Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Бүгінде «Евровидение» – жыл сайынғы ән байқауы ғана емес, Олимпиада ойындары сияқты күллі әлемді бәсекеге салып қоятын саяси тартыс та. Оған қатысу мемлекеттік имидж саналады. Қазақстан байқауды ұйымдастырушы – Еуропа хабар тарату одағы мен Еуропа кеңесіне мүше болу үшін қыруар қаражат шығындауы қажет. Мәдениет саласының өкілдері «Евровидениеге» қатысуды үлкен абырой әрі ұлттық өнерді әлемге насихаттаудың бірегей мүмкіндігі санайды. Бірақ әзірше мәселенің шешілетін түрі көрінбейтіндіктен, амбициялы өнерпаздарымыз неше жылдан бері байқауда өзге елдердің атынан бақ сынауға әрекеттеніп жүр.

Негізінде, Қазақстанның «Еврови­дениеге» қатысуға толық мүмкіндігі бар. Біріншіден, еліміздің батысы Еуропа хабар тарату аймағына енеді. Екіншіден, Еуропа хабар тарату одағы мен Еуропа кеңесі гео­гра­фиялық жағынан бұл құрлыққа жат­пайтын, бірақ өздеріне мүше болған ел­дердің «Евро­видениеге» қатысуына қарсы емес. Бұл мүмкіндікті пайдаланып, бүгінде Еуро­падан жырақтағы ОАР, БАӘ, Палестина мен Катар да «Евровидениеден» дәмелі. Ru.wi­ki­pedia.org электронды энци­кло­пе­дия­сының мәліметінше, Қазақстан «Ев­рови­дениеге» қатысуды ойлап, 2008 жылы Еу­ропа хабар тарату одағына мүшелікке өтініш білдірген де. Бірақ әлі жауап жоқ. Ал ең беделді байқауға қатысып, өз өнері мен есімін әлемге паш еткісі келетін әншілеріміз амалсыз еуропалық елдердің атынан сынға түсуге жанталасып жүр. Мысалы, өткен жылы жас талант Дария Ғабдол Швецияның атынан өнер көрсетуге ниет білдіргенімен, сол елдің ұлттық іріктеу сынынан өте ал­мады. Биыл Луина да «Евровидениеге» талпыныс жасады, байқауға қалайда жол табу үшін Ресейдің ұлттық іріктеу сынына өтініш білдірді. Дегенмен ресейлік «Первый канал» арнасы халықаралық ән байқауына «Голос» думанының жеңімпазы, Татар­станның еңбек сіңірген әртісі Дина Гари­пованы жіберу туралы шешім шығарды. Сөйтіп, отандық музыканттарымыздың «Ев­ро­видениеге» қол жеткізуге тырысқан әре­кеттерінен түк шықпай отыр. «Евровиде­ниенің» мәртебесі ән байқауы болғанымен, соңғы ондаған жыл көлемінде ондағы бәсекеде махаббат жайлы әндер де, орындаушылық шеберлік те емес, амбиция мен эпатаж бақ сынайтынды шығарды. Байқауда түрлі мемлекеттер өздерінің ұлттық ерекшеліктерін насихаттайды. Бәсекенің ақтық сынында жеңімпаздарды анықтау үшін болатын дауыс берудің саясаты өз алдына бөлек әңгіме. Бұл кезде ән мен вокалдық артықшылықты бағалау жайына қалып, геосаяси қатынас бойынша санасу басталады. Бірақ осы жағынан алғанда да Қазақстан «Евровидениеге» қатысып жатса, көп қиналмауы мүмкін. Өйт­кені еліміз көпвекторлы саясат ұстанады, әлемдік қауымдастықта жақтастары көп, имиджі де тәуір. Бізге бұл орайда түбі бір әзірбайжан бауырларымыздың тәжірибесі үлгі бола алады. Байқауға 2008 жылы тұңғыш рет қатысқан Әзірбайжан музыкант­тары сол жылы ондаған елдің орын­даушысын артқа тастады. «Евровидениеде» тұңғыш рет Әзірбайжанның он екі мұқамы орындалды. Бұдан кейінгі екі жылда Әлиевтің елі байқауда үшінші және бесінші орындарды иеленсе, 2011 жылы бас жүлдені жеңіп алып, келер жылғы байқауды өз елінде өткізді. Әзірбайжандар төрт жыл ішінде алғашқы бестіктен түспеді. «Еліміз байқауға қатысуға ақыры мүмкіндік алып жатса, онда қандай бағыттағы орындаушы­лардың өнер көрсеткені жөн?» деген сауал туралы пікірлер сан алуан. Музыка сын­шыларының көбі ұлттық іріктеу сынына Алтынай Жорабаева, Маржан Арапбаева, Мәдина Сәдуақасова, Дильназ Ахмадиева, Мақпал Исабекова, Айқын, Алмаз Кішкен­баев, Қайрат Түнтеков, Динара Сұлтан, Мөлдір Әуелбекова, Әнел Арынова, Нұр­жан Керменбаев, Луина сияқты орын­даушылар мен Rin’Go, The Jigits, «Орда», «Жігіттер» топтарының қатысуы керектігін айтады. Ал әнші, актриса Меруерт Түсіпбае­ва «Евровидениеге» басқаны емес, қаймағы бұзылмаған ұлттық музыкамызды апару керек деп есептейді. Оның айтуынша, этни­калық музыканы әлемге насихаттау үшін де «Евровидениеге» қатысуымызды ыждағат­тау қажет. Сөйтіп, «Еврови­дениеге» қатысудың бірнеше артықшы­лығын көріп отырмыз: музыкант­тарымыз­дың әлемге танылуына жол ашу, әлемдік қауымдастықта имиджімізді жаңғырту және ең бастысы – ұлттық бағыттағы музыкамызды паш ету.

Меруерт ТҮСІПБАЕВА, әнші, актриса, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:

– Елімізде ұлттық мәдениетті Еуропаға, әлем жұртшылығына таныстыруға жанашыр болатын меценат табылмай тұр. Ұлттық өнердің жанашырлары неліктен «Еврови­дениеге» қазақтың домбырасын апар­майды? Еуропаны тек қана этникалық му­зыкамызбен ғана тамсандыра аламыз. Эстрадамен емес! Меніңше, «Евро­видениеге» Сәуле Жан­пейісова, Айгүл Қосанова сияқты дәстүрлі әншілерді жіберу керек. Әрине, мен олар осы күйінде барып қатыссын демеймін, оларға, сөз жоқ, тың ізденістер керек, имидж бен форматты жаңарту керек. Мұнда Қазақстан үшін жеңіс басты нәрсе емес, бізге өз мәдениетімізді паш ету ғана маңызды.

Руслан МЕДЕЛБЕК, журналист:

– Қазақстан Еуропа хабар тарату одағына мүше болса, ұтары көп. Біріншіден, Қазақстан әншілері әлемдегі атақты «Евро­видение» байқауына қатысуға жолдама алады және Қазақстан телеарналарының басқа да әлемдік жобаларды дайындауға жолы ашылар еді. Әлемдік би байқауы, «Балалар Евровидениесі» жарысына да қатысуға жол ашылар еді. Ал одаққа мүше болудың зиянды жағы: ел қазынасынан біраз қаржы кетеді. 

Алуа ҚОНАРОВА, продюсер:

– Еуропа хабар тарату одағына (EBU) мүше болу үшін оған еліміз жыл сайын бірнеше миллион доллар төлеп тұруы тиіс. Біз әзірше мұндай қомақты қаражат төлеуге дайын емес болуымыз керек. «Еврови­дениеге» қатысудың саяси астарын да жоққа шығаруға болмайды. Сол себепті біздің әртістерімізде бұл байқауда бақ сынау мүмкіндігі болмай тұр, тек өзге елдің атынан қатысуға ғана рұқсат бар. Егер «Евровидениеге» өз еліміздің атынан қатысу мүмкіндігі туып жатса, мен Rin’Go тобы Қазақстанды лайықты түрде таныстырар еді деп батыл айта аламын. Менің жобам болғандықтан емес, бұл жігіттердің үш халықаралық байқауға қатысқан тәжірибесі болғандықтан және олардың сондай фестивальдарға қатысуға кәсіби шеберлігі жетеді.

Роман РАЙФЕЛЬД, музыка сыншысы, журналист:

– Мен «Евровидениенің» трансля­циясында бес жылдан бері комментатор болып келемін. Бұл байқауда ең керемет дауыс иесі ғана жеңеді деген пікір орынсыз, талантпен көзге түсу – байқауда соңғы 20 жылда өте сирек болған жайт. «Еврови­дениені» дауыспен емес, есте қаларлық бейнемен жеңіп шығуға болады. Егер Қазақстан байқауға қатысуға мүмкіндік алса, ұлттық іріктеу сынының өте күрделі болатыны анық. Меніңше, «Евровидениеде» Жантик (Жантемір Баймұхамедов) сияқты адамдар шоу жасай алады. Бірақ оның нөмірі бұрынғы образдарына ұқсамайтын, ерекше дүние болуы тиіс. Ол тек Қазақ­станның пиары ғана болуы керек. Талғамы биік, сәнді, жарқын нөмір ретінде көптің есінде қалуы қажет.

Соңғы 10 жылдағы жеңімпаз елдер

Биыл «Евровидение» Швецияның Мальмё қаласында мамырдың 14-18-і аралығында «Біз біртұтаспыз!» ұранымен өтеді.

http://alashainasy.kz

 

 

Рубрика: