АЛТЫНОРДА
Новости

Ұлттық саябақтың «жоңғар» сөзімен аталуы ұлттық намысымызға тимей ме?

©Алаш айнасы иллюстрациясы«Жер жанаты – Жетісу» және «Жер ұйығы – Жетісу» деп аталатын өлкедегі кейбір жер-су атаулары ертедегі шетел саяхатшыларының жазуы бойынша қалмақ немесе моңғол тілінде аталып, картаға түскендігі белгілі. Еліміз Тәуелсіздік алған соң мұндай жер-су атаулары өзінің ежелгі тарихи атауларына өзгертіліп, қайта қалпына келтіріліп жатыр. Мысалы, барлық энциклопедияларда, карталарда, оқулықтарда бұрынғы «Жоңғар Алатауы» – «Жетісу Алатауы» болып өзгертілген. Ал, еліміздің Жетісу өңірінің таңғажайып табиғаты бар ең көрікті алқаптағы ұлттық табиғи саябақ «жоңғар Алатауы» деп аталып кеткен. Бұл арада «Ұлттық» және «Жоңғар» деген сөздер бір-біріне мүлде үйлеспейтін ұғымдар. Жоңғар тайпасы бір кезде халқымызды Ақтабан шұбырынды етіп жібергені тарихтан белгілі гой. Сондықтан Жетісу жеріндегі әсем табиғаты бар ұлттық саябақты «жоңғар» сөзімен атауымыз ұлттық намысымызды таптағандық емес пе! Бұл туралы ұлтымыздың зиялы қауым өкілдері (ақын-жазушылар) не пікір айтар екен? Соны білгіміз келеді.

…Ұрпағыңның ырысы,

Ел-жұртыңның тынысы,

Бесік болған Жетісу!

Өз ұлты мен ұлысқа,

Несіп болған Жетісу!

Айтақын Әбдіқал.

«Жетісу Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағын ұйымдастыру жұмыстары 2007 жылдан басталып, түрлі зерттеу-жобалау шаралары арқылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы №370 қаулысы бойынша 2010 жылы 30 сәуірде ұйымдастырылды. Бұл табиғи саябақты ұйымдастырудағы басты мақсат – Жетісу Алатауының орталық аймағының солтүстік тау беткейлерінің экожүйесін сақтап қалу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мен өзгерген экожүйені қалпына келтіру болып отыр. Бұл арада ғаламдық мәні зор, қазіргі кезде дүниежүзіне таралған мәдени алма іріктемелерінің бастапқы генофонды болып есептелінетін жабайы түрде өсетін әрі Жетісу және Іле Алатауы өңірлерінде ғана сақталған сиверс алмасын сақтап қалу.

Ерекше ескерте кететін жағдай: жаңадан ұйымдастырылған мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтың атауы орысша баспа беттерінде «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы деген атаумен беріліп кеткен. Мұның өзі еліміздің тарихына және ұлттық тілімізге деген салғырттығымызды аңғартып отыр. Шын мәнінде, бұл мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтың атауы «Жетісу Алатауы» мемлекеттік ұлттық саябағы деп аталуы тиіс. Өйткені, бұл табиғи саябақ орналасқан аумақ ежелден жер жанаты – Жетісу өңірінде орналасқан және бұрынғы солақай саясаттың кесірінен Жетісу өңіріндегі Алатау «Жоңғар Алатауы» деп қате аталып кеткен.

Жетісу өңіріндегі табиғаты таңғажайып ұлттық табиғи саябақтың «Жоңғар Алатауы» аталуы ұлттық намысымызды аяқасты етіп тұрған жоқ па? Бұл арада халқымыздың «ұлттық» деген ұлағатты сөзі «жоңғар» деген ұмытылып кеткен тайпаның атымен мүлде үйлеспейтінін көкірегі ояу әрбір қазақ азаматы біледі ғой деп ойлаймыз. Тіпті осы ұлттық табиғи саябақта қызмет атқарып жүрген азаматтарды бұл саябақтың «Жоңғар Алатауы» аталуы ешбір ойландырмайтын сияқты. Бұл жайында біз республикалық мерзімді баспасөздерде бірнеше рет мақала жарияладық. Бірақ та, оған өз ойларын білдірген азаматтардың болмағандығы өкінішті-ақ! Еліміздегі жер-су атауларының қалай болса солай аталуына мән бермеуіміз ұлттық намысымыздың салғырттығын аңғартпай ма?!

Еліміз егемендік алғаннан кейін шыққан, тәуелсіз елдігіміздің бір белгісі ретінде 1998-2006 жылдар аралығында жарық көрген Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының 2001 жылғы 3-томының 681-682 беттерінде тасқа таңба басқандай «Жетісу Алатауы» (Жоңғар Алатауы емес, – Р.С.) деп нақты атап көрсетілген. Бұл жөнінде арнайы шығарылған «Жетісу» энциклопедиясында да (2004) «Жетісу Алатауы» деп берілген.

Тіпті орыс тілінде жазылған жоғары оқу орындарының студент-теріне арналған, әрі соңғы жылдары жарық көрген арнайы оқу құралында да «Жетісу Алатауы» екендігі нақты жазылған. Оны сол қалпында аудармай орыс тілінде беруді жөн көрдік. «…На юге от равнин Алакольской впадины расположена горная система Жетысуского (Джунгарского) Алатау, (подчеркнуто нами – Р.С.) состоящая из хребтов и разделяющих их внутригорных впадин, вытянутых в широтном направлении». (Вилесов Е.Н., Науменко А.А., Веселова Л.К., Аубекеров Б.Ж. «Физическая география Казахстана», учебное пособие. Алматы. «Қазақ университеті, 2009, С.138)». Сондықтан да мемлекеттік ұлттық табиғи саябақты «Жетісу Алатауы мемлекеттік-ұлттық табиғи саябағы» деп атау қажет.

Жетісу Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы әкімшілік тұрғыдан алғанда Алматы облысының Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарында орналасқан.

Жетісу Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының аумағы жабайы жеміс-жидек, өсімдік түрлеріне аса бай аймақ. Мысалы, сиверс алмасы, кәдімгі жабайы өрік, ірі жемісті бөріқарақат, тянь-шань шиесі, альберт итмұрыны, мейер қарақаты және т.б. Табиғи саябақ аумағы негізінен таулы аймақтың агробиоалуантүрлілігі шоғырланған ерекше құнды экожүйе болып есептелінеді. Мұндағы жабайы сиверс алмасы өте бағалы әлемдік мәні зор бірден-бір генетикалық қор болып саналады. Табиғи саябақ аумағындағы жабайы сиверс алмасы саябақтың жалпы жер көлемінің 1,05 % аумағын қамтиды.

Жетісу Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының аумағында өсімдіктердің 2168 түрі анықталған, оның 76 түрі тек осы өңірде ғана өсетін эндемик түрлерге жатады.

Сонымен қатар, жойылып кету қаупі төнген және сирек кездесетін Жетісу аяқты балығы (Жетісу бақатісі), қара дегелек, лашын, бүркіт, әсем шымшық, ілбіс, қызыл қасқыр, арқар, қоңыр аю, сілеусін, камшат, сабаншы, шұбар күзен, ақ төс сусар және т.б. жануарларды қорғау.

Жетісу аяқты балығы (Семиреченский лягушкозуб) Жетісу Алатауының өзендерінде ғана кездесетін құйрықты қосмекенді. Ол дүниежүзінің басқа ешбір өңірінде кездеспейді. Сондықтан да, ол Халықаралық табиғат қорғау одағының (МСОП) Қызыл кітабына тіркелген және ғылыми тұрғыдан әлі толық зерттелмеген эндемик түр.

Жетісу Алатауы – Қазақстандағы ірі, әрі құрылысы күрделі тау жүйелерінің бірі. Ол солтүстігінде Балқаш-Алакөл ойысымен, оңтүстігінде Іле аңғарымен шектесіп, батыстан шығысқа қарай 450 шақырымға созылып жатыр. Батысында 100, ал шығысында 250 шақырымға дейінгі алқапты қамтиды. «Жетісу Алатауы» – Солтүстік және Оңтүстік Жетісу Алатауы деп 2 тау жотасына бөлінеді. Оңтүстік Жетісу Алатауының біраз бөлігі, яғни Сарышоқы, Борохоро тау жоталары Қытай аумағында орна-ласқан. Ал, Солтүстік Жетісу Алатауының аумағында Қоңыртау, Желдітау, Қайрақкөл, Марқатау, Тастау, Бұлантау, т.б. тау жоталары бар.

Рысбай Сәтімбеков,

Қазақ мемлекеттік қыздар

педагогикалық университетінің профессоры.

http://alashainasy.kz/politics/53093/