АЛТЫНОРДА
Новости

Ұлттық киім киюге арланамыз ба?

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Биылғы қыста жастар тымақты сәнге айналдырды. Қазақтың кәдімгі ұлттық баскиімі оларға жарасып-ақ тұр. Сәндеп тіксең, әрбір киім көздің жауын аларлықтай болады екен. Бір кездері ұлттық киімге мұрын шүйіріп те келдік. Оны архаизмге жібергендей күй кешкеніміз де рас. «Ол бүгінгі күнге ешбір сәйкес келмейді» деген қасаң пікір де елдің арасынан оқтын-оқтын естіліп қалатын еді.

Дегенмен оның барлығы бекер сөз еке­нін қазір ұққандаймыз. Өйткені орайын келтіріп тіге алсаң, әрбір киім тұла бойыңа жарасып кетеді екен. Шындығын айтқан­да, бүгінгі ұрпақ ертеде ата-бабаларымыз қандай киім кигенін біле бермейді. Бесік жырын тыңдап өспеген ұрпақтың жаһан­да­ну заманының залалын көріп отырған жағдайы бар. Себебі біз өзіміздің ұлттық дү­ниелерді насихаттауға келгенде бейғам күй кешіп жүргендейміз. Ол қашанға дейін созылады? Осы күйімізде жаһандану тала­бына бас шұлғып кете береміз бе? Қазір жұрт­шылықты осындай жағдайлар ойлан­дырады.

Өз-ағам деп өзімсінетін өзбектер өзде­рі­нің ұлттық дүниелерін ұлықтауға келген­де алдына жан салмайды. Ала тақиясын басына киіп, шапанын жамылған оларды көргенде біз еріксіз таңырқап қаламыз. Тіпті олар қалада да сондай киімдерін кию­ге келгенде ешкімнен қымсына қой­майды. Ал бізде ондай елжанды кісілерді емге іздесең де таппайсың. Қала түгіл, ауыл­дың өзінде ұлттық киімді тұрақты түр­де киетін адамдар саусақпен санарлық қана. Осылайша біз ұлттық ұғымдарға бай­ланысты таным-түсінігімізді жоғалта бастадық. Осыдан 20 жылдай бұрын ша­пан, тақиясын киіп жүретін ақсақалды ауылда жиі көзіміз шалатын. Бүгінгі күнгі құтты қоныстың қариялары оған назар аудармайтын болды. Сонда тарих үшін қас қағым сәтте біз өзіміздің ұлттық ұстыны­мыз­ды қаншалықты жоғалтып алдық? Әри­не, жоғалтқанымыз аз емес. Оны қай­та қалпына келтіре аламыз ба? Бұл мақ­сатта қандай насихат жүргізе аламыз? Осы тұрғыда қаншалықты ойландық?

Берік БАБАМЖАРҰЛЫ, этнограф:

– Тарихтан білетініміз, ер адамдар түрлі маңызды шараларға барардың алдында киімнің жақсысын киген екен. Атап айтқанда, шапан, күпі, кеудеше, тон, шидем, шекпен секілді киімдерді сән­деп киген. Оны тігетін ісмерлер де көп еді. Байқасаңыз, қазір атал­ған ки­ім­дердің көбін біз біле бермей­міз. Тіпті оларды мұражайда көрсететін экспонат ретінде қабылдайтын адам­дар да арамызда аз емес. Қандай кезең болса да, өзінің ұлттық құндылықтарын ұлық­тап жүрген ұлттар баршылық. Өз­бек­терді былай қойғанда, түрікмен әйел­дері де ұлттық ою-өрнекпен бе­зен­діріл­ген киімдерін жиын-той, мем­лекеттік салтанатты жиналыстарға да киіп ба­ра­тынын теледидардан талай мәрте көзі­міз шалды. Олардың ер кісі­лері де тақияларын басынан тастамай­ды. Сон­дай-ақ Үндістанның қыз-келін­шектері әлі өздерінің сари киімдерін киіп жүре­ді. Сондай-ақ жігіттері дхоти, шервани секілді киімдерді үстінен тастамайды. Олардың осындай ұлттық киімдерге жанашырлығын бізге де үйрену қажет секілді. 

Айтпақшы, біздің ұлттық ою-өрнектер қазір талай жұрттың кәдесіне жарап жа­тыр. Бүгінгі күні Қазақстанда қазақтың ою-өрнектері салынған кілемдер және өзге де дүниелер сатылып жатыр. Базарға барса­ңыз, оны әбден көруге болады. Мәселен, түрік кәсіпкерлері тоқыған кілемнің бағасы удай, 3-4 мың доллардың шамасында. Сонымен қатар осы дүниелер Біріккен Араб Әмірліктерінен де келіп жатыр. Бұл жақтан келген кілемдер біршама арзандау. Қалтаңызда 15-60 мың теңгедей болса, қолтығыңызға қысып кете бересіз. Сонда біз осы дүниелерді өзіміз дайындай ал­май­мыз ба? Біздің ұлттық байлығымыз­ды неге басқалар пайдалануы тиіс? Күні ертең бұл ою-өрнектер біздікі деп жатса, оларға қандай дәлел айта аламыз? Ата-бабадан аманатқа айналған дүниелерді айдың күні аманда өзгеге беріп қоя саламыз ба?

Рас, бізде әлі күнге дейін жеңіл өнеркә­сіп өркендемей тұр. Оның ішінде киім-ке­шек өнеркәсібінде өзгеге тәуелдіміз. Түрік пен қырғыздар тіккен киімдерді ба­ға­сына қарамай сатып аламыз. Ал сонда өзіміздің тігіншілер қазір қайда жүр? Оған ұсақ-тү­йек деп қараудың реті келмес. Өйт­кені ал­да­ғы уақытта олар біздің ұлттық ки­ім­дері­мізді жаңа заманға сай тігіп, өзімізге сатып жатса, еш таңғала қоймаспыз. Жал­пы, біз­дің ұлттық киімдерді қай уақыт­тан бері ұмыт қалдыра бастадық? Осының сырына үңілген біреу бар ма өзі? Оларды қашанға дейін ескінің көзі деп санай бере­міз?

Мұрат НАСЫМОВ, Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университеті педагогика факультетінің оқытушысы:

– Бұрынғы солақай саясаттың ке­зін­де қазақты орыстандыру үдерісінің жүр­гені белгілі. Сол уақытта ұлттық дү­ниелерді ұмыттыруға күш салынды. Де­генмен көненің көзіндей болған қа­рияларымыз оларды сақтап қала алды. Десе де бүгінгі уақытта бізді оған назар ауда­рылмай отырғаны алаң­датады. Әрине, барлық ұлттық киімді жаңа заман талабына сай бе­йімдей ал­майтын шығармыз. Алайда кейбір ки­ім­дерді сәндеп тіге алсақ, үстімізге жа­расып кетер еді. Басқасын былай қоя­лық­шы, қай қазақ басына тақия киіп жүр? Оған ұсақ-түйек деп қарамайық. Өйткені кез келген нәрсе сондай кішігі­рім нәрседен басталады емес пе?

Біз ұлттық киімді Наурыз секілді төл мейрамдарда ғана жарқыратып киеміз және табылса ғана. Ал қалған уақытта сан­дық түбінде жатады. Ұлттық дүние­лерді ұлықтаймыз десек, осы тұрғыда ойланып көрелікші. Жас ұрпаққа оларды қалай насихаттаймыз? Ол – ойланатын шаруа.

Автор: Әділжан ҮМБЕТ, Қызылорда облысы

 

http://alashainasy.kz