде жүреді, т.с.с. Олар­дың жұмысы күн шықпай басталып, жұл­дыздар жыпырлағанда аяқталады. Олар­дың бәрін ауылға қайтарып көріңіз – қоғамдық көліктер тоқтап, базарлар жұ­мыс істемей, үйлер салынбай қалар еді. Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Мол­дова елдерінің гастарбайтерлері іс­тейтін жұмысты, Алматы мен Астанада өзі­міздің ауыл азаматтары атқарып жүр. Де­мек, Қазақстанның ішкі мигранттары гас­тарбайтерлермен тағдырлас. Ендеше, көршілерімізден «көш ілгері» жағдайы­мыз­ды айтып, танауымызды көкке көтер­мей-ақ қойдық.
Қош, сонымен, ауылдан келіп, жолы бол­ғаны қала етегінен алақандай жерді ие­леніп, «кең сарайдай өз үйін» сала тұр­сын.
Қалаға «үміт еткен көзімнің нұры – балам» деген жастар оқу іздеп те келеді. Бі­разын байқағандай болдық. Шығар­ма­шылық байқауда «Бұл мамандықты неге таңдадың?» деген сауалға: «Елбасымыз­дың 2050 жылға арналған стратегиясы бойынша» деп басталатын жауапты тыңдауға кеткен жүйке туралы әңгіме қозғамай-ақ қоялық. «Маңғаз Маңғыстау», «Шырайлы Шым­кент», «Кербез Көкше» деп тізбектеліп кете беретін, өңірінің сәні мен салтанаты туралы айтқанда, тоқтата алмай әуре болатын жас өскінді айтсақ, «елін, жерін сүйе­тін» не деген отаншыл ұрпақ өсіп ке­леді деп сүйсінуіңіз бек мүмкін. Сол «отаншыл» ұрпақтан «Туған ауылыңда су мә­селесі қандай?», «Жылу бар ма?», «Эко­логияң ше?» деп сұрап көр­сек, 2030-дан бастап, 2050-ден аяқтап, еліміздің алға қойған басты мақсаттары мен міндеттері туралы ұзақ-сонар ай­дынға түсіп алып, малтығып шыға алмай қалады. Құдды, бәрі мектепті емес, саяси институтты бі­тіріп қойғандай. Бәрінің арманы «2017 жы­лы өтетін ЭКСПО-ны сәтті өткізуге үлесін қосып», «Қазақстан-2050 стратегиясын мезгілінен бұрын орындау». Шығармашылық байқаудағы жазған шығармаларынан байқадық. Таңдауға түскен алты тақырыптың эконо­ми­калық, саяси бағытын таңдап алған талапкер­лердің көптігінен шошы­ғанбыз. Адамгер­шілікті айтпай-ақ қоялық, жастар махаббат, сүйіспеншілік тақырыбына бір табан жақын тұратыны қайда? Әуел­гіде мұға­лім­дерге, тұтас білім беру институтына кінә артқымыз келген. Ондай әлеуметтік институттардан да ма­ңызды Отбасы институты бары есімізге түсті. Ол отбасыңыз­дың біразы «кең сарайдай өз үйін салып», шапқылап жұмыс істеп жүргенін жоға­ры­да айтып кеттік. Қалған жартысы…
Бүгінгі таңдағы әлеуметтік әртүрлілік – жастардың ғана емес, бүгінгі заман азаматының да басты ерекшелігі. Иә, бұ­рын да жастар іштей бөлінген: Ауылдық немесе қалалық, оқыған немесе оқы­маған секілді топтарға жіктелгенімен, олар бірдей мектептерде, бірдей оқу­лық­тармен білім алып, бірдей БАҚ өнімін пайдаланып, бірдей мәдени өнімді тұты­натын. Және олардың қоғам мен мем­лекет алдындағы әлеуметтік жауап­кер­шілігі де бірдей еді. Қазір ше? Өзгерген мектеп формасы ғана емес. Бүгінгі жас­тарды ештеме біріктіре алмайды. Олар тіпті, мектеп бағдарламасында оқуға тиіс әдеби шығармалардың өзін әртүрлі қа­былдайды. Олар үшін Алдар көсенің өтірігі мен лауазымды тұлғаның өтірігінің айырмасы жоқ. Үлкен өмірдің баспалдағын оң қа­дамымен аттау – тестен сәтті өту деп қана түсінетін жағдайға жеткен, білімді сіңіруде емес, тест тапсыруда жоғары нә­тиже көрсетпесең қоғамның керексіз бір бөлшегі секілді болып қаласың деген сенім көкірегіне ұялаған жастардың бүгінгі жағдайына кім кінәлі болмақ?
«Сіздің әлеуметтік мәртебеңіз қан­дай?» деген сауалға жауап бере алмайтын жастардың қатары көбейіп келе жат­қанына да кімге өкпе артамыз? Бүгін­гі жастардың мәселесі бастан асып жатыр: қоғамдық көліктің ақысы неге қым­бат­тайды, неге жатақханадан орын жет­пейді, біз неге пәтерлерде тұруға мәж­бүрміз, шәкіртақы неге көтерілмейді, еліміздің экологиялық ахуалы неге нашар деген әлеуметтік әділеттілік құқын қорғап, жастар алаңға мыңдап жиналыпты дегенді естімедік. Есесіне, «ән тыңда­май қалдық» деп жастар мінез көрсетеді. Ендеше, жастардың әлеуметтік әділет­тілікті іздемеуіне, әлеуметтік әділеттілікті ор­натуға болады деген сенімінің жоғалуы­на да кінәліні іздерміз?
Кінәліні қоя тұралықшы, Құдай бетін әрі қылсын, үлкен бүлікшілік басталып кет­се, жастарды кім сабырға шақырады, жас­тар кімнің сөзін тыңдайды, жастар кімге сенеді деген сауалдың жауабын білесіз бе?
Сорос-Қазақстан қоры қоғам­дық мәселелерді сараптау» орталығы ауылдан қалаға келген жастар арасында жүргізген зерттеулерде жастардың жартысынан астамы діни ұйымдарға сенім артатынын айтқан. Олардың үштен бірі ғана үкіметке, төрттен бірі ғана – парламентке, жер­гілікті атқару органдары мен сотқа сенім білдірген. Респонденттердің жиырма пайызы ғана өзге адамдарға сенуге болады депті. Қалған сексен пайызы еш­кімге, ештеңеге сенбейді!
Міне, қоғамнан осыншалықты алшақ­тау, жастардың маргиналдануы – біздің қоғамдағы басты мәселеге айналғаны кімге болса да жасырын емес. Қала ауыл жастарын құшақ жая қарсы алып отыр деймісіз? Қала тіпті, өз бесігінде өскен жа­­сына лайықты тәрбие берді ме? Үлкен орталықтарға арман арқалап келген жас­тар ауыр әрі мәртебесі жоқ, жала­қы­сы төмен жұмыс орындарына тәуелді. Олардың үй сатып алу түгілі, пәтер жал­дау­­­дағы қиыншылығын тағы қосып қойы­ңыз. Арманы бөлек, мақсаты басқа жас­тардың ұмтылар бір биігі, тоқтар бір бас­­тауы, бас иер құндылығы қайда сонда?
Жастардың құндылықтар жүйесін анық­тау үшін олардың қандай ортада тәр­бие алып, қандай оқиғалардың куәгері бо­лып өскенін бағамдап алсақ жеткілік­ті.
Айтпақшы, біз жастар дегенде нақты кім­ді мысалға алып отырмыз? Жастықтың нақты анықтамасы жоқ. Психологиялық, биологиялық тұрғыдан жастықтың шегі тіпті әртүрлі. Біз өз әңгімемізде жастық­тың межесін әлеуметтік ғылымдар тұрғы­сынан және заңдық негізде бөліп алып, қарас­тырдық. Аса ауыр қылмыс жасаған бала 14 жасынан қылмыстық жауап­кер­шілікке тартылады. Қазақстан Респуб­ли­ка­сының азаматы жеке куәлігін 16 жасқа толғанда алады. Осы негізге сүйене отырып, жас­тық­тың төменгі межесі 14 не 16 жас деуге болар. Он алты жасқа толған бала өзі­не қатысты мәселелерде таңдау еркіне ие: мамандықты таңдау, ажырасқан ата-анасының қайсысымен бірге тұра­тынын таңдау құқығы, т.б. Кәмелеттік жас – 18 екені, жастықтың өзі – 18 екені де біз айт­пай түсінікті. Әскерге де 18-ге толған­дар шақырылады. Дәл осы он сегіз жастан бала заңдық тұлғаға айналады.
Ал жастықтың ең жоғарғы межесі нақ­ты анық емес. Айтқандай, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңында «Жастар – Қазақстан Республикасының он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейiнгi азаматтары» деген анықтама бар. Жастарға көрсетілетін мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар да (мәселен, тұрғын үй бағдарламасы) 29 жасқа дейінгі межені негіз етіп алған. Алайда, жастарға бері­летін мемлекеттік сыйлықтар («Дарын», «Серпер», «Шабыт», т.б.) 35 жасқа дейінгі азаматтарға арналған. Және елімізде келісім-шарттық әскери қызметке қабыл­данатын кандидаттың да жас шамасы 19-35 жас аралығында.
Осы сандарды негіз етіп алып, әңгі­меміз еліміздегі 14 пен 35 жас аралығын­дағы жастар туралы болғанын шамалауға болатын шығар. Енді статистика – елі­міз­де 14 пен 29 жасқа дейінгі жас – 4,7 млн. (2012). Осы бес млн.-ға жуық жастың 718 мыңы жоғары білімді, 306 мың жастың аяқталмаған жоғары білімі бар. Елімізде жастардың мыңнан аса әртүрлі ұйымы бар.
Екінші мәселе, әлеуметтік ғылымда жас­тардың ең жоғарғы межесі мына төрт жағ­дайға байланысты анықталады:
1. Экономикалық тәуелсіздік. Яғни өмі­­ріне қажетті қаржы-қаражатты өзі та­уып, оны ұқсатып ұстау жауапкер­ші­лігі.
2. Дербестігі. Яғни өзгенің қамқор­лығын­сыз, ешқандай шектеусіз өз өміріне қатысты шешімді өзі шығаруы.
3. Өзі тапқан материалдық байлығын өзгенің көмегінсіз басқара алуы. Өзіне қажетті тағам, киім-кешек, жеке дүние­ле­рін ешкімнің көмегінсіз, өзі тапқан қара­жатқа сатып ала алуы.
4. Ата-ананың шаңырағынан тыс, өз ота­нын, ошағын құруы. Өзі құрған отбасы­на жауапкершілігі.
Әлеуметтік ғылым тұрғысында осы төр­т негізгі жағдай бірдей орындалғанда барып адам «жастық» категориясынан көтеріліп, дамудың келесі сатысына өткен бо­лып есептеледі. Әрине, қазіргі күні 17-18 жасында отау көтергендер баршылық. Алайда ұн, шәй, сабын алу үшін әке-ше­шенің зейнетақысына тел­міріп отырған уа­қыт­та оларды қалай ғана «есейді» дей аласың? 30-35 жастағы, білімі бар, алайда, жұмысы жоқтығынан ата-анасының үйін­де тұрып, солардың әперген тамағы мен киіміне тәуел­ді болып отырған, орда бұзар жастан өтіп, қамал алар жасқа жеткен, алайда, «мәңгі жас» қалпынан тан­бағандардың «өсуі», «толуы» шынымен де бас ауыртатын жағ­дай. Әлеуметтік ма­сылдықтың осы жағда­йы­нан арыла ал­май жатып, жастар сая­саты туралы әңгі­ме айту да қисыныз се­­кілді көрінеді. Осын­дай «жас­тары­мыз­дың» қатары азаймай, біз, әрине, елдің байлығы, бақыты, бо­лашағы туралы әңгіме қозғай алмаймыз.

Қарагөз СІМӘДІЛ

«Қазақ әдебиеті»

Рубрика: