Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Өткен аптада Ақордада алқалы жиын өткізген Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин мемлекеттік тілдің «этносаралық қатынастар саласындағы интегративтік фактор ретіндегі» рөлін дамыту қажеттілігін тілге тиек етті. «Бүгінгі әлемде не болып жатқандығына қараңыздаршы! Дамыған әлемнің көптеген елдерінің өздері қуатты иммиграциялық шаралармен, нормаларымен, тосқауылдармен оқшауланып жатыр. Кез келген ел, тіпті бұған дейін этностық қарым-қатынас саласында барынша либералды саясат жүргізгендерінің өздері бүгінде өте қатаң нормативтерге, мемлекеттік тілді міндетті түрде білуге бағдарлануда. Осындай нормативтер Германияда, Ресейде қойылуда.

Солтүстік көршіміз мәселен, «РФ азаматтығын» алудан үміттілер түгіл, қазір тіпті елге келіп, жұмыс істеуге тілек білдірген мигранттарды да орыс тілін білуге міндеттей бастады. Егер қазіргі кезде «гастарбайтер» орыс тілінен емтихан тапсыра алмаса, Ресейде жұмыс істеу құқығынан мүлдем айырылып, елден қуылады.  Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, негізгі түсінікке сәйкес, қазақ тілінің интегративтік рөлі біздің ұлтаралық қатынастар саласындағы саясатымызда тәжірибеде қолданылатын факторға айналуға тиіс! Бұл дұрыс және қалыпты» деді.

Image

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:

– Шын мәнінде, қазақ тілі – потенциалы үлкен тіл. Көп мәселе қазақтардың өзіне келіп тіреліп тұр. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, осындай бай тілді тұғырына қондырып, өркендете алмай отырған өзіміз. Егер де басым көпшілік қолданатын қазақ тіліне дұрыс назар аударылмайтын болса, онда этникалық қарым-қатынастағы татулық, ұлттарды топтастыру, қоғамдағы саяси тұрақтылық, т.б. нәрселерге зиян келуі әбден мүмкін деп санаймын. Себебі өзге елдің тілімен біз ұлттарды топтастырып, бір тұтас Қазақстан халқы ете алмайтынымыз белгілі. Сондықтан қазақ тілін толыққанды мемлекет тіліне айналдыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Мұны Елбасы үнемі айтуда. Қазақ тілінің беделін көтермей болшақта Қазақстанның егемендігін нығайту мүмкін емес екенін билік те түсіне бастады. Тіл мен егемендік – егіз. Әрине, экономика, саясат өзге де факторлар тәуелсіздіктің бір жағы болса, солардың ішінде тіл басты рөл атқарады. Ол үшін не істеу керек деген сұрақ туары хақ.
Меніңше, ең бірінші кеңсе қазақ тілінде сөйлеуі шарт. Былайша айтқанда, Президент әкімшілігінен бастап, ауыл әкімшілігіне дейін қазақ тілінде сөйлесін. Сосын мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін білуді міндеттеу қажет. Бұл айтылып жатыр, бірақ іс жүзіне көшетін кез келді. Бәлкім, «демократия, адам құқығын шектеу» деп айтылуы мүмкін. Бұл – қате пікір. Ешқандай шектеуді көріп тұрған жоқпын. Мысалы, Ресейде орыс тілін білмесең, мемлекеттік қызметтің маңынан жүре алмайсын, АҚШ-та ағылшын тілін білмей қалай мемлекеттік қызмет атқарасың, сол секілді Францияда да, Жапонияда да, өзге де алпауыт елдердің бәрінде осындай үрдіс бар. Бұл – әлемдік тәжірибе. Тіпті АҚШ-ты «әр жақтан құралған ұлтсыз мемлекет» деп атаймыз ғой. Бірақ оларда да ортақ тіл бар. Ағылшын тілі. Ортақ мәдениет – американ мәдениеті болып отыр. Әлгі демокартия, адам құқын шектеу деген жай әңгіме. Шын мәнісінде қай мемлекет болсын бір тілдің айналасына топтасады. Сол тіл ұлтаралық қарам-қатынас тілінің рөлін атқарады. Біз қазақ тілінің маңына топтасуымыз қажет.

Image

Асылы ОСМАНОВА, «Мемлекеттік тілге құрмет» қоғамдық ұйымның төрайымы:

– Марат Тәжин­нің көтеріп отырған мәселесі, Елбасының Жолдауында айтылған әңгіменің жалғасы іспетті. Мұны тек қолдау ғана керек. Қазақ тілінің мәртебесін арттыру керек деген бастаманы мен еліміз тәуелсіздік алғалы бері көтеріп келемін. Өйткені қазақ тілінің басқа отаны жоқ. Отаны – Қазақстан. Сондықтан қазақ тілі барлығымызға ортақ тіл, ұлтаралық қатынас тілі болғаны жөн. Мәселен, Батыстың қай мемлекетіне бар­ма, қай-қайсында да ана тілі өз тұғы­рында тұр. Ол тілді білмесең, сен ол жерде күн көре алмайсын. Дәл осы мәселені қазір Ресей қолға алып жатыр. Құптарлық жайт. Бізге де қазақ тілінің қал-қадірін өзге ұлт өкілдеріне сезіндіретін кез келді. Ортақ келісімге келе отырып, қазақ тілінің көкжиегін кеңейту, өркендету қажет. Түбі мемлекеттің негізін құрап отырған қазақ халқының ана тілі, осы мемлекетте тұрып жатқан барлық халықтың ортақ тіліне айналатынына сенемін.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

http://www.aikyn.kz

Рубрика: