Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Ұлттық құндылықтарымызды әлемге таныту үшін не істеуіміз керек? 

 

Қабдеш ЖҰМӘДІЛОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

– Қазақ халқында шетелге танытатын нәрсе аз емес, мыңжылдық ұлттық құндылықтарымыз бар. Бірақ соның біразын шетелдіктер иемденіп кетіп жүр. Мысалы, қазақ сонау Ғұн заманынан, 4-5 мың жылдан бері қымыз ішеді, ал оны немістер ойлап тапқан болып отыр. Кім білсін, «киіз үйді біз ойлап шығарғанбыз» деп күндердің күнінде француздар шығуы мүмкін. Соның бәрі насихаттың жоқтығынан, қолымыздағы барымызды әлемге таныта алмауымыздан. Аспандатып салған биік үйлерді көрсете бергенше соларды танытуды қолға алу керек. Шетелдіктерге биік үйлер таңсық емес, одан гөрі бір сағатта жығып, бір сағаттың ішінде басқа жаққа тұрғызатын киіз үй таң болуы мүмкін.
Киіз үй – көшпенділердің ойлап тапқан ұлы жетістіктерінің бірі. Соның енді құжатын жасап, біздікі екенін таныту керек, егер қағазға жазылмаса, ол да біреулердің қолында кетеді. Ұлттық құндылықтарымызды әлемге таныту үшін, алдымен оны өзіміз иемденіп алғанымыз дұрыс. Егер ұлттық құндылықтарымызды әлемге танытамыз деп жатқандар болса, оларды екі қолымды көтеріп қолдаймын.

 

Марат ТОҚАШБАЕВ, «Президент және халық» газетінің бас редакторы: 

– Ұлттық құндылық дегеніміз – ұлттың өзі, бұл – ең алдымен, қазақ халқы, оның салт-дәстүр, әдет-ғұрпы, оның тіршілік ету қабілеті, оның мақтан ететін дүниелері. Қазақтың ұлттық құндылықтарын зерттеуге, насихаттауға байланысты бірнеше жыл бойы айтылып келе жатқанмен Үкімет тарапынан әлі бірде-бір қадам жасалмады.
Менің пікірімше, ұлттық құндылық сапалы болуы керек, сондай жағдайда ғана оны шет мемлекеттерге ұсына аламыз. Қазақ ұлттық құндылықтары мен ислам құндылықтарының бағыты бірге. Ұлттық құндылықтарымыздың ішінде адамгершілік қасиеттер, имандылық қағидалары, бүкіл мәдениетіміз, әдебиетіміз әлі толықтай зерттелген жоқ. Ауызекі әдебиетімізге қатысты жүз томдық жинақ шақты, ал енді әдет-ғұрыптарға байланысты әлі жүйелі зерттеулер жүргізілген жоқ. Оны зерттейтін бізде институттар жоқ, тіпті институттардың ішінде бөлімдер де жоқ. Ұлттық құндылықтарымызды әлемге таныту үшін насихат, жарнама қажет. Еуропадағы үлкен телеарналармен шарттар жасасу керек.

 

Дос КӨШІМ, саясаттанушы: 

– Бұл тұрғыда ең бірінші айты­­­латын мәселе – ұлттық құн­ды­лықтарымызды өзіміз ұстануы­мыз керек. Егер ұлттық құнды­лықтарды өз арамызда насихаттап, өзіміз пайдаланбасақ, оны әлемге таны­тамыз дегеннен еш­теңе шық­пайды. Қазақтың ұлт­тық құнды­лықтары өзіне қажеттілігі болған жағдайда ғана басқа халықтар оған қызығушы­лық танытады, оның өздеріне қажетті, жаңа жақтарын іздейді. Ал егер ол құндылықтарды өздеріміз ұстанбасақ, бірлесіп көтермесек, басқа халықтар оны қайтсін? Сондықтан әлемге таныту әрекеттерімізден түк те шықпайды.
Біздің ұлттық құндылықтарымызға тек өздерінде жоқ нәрсеге қараған сияқты, экзотика ретінде қабылдайтын болады. Онда олардың бәрі жылтыраған бірдеңе болып шығады. Алдымен өз жұртымызға жарнамалау керек, сонда халық жаппай ұстанады, қабылдайды. Өзіміз ұстанған ұлттық құндылықты содан кейін өзгелерге де таныта аламыз.
Сауалнаманы жүргізген Қайыржан ТӨРЕЖАН, Айтжан САЛЫҚҰЛЫ (фото)

http://www.aikyn.kz/articles/view/41041

Рубрика: