Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Әдетте бренд десе, біздің көз алдымызға бірден шетелдік түрлі киім-кешектен бастап, ұялы телефон дейсіз бе, небір қымбат көліктер бар ма, әй­теуір, материалдық құн­ды­лықтардың елес берері анық. Ал енді бір сәт бренд деп бірегей тұлғаларды, яғни ұлты үшін аянбай еңбек етіп, алты Алаштың атын әлемнің алты құрлығына дейін паш еткен серкелерді ойлап көре­лікші… Алдымен ақылға да, ауызға да оралатыны – Абай, содан соң Шоқан, ары қарай Әлихан, Мұстафа сынды саң­лақтарымыз, әрине. Дәл осы тұрғыда еңбектеніп, қазақтың рухани құндылықтары мен бірегей тұлғаларын бренд ретінде танытуға күш салып жатқандардың жайы тым бөлек.

Ақпанның алғашқы аптасы Алматы қала­сында «Тағылым» клубы «Мәдени даму ин­с­ти­туты» қоғамдық қорының ұй­ым­дастыруы­мен және «Ұлт TIMES» қоғам­дық саяси апта­лығының ақпараттық қол­да­уымен «Қазақ мә­де­ниетінің рухани құн­дылықтарын әлемдік бренд ретінде таны­ту» жобасының таныс­ты­рылуымен бастал­ды. Естеріңізге сала кетсек, бұл жоба, не­гізінен, күні бүгін аяқастынан пай­да бола салған жоқ, яғни шалағай дүние емес. «Қа­зіргі кезде қазақты қайтсек жаһан жұр­ты­на танытамыз?» деген сауал көтерілгелі де біршама жылдың жүзі болды. Түрлі пікірлер ортаға тасталып, қызу таласқа ай­налған да жөні бар. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қа­зақ – домбыра» дегенді ал­ға тартып, домбы­раны насихаттауды айт­ты бір топ, келесі бір топ қазақтың сонау ауыз әдебиетінен бастау алатын батырлар жыры, дастандар мен эпи­ка­лық шығар­ма­ларын әлем тілдеріне аудару­ды алға тарт­са т.с.с. түрлі ұсыныстар таразыға салынған жөні бар. Ал осы жолғы дөңгелек үс­тел сол қызу пікіртартыстар негізінде бел­гілі бір тұжырымдарға келіп, нақты іс-әрекетке бел буғандықтың белгісі еді. Себебі атал­ған жоба негізінде мынадай қомақты жұ­мыс­тар бүгіннің өзінде жүзеге асырылуда:

1. Алғаш қазақ ғылымының іргетасын қа­лаған этнограф ғалым Шоқан Уәлиханов­тың ағылшын тілінде жарық көрген бір том­дық таң­­дамалы шығармаларын;

2. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» махаббаттық эпи­калық шығармасын;

3. ХХІ ғасырдағы қазақ поэзиясының май­тал­мандарын ағылшын және басқа да тілдерге аударып, сол елдерде тарату жос­парда тұр.

Самат Өтениязов, тарих ғылымының кандидаты, шоқантанушы:

– Біз көбіне «Шоқанның өмірі онша қиын бола қойған жоқ, себебі 30-ға да жет­пей, 29 жасында қыршын кетті деп жа­та­мыз. Шоқан­ның ұлылығы да, трагедиясы да сонда, ол сол 29 жасына дейін қазақтың барлық ғылымының негізін қалап, ұшан-теңіз еңбек етті. Бірақ соны дер кезінде қол­ға алып, жарыққа шыға­ратын жана­шыр көпке дейін қазақтан шыға қойған жоқ, ол біріншіден, сол тұстағы ала­са­пы­ран­ның кесірінен. Соның өзінде күллі Ре­сей ғалымдары Шоқанның еңбегіне тәнті бо­лып, жарыққа шығарамыз деп жат­қан­да, ол­ар­дың да басына қара бұлт үйіріліп, тарих төңкеріліп түсті. Н.И.Веселовский сынды орыс оқымыс­тысының арқасында ал­ғашқы том­дығы 1904 жылы жарық көр­ді, бірақ оның іші толы қате­лер еді. Себебі Веселовскийге ешкім Шоқан­ның қолжаз­басын берген жоқ, қол­жаз­ба Гутковский­дың қызында еді, ол сенбеді, ғалым еңбегі аяқ астында қор болып қалады деп қо­рық­ты. Осы уақытқа дейін Шоқанның әлі де көп­теген қолжазбасы табылмай отыр, со­ның ішінде біреуі – «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының орыс тіліндегі аудармасы. Енді соңғы кездерде табылған, Шоқанның әлі күнге жарық көрмеген екі мақаласы бар: оның бірі Едіге батыр туралы үлкен екі зерттеуі. Соны кезінде біздің басшылары­мыз шығаруға қорқып, алып қалған бо­ла­тын, ал оны 1904 жыл­ғы еңбегінде Весе­лов­ский жарыққа шы­ғарды. Сонда діні мен тілі басқа болса да, ғы­лымға, жалпы Шоқанның еңбегіне бізден гөрі жаны ашып тұр ғой. 

Айта кетуіміз керек, Шоқан Уәлиханов ең­бектері мен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жы­рының жөні бөлек, ал үшінші бір мақ­сат, яғни қазіргі замандағы ақындар ара­сынан ағыл­шын тіліне аударылатын автор – Маралтай Райымбекұлы.

Маралтай Райымбекұлы, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:

– ХХІ ғасырдағы қазақ поэзиясының май­талмандарын ағылшын және басқа да тілдерге аудару жобасына сауалнама жүр­гізу бары­сын­да менің поэзиям таңдалып алынған екен. Және тағы бір қуантатыны, бұл – мемлекеттің тап­сырмасымен емес, қо­ғамдық ұйымдар мен бизнес өкілдерінің бірлесуімен жүзеге асып жатқан іс. Сон­дықтан бұл менің ғана емес, ұлт әдебиеті­нің мақтанышы деп айтқа­ны­мыз орынды. Және менімен тоқталып қал­май, қазақтың басқа да қаламгерлері бола­шақ­та шет тіл­деріне аударылып, осы лекті жал­ғасты­ратын секілді. Ендеше, күзге салым Лон­донда өтетін осы бір қуанышты асыға күтеміз. 

Ерлан Сайыров, жоба жетекшісі:

– Ең біріншіден, бұл жобалар әлемге ұлт­тық бренд шығару болса, екіншіден, бұл – азамат­тық қоғам мен іскер азамат­тар­дың ара­сындағы үндестік, тығыз қа­рым-қатынас­тың нә­тижесі. Қазақтың іскер жігіттері тек қана қар­жыландырды десек, қателесеміз, олар осы жобаның, яғни ата-баба мұрасын бүгінгіге сай қайта түлеуінің басынан аяғына дейін жүрді, былайша айтқанда, отымен кіріп, күлімен шық­ты десе болғандай. Соның арқасында бү­гінде Лондондағы баспалармен келісім жаса­лып қойды. Өзіміз, бұйырса, осы жылдың со­ңына қарай Шоқан Уәлихановтың таңдау­лы шығармаларын ағылшын тіліне ауда­рып, бас­падан шығарып, Ұлыбритания­ның астанасы Лондонда тұсаукесерін жасап үлгереміз деген ойдамыз. Тек Шоқан Уә­ли­хановты ғана емес, өздеріңіз білетіндей, қазақ фольклорының жауһарлары мен бүгінгі ХХІ ғасырдағы қазақ­тың алдыңғы қатарлы ақын­да­рын да қазіргі кезде ең бір әлемдік қол­да­нысқа ие ағылшын тілінде жарыққа шығаруды жоспарлап отыр­мыз. Әрине, жұмыстар жүйелі әрі нәтижелі болуы үшін кезең-кезеңімен іске асуы тиіс. Ақындар антологиясын да осы жыл­дан қал­дырмаймыз деген ойдамыз.

Автор: Мәриям ӘБСАТТАР

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

http://alashainasy.kz/

Рубрика: