АЛТЫНОРДА
Новости

Ұлттық идеология төменнен қалыптасуы тиіс

35831d909dc6bf4f59fb804173c4f462Қазақстан саясаттанушыларының кезекті конгресіне қатысқан Мәскеу мемлекеттік университетінің Посткеңестік кеңістіктегі қоғамдық-саяси үдерістерді зерттеу орталығының директоры Алексей Власов «Айқын» газеті тілшісімен аймақтағы саясаттанушыларды толғандыратын ортақ мәселелер жөнінде ой бөліскен еді.

– Мен осымен үшінші осындай конгреске қатысып отырмын, – деді Алексей Власов, – Бұл жиында елдің жетекші саясаттанушыларымен бірге, басқа мемлекеттерден де сарапшылар шақырылды. Осы жолғы басқосу «Қазақстан – 2050: Стратегиясының» идеясы мен алғышарттарын талқылауға арналды. Сонымен бірге қауіпсіздік пен партиялық құрылыс мәселелері, экономикалық және әлеуметтік реформаларға қатысты үдерістер де  пікірталас алаңында қаралды. Ұйымдастыру деңгейі және қатысушылар құрамы айтарлықтай салиқалы деуге болады.

– Ал әлеуметтік желілерде бұл жиынға белгілі қазақстандық саясаттанушылардың бірде-біреуінің қатыспағандығы  әңгіме болды…

– ДаниярӘшімбаев белгілі саясаттанушы емес пе? Юрий Булуктаев ше? Марат Шибұтов танымал емес пе? Бұлардың барлығы жиында болды.

– Досым Сәтпаев, Андрей Чеботарев, Айдос Сарым және тағы басқаларды айтып отырмын…

– Кімді шақыру немесе шақырмау – ұйымдастырушылар  құқығы. Бірақ, мәселен, Чеботарев шақырылған, бірақ уақыт тығыздығына байланысты келе алмапты. Белгілі саясаттанушы Эдуард Полетаев та Конгресте болды. Ия, әлеуметтік желілердегі жазбаларды оқыдым. Конгрестен түсірілген суреттерге қарап, белгілі-бір ой түюге болар еді. Төралқада отырған Данияр Әшімбаевтан артық білікті саясаттанушыны табу қиын. Сондықтан, конгреске қатысты наразы уәждермен онша келіспеймін. Ондағы пікірталасты дамытып отырған Серікжан Мәмбеталин қатысушылар тізімін көрмей, оған қатыспағандардың пікіріне арқа сүйеген тәрізді. Ұйымдастырушыларға қатысушылар тізімін жариялау керек еді.

– Сіз сол басқосуда аймақтық саясаттанушылар интеграциясына шақырыпсыз. Бұл қаншалықты қажет?

– Қазақстанда «интеграция» деген сөз біршама шамдана қабылданатын болды…Шын мәнісінде халықаралық ғылыми аймақ қажет. Оған Ресей, Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ саясаттанушыларын қатыстыруға болады. Олардың жетекші ғалымдары мен саясаттанушылары өз ойларымен ортаға салатын «Кавказ және Орталық Азия хабаршысы» деген журнал жасауға болар еді.  Халықаралық үдерістер тез өзгеретіндіктен, кейде өзара ақпарат алмасып та үлгермейміз. Осы – интеграцияны, яғни ғылыми коммуникацияны ұсынған едім.

– Қазіргі таңда аймақтық саясаттанушыларды не көбірек толғандырады?

– Саясаттанушылардың қазір екі тобы қалыптасқан: біріншісі – саясаттану теориясын зерттеп, онымен академиялық тұрғыда айналысатындар, екіншісі – саясаттанумен іс жүзінде шұғылданатын практиктер, яғни олар сайлау кампанияларына қатысады, қоғамдағы өзекті мәселелерге түсіндірме береді. Міне, осы екі топтың арасында үлкен алшақтық байқалады. Соңғылары «ағаларды», депутаттар мен әкімдерді танығанымен, сапалы жұмыс жасауға ғылыми білімдері кемшін. Онда бір-бірімен қабыспайтын саясаттанушылардың осы екі тобын қалай жұмылдыруға болады?! Мәселе – осында.

– Саясаттанумен ғылыми тұрғыда айналысатындарды көпшілік біле бермейді. Ал «практиктер» көп жағдайда саясаткерлерге ұқсап кететіні рас…

– Ресейде де дәл сондай жағдай. Бұл мәселе көтерілгенімен, оның шешілу жолдары туралы әлі айтылған жоқ.

Идеология болмаса, вакуумды басқалар толтырады

– Осы аймақтық сарапшылар желісін жасауға итермелейтін қандай аймақтық мәселелерді айтар едіңіз?

– Мәселен, ұрпақтар кикілжіңі. Бұрынғы кеңес елдерінің көпшілігіндегі орта буын өкілдерінің идеологиясы, көзқарастары, құндылықтары жастарға қарағанда – басқаша. Бұл келешекте қоғамдық бөлінуге әкелуі мүмкін… Бізде үнемі ұлттық идея мен идеологияны табуға талпынады. Себебі кеңес жүйесі күйрегеннен кейін үлкен вакуум пайда болған. Алайда, Ресей де, Қазақстан да әзірге ұлттық идеологиясын анықтаған жоқ. Бұл мәселе талай көтірілсе де, оның «рецептілері» әлі белгісіз. Әрине, жаңа идеологияны қалыптастыруға бір жыл да, он жылдық та жетпейді.

– Расында да, ұлттық идеология туралы ұдайы айтылады. Бірақ сол ұлттық иделогия деген не?

– Ұлттық идеология – елдің даму сарыны. Бізді біріктіретін құндылықтар қандай? Біз қандай мемлекет құрғымыз келеді? Ел азаматы ретінде қандай құқықтар мен мүмкіндіктерге иеміз? Осы қоғамның бір бөлшегі ретінде сезіну үшін не істеуіміз керек? Яғни, кеңес дәурінде туған азамат ретінде маған ұлттық идеология – бәріміз соған қарап өзгеретіндей ұжымдық құндылықтар. Мұндай жағдайда идеология жоғарыдан ғана емес, төменнен де қалыптасуы керек. Азаматтық қоғам бұл идеологияны талқылауға қатысуы тиіс. Ал «элита-қоғамдық институттар» деген қос арналы механизм Ресейде де, Қазақстанда да әлі толық жұмыс істемей келеді. Сосын не істесін? Мемлекет басындағылар осы іске өздері сарапшылар мен ғалымдарды тартып, оны өзара талқылайды.

– Ұлттық доктрина сияқты құжаттар да жасалынды емес пе?

– Құжаттың өзі жаман емес. Бірақ сол доктрина кімге арналған? Олардың санасына ондағы қағидаларды қалай сіңіреміз? Бұл құжатты талқылауға қатыспаған, өз көзқарасын білдірмеген адамға оны түсіну де қиынға соғады. Әртүрлі сыңаржақ идеологиялық догмалар арқылы жүйені ыдыратқысы келетіндерге қарсы тұру үшін бұл мәселені шешіп алу қажет.

«Түрлі-түсті» революцияның екінші толқыны келді ме?

– Жақында Киевте 2004 жылғы төңкерістен кейінгі ең ірі наразылық шарасы өтті. Жүздеген мың адам тағы көшеге шықты…

– 2004 жылы адамдар сайлау науқаны кезінде көшеге шығып, дауыс беру нәтижесіне наразылық білдірген. Олардың Виктор Ющенко мен Юлия Тимошенко сияқты көшбасшылары болды. Ал қазіргі топтың жетекшісі Арсений Яценюк олар сияқты харизмалы тұлға емес. Оған қоса, соңғы мәліметтер бойынша, Украинаның 40 пайызы Кеден одағына қосылуды қолдайды, соншасы Еуропамен интеграцияны жақтайды. Сондықтан әзірге жаңа «Майдан» жасау қолдарынан келіп жатқан жоқ. 2004 жылғы күш-қуат, драйв байқалмайды.

– Кейбіреулер «түрлі-түсті ревлюцияның» екінші толқыны бола ма деп топшылаған еді…

– Революцияның қандай да бір негізде заңдық сипаты болуы тиіс. Мәселен, 2004 жылы наразы қауым дауыс берудің нәтижесін қайта қарауды талап етті. Ақырында Виктор Ющенко заңды президент болып сайланды. Ал Еуропа одағымен интеграцияға қатысты құжатқа қол қою мәселесі – революция тақырыбына татымайды. Мысалы, Қазақстанда ДСҰ-ға қосылуға қарсылық ретінде көшеге шықпайды ғой?

– Бұл сонда қысқа мерзімдік буырқаныс па?

– Еуроинтеграцияның жақтастары әлеуеттері қандай екендігін паш етті. Украиналық элита қазір сырт көзден тысқары өз келіссөздерін жүргізе бастайды. Янукович  Еуропамен ынтамақтастықтан бас тартпағанымен, бұл құжаттарға қол қоя алмайтындығын жеткізді. Себебі, Еуроодақ Украинаға олар тартатын шығындардың өтемақысына кепілдік бере алмайтынын айтты.

– Шын мәнісінде Янукович Ресейдің қысымы мен қоқан-лоққысы салдарынан сондай шешім қабылдауға мәжбүр болғанын Литва президентімен кездескен кезде айтыпты…

– Бұл ресми ақпарат емес. Қысым жасалды деп ойламаймын. Бұл жерде күш көрсету емес, қайта ынтыландарду саясаты қолданылған. Себебі Украинаға өзінің қарыздарын жабуы керек. Ал 2014 жыл – сайлау жылы. Ал олардың қарыздары шаш етектен. Януковичке қысым жасалмай, қайта ол Мәскеуден шығындарын өтеуді сұрайды. Өйткені, ол үшін басты міндет – 2015 жылы қайта сайлану емес пе?!

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Айжан КӨШКЕНОВА

 

http://www.aikyn.kz/interviews/view/36675