Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қуантқан САПАРОВ (фото)00-

Алматыдағы Оқушылар сарайының спорт кешенінде Орталық Азия мен Қазақстан жастары қозғалысының сұңғыла жетекшісі, көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы-демократ Ғани Мұратбаевтың 111 жылдығына орай ұлттық жекпе-жектен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында ашық біріншілік өтті.

Оңтүстік астана әкімдігі мен қалалық жек­пе-жек федерациясы бірлесе ұйым­дас­тырған еске алу турнирі ХХ ғасырдың басындағы аласапыран қилы заманда қа­зақ жастарының жаппай сауаттануына, білім мен ғылымға ұмтылуына орасан зор үлес қосқан тарихи тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым ету­мен басталды. Халықаралық балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келген біріншілік­ке жергілікті спортшылармен қатар, Жам­был, Қарағанды, Қызылорда, Алматы об­лыс­тарының ұзын саны 100-ден астам спорт­шысы қатысты.

Салтанатты ашылу рәсімінде Ал­ма­ты қалалық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынба­сары Найзабек Сағымбаев, жекпе-жек өнерінің бесаспап шебері, ҚР жекпе-жек федера­циясының президенті Сабыржан Махме­товтер небары 23 жас жасаған Ға­ни Мұ­рат­баевтың қазақ жастарын надан­дық қамытынан құтқару бағытында сіңір­ген ерен еңбегі туралы, оның күреске толы қысқа да мағыналы өмірі Тәуелсіз еліміздің бүгінгі жас буынына да үлгі, өнеге болаты­нын айтты. Осы орайда Алматыдағы Оқу­шы­лар сарайына Ғани Мұратбаевтың есімі берілсе деген ізгі ойларын да жасырмады.

Жас өнерпаздардың ән-шашуынан ке­йін турнирдің алғашқы жекпе-жектері де басталып кетті. Әуелі 14-15 жас шамасын­дағы жасөспірімдер мен 17-18-дегі жас­тар айқасып, әрқайсысы 3 минуттан тұра­тын 2 раундтық жекпе-жекте өзара мық­ты­ларын анықтауға кірісті. Негізгі бәсеке­лес­тік Алматы мен Қарағандының жас өрендері арасында өрбіді. Нәтижесінде Дастан Ехтанов, Медет Тұңғышбай, Айдос Мәулен сынды қарағандылық жас дарын­дар 50, 53, 56 келі салмақтарда топ жар­са, Ерболат Қияшев, Жүсіп Әлимәмедов, Аят Құсайханов секілді алматылық өр боз­балалар 59, 71 және 75-тен жоғары сал­мақ­тарда жеңімпаз атанды. 63 келі сал­мақта қарсылас шақ келтірмеген қызыл­ордалық Теңізбай Нұрбек үздік шықты.

Теңізбай Нұрбек, турнир жеңімпазы:

– Ғани Мұратбаев қазіргі Қызыл­ор­да облысының Қазалы ауданында туып-өскен. Мен де сол жақтанмын. Сон­дықтан Ғани атамызды еске алуға арналған турнирде жеңілуге хақым жоқ еді. Бар күш-жігерімді салдым. Же­ңіс­ке жеткеніме өте қуаныштымын. Арманым – ұлттық жекпе-жектен Қа­зақ­стан, содан соң әлем чемпионы ата­ну. Сол үшін тынымсыз жаттығып, аян­бай тер төгемін. 

Ал ересектер арасындағы айқастарда ал­матылықтарға Жамбыл облысының жау­жүрек жігіттері лайықты қарсылық көр­сете білді. Әрқайсысы 5 минуттан тұ­ра­тын 2 раундтық жекпе-жектер қорытын­ды­сында Нұрсұлтан Серікбай, Рүстем Сай­лауов, Руслан Мұстафа, Нұржан Тұтқаев, Рус­лан Рахманов сынды Алматының ай­бын­ды жігіттері 55, 60, 65, 70 және 90 келі сал­мақ­тарда жеңіс тұғырының ең биік саты­сына көтерілді. Қамбар Қоқамбай, Серік Тілекеев, Аманжол Тұтқабаев секілді Жам­был облысының жампоздары 75, 80 және 90-нан жоғары салмақтардағы бас жүлдені еншіледі. Қызылордалық Ербол Ділімбетов 85 келі салмақта жеңіске жетті. Осы тұста 60 келі салмақта күміс медаль олжалаған, осы біріншіліктің ең ардагер спорт­шысы Берікқазы Бөкішевтің де өне­рін айрықша атап өткен жөн. Жасы 45-ке кел­се де, 20-25-тегі жалындаған жігіттерді әб­ден састырды. Бірақ жартылай финалда жарақаттанып қалып, соның салдарынан ақ­тық айқаста барын сала алмай, жеңіліс­ке ұшырады. Алайда оның спортқа деген ке­ремет сүйіс­пеншілігі, табандылығы, жан­кештілігі арты­нан ерген інілеріне үлгі екені анық.

Берікқазы Бөкішев, турнирдің күміс жүлдегері:

– Өкінішке қарай, жартылай фи­нал­да бас бармағымды шығарып ал­дым. Сондықтан финалда өте қиын бол­ды. Қарсыласым өзімнен 20 жастай кіші, шапшаң, мықты жігіт екен. Өзде­рі­ңіз көрдіңіздер, мен күреске бейім бол­ғандықтан, қайта-қайта оның ая­ғы­на кіріп, астыма жығып алып жаттым. Ұпай санымен жеңіп жатқанмын. Бірақ өз мүмкіндігімді толық пайдалануға шық­қан саусағым кедергі келтірді. Қар­сыласымның қылқындыру әдісінен құтыла алмауым содан. Әйтсе де ос­ын­шама жасқа келіп, жастармен тайтала­сып жүргеніме ризамын. Енді жарақа­тым­ды жазып, келесі додаларға да­йын­даламын. 

Екі күнге созылған біріншілік қорытын­дысында Алматы құрамасы бейресми жал­пыкомандалық есепте топ жарса, Жам­был облысы екінші орынға көтерілді. Үш­інші-төртінші орындарды қараған­ды­лық­тар мен қызылордалықтар өзара бөлісті.

Мерлат Темірханов, Алматы қаласы жекпе-жек федерациясының президенті:

– Еске алу турнирі жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Ғани атамыздың аруағы бір аунап түскен шығар. Осы рет­те, ең алдымен, қала әкімдігі мен спорт басқармасына жекпе-жек феде­ра­циясы атынан үлкен алғысымды ай­та­мын. Ұлттық жекпе-жегіміз жастары­мызды қайтпас қайсарлыққа, өрлік пен ерлікке, адалдық пен әділдікке, отан­сүйгіштік пен патриотизмге, фи­зи­ка­лық мықтылық пен рухани беріктікке тәрбиелейді. Жекпе-жекте шыныққан жігіттер кез келген уақытта Отанын қор­ғауға дайын болады. Сондықтан батыр бабаларымыздан мирас болып қалған жауынгерлік төл өнерімізді жаң­ғыртып, әлемге танытуға жұды­рық­тай жұмылып, бар күш-жігерімізді салуға тиіспіз.

Автор: Бақтияр ӘСІРЕНКИЕВ

 http://alashainasy.kz/sport/43265/

Рубрика: