Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

БIЗ ӘЛI ДЕ “ӘЗ-НАУ­РЫЗДЫ” ӨЗ ДӘРЕЖЕСIНДЕ ТОЙЛАЙ АЛМАЙ КЕЛЕМIЗ
Кеңес өкiметi неге “Наурыз” мерекесiне тыйым салды? Тыйым салғыш болса, неге оразаға тыйым салмады? Кеңес өкiметiнiң тұсында аталарымыз бен әжелерiмiздiң емiн-еркiн ораза тұтып, намаз оқығанын өз көзiмiзбен көрдiк те. Оны айтасыз, “күллi Кеңес одағына молдалар даярлайтын” Бұхарадағы дiни медресе де жабылған жоқ. Жабылуыңыз не, 1970-жылдардан кейiн бұл оқу орнына қабылданатын шәкiрттердiң саны да артты.
“Наурыз” мерекесiн қазақтың “Ұлыстың ұлы күнi”, не болмаса “Әз-Наурыз” дейтiнi де белгiлi. “Әз-Наурыз” деген не? Бұл “Мере­кенiң мерекесi”, “Мереке атаулының ең құндысы, ең маңыздысы” дегендi бiлдiредi. “Наурыз” ертеректе үш күн, кейде бiр жетi тойланған. Ойын-сауық пен ет жеу­ге, “Наурыз көже” iшуге “Наурыздың” бiр күнi де жетедi. Ал қалған күндер ше? Араздасып қалған ағайынды татуластыруға, қыстан күйзе­лiп шыққан жоқ-жiтiктерге көмектесуге, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға, елдiк дәстүрдi сақтауға және т.т. арналады. “Елдiк дәстүр” дегеннен шығады, 1880-90 жылдары Қазақстанның Оңтүстiк өңi­рiнде мынандай оқиға болған. Оңтүстiкте “жаныс” деген ру бар (Дулаттың бiр тармағы). “Жаныс көп пе, қамыс көп пе?” деп бекер айтылмаған, жаныс – өскен, өнген ел. Осы жалпақ жаныс өздерiне өзге рудан, қоралас деген рудан Тойбек деген бидi төбеби етiп сайлап алады. “Жаныс жанысқа бұрмай тұрмайды, төбебидiң өзге рудан болғаны жақсы. Ара ағайынның аты – ара ағайын” деп. Тойбек би он жылдай өз мiндетiн адал атқарады. Содан… Тойбек би бойжеткен қызын жас кезiнде атастырған жерге бермей (кейбiр әңгiмелерге қарағанда, Тойбек би құдасын кедейсiнген көрiнедi), басқа жерге ұзатады. Әйгiлi “Әз-Наурыздың” үшiншi күнi жалпақ жаныстың ақсақалдары Тойбек биге келiп: “Тойбек қарағым, сен бата бұздың. Аруақты аттадың. Бата бұзып, аруақ аттаған адам бiзге төбеби бола алмайды…” дейдi.
Ғайыптан тайып сол заман қайта туса, мына бүгiнгi ел басқарып жүрген лауазымды шенеунiктерi­мiздiң, министрлерiмiз бен әкiмде­рi­мiздiң, соттарымыз бен прокурорларымыздың басым көпшiлiгi (бәлкiм, 100 пайыз!) орнынан кетер едi. Ана тiлiн бiлмейтiн министрге “Әз-Наурызда” ақсақалдарымыз жиылып кеп: “Қарағым, балықта ғана тiл болмайды. Ал халықта тiл болады. Сол сияқты, “қазақ” дейтiн халықтың да өз ана тiлi бар. Ана тiлiн бiлмейтiн сен мұндар қазақ хал­қын да, қазақша сөйлейтiн бiздi де әбден қорлап бiттiң. Бұдан былай, тiлiмiздi де, өзiмiздi де қор етер жайымыз жоқ, сен бұл қызметтен кет!” дер едi, не болмаса парақор әкiмге: “Қолың таза емес екен, демек жаның да таза емес. Бiз сен сияқты ұры-қарыға ел басқартып отыра алмаймыз!” дер едi.
“Әз-Наурыз” – тек Ұлыстың ұлы күнi, көктем мейрамы, Жаңа жыл мерекесi ғана емес, сонымен бiрге өзiнiң өсиеттерi, қағидалары, шарт­тары, үлгi-өнегелерi арқылы ұлттың ұлттығын сақтаушы. Ұлттың ұлттық болмысы мен ұлттық құндылықтарын көздiң қарашығындай      қорғаушы. Кеңес өкiметi идеологтарының “Наурызға” шүйлiккенi де және “Наурызды” мүлдем тойлат­қызбай қоюының да сыры осында.
Бiз әлi де “Әз-Наурызды” өз дәрежесiнде тойлай алмай келе­мiз. Мереке күндерi тек ойын-сауық пен iшiп-жемге ғана ден қоямыз да, ал “Наурыздың” өсиет­терiне, қағидаларына, үлгi-үрдiс­терiне, мыңжылдық тәлiм-тәжiри­бесiне, өнегесiне мойын бұра алмай келемiз.
 http://zhasalash.kz/kogam/9211.html

Рубрика: