АЛТЫНОРДА
Новости

Ұлттық намыс болмай, ұлттың гүлденуі мүмкін емес

Мұхамедрахим ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ, «Атамекен Ордасы» ұлттық тәлім-тәрбие бағдарламасының авторы, ғалым-профессор


– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 8-нау­рыздағы қыз-келіншектермен болған жүздесуі барысында «Тәрбие көзі – халық педаго­гика­сында» жатқанын айта келіп, ұрпаққа ұлттық негізде тәлім-тәрбие беру керектігін тапсырды. 1990 жылдардың басында еліміздің мектептері мен басқа білім мекемелерінде жас буын бо­йы­на ұлттық сана-сезім, салт-дәстүр құнды­лықтарын қалыптастыруды мақсат еткен «Атамекен Ордасы» ұлттық тәлім-тәрбие бағ­дарламасы енгізілгені есімізде. Жер-жерде «Атамекен», «Сиқырлы қазан» бағыттары бойынша ойын-сауық сайыстары өтіп тұра­тын. Сіз осы жобаның авторысыз. Әуелі тү­сін­діре кетіңізші, халықтық педагогика мен этнопедагогиканың айырмасы бар ма?
– Әр халықтың сан ғасырлар бойы өне бойындағы барлық асыл қасиеттерін жас ұр­пақ санасына сіңіруде жинақтаған тәжірибелері – халықтық педагогиканың бастауы болып табылады. Ғылымда оны «этнопедагогика» дейді. Этнопедагогика классикалық ғылыми педагогиканың тұтас бір саласы болса, халықтық педагогика зерттеу нысаны болып табылады. Терминді ғылыми айналымға енгізген чуваш ғалымы Г.Волков. Я.Коменскийдің «Чех дидакти­касы», К.Ушинскийдің «Оқу мен тәрбиенің халықтық сипаты», Ы.Алтынсариннің «Кел, балалар оқылық» атты хрестоматиясы этнопедагогикалық мұра болып табылады. Әр халықтың педагогикалық ерекшеліктері және қазақ этнопедагогикасы бойынша одан кейін де мол еңбектер жазылып, дис­сер­тациялар қорғалды. Олардың қатарында Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, Н.Сарыбеков, Қ.Бө­леев, А.Айталы, М.Мырзахметов, С.Ғаб­басов, Е.Сағындықов, З.Әбілова, Ә.Табыл­диев, Ә.Садуақасұлы, С.Пірәлиев сынды көптеген ғалымдарды айта кетуге болады.
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педаго­ги­калық университетінің ректоры, профессор Серік Пірәлиевтың бастамасымен «Ұлттық тәрбие» журналы жарыққа шығып және оқу құралы шығарылды. Университет базасында тұрақты ғылыми семинар ұйымдастырылып тұрады.
Өзіңіз айтып кеткендей, елімізде 1990 жылдары халықтық педагогика саласы жан-жақты зерттеле бастады. Уақыт өте келе, атал­мыш сала бойынша экологиялық, құқықтық, эстетикалық, имандылық, эт­нопедагогикалық-этнопсихологиялық, адамгершілік, ғылыми-әдіснамалық, тари­хи-педагогикалық бірқатар ғылыми мектеп­тер қалыптасты. Оқыту үдерісінде этнопе­дагогика элементтерін ендіруге бағытталған тәжірибелер жинақталды. Халықаралық және республика көлемінде ауқымды тә­жірибе алмасу, ғылыми-практикалық конференция, форумдар мен семинар мәжілістер өткізілді. Қорыта айтқанда, ұлттық педагогика құндылықтарын оқу-тәрбие жүйесіне енгізудің эффективті бағыты қалыптасты.

– Демек, «Атамекен Ордасы» ұлттық тәр­бие бағдарламасын халықтық педагоги­каның бір саласы деп қарастыруға болады ғой…
– Халқымыздың тәлім-тәрбиелік құнды­лық­тарын Кеңес заманымен шектеуге бол­майды. Тәрбие үдерісін қай жағынан алып қарасақ та ол саяси ық­палға ұшырамай қой­майды. Айталық, американдықтар «азамат­тық қоғам» қалып­тастыруда шебер болма­ға­нымен, үндіс тайпаларының ұлттық дәс­түр­лерін сақтауда барша әлемге үлгі бола алмады. Ұлт тәрбиесі Мағжан Жұмабаев айтқандай, халық тағы­лымының тақтақ жолы болғандықтан, ол өзгертуге келмейді. Керісінше, Жапония, Корея, Қытай, Фран­ция, Түркия, Финлян­дия, Ирландия, Ко­лум­бия, Куба, Египет, Германия, Иран, тағы басқа елдер ұлттық мемлекет жолында жүр­се де, ешкімнен кем өмір сүріп жатқан жоқ. Еуропа оқушылары арасында пән Олим­пиадасы бойынша 1-орын алған Фин бала­лары үшін ата-баба­сынан келе жатқан «Наби­гулла» эпосынан артық құнды дүние жоқ. Қытай елінде әлемнің ұлы философ­тарының қатарына жататын Конфуций ілімі бойынша оқушы­лар мемлекеттік емтихан тапсырады. Біздегі дәстүрлі «Абай оқулары» іс-шарасын да әлемдік деңгейге көтерудің уақыты келді.
Демек, әр халықтың сан ғасырлар бойы өне бойындағы барлық асыл қасиеттерін жас ұрпақ санасына сіңіруде жинақтаған тәжірибелері – халықтық педагогиканың қайнар көзі болып табылады. Ұлт педагоги­касы мұхит тәрізді. Оны қамту мүмкін емес. Ал «Атамекен Ордасы» бағдарламасы мұхит бетіндегі желкен десек болады. Ұлт тағылы­мы тек оқу-тәрбие процесімен шектелмеуі керек. Қоғамдағы ірі оқиғалар, тарихи даталар мен мәдени шаралар, ұлттық рухани һәм материалдық дүниелері, ауыз әдебиеті мен әлеуметтік-экономикалық даму жолы оқу мен тәрбиенің қатысуымен мәнді әрі мазмұнды.  Сондықтан «Атамекен Ордасы» бағдар­ламасы 1990 жылдар басындағы халық педагогикасының Әліппесі десек болады. Бағдарламаны енгізуге атсалысқан Б.Әуе­зова, Қ.Нағыманова, Г.Кәріпханқызы, Н.Еженханқызы, Қ.Өскембаева, Г.Хасен­қызы, Б.Ахметова, С.Ғайнұшева, Б.Сейіл­ханова, А.Жакенова, В.Сапарова, Б.Сүй­еубаева, М.Маханов, Б.Жиенбаева, Н.Ес­­­­бо­сы­нова, А.Көшербаев, К.Сексенбаева, Т.Секенқызы, Л.Аппазова, Қ.Таттыбаев,  Г.Дон­баева, Н.Сырғабаева, Р.Қыдырбай­қызы, Т.Смағұлова, Б.Өтепбаев, М.Нұр­ха­нов, О.Нұрғалиева, Г.Мұхамеджанова, Е.Жақашев, Қ.Жылқыбаев сынды ұстаздар­ды мақтаныш­пен атап өткім келеді. Фариза Оңғарсынова, Сайраш Әбішқызы, Әмірхан Меңдеке, Әнуарбек Әуелбек, Ғалым Доскен, Бауыр­жан Омаров, Жолдасбек Дуанабай, Әкім Ысқақ, Алпысбай Шымырбаев, Сұлтан Қалиев сынды қаламы қуатты БАҚ өкілдері ақпараттық қолдау көрсетті. Бағдарламаның халыққа жетуіне үлкен үлес қосты.

– Қазіргі күні бұл бағдарлама жұмыс істей ме? Білім ошақтарында этнопедагогика тәжірибелерін ендіру қандай деңгейде жүріп жатыр?
– Негізінен ауылдық және қазақ тілінде білім беретін шетелдегі мектептерде тәрбие жұмысының әдістемесі ретінде әлі күнге қолданыста бар. Еңбек ері Аягүл Миразова басқаратын №159, сондай-ақ Астанадағы №58 мектептен нақты көрінісін көруге бола­ды. Облыстық мектептер де қол үзген жоқ. Өйткені халықтық педагогикаға ешкім қарсы келмейді. Бірақ заманның ағымына, ғылым мен техниканың жетістіктеріне, элек­­тронды оқулықтардың пайда болуына және компьютерлендіру жүйесіне байла­нысты өзгеріске ұшырап жатыр. Сондықтан ұлттық тәрбие мәселесі бүгінгі таңда қайта зерделеуді қажет етеді. Уақыт талабына сай білім алу ісі анағұрлым сапалы деңгейге көтерілді. Мемлекет тарапынан жасалған индустриялық-инновациялық шаралар ел экономикасының жаңа белеске шығуына үлкен мүмкіндік туғызды. Жастар санасы заманауи жетістіктерге ұмтылу мотива­ция­сын қалыптастыруда. Ғаламдық ғылыми-техникалық ақпарат ресурстары мен инно­вациялық технология жетістіктері елімізде және одан тысқары жерлерде оқу-тәрбие жүйесінің сандық технология форматына өтуіне зор ықпалын тигізуде. Ақпараттық тех­­нология мен ғылыми-техникалық ресурс­­­тар­дың күн санап молая түскенімен, оқу-тәрбие жүктемесі мен талаптар сол баяғы деңгейде қа­лып отыр. Демек, жас ұрпақ сұранысы мен қажеттілігі тек қана пән стандарттарын ғана қамтумен шектел­меуі тиіс. Оқытудың сан­дық немесе элек­трон­дық мүмкіндіктеріне зор ынталарының арта бастағанын ескеруіміз керек.
Мұндай ауқымды ақпараттар ағыны баршамыздан дәл уақытында оның бұрысы мен дұрысын саралап, мемлекеттік білім стандартына сай және ұлттық білім мен тәрбие құндылықтарының сақталуы сынды күрделі мәселелер төңірегінде нақты шешім қабылдауды қажет етіп отыр. Ғаламдық ғылыми-техникалық ақпарат орталықтары Thomson Reuters, Springer, Times High Education, AAAS, Elsevier, Linkedin тарапынан қол жеткізген соңғы озық тәжірибелер білім сапасының артуы, адамның интеллектуалдық потенциалы, ұстаз бен шәкірт арасындағы ғылыми-шығармашылық байланыстың нығаюы, білім мен тәрбие жүйесінің клас­тер­лік және концорциумдық сипат алуы және әлемдік тұтас білім кеңістігін қалып­тас­тыру (Bolonga process) оқу-тәрбие жүйесін модернизациялау, үш деңгейлік оқыту мен 12 жылдық білім жүйесіне көшу сияқты заманауи талаптарды алға тартуда.

– Аталмыш үрдіске қаншалықты дайын­быз?
– Ғаламдық ғылыми-техникалық ақпа­рат кеңістігінде өркениетті бәсекелестік орта қалыптасып келеді. Оны меңгеру және одан нәтиже шығару мемлекеттің білім саласына деген ұтымды һәм көрегендік саясатына байланысты. Сол себепті, этно­педагогикалық құндылықтарға негізделген ұлттық тәлім-тәрбие жұмысының бүгінгі миссиясы жас ұрпақтың жаңа заман талап­тарына негізделген әлемдік озық тәжіри­белерді мақсатты, мазмұнды һәм жоспарлы тұрғыда меңгеруіне мұрындық болатын мотивациялық алғышартты қалыптастыру болып табылады.
Соңғы жылдар тізбегінде жас ұрпақтың бойына өз елі мен жеріне деген патриоттық сезімдерді қалыптастыруда этнопедагогика мұраларының маңызды орын алғаны байқа­лады. Халықаралық сайыстар мен таным­дық-интеллектуалдық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған біздің ұланда­ры­мыздың жеңісі мен жетістіктері оған куә. Бойында ұлттық намысы мен қажыр-қайра­ты лапылдаған балғын жастардың заман талабына сай күрделі білім жетістіктері мен тәжірибелерді барынша ізгілендіре алатыны белгілі болып отыр. Демек, зама­науи техно­ло­гия­ларды өз деңгейінде меңгеру және бағындыру тек қана алдын ала қалып­тасқан білім дағдыларын үйрену ғана емес, сонымен қатар әр өскіннің өз елін қалтқысыз сүйетін, туған халқының тағдырына жана­шыр­лық­пен қарайтын, ұлттық дәстүрлер мен этно­мәдени құндылықтарды қастерлей­тін ұлт­тық педагогика қайнарынан сусын­дай­тын жағдайда өсіп-өнуі аса маңызды іс болмақ. Ұлттық намыс болмай, ұлттың гүлденуі мүм­кін емес!

– Заман талабына сай ұлттық тәлім-тәрбие жұмыстарын қалай ұйымдастыруға болады?
– Ғаламдық ақпарат ресурстары өзінің қоғамдық ортасы мен пікірін қалыптастырып келеді. Өткен ғасырда талай уақыт жазылып, сарапталынып келген «Қазақ ССР Энцикло­педиясы», тағы басқа туындылар бүгінде 4 ГБ компакт-дискісіне сыйып кететінін ескерсек, ақпарат ағымының болашақта біз үшін қаншалықты қымбатқа түсетінін болжау қиын емес.  Мәселен, 2017 жылы Астана қаласында Бүкіләлемдік ЕХРО көрмесі өтетіні жөнінде мектеп оқулығында ақпарат болмаған­дық­тан, оқушылар ол іс-шараның маңызды­лы­ғына шынайы назар аудармайды. Кітапқа толықтырулар енгізу қосымша қаржы шы­ғы­нын қажет етеді. Егер оқулық сандық фор­­матта сақталса, онда оған тарихи оқиға­лар туралы корректировка жасау оңайға түспек.  Мектеп немесе басқа оқу орындарына тиімді Slide Shape.com, Facebook.com, Autostream.com, High Been.net, Surway Gizmo.com, Globalethnics.net, Your vision.kz танымдық-ақпараттық ресурстар арқылы оқу-тәрбие жұмысына альтернативті едуко­логиялық технологияларды ендіру мүмкін­діктері ашылуда.  Эксперимент ретінде facebook интернет порталында біздер интерактивті танымдық ойын-сабақ ретінде төмендегідей тапсыр­ма­ларды тараттық. Мысалы, «Көкек ұзақ шақырса не бо­лады?» деген сұраққа тек қана еліміз ғана емес, алыс шетелдерден балалар мен оның ата-аналары ерекше белсенділік танытты.

– Ұлттық тәрбиенің болашағы қандай?
– Жаңа ғасыр ғаламдық жаһандану құбы­лысын қалыптастырды. Демек, талай ғасырлар бойы сыналып, сараланып, талай қиындықтардан өткен халықтың тағылым­дық құндылықтары бүгінде аса зор кедер­гілерге ұшырауда. Бұл құбылыс тек қазақ халқы емес, әлемдегі көптеген халықтардың тағдырына ерекше ықпал етеді. Жаңа зама­науи технология жетістіктерін меңгере оты­рып, ұлттық мәдени-рухани һәм таным­дық-та­ғы­лымдық мұраларды сақтау қиындау үс­тінде. Елбасымыздың латын қарпіне көшу қажет екені туралы ұсынысы бәлкім осыдан туындап отырған болар.
Десек те, құр қарап отырғаннан гөрі, нақ­ты әрекетке көшу керек. Түбінде Қазақ­стан – «Қазақ Елі» деп аталатыны ақиқат. Бұл нәрсе саясаттан да жоғары. Қазақстан халқы әлемдегі ең жас ұлттардың қатарына жатады. 17 млн халықтың 10 млн-ға жуығы – жастар. Осы жастардың арасынан дарынды жастардың өз мүмкіндіктерінің толық ашылуына мемлекеттік тұрғыдан ерекше жағдай жасалу керек. Дарынды жастарды іріктеуде Интернет ресурстарының маңызы зор. Айталық, жер асты байлығы, күн энер­гиясын халық шаруашылығында пайдалану, тұщы су көздері, жасыл технология, тағы басқа бүгінде ғаламдық ауқымды қамтыған өзекті мәселелерге жастардың мектеп жасы­нан бастап тартылуына әділ һәм парасатты жол ашу қажет.
Назарбаев университеті жанынан ашыл­ған Center of Exellence NIS орталығы­ның Cambridge University Faculty of Education стандарты негізінде орта білім жүйесін модернизациялауға арналған бастамалар жаман емес. Дегенмен, күн санап артып келе жатқан мемлекеттік тілде оқытылатын мектеп оқушыларының талап-мұқтаждарына сәйкес болашақ мамандар дайындау ісі өз деңгейінде қоғам игілігіне айналмай келе жатқанын атап өтуге тиіспіз. Сол себепті жо­ғарыда айтылған мәселелерге талдау жасай отыра, төмендегідей стратегиялық маңызы зор шараларды қолға алу керек деп есептеймін:
1. Абай атындағы ҚазҰПУ базасында жасалған «Ұлттық тәрбие» оқулығы, журналы мен ғылыми-зерттеу орталығын республика көлемінде үлгі-тірек тәжірибе ретінде одан ары дамыту;
2. «ХХІ ғасырдағы қазақ мектебінің моделі» атты бұқаралық-ақпараттық веб-портал ашу; ел ішіндегі ұтымды, мазмұнды һәм перспективалық жобалар мен ұсыныстар (№249 Қазалы мектеп-гимназиясы, №159 Алматы мектеп-лицейі т.б) базасын жасау.
3. «Қазақ этнопедагогикасы» атты энци­кло­педиялық сөздік шығару.
4. Ұлттық рухани-мәдени мұралар тақы­рыбына негізделген анимациялық фильмдер мен виртуальді ойындар шығару.
5. «Атамекен Ордасы» ұлттық тәрбие бағдарламасының 40 Бағыты бойынша ғылыми-әдістемелік құралдар (электронды оқулықтар, кітаптар, көрнекіліктер) шыға­ру.

– Бұрын «Ата көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер», «Үлкенге – құрмет, кі­шіге – ізет» қағидаларын берік ұстана­тынбыз. Кейінгі уақытта үлкенді сыйламау, кішіні менсінбеу және салт-дәстүрлер мен этномә­дени мұраларды қастерлемеу сияқты келеңсіз жағдайлар бой көрсете бастады. Бұл халықтың педагогиканың әлсіреуі ме?
– Біріншіден, әр отбасында бала саны азайды. Бұрынғыдай көпбалалы отбасылар көп емес. Тәрбиеге бұл да үлкен әсерін ти­гізеді. «Аға-әпке, іні-қарындас» деген бауыр­ластық сезімдер – халықтық педа­го­гиканың маржандары. Біз осы маржан­дарымызды сақтай алмай отырмыз. Өзімшіл ұрпақ отбасы тәрбиесінен кеткен қателік­терден туындайды. Екіншіден, Халықтық педагогикаға байланысты баламалы жоба­лар, ұсыныстар, бағдарламалар саны шектен тыс артты. Олардың барлығын біріктіріп, заман талабына сай бір жүйеге келтіру керек. Ұлттық психология мен халықтық педагогиканың арасында үлкен алшақтық бар. Қазақстан мектептерінде ұлттық тәрбие пәнінің өз деңгейінде өтпеуі немесе енді­рілмеуі де халықтық педагогиканы әлсіре­теді. Сол себептен, жоғары және арнаулы оқу орындарында ұлттың тәрбие пәнін жүйелеп оқытуды жолға қою қажет.

– «Халықтық педагогика – тәрбиенің қайнар көзі» екенін жоғарыда айтып өттік. Ал тәрбиенің қайнар көзі – ауылда жатқан сияқты…
– Оған келісемін. Ауылдың потенциалы толық ашылған жоқ. Оған дәлел көп. Ауылдық жерден келген балалар, оқушылар, студенттер қала баласына қарағанда, едәуір сыпайы. Олардың арасында салт-дәстүрді санасына қалыптастырған, ұлттық мәде­ниет­ті бойына сіңірген балалар басымдау. Бір дәлел – осы. Ауыл баласы мен қала баласы ара­сындағы айырмашылық жер мен көктей. Осыны ұлттық тәрбие негізінде бір ретке кел­тіру керек. Қазір мемлекеттік тілде оқы­та­тын мектеп саны артып келе жатыр. Олар­дың жұмысын халықтық педагогикамен бай­ланыстыра қарастыру міндет. Батысқа, бөтен мәдениетке, батыстық құндылықтарға назар аудара бастаған жас ұрпақ өкілдерін интернет арқылы, интернет көмегімен қазақ ертегілері, аңыздар, нақыл сөздері, тағы басқа мәдени-әдеби мұралар негізінде бері қайтарып алу жұмыстарына кіріскеніміз жөн. Ол үшін анимациялық фильмдер, вертуальдық ойындар – слайд, электронды кітапхана, интернет порталдардың терең тәжірибелері арқылы насихаттау. Оқу­шылардың ғылыми жобасына да халықтық педагогика элементтерін енгізу қажет.

– Көпбалалы отбасында, ауылдың алтын бесігінде тәрбиеленгеніңіз, кейін ұстаз, тәлімгер және ғылым жолындағы еңбегіңізге қаншалықты әсері болды деп ойлайсыз?
– Оныңыз рас. Жас ұрпақтың бойында өз ұлтына деген ерекше құнды сезімнің қалыптасуына ауылдың алтын бесігі, яғни отбасылық дәстүрдің берері мол. Шығыс ғұламасы Қайқауыстың немересі Гиланшаһқа қалдырған өсиеті бүкіл әлемге белгілі «Кабуснама – Кодекс куманикус» кітабының пайда болуына негіз болды. Неміс ағартушысы И.Гербарт пен француз Ж.Жак Руссо оны «халық институтының ордасы» деп бағала­ған.
Туған ауылым – Шығыс Қазақстан облысындағы Аякөз бен Мақаншы ортасын­дағы Қарақол деген жер мен үшін өмір Ака­демиясы десем болады. Атам мен әжемнің ыстық ықыласы, ана мейірі мен әке өнегесі бәріміз үшін сарқылмас қазына мен таным мұхиты іспетті. Ағаларым мен әпкелерім, інім мен қарындастарымның ортасында еркелеп өстім. Әкем шіркін, қайраты тау­сылмайтын, шаршауды білмейтін, анам болса аса байсалды, кең пейілді және қонақ­жай жандар еді.  Ауылдағы Мәдениет сарайы ата-аналар мен оқушыларға, шопандар мен малшыларға ортақ керемет ғимарат-тын. Онда бірлескен кештер мен тәлім-тәрбиелік, мәдени-спорт­тық шаралар ұдайы тартымды, қызықты және тұрақты өткізіліп тұрды. 1980 жылы Жаркент педагогикалық колледжін тәмамдаған соң, туған мектебімде «пионервожатый» болып істедім. Әсіресе, мектеп жанындағы мектеп-интернат бала­ларымен бірге ұйымдастырған (шопан қыс­тақтарын аралап, концерт қою, үгіт бри­гадалары, пионерлік ферма т.б) жұмыстарым жемісті болып, нәтижесінде әлемге әйгілі Халықаралық «Артек» балалар орталығында тәлімгерлік қызмет атқаруыма себебін тигізді.

– Расында кезінде «Пионервожатый» деген апай-ағайларымыз болушы еді. Кешегі Кеңес үкіметі тәрбиесі мен бүгінгі ұлттық тәлім-тәрбие арасында айырмашылыққа тоқталсаңыз?
– Кеңес үкіметі бала тәрбиесіне мем­лекеттің Стратегиялық маңызды мәселесі ретінде ерекше мән берді. Әлемнің көптеген елдерінде «sovietology» ғылыми-зерттеу орталықтары әлі күнге дейін зерттеліп келеді. 1960 жылдары жалпы «совет халқын» қалыптастыру жөнінде (С.Выготский, П.Блонский, Д.Лурия, Б.Теплов) «тарихи-мәдение концепция» атты арнайы зерттеу жұмыстары мемлекеттік құпия ретінде қолға алынып келді. Ол бір жағынан американдық «бихеовиоризм» мен еуропалық «гештальпт» идеясына тойтарыс беріп, болашақта көпұлтты Кеңес Одағы халықтарын біріктіре отырып, бір ұлт жасау идеологиясын жос­парлады.
Мен көп жыл тәрбиеші болған пионер ұйымы ғылыми жағынан жан-жақты сара­ла­нып, тәжірибе жүзінде іске асырылуы ар­найы мемлекеттік құжат негізінде қар­жы­ландырылып отырды. Оның педагогикалық маңызы зор болғанымен, сайып келгенде әр ұлттың сан ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан этникалық ерекшеліктеріне терең мән берілмегендігі уақыт өте келе, қоғам дамуы жүйесінде айтарлықтай қайшылықтар туындатқаны үлкен олқылық деуге бола­ды.  «Артек» педагогикасы әлемдік деңгейдегі озық тәжірибелер қатарына кірді. Әсіресе, «советтік патриотизм мен интернацио­на­лизм» идеясы Куба, Сальвадор, Қытай, Ангола, Венецуэлла, Румыния, Вьетнам елдерінде қанатын жайды. Қысқасы, тамаша әдістемелік бастама уақыт өте келе, саяси идеология құралына айналды.  1988 жылы Алматы қаласындағы №112 мектепте пионервожатый болып істеп жүр­ген жылдары тұңғыш рет Республикалық «Жұлдыз – 1988» оқушылар жиынына қатыстым. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген ұландармен пікірталастырып, пионер ұйымына ұлттық тәрбие элементтерін енді­ру жөнінде шешімге келдік. Нәтижесінде «Атамекен Ордасы» ұлттық тәрбие бағдар­ламасы дүниеге келді. 40 бағыттан тұратын бағдарлама әр жерде (шетелдердегі қазақ мектептері) қызу қолдау тапты. Ол жөнінде «Егемен Қазақ­стан», «Жас Алаш», «Ұлан» газеттері мен «Қазақстан мектебі», «Ақжелкен» журнал­дары мол ақпараттар берді. Нәтижесінде «Сиқырлы қазан», «Әнші балапан», «Ата­мекен» туристік-өлкетану экспедициясы, «Алау», «Мың бала», тағы басқа ұлттық тәрбиеге негізделген тартымды һәм қызықты іс-шаралар қолға алынып, ауқымды тұрғыда насихатталды.

– Соңғы жылдары «Жас толқын», «Жас ұлан» деген сияқты ұйымдар құрылып жатыр. Әр мектеп өз алдына клуб ашып алған тәріз­ді…
– Шынында, «Атамекен Ордасы» ұлттық тәлім-тәрбие бағдарламасынан кейін «Мың бала», «Жұлдыз», «Жас ұрпақ» деген бірнеше ұйымдар пайда болды. Бұлардың барлығы өз бетімен жұмыс жасады. 2006 жылы Білім министрлігінің қолдауымен бірінші құрыл­тай өткенімен, балалар ұйымына мемлекеттік қолдаудың қажеттігі арта түсті. 2011 жылы Елбасы балалар ұйымына мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында «Жас ұлан» бі­рыңғай балалар ұйымын құру туралы баста­ма көтерді. 250-ден астам балалар ұйымы тарап, бір ұйымға бірікті. «Атамекен ордасы» бағдарламасы сол ұйымның тәрбие жұмыс­тарының бір саласы болып табылады.
Қорыта айтқанда, ХХІ ғасырдың басын­дағы ақпараттық технологиялар жетістіктері адам санасына планетарлық масштабта ауқымды ықпалын тигізіп отыр. Өркениетті елдердің жаңаша даму сатысына көтерілуіне қоғамның қозғаушы күші болып табылатын білім мен тәрбиенің үлесі зор.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

 

http://www.aikyn.kz