Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

историяАстана. 26 маусым. Baq.kz – Ғасырлар бойы азаттық пен тәуелсіздікті армандап, көптеген қиындықтарды басынан өткеріп бүгінгі бейбіт күнге жеткен халқымыздың тарихын жаңаша көзқарас тұрғысынан таразылау заңды құбылыс. Өйткені, екі ғасырдан астам уақыт отаршылдық жүйенің құрсауында болған елдің тарихы бұрмаланды, тіпті таптаурын күйге түсті. Міне, осы олқылықтардың орнын толтыру үшін Астана қаласында ҚР Мемлекеттік хатшысы М.М. Тәжиннің қатысуымен тарихшы қауымның алқалы жиыны өтті. Осы республика деңгейінде өткізілген мәжілісте М.М. Тәжин «Тарих толқынындағы халық» атты баяндама жасады. Ол тарихшылар қауымы тарапынан үлкен қолдау тауып отыр. Бір сөзбен айтқанда, Отандық тарихты зерттеу және зерделеуге тарихшылар қауымы үлкен қолдауға ие болып, жаңадан тапсырмалар алды.

Әлемдегі әр халықтың шығу тегіне, жүріп өткен тарихтағы жолына көз жүгіртсек, олардың өзіндік тарихы мен тағдыры бар. Міне, сол әлемдік тарихтың құрамды бөлігін құрайтын Қазақ елінің тарихы да баршылық. Бұрынғы уақытта Қазақстан жеріндегі көне тас дәуірінде мекендеген адамдардың алғашқы қоныстары мен мекен еткен тұрақтары, қола дәуіріндегі бақташы және егінші тайпалар, одан кейінгі ерте темір дәуіріндегі тайпалық одақтар: сақ, ғұн, үйсін, олардан кейін түркілердің тайпалық одақтары негізінде қалыптасып «қазақ» атуын иемденген «Қазақ хандығын» құрды. Олай дейтініміз, қазақ халқы тарих сахнасына ХІV-XV ғасырларда біртұтас ел ретінде қалыптасып шықты. Яғни, Л.Н. Гумилев өз зерттеу еңбегінде көрсеткендей: «Белгілі бір этникалық топ немесе ұлт уақыт пен кеңістіктің аралығында қалыптасады». Демек, біздің қазақ халқы «Тарих толқынында» қалыптасқан ұлт екендігі анық.

Еліміздің тәуелсіздігі жағдайында Отандық тарих ғылымы бойынша бұрын белгісіз болып келген «ақтаңдақтарды» зерттеді. Көптеген тың зерттеулер, ғылыми еңбектер, мәдени мұралар жарық көрді. Дегенмен, әліде терең зерттеулерді қажет ететін тақырыптар, тарихтағы күмәнді немесе анықтауды қажет ететін тұстары да бар. Сондықтан, республика ғалымдары мұндай келелі мәселелерді мемлекеттік деңгейде бірлесіп шешуі тиіс. Мәселен, 2011 жылы 16 қыркүйекте І Республикалық тарихшылардың Конгресі өтті. Бұл жиында да өзекті мәселелер талқыланды. Конгресс елімізде 2 жылда бір рет өткізілетін болып келісілді. Яғни, тарих ғылымы саласында қордаланып қалған мәселелер осындай алқалы мәжілісте шешілуі тиіс. Бұл игі шаралар түптеп келгенде елдігімізді көрсетеді.

Қорытындылай келгенде, тарихшыларға жүктелген тапсырмалар мен 2 жыл сайын өткізіліп тұратын Конгресте қаралатын мәселелер шешімін табуы тиіс. Бұл бағытта ең алдымен нақты жоспарлар жасалып, ғылыми жобаларға гранттар бөлінуі керек және олардың уақыт мерзімі көрсетілуі тиіс. Одан кейін, оны орындап шығатын авторлық топтар дұрыс жасақталып, олардың қолын жұмыстан босату қажет. Яғни, арнайы шығармашылық мақсатта

ғалымдар мен ұстаздар шұғылдануы керек. Кейін бұл оқулықтар мен зерттеу еңбектерін арнайы сараптамадан өткізу және жарыққа шығару ісі жолға қойылуы қажет.

 

Қанат Еңсенов, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к. 

 

http://www.baq.kz/kk/news/31157

Рубрика: